Accessibility links

Құжаты жоқ «қырғыз баласы» туғандарын іздейді


Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы директоры Ғалия Бижанова мен Айбек Мұхитдинов. Атырау, 2 наурыз 2016 жыл.
Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы директоры Ғалия Бижанова мен Айбек Мұхитдинов. Атырау, 2 наурыз 2016 жыл.

Атырауда өзін «қырғызбын» деп таныстырған бозбаланың азаматтығын анықтау мен туыстарын іздеу жалғасып жатыр. Ол Қазақстанға «12 жасында келгенін» айтқанымен, әке-шешесінің аты-жөнін толық білмейді.

Атыраудағы жасөспірімдерді бейімдеу орталығына 2015 жылы желтоқсанның 5-і күні тапсырылған кәмелетке толмаған Айбек Мұхитдиновтің жеке басын куәландыратын ешқандай құжаты жоқ. Орталық директоры оған қатысты мәліметтің бәрін «баланың өз сөзі бойынша тіркегенін» айтады.

Туғандарын іздеген «қырғыз баласы»
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:53 0:00
Жүктеп алу

ЖЕТІМ БАЛА ӨМІРІ

Атыраудағы жасөспірімдерді бейімдеу орталығы директоры Ғалия Бижанова Азаттық тілшісіне «Айбек Мұхитдинов кәмелет жасқа толмағандықтан, онымен жеке сөйлесуге рұқсат бере алмайтынын» мәлімдеді. Баладан естіген мәліметтерін ол өзі айтып шықты.

Ғалия Бижанованың айтуынша, «17 жастағы Айбек Мұхитдиновті қалалық теміржол линиялық полициясы қолында жеке басын анықтайтын еш құжаты болмаған соң әкеліп тапсырған». Бірақ Айбек өзі туралы «Қырғызстанның Ош қаласында туғанын, анасы бес жасында қайтыс болған соң әкесінің оны бауыры Ұлықбекке тапсырып кетіп қалғанын» айтқан. Орталық директоры «Айбек әке-шешесінің аты-жөнін де толық білмейді» дейді.

- «Анамның аты Ділназ, әкемнің аты Ергеш болуы мүмкін. Анамның түрін еміс-еміс білемін, ал әкем мүлде есімде жоқ. 1 шілдеде 18-ге толамын» деді бізге, - дейді Ғалия Бижанова.

Қазақ қырғыз шекарасындағы мигранттар. (Көрнекі сурет)
Қазақ қырғыз шекарасындағы мигранттар. (Көрнекі сурет)

Ол Айбек Мұхитдиновтің «12 жас шамасында әкесінің інісі Ұлықбекпен бірге Алматыға келгенін, кейін оның Ресейдің Новосибирск қаласына «орналасқан соң алып кетемін» деп жұмыс іздеп кеткенін» айтқанын жеткізді. Маманның сөзінше, Айбек Мұхитдинов Алматыда 17-ге толғанша әр жерде түрлі жалдамалы жұмыстар істеген. Атырауға жақсы табыс табуға болатынын естіп келген.

- Орталықтың психологы онымен сөйлесті. Ол Алматыда ешкімнің жәбірлеп, ұрып-соқпағанын айтты. Ақшасын бермесе де, киім-тамағын беріп отырған,- дейді Ғалия Бижанова.

Орталық директорының сөзінше, Айбек Мұхитдинов мүлде мектепке бармағанын, бірақ орысша жазуды Алматыдағы қожайындарынан үйренген. Ғалия Бижанова бейімдеу орталығы ережесі бойынша оны үш айдан артық ұстай алмайтынын айтты. Ол Қазақстан білім және ғылым министрлігіне, сыртқы істер министрлігіне, Қырғызстанның Қазақстандағы елшілігіне хат жолдаған.

- Наурыздың 1-і күні Қырғызстан елшілігінен жауап келді. Олар Айбекті Алматыдағы бейімдеу орталығына жеткізуді сұрапты. Бір педагогпен төрт-бес күнде жібереміз, - дейді Ғалия Бижанова.

«ІЗДЕП ЖАТЫРМЫЗ»

Қырғызстанның Қазақстандағы консулы Алмасбек Байбосовтың айтуынша, елшілікке Айбек Мұхитдинов туралы ақпарат ақпанның 10-дары шамасында түскен. Елшілік Қырғызстандағы құзырлы орындарға Айбектің кім екенін анықтау үшін сауал жолдаған.

- Оның психологиялық жағдайына байланысты ма, телефонмен қысқа сөйлестік. Бізге және тәрбиешісіне айтқан мәліметі бойынша Қырғызстан органдары іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кәмелетке толмаған баланың азаматтығы әке-шешесінің азаматтығын нақтылау арқылы белгілі болады,- дейді Байбосов.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Оның сөзіне қарағанда, «Айбек өзінің тегі туралы түрлі мәлімет айтқан». Елшілік өкілі «жасөспірімнің еңбек құлдығында болған-болмағаны оны Алматыға жеткізген соң анықталатынын» айтады.

- Тегін біресе Мұхитдинов, біресе Ергешов деген. Алматыға келген соң біздің дипломаттарымыз сөйлеседі. Әзірге оның құлдыққа түскені туралы әңгіме жоқ. Ол қай жерде, қандай жағдайда жұмыс істегенін көрсеткен соң ғана анықталады, - дейді Алмасбек Байбосов.

«ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫ ӨЗ ҚҰҚЫН ҚОРҒАЙ АЛМАЙДЫ»

Алматыдағы «Халықаралық құқықтық бастама» қоры президенті Айна Шорманбаеваның айтуынша, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген еңбек мигранттарының жұмыс берушімен ресми келісімшарт жасаспай, ақшасыз әрі құжатсыз қалып, елдеріне қайта алмай жататын фактілері жиі кездеседі.

«Олардың арасында құрылыстарда, ауыл шаруашылығы саласында еңбектенген, мейрамханалар мен кафелерде даяшы, жекелеген үйлерде үй қызметшісі болып жүрген жеткіншектер де бар» дейді құқық қорғаушы.

- Уақытша келіп жұмыс істейтін мигранттар үшін жағдай айтарлықтай өзгерген жоқ. Тек үй қожалығына келіп жұмыс істейтіндерге жеңілдік берілген. Яғни әр Қазақстан азаматы басқа елден бес адамға дейін келісімшартпен жалдай алады. Бірақ ол [талап] та сақталмайтындықтан, еңбек мигранттары құқықтарын қорғай алмайды. Басты мәселе - осы,- дейді Айна Шорманбаева.

Айна Шорманбаева.
Айна Шорманбаева.

Оның сөзінше, «кәмелетке толмаған еңбек мигранттары еңбегін заңсыз пайдалану кездескенімен, ол туралы жүйелі статистика жоқ».

- Адам саудасы құрбандары болуы мүмкін адамдар туралы 2010-2012 жылдары 1500 респондент арасында сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде 114 адамның адам саудасы құрбаны болғанын, оның 14-і жасөсіпірімдер екенін анықтадық. Содан кейін ресми зерттеу жүргізілмесе де бұл жағдай өзгерген жоқ деп айта аламын,- дейді Айна Шорманбаева.

Ол «Қазақстандағы еңбек мигранттары құқығының қорғалуына араласу -мемлекеттің міндеті» екенін айтады. Алайда мигранттар мен жұмыс берушілерге құқықтық семинарлар өткізіп жүрген Қарағанды қаласындағы «Мир Добра» қоғамдық қоры президенті Татьяна Абрамова Азаттықтың мигранттар туралы бұған дейінгі мақаласының бірінде «мұндай жағдайға мигранттардың өздерінің де үлесі бар - келісімшартсыз жүрген еңбек мигранттарын «құлдықта» деп санауға болады» деген пікір білдірген. Көші-қон саласы мамандарының Азаттыққа берген деректеріне қарағанда, Қазақстанда былтыр 133 мың шетелдік азамат еңбек мигранты ретінде тіркелген.

XS
SM
MD
LG