Accessibility links

Министрлік шетелден қайтарылған "ұрлық ақшаның" игеріліп жатқанын айтады


Көрнекі сурет.

Қазақстан Инвестициялар және даму министрлігі "халықтан ұрланды" деген күдікпен Швейцарияда бұғатталып, кейін Қазақстанға қайтарылған ақшаның жартысы – 21,76 миллион доллардың қалай жұмсалып жатқаны туралы Азаттыққа жауап берді.

Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігі "халықтан ұрланды" деген күдікпен Швейцарияда бұғатталған, кейін "Қазақстан халқының мүддесіне жұмсау үшін" грант ретінде елге қайтарылған 48,8 миллион доллардың жартысы – министрлікке бөлінген 21,76 миллион доллардың қалай жұмсалғаны туралы Азаттықтың сауалына жауап берді.

Шілденің 10-ы күні интернетте жемқорлық жолмен алынған деген күдікпен Швейцарияда бұғатталған 48,8 миллион долларды кейін Қазақстанға қайтарғаннан кейін қалай жұмсалғаны туралы халықаралық "Еуразиялық демократиялық бастама" үкіметтік емес ұйымы, "Мемлекеттік қылмысқа қарсы халықаралық бастама" ұйымы (ISCI) және "Жемқорлық және адам құқығының бұзылуымен күрес бастамасы" ұйымы (CHRI) бірге жүргізген зерттеу жарық көрген болатын.

2011 жылы Швейцария прокуратурасы Қазақстан "халқынан ұрланған" деген күдікпен банк шоттарындағы 48,8 миллион долларды бұғаттаған. 2012 жылы Швейцария қаржыны “Қазақстан халқының мүддесіне жұмсау үшін” қайтаратынын мәлімдеген.

Швейцарияның даму және әріптестік агенттігі ақшаны Дүниежүзілік банкі қоры арқылы грант түрінде қайтарған. Келісімге сай, 48,8 миллион доллар Қазақстандағы "Энергияны үнемдеу" бағдарламасы мен "Жастар корпусы" бағдарламасына теңдей (әрбіріне – 21,76 млн доллар) бөлінуі тиіс болған.

Оқи отырыңыз: Швейцариядан қайтқан қаржы қайда жұмсалды?

12 беттік зерттеудегі дерек бойынша, 48,8 миллион доллардың шамамен жартысы "Жастар корпусы" жобасына бөлінген. Баяндама авторлары жоба үйлестірушісін таңдайтын тендерде білім саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар халықаралық IREX ұйымының өтінішін кері қайтарылып, билік құрған Үкіметтік емес ұйымдар концорциумы таңдалғанын (GONGO - Government-organized Non Government Organization) атап көрсеткен. Зерттеуде "GONGO - Қазақстан билігіне жақын әрі "Нұр Отан" партиясының серіктесі" деп көрсетілген. Бұл консорциумның басында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева құрған "Қазақстан жастарының конгресі" тұрғанын да жазған.

Азаттық зерттеуге негіз болған мәселеге байланысты Қазақстан Инвестициялар және даму министрлігіне екі жобаның бірі – "Энергияны үнемдеу" бағдарламасы қалай іске асып, бөлінген қаржының қалай игерілгені жайлы сауал жолдаған.

Жобаны іске асыруға бөлінген 21,763 миллион доллардың әзірге 8,5 миллион доллары игерілген.
Инвестициялар және даму министрлігі

Министрлік Азаттыққа жолдаған жауабында аталған зерттеумен танысқанын, шетелден қаржы қайтарылған соң Қазақстан мен халықаралық Қайта құру және даму банкі арасында энергия тиімділігін арттыру жобасы бойынша грант туралы келісімге қол қойылғанын хабарлаған.

Инвестициялар және даму министрлігінің ақпаратына сай, жобаны іске асыруға бөлінген 21,763 миллион доллардың қазіргі кезге дейін 8,5 миллион доллары игерілген. Келісім бойынша, жоба 2015 жылғы наурызда басталып, 2019 жылы наурыздың соңында аяқталуы тиіс.

Министрлік жоба мақсатын "мемлекеттік және әлеуметтік маңызы бар объектілердің энергия тиімділігін жақсарту және энергетиканы орнықты қаржыландыру үшiн қолайлы ортаны құру" деп көрсеткен.


Ресми жауапта "жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанда 2015 жылдан бастап кезең-кезеңмен 85 мемлекеттік және әлеуметтік маңызы бар нысан (жөндеу үшін) іріктелгені" жазылған. Министрліктің хабарлауынша, алты облыстағы бірнеше нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған, кейбірінде әлі жалғасып жатыр.

48,8 миллион доллардың жартысы берілген екінші жобаны – "Жастар корпусы" бағдарламасын зерттеу авторлары ашық айыптаған.

Олар "қайтқан ақша азаматтық қоғамға жұмсалмаған, бұл ақшаны Қазақстан билігіне жақын ұйымдар алды" деп жазған. Азаттық осыған қатысты Білім және ғылым министрлігіне, Жастар корпусы жобасының үйлестіру агенттігіне, биліктегі "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасарына ресми түрде сауал жолдаған.

Жобаны іске асыру бойынша барлық ақпарат құпия. Білім және ғылым министрлігінің рұқсатынсыз ешбір дерек жария етілмейді.
Жастар корпусы жобасының үйлестіру агенттігі

Бұл аталған ұйымдардан әзірге тек Жастар корпусы жобасының үйлестіру агенттігінен ғана Азаттыққа жауап келді. Бірақ агенттік Азаттықтың қойған сұрақтарына жауап берместен, "жобаны іске асыру бойынша барлық ақпарат құпия" екенін, ал келісім-шарт бойынша "ешбір дерек тапсырыс беруші – Білім және ғылым министрлігінің рұқсатынсыз берілмейтінін" хабарлаған.

Шілденің 10-ы күні жарияланған зерттеуде "қайтарылған қаржы "Нұр Отан" партиясына, Қазақстан президентімен байланысы бар органдарға берілген. Швейцария қайтарған ақша "Нұр Отан" партиясының жастар қанатының үгіт-насихат шараларына, пропагандалық материалдарына, партияның идеологиясын нығайтуға, билікті күшейтуге жұмсалған" деп жазылған.

Оқи отырыңыз: "Бота" қоры және "Қазақгейт" ісі

Бұған дейін 2008 жылы Швейцария атышулы "Қазақгейт" ісімен байланысы бар шығу тегі бұлыңғыр 84 милллион долларды Қазақстанға қайтарған. Қазақстан, АҚШ және Швейцария үкіметтері 2007 жылы қол қойған келісімге сәйкес, "Бота" қоғамдық қоры құрылып, жемқорлықтан түскен ақшаны қайырылымдылыққа жұмсау туралы шешім қабылданған болатын. "Бота" қоры үш бағдарлама бойынша жұмыс жасап, 2014 жылы маусымда "ақшасы таусылғандықтан" жабылған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Зеленский: Заң алдында бәрі тең мемлекет құрамыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:21 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG