Accessibility links

Путинді шақырмаған G7 саммитінде коммюникеге қол қойылмады


АҚШ президенті Дональд Трамптың Канадаға ұшып келген сәті. 8 маусым 2018 жыл
АҚШ президенті Дональд Трамптың Канадаға ұшып келген сәті. 8 маусым 2018 жыл

Канададағы G7 саммиті аяқталмай жатып Америка басшысының жиыннан кетіп қалуы біраз дау-дамайдың туындауына себеп болды.

Ол Канададан шығып Сингапурға бет алған ұшақ бортында отырып Twitter әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында былай деп жазған:

"Джастиннің баспасөз жиынындағы жалған мәлімдемелері мен Канада біздің америкалық фермерлерден, жұмысшылар мен компаниялардан қыруар баж салығын алып отырған факті негізінде мен АҚШ өкілдеріне коммюникеге қол қоймауға жарлық бердім, өйткені біз АҚШ нарығына толып кеткен автомобильдерге баж салығын салуды қарастырамыз!

Трамп мұны Шарлевуада өткен саммит қожайыны Канада премьер-министрі Джастин Трюдо қорытынды коммюникені G-7 басшыларының бәрі мақұлдады деп жариялағаннан кейін жазды.

Дональд Трамп бірінші твитіне іле-шала екіншісін - "Канада премьері АҚШ президентінің көзінше мұндай мәлімдеме жасай алмас еді" деп жазды:

​"Канада премьер-министрі Джастин Трюдо G-7 отырыстарында сондай жуас әрі биязы болып еді, ал мен кеткеннен кейін баспасөз жиынын өткізіп, "Америкалық тарифтер - қорлау" ,"басымызға шығармаймыз " деген сарында сөйлепті. Мұнысы мүлде арамдық әрі иландырмайды . Біздің тарифтеріміз - оның біздің сүт өнімдеріне салған 270 пайызына қайтарған қарымта!

Бұл репликалар – президент Трамп АҚШ-тың негізгі сауда әріптестері - Еуропа одағы, Канада және Мексикаға жариялаған сауда соғысындағы соңғы эпизод. Алдыңғы президенттер бекіткен "әділетсіз" сауда мәмілелерінен шығу Трамп сайлау алдында берген негізгі уәделердің бірі болатын. Қызметіне кіріскен соң үш күннен кейін ол АҚШ-тың Транс-Тынық мұхиты серіктестігінен шығатыны туралы жарлыққа қол қойған болатын. Енді ол Еркін сауда туралы Солтүстік Америка келісімі шарттарын қайта қарауды жоспарлайды, ал 1 маусым күні болат пен алюминий импортына салынған жаңа әрі қымбат тарифтер күшіне енді. Бұған Еуропа одағы мен Канада қарымта қайтаратынын білдірген.

Саммит өтерден сәл бұрын "жетілік" басшылары Эммануэль Макрон, Джастин Трюдо және Синдзо Абэ Ақ үйде болған. Бірақ шиеленісті реттеудің сәті түспей, баспасөзде саммитке қатысушылар Канададағы жиында қорытынды коммюникенің мәтініне қатысты ортақ мәмілеге келе алмауы мүмкін деген хабарламалар тараған. Сондайда Франция президенті Twitter парақшасына мынандай жазба қалдырды.

​"АҚШ президенті оқшауланып қалғанына мән бермейтін де шығар, бірақ егер қажет болып жатса, келісімге алтауымыз қол қоямыз. Өйткені алты елдің өз құндылықтары, тарихтағы салмағы мығым экономикалық нарығы және қазір нақты халықаралық күші бар".

Бұдан алдын Макронмен екі жақты кездесуінен кейін Трамп Франция президенті саудадағы даулы мәселелерді реттеуге көмектесті және бұл күш-жігердің нәтижесі "өте жақсы" болады деп мәлімдеген болатын. Ал Трюдомен келіссөзден кейін АҚШ пен Канада арасы "бұрын-соңды бұлай жақсарған емес" деп айтқан.

Джастин Трюдо: Президент Трампты Шарлевуада күтіп алу қандай ғанибет. Бұл - көптеген мәселелерді талқылау мүмкіндігі. Әлбетте, сауда мәселелері ғана емес, әлемдік шаруаларға араласу, екі елдің адамдары үшін жақсы жұмыс орындарын ашу сияқты өзге де көптеген мәселелер талқыланды, әлі де талқылана беретін болады. Екеуміз де орта тапты көбейтудің қамын жасаймыз, бұл санатқа көтерілу үшін бар ынтасымен жұмыс істеп жүргендерге көмектесеміз деген уәденің арқасында сайландық. Біз дәл осы шаруалармен айналыспақпыз.

Дональд Трамп: Джастин, бұл шынымен керемет болды. Білесіздер ме, Джастин Канада мен АҚШ арасындағы тарифтер мен кедендік кедергілердің бәрін алып тастауға келісті. Сондықтан бұған өте қуаныштымын.

Джастин Трюдо: Онда NAFTA да өзін тамаша сезінетін болады.

Дональд Трамп: Шын мәнінде, біз бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Шын мәнінде жұмыс істейміз...

Сұрақ: Екеуіңіз бірлескен мәлімдеме жасау жайында келістіңіздер ме?

Джастин Трюдо: Жігіттер, ертең көрісеміз.

Дональд Трамп: Меніңше, бірлескен мәлімдемеміз болады.

Сұрақ: Премьер-министр, президенттің ерте кетіп бара жатқанына риза емессіз бе?

Дональд Трамп: Жоқ, ол бақытты адам.

Трамп Ангела Меркельмен жеке кездесу өткен жоқ. Федералдық канцлер "саммит атмосферасын сипаттайды" деп жазып, Инстаграмда фото жариялады.

Дональд Трамп саммит аяқталмай кетіп қалғанымен, қорытынды коммюникеге қатысты келісудің сәті түсті. Оның мәтінінде G7 елдерінің "еркін, адал әрі өзара тиімді сауда-саттық" принциптерін ұстанатыны және "протекционизмге қарсы күрестің маңыздылығы" туралы айтылған. Бірақ өзінің баспасөз жиынында АҚШ президенті еркін сауда-саттық - Американы тонаудың ыңғайлы амалы деп ойлайтынын барынша нықтап айтты.

​"Біз өзге елдер өз нарығына АҚШ экспортының еркін кіруін қамтамасыз еткенін қалаймыз әрі олардан осыны күтеміз, Америка өнеркәсібі мен жұмысшыларын халықаралық сауда-саттықтың әділетсіз практикасынан қорғау үшін қажет шараларға кірісеміз. Бірақ біз бұл практиканы баяу, бірақ табанды түрде тәртіпке келтіреміз..."

"Біз кім көрінген ақша алатын сандық сияқтымыз. Енді бұлай болмайды".

Президент Трамп АҚШ-тың сүт өнімдеріне Канада салып отырған баж салығы мөлшері деп мәлімдеп, 270 пайыз деген санды бірнеше мәрте қайталады. Бұған қоса, оның сөзінше, кейінгі деректерге сәйкес, АҚШ-тың сауда теңгерімінің тапшылығы 817 миллиард доллар болған.

Бірақ АҚШ-тың ресми статистикасы бұл деректерді растамайды. Сарапшылардың айтуынша, президент ылғи бір қателік жасайды: ол сауда теңгеріміне тауарларды ғана қосып, қызмет түрлерін алып тастайды. Ал қызмет түрлерін көрсету жағынан АҚШ оң сальдо көрсетіп отыр, бұл жалпы сауда тапшылығын 568,4 миллиард долларға дейін кеміткен. Ал ауыл шаруашылығы өнімдеріне келсек, АҚШ оны сатып алғаннан көп сатады, сондықтан былтыр теңгерім оң болып, профицит, яғни кірістің шығыстан артуы 17,4 миллиард долларды құраған. Сүт өнімдеріне қатысты мәселе қиындау. Әңгіме аса қоюландырылған сүт жайлы болып отыр. Бертінге дейін Америка фермерлері сүтті Канадаға баж салығынсыз апарып жүрген, бірақ енді елде өнім тым артық болып кетуіне байланысты Канада билігі нарықты реттеуді ұйғарған. Олар өндіріс көлемін қатаң шектеп, бағаны бақылауда ұстап отыр. Америкалық фермерлер мұндай бағаға сатса, шығынға батады. Былтыр Нью-Йорк штаты губернаторы Эндрю Куомо президентті Канадаға қысым жасауға шақырған.

Нью-Йорк штатынан сайланған сенатор-демократ Чак Шумер "Біздің сүт өндірушілеріміз әлдеқайда өнімді әрі тиімді жұмыс істейді, бірақ Канада бұл әрекетінің салдары болмайды деп ойламасын" деп мәлімдеп, президент Трампты бұл мәселеде қолдауға уәде еткен.

Яғни Канададан оның өзі қайда жіберетінін білмей отырған өнімнің ішкі бағасын қымбаттатуды талап етеді. Бірақ америкалық фермерлерге мұны түсіндіре алмайсың - олар сиырларын саумай тұра алмайды ғой.

Дональд Трамп ұшағы әуеде болған кезде Джастин Трюдо саммиттің қорытынды баспасөз жиынын өткізді. Одан "жетіліктегі" әріптестеріне АҚШ-тың протекционистік шараларына қарымта қайтармауға кеңес берген АҚШ президентінің ескертуі жайлы не ойлайтыны туралы сұрады.

Джастин Трюдо: Мен біздің болат және алюминий өнімдерімізге тарифтерді АҚШ-тың едәуір қымбаттатқанына канадалықтар бейжай қарап отыра алмайды деп президент Трампқа турасын айттым. Әсіресе бұл әрекетті ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін деп ақтаумен келісе алмайтынымызды да айтқанмын. Өздері немесе әке-шешелері я болмаса таныстары бірінші дүниежүзілік соғыс кезінен бері қиыр жерлерде, барлық жанжалдарда америкалық солдаттармен иық тіресе соғысқан канадалықтар мұны белгілі бір дәрежеде қорлау деп біледі. Бұған қоса, мен бұл NAFTA шарттарын қайта қарауға көмектеспейді, сондықтан біз 1 шілде күні амалсыз, бірақ кесімді түрде қарымта шаралар енгізетінімізді де ескерттім... Канадалықтар сыпайы адамдар, біз ұстамды халықпыз, бірақ ешкімді басымызға шығармаймыз.

Трамп "жалған мәлімдемелер" деп оның осы сөздерін атаған.

Трамп "жетіліктегі" әріптестерімен сауда-саттық саласынан өзге де салаларда келіспейтін тұстар бар. Канадаға ұшар алдында президенттен "жетілік" "алтылық қосу бірге" айналмай ма деп сұраған болатын. Дональд Трамп былай деп жауап берді:

Дональд Трамп: Бұл да мүмкін. Мұны қалай атасаңыздар да мейлі. Сіздердің мұны қалай атайтындарыңыз маңызды емес. Бұрын сегіздік болатын, өйткені құрамында Ресей болған. Ресей қазір жоқ. Мен елімізді жақсы көремін. Ресей үшін мен қорқынышты түс сияқтымын. Путин, бәлкім сайлауда Хиллари жеңуі үшін тырысқан шығар. Өйткені менің не істеп отырғанымды көріп отырсыздар. Бірақ Ресей жиынға қатысуы тиіс. Біз неге онсыз жиналамыз? Мен жиынға Ресейдің қатысқаны жөн деген кеңес берер едім. Олар қатысуы тиіс. Бұл ұсынысым сіздерге ұнай ма, жоқ па - білмеймін, мүмкін, бұл саяси тұрғыдан дұрыс емес шығар, бірақ әлем бізге қарап тұр, оны басқаруымыз керек. Ал "жетілік" басшылары бұрынғы "сегіздіктен" Ресейді қуып шыққан. Олар Ресейді қайта қабылдауы тиіс. Келіссөз жүргізгенде бізге Ресей керек.

Шарлевуадағы баспасөз жиынында Ресей "үлкен сегіздіктен" Қырымды басып алғаны және Украинаның шығысындағы сепаратистік бүлікті ұйымдастырып, демегені үшін қуылғанын Дональд Трамптың есіне салды. Президенттен " G7 Қырым аннексиясын мойындауы тиіс деп санайсыз ба?" деп сұрады.

Дональд Трамп: Сіздер бұл жағын президент Обамадан сұрауларыңыз керек, өйткені Қырымның бөлініп қалуына сол жол берді. Бұл - соның президенттігі тұсында болған нәрсе. Ресейдің Қырымға барып, қыруар ақша жұмсауына сол жол берді, оны қалпына келтіруге олар көп ақша жұмсады емес пе. Меніңше, ол жақта олардың сүңгуір қайықтары базасы сияқты дүниелері бар. Бірақ Қырымның бөлініп кетуіне Обаманың президенттігі тұсында жол берді. Обама не десе о десін, бірақ Ресейдің Қырымды тартып алуына жол берген - сол. Мен болсам, мүлде басқалай әрекет етер едім. Сондықтан "Неге бұлай істедің?" деген сұрақты президент Обамаға қойғандарыңыз жөн. Бірақ бұл баяғыда болған нәрсе.

Дональд Трамп қалай "басқалай әрекет ететінін" нақтылаған жоқ.

Джастин Трюдо бұл мәселеге қатысты "Канада Ресейді жуық арада қайта қабылдауды қарастырмайды, бұл жайлы Трампқа хабарлағанмын" деп жауап берген. Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй "Ресей халықаралық аренадағы саясатын өзгертуі тиіс" және G7 лидерлері Мәскеуге Батыс елдері Скрипальдерді улау сияқты "қастық әрекеттерге төзбейтінін анық аңғартты" деп мәлімдеген болатын.

Саммит коммюникесінде Ресейді "жағдайды ушықтыру саясатын, демократиялық жүйелерді бүлдіру әрекетін және Сирия режиміне дем беруді доғаруға" шақырған. "Үлкен жетілік" басшылары Ұлыбританияның Солсбери қаласында уландырғыш затты қолдануды айыптап, Украинаның тәуелсіздігін, территориялық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеген әрі Қырым аннексиясын заңсыз деп атаған.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Владимир Абариновтың мақаласы орысшадан аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG