Accessibility links

Доллардың қымбаттауы еңбек мигранттарының табысына жайсыз тиді


Ақша ауыстыру пунктері. Стамбул, 10 тамыз 2018 жыл.
Ақша ауыстыру пунктері. Стамбул, 10 тамыз 2018 жыл.

Тамыздың 10-ы күні Түркияда АҚШ валютасының құны 32 пайызға қымбаттап, бір доллардың бағамы алты лираға дейін көтерілді. Елдің Орталық банкі ұлттық валюта - лира бағамын одан әрі құлдыратпау үшін тамыздың 6-сы күні 2,2 миллиард доллар сатып, интервенция жасағанын хабарлады. Валюта бағамының құбылуы Түркияда жұмыс істеп жүрген қырғызстандық мигранттардың табысына қалай әсер етті?

2018 жылы маусымда жұмыс іздеп Қырғызстаннан Анталияға барған Азамат енді еліне қайтуға тырысып жүр. 20 жастағы мигрант кезінде "жалақыны түрік лирасымен алуға келісемін" деген келісім-шартқа қол қойған. Бірақ Азамат ол кезде Түркияның ұлттық валютасы мұншалықты құлдырайды деп ойламаса керек.

- Бұл жаққа келер кезде айына 1600 лира жалақыға келісіп, келісім-шартқа қол қойғанбыз. Біздің жұмысқа орналастырған агенттік "жалақыларың -1600 лира, яғни АҚШ валютасына шаққанда, 430 доллар болады" деп сендірген. Бірақ доллар қымбаттап, қазір жалақымыз 260 доллар ғана болып қалды. Сондықтан бізге бұл жақта жұмыс істеу тиімсіз болып тұр. Бір доллардың құны алты лираға дейін қымбаттап кетті. Ұшаққа билет сатып алуға ақша тапсам, Қырғызстанға я болмаса Ресейге кетемін, - дейді ол.

Кезінде Түркияның Еңбек және қоғамдық қауіпсіздік министрлігі "елде 2018 жылы ең аз жалақы мөлшері айына 1603 лирадан кем болмауы тиіс" деп бекіткен.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Тамыздағы валюта бағамының құбылуына байланысты қазір бұл сома 260 доллар болып қалды. Түркияға жұмыс іздеп барған мигранттардың дені - қыз-келіншектер. Олар көбінесе қарт адамдарға қараушы немесе бала күтуші болып жалданады. Мигранттар түрік лирасымен алған жалақыларын долларға ауыстырып, Қырғызстандағы туыстарына жібереді.

Бурса қаласында түрік отбасында бала күтуші болып жұмыс істейтін Салтанат елде доллар қымбаттағанымен, жалақы өспей тұрғанын айтып қынжылады.

- Доллардың қымбаттауы Түркияда жұмыс істеп жүрген қырғызстандықтарға қиын тиді. Бұрын Қырғызстан валютасына шаққанда, 30 мың сом айлық алып жүргем, енді жалақым 20 мың сомға жетер-жетпес болып қалды. Жалақымызды көбейтпей отыр. Бәріміздің мойнымызда Қырғызстанда алған несиелеріміз, қарызымыз бар. Қазіргі жалақымыз ештеңеге жетпейді, - дейді ол.

Мамандығы экономист Салтанат "Бұл жақта қысқа дейін ғана жұмыс істеп, Қырғызстанға қайтсам ба деп ойланып жүрмін" дейді. Тамызда доллардың күрт қымбаттауы мен Түркиядағы экономикалық дағдарыс осы елде жүрген мигранттардың өмірін мүлде өзгертіп жіберген.

Анталия қаласында "Алтын тәж" жүйесі бойынша ақша аударымдарымен айналысатын Осман Айтачтың клиенттерінің 90 пайызы -қырғызстандықтар. Ол еңбек мигранттарына "әзірше ақша аудармай қоя тұрыңдар" деп кеңес береді.

- Ақша аудару үшін келген мигранттардың бәріне "әзірше қоя тұрыңдар" деп жатырмын. Доллар мүлде шарықтап кетті. Валютаға ауыстырғанда мигранттардың жалақысы түк болмай қалады. Бір ай бұрын ғана 500 доллардан аударып жүрген қыздар қазір еліне 300 долларды әрең жібереді. Меніңше, мұндай ақшаны Қырғызстанның өзінде де жұмыс істеп табуға болады. Түркияда доллардың қымбаттауының бірнеше себебі бар. Көбінесе мигранттармен жұмыс істеп, олардың өмірін жақсы білгендіктен, жағдайларын да жақсы түсінемін. "Кетеміз, жұмыс істемейміз" деп жүргендер көп, - дейді Осман Айтач

2017 жылы Түркияның көші-қон департаментінде 700 мыңға жуық шетелдік тіркелген. Оның 20 мыңға жуығы - қырғызстандықтар. Бірақ шамамен екі мың қырғызстандық елде жұмыс визасы бойынша жұмыс істейді. Ал Анкара, Стамбул, Анталия сияқты қалаларда жұмыс істейтіндердің қолында туристік виза ғана бар. Көбі "доллармен төленуі тиіс деген келісім-шартқа қарамастан, жалақымызды түрік лирасымен төлейді" деп шағынады.

Шілденің 13-ы күні Түркияның Орталық банкі ұлттық валюта - лира құнсызданғаннан кейін қаржылық ахуалды тұрақтандырудың "барлық шарасын" жасауға дайын екенін мәлімдеді.

Сарапшылар лираның құлдырау себебін Түркия және АҚШ басшылығы арасында туған "саяси келіспеушілікпен" байланыстырады.

2016 жылғы қазан айында Түркияда 20 жылдан астам уақыт тұрып келе жатқан христиан пасторы Эндрю Брансон Түркияның Измир қаласында қамауға алынып, оған "терроризм мен тыңшылық" баптары бойынша айып тағылған еді. Түрік билігі оны АҚШ-та тұратын түрік діни уағызшысы Фетхуллах Гүленнің адамдарына жәрдем берген және күрд жікшілдерін қорғады деп айыптайды. Егер сот Эндрю Брансонды кінәлі деп тапса, ол 35 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тағылған айыптарды мойындамайтын пастор Брансонды 2018 жылы шілденің 25-і күні үйқамаққа шығарған.

Дональд Трамп пен Режеп Тайып Ердоған
Дональд Трамп пен Режеп Тайып Ердоған

Тамыздың 2-сінде АҚШ Түркия билігінің екі өкілі - ішкі істер министрі Сулейман Сойлу мен әділет министрі Абдулхамит Гүлдің мүлкін бұғаттап тастаған соң екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасы шиеленісе түскен. Вашингтон америкалық пастор Эндрю Брансонды қудалауға Сойлу мен Гүлдің қатысы бар деп біледі. Санкция "Магнитский актісі" заңы аясында салынған. Бұл заң АҚШ Қаржы министрлігіне адам құқығын бұзған тұлғаларға шектеу шараларын қолдануға мүмкіндік береді.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG