Accessibility links

Еңбек мигранттарын туберкулезге тегін тексермек


Қазақ-қырғыз шекарасындағы мигранттар. 23 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақ-қырғыз шекарасындағы мигранттар. 23 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі гастарбайтерлерге туберкулез туралы ақпарат беріп, оларды тегін тексерілуге шақырып жатыр. Бұл шараға халықаралық ұйым да демеуші болған.

Астанада алты айдан бері жеке меншік құрылыста еңбек етіп жүрген Өзбекстан азаматы Нуриддин Шухрат Қазақстанда туберкулезге қатысты ақпарат берген әлеуметтік қызметкерлерді көрмегенін, олар жайлы естімегенін айтады. Ол дәрігерге өз бетімен барып тексерілуден де қорқады.

- Емханада ауру екенің анықталса, шекарадан күштеп шығарып жіберуі мүмкін немесе емге ақша сұрауы мүмкін, – дейді Нуриддин Шухрат.

«АУРУ ЖҰҚТЫРҒАН 11 МЫҢ АДАМНЫҢ 123-І – МИГРАНТ»

Құрылыста жүрген мигранттар. Қазақстан, 6 желтоқсан 2013 жыл.
Құрылыста жүрген мигранттар. Қазақстан, 6 желтоқсан 2013 жыл.

Нуриддин Шухрат сияқты еңбек мигранттарының денсаулық ахуалы желтоқсанның 8-інде Астанада өткен баспасөз мәслихатында да сөз болды.

Бұл жиында денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне қарасты туберкулез мәселелері жөніндегі ұлттық орталықтың директоры Тілеухан Әбілдаев: «Қазақстандағы еңбек мигранттары енді туберкулез жұқтырған-жұқтырмағанын анықтау үшін тексеруден тегін өте алады» деп хабарлады.

- Қазақстанда туберкулезді емдеудің стационарлық кезеңі мемлекет есебінен тегін жүреді. Одан кейін науқас өз еліне жеткізілмек. Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей таяу жылдары туберкулезге шалдыққан және одан емделген азаматтардың ортақ ақпараттық картасын жасамақ. Сөйтіп, бір елде науқастанып, стационарлық емдеуден өткен азаматтардың толық емделу жолын анықтамақ, – дейді Тілеухан Әбілдаев.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өкілі 2014 жылғы дерек бойынша, Қазақстанда туберкулез жұқтырған 11458 мыңдай адамның 123-і ғана еңбек мигранты екенін айтты.

Министрлік дерегінше, Қазақстанға жылына 300 мың мен 1 миллион аралығында еңбек мигранты келеді. Оларды тегін диагностикадан өткізу шарасына Project HOPE халықаралық денсаулық сақтау ұйымы демеуші болмақ. Бұл ұйым Қарағанды, Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент қалаларында және Алматы облысында туберкулезге қарсы үш жылға жоспарланған іс-шаралар жүргізе бастаған.

«5 АЙДА 1580 АДАМҒА АҚПАРАТ ТАРАТТЫҚ»

Project HOPE ұйымының қолдауымен туберкулезден сақтандыру шарасын бастаған ұйымның бірі – Қарағандыдағы «Үміт» үкіметтік емес ұйымы. «Үміттің» қызметкерлері базарлар мен құрылыс орындарын аралап, еңбек мигранттарына туберкулез ауруы туралы, одан емделу жолы жайлы ақпарат таратады.

- Соңғы 5 айда 1 мың 580 адамға ақпарат тараттық. 78 жұмысшыны тексеруге алып бардық. Бір жақсысы – ешқайсысынан туберкулез анықталған жоқ. Туберкулез – өте жұқпалы дерт. Бір науқас жылына 50-60 адамға құрт таяқшасын жұқтырады. Сондықтан аурудың алдын алу керек, – дейді «Үміт» ұйымының үйлестірушісі Айман Белқожанова.

Туберкулез – өте жұқпалы дерт. Бір науқас жылына 50-60 адамға құрт таяқшасын жұқтырады. Сондықтан аурудың алдын алу керек.
Айман Белқожанова

Биліктің ірі қалаларға сырттан келген адамдардың, әсіресе еңбек мигранттардың туберкулез жұқтырған-жұқтырмағанын тегін тексеру жөніндегі бастамасын Астана қалалық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Анна Цепке де қолдайды.

- Әсіресе еңбек мигранттары тегін ем бар екенін білмейді. Үкіметтік емес ұйымдар сондай азаматтарды іздеп тауып, бізге әкеліп жүр. Биыл ауруы орташа асқынған алты науқасты анықтап, олардың маңындағы адамдарды тексеруден өткіздік, – дейді дәрігер.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің дерегінше, Қазақстанда туберкулез жұқтырған 11 мың 458 адам бар. Елде 2000 жылдан бері туберкулезбен ауыратын адамдар саны 9,5 пайызға, бұл дерттен қайтыс болған адамдар саны 16 пайызға азайған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде жыл сайын 9 миллионға жуық адам туберкулезге шалдығып, оның 1,5 миллиондайы осы аурудан көз жұмады.

XS
SM
MD
LG