Accessibility links

Мәскеудегі «Шереметьево» әуежайында жасөспірім қызымен тұрып жатқан қырғыз әйелі алаяққа берген ақшасын қайтарып алғысы келеді.

Мәскеудің кісі сапырылысқан «Шереметьево» әуежайы – наразылық білдіру үшін оңтайлы орын емес. Бірақ аты-жөнін толық айтқысы келмеген 52 жастағы Қырғызстан азаматы Гүлқан мен оның жасөспірім қызы әділдік іздеп, үш айдан бері осы әуежайдың D терминалында тұрып жатыр.

Жолаушыларға арналған орындықтарда ұйықтап жүрген әйелдің айтуынша, Мәскеуде тұратын Тәжікстан азаматы 17 жастағы қызы Ұларға үйленемін деп уәде беріп, олардың ішінде бірнеше мың доллары бар карточкасын алып алып, ұшты-күйлі жоқ болып кеткен. Гүлқан былтыр тамызда болған оқиғаны есіне алып:

- Ол бір алаяқ, ұры болып шықты, - дейді.

Қырғызстан азаматы Гүлқан.
Қырғызстан азаматы Гүлқан.

Гүлқан да, ол айыптап отырған тәжік жігіті де – Орталық Азиядан Мәскеуге келіп, нәпақа айыру үшін заңды-заңсыз жұмыс істейтін еңбек мигранттары. Қырғызстанның Ош облысына қарасты Көкбел ауылына бір мәрте барып-қайтқан Гүлқан:

- Мәскеуде жұмыс істеп, шамамен 150 мың рубль (2600 АҚШ доллары) жинағанбыз. Сосын қызым «Одноклассники» әлеуметтік желісінде жас жігітпен танысты. Ол қызымнан қарыз сұраған. Қызым келіскен. Әлгі жігіт Ошқа келіп, біздің «Сбербанктегі» карточкамызды алып, ізім-ғайым жоқ болды. Ол – Тәжікстан азаматы. Қолымызда оның паспорт мәліметтері, нөмірі бар. Біз оның тұратын мекен-жайын да білеміз, - дейді.

Өзінің айтуынша, ол Мәскеуге қайтып келіп, Крылатское аудандық полиция бөлімшесіне жігіттің үстінен арыз берген, әрі осындағы қырғыз елшілігінен де көмек сұраған.

- Полиция бізге тергеуді бастадық деді. Қазір күтіп отырмыз. Олар ұрыны тауып, ақшаны қайтарып берсе, үйімізге қайтамыз, - деді ол.

Киім-кешектерін пакеттерге салып, жолаушы арбасына жинаған Гүлқан мен оның қызы әуежайдың ұшып кету залында тамақтанып, ұйықтайды. Олар қазір әділдік орнауын күтіп жатыр. Жесір Гүлқан Ресейде жұмыс істеп жатқан ұлынан аз-маз көмек алып отыратынын айтады.

Ұлым бізге нан мен шайға жететін ақша салып тұрады. Ол да жалдамалы жұмысшы, тұрақты жұмысы жоқ. Оған бізге көмектес деп айта алмаймын, себебі өзінің де жағдайы мәз емес.

- Ұлым бізге нан мен шайға жететін ақша салып тұрады. Ол да жалдамалы жұмысшы, тұрақты жұмысы жоқ. Оған бізге көмектес деп айта алмаймын, себебі өзінің де жағдайы мәз емес, - дейді ол.

Әйелдің айтуынша, Қырғызстандағы туыстары да бұл жағдайдан хабардар, бірақ «олар да әзер күн көріп жүргендіктен» бұларға ешқандай көмек бере алмаған.

Орыс тілін білуінің және ескі таныстарының арқасында еңбек мигранты болып жүрген мыңдаған тәжік, өзбек, қырғыз және қазақ азаматтары ондаған жылдар бойы Ресейде маусымдық жұмыс істеп күнелтеді. Ресей басшылығы құжатсыз жүрген еңбек мигранттарын виза арқылы тәртіпке келтірмек болса да, олардың қарасы азаяр емес.

Әуежайдың маңындағы такси жүргізушілері де Гүлқан мен Ұлардың жайынан хабардар. Өзін Садет деп таныстырған бір жүргізуші әуежайдағы екі отандасына Қырғызстанға қайтатын ұшаққа билет алып, көмектеспек болғандарын, бірақ олардың бұған қарсы болғанын айтты.

- Қалай көмектесерімді білмеймін, оларға ұшақ билетіне ақша беріп, Ошқа қайтарайын деп едім, кеткілері жоқ, - дейді ол.

Ал полицияға арыздарын беріп қойып, әуежайда тұрып жатқан Гүлқан:

- Біз бұл әуежайда еріккеннен тұрып жатқан жоқпыз. Біз ақшамызды алған соң кетеміз. Ақшаны алмайынша ешқайда кетпейміз, - дейді.

Ескерту: Азаттықтың Қырғыз редакциясы наурыздың 6-сы күні Гүлқанмен Ресейдегі Қырғызстан елшілігі қызметкері кездескенін хабарлады. Жақын күндері Мәскеуге Гүлқанның туысы келетіні айтылып жатыр. Елшілік қызметкері Азаттыққа Қырғызстан әйелдерінің Д.Ю. деген Тәжікстан азаматын іздеп келгенін, оның әйелдердің банк карточкасынан 132 мың рубль алып кеткенін мәлімдеді.

Энтони Блуаның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG