Accessibility links

«Қазақгейт» ақшасын қайтару тәжірибесін өзге елдерде пайдалану


«Қазақгейт» ісі қаралған Нью-Йорк сотының ғимараты.
«Қазақгейт» ісі қаралған Нью-Йорк сотының ғимараты.

Ұлыбритания басылымдары «Қазақгейттің» тәркіленген ақшасын игерген «Бота» қорын дамушы елдердегі халықты тонаумен күрестің жеңісіне балайды.

ҒАРАСАТ АҚШАСЫ

Швейцарияның Swiss Info басылымы қайта жариялаған Ұлыбританияның Financial Times газетінің «Ғарасат ақшасын аудару» (жұмаққа кіру алдында күнәдан тазаратын орын – ред.) деген мақаласында АҚШ, Ұлыбритания және Швейцария билігінің клептократ режимдердегі ақша ұрлаумен күресі жайлы жазған. Әлгі елдерді «әлемдік полицейлер» атаған мақалада азаматтар заңсыз алынған мүлікті қайтару тәсілдерін таңдауда қиындыққа душар болатынын жазған. Мақалада Қазақстанда құрылған «Бота» қайырымдылық қорының тәжірибесі талқыланған. Ол 2009 жылдың ақпанында ел билігі мен «Батыс инвесторларының делдалы» арасында туған «Қазақгейт» жанжалы кезінде табылған заңсыз ақшаны игеру үшін құрылған.

«[Халықаралық көмек көрсету қызметкері] Аарон Борнстейн Қазақстанға 2009 жылдың ақпанында 84 миллион доллар әрі қиын тапсырмамен барған. Ол миллиондаған долларды тұрмысы нашар отбасыларға, үкіметтік емес ұйымдарға және оқып, білім алғысы келетін жастарға таратуы тиіс болған.

Бірақ ол бұл шаруаны Қазақстан билігімен ешқандай мәмілеге келместен атқаруы тиіс болған… Әлгі ақша 1999 жылы тәркіленген болатын, сондықтан кейінірек АҚШ өкілдері оны Қазақстанды ұзақ басқарып отырған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында жоғары лауазымды шенеуніктерге пара беру үшін пайдаланылған қаражат деп болжаған. Қазақстанға Борнстейн мырза АҚШ пен Швейцарияның билігі халықтан ұрланған деп тапқан әлгі ақшаны ел азаматтарына қайтарып беру үшін барған» деп жазады Swiss Info.

"Бота" қорының атқарушы директоры Аарон Борнстейн. Алматы, 25 қыркүйек 2012 жыл.
"Бота" қорының атқарушы директоры Аарон Борнстейн. Алматы, 25 қыркүйек 2012 жыл.

«Бота» қоры алты жыл – жоспарланған мерзімнен екі жылға көп жұмыс істеді әрі елге әкелінген ақшаның бәрін, оған қоса 31 миллион доллар түскен пайызды да таратты. «АҚШ әділет департаменті мен оның 2010 жылы басталған «Клептократияға қарсы бастамалары» үшін «Бота» қоры биліктегі жемқорлықпен халықаралық күрестегі жеңістерінің үлгісіне айналды. Бірақ жұмыс жаппай жемқорлық жайлаған немесе бұдан да ірі сомалар ұрланған өзге елдерде бұл тәжірибені іске асыру оңай болмайтынын тіпті бұл істің жақтастары да мойындайды» деп жазады Swiss Info.

Дүниежүзілік банктің «Ұрланған мүлікті қайтару бастамалары» органының бағалауынша, дамушы елдерден жыл сайын 20-40 миллиардтай доллар ұрланады. Өзге сарапшылар бұл сан бір триллион долларға дейін жетуі мүмкін дейді. Қазір АҚШ-тағы«Клептократияға қарсы бастама» сот процестерінің қилы сатысында Нигерия, Өзбекстан, Таиланд және Украинаға тиесілі 1,5 миллиард долларды бұғаттаған. Ертеректе, биыл телекоммуникациялық келісім-шарттарға рұқсат алу үшін Өзбекстанның лауазымды тұлғаларына пара ретінде төленген деп болжанған 850 миллион доллар бұғатталғаны хабарланған. «Әлгі ақшаның 120 миллион доллары, яғни бұғатталған активтердің сегізден бір бөлігі ғана зиян шеккен елдерге қайтарылды» деп жазады Swiss Info басылымы.

ЖАҢА «ҮЛКЕН ОЙЫН»

Ұлыбританияның Economist журналындағы «Бұрынғы бес совет республикасы жаңадан басталған «Үлкен ойында» жан сауғалауға тырысып отыр» деген мақалада аймақтағы геосаяси ахуал өзгере бастаған тұстағы Орталық Азияның бес еліндегі жағдай жазылған. Аймаққа ықпалын күшейтуге бұрынғы ойыншылар – Ресей мен Батыс қана емес, енді Қытай мен өзге елдер де таласып отыр.

«Бір кездері Ресей мен Британ империясы өз ықпалын күшейту үшін бақталасып, бұл талас «Үлкен ойын» деген атау алған. Осы бір осал аймақтағы билік пен молшылыққа талас енді Қытай, Ресей және Батыс елдері арасында жүріп жатыр... Түркия, Сауд Арабиясы, Катар және көп ұзамай Иран қосылуы мүмкін бақталастықты жоғары лауазымды қазақстандық шенеуніктердің бірі «қаупі зор «Ұсақ ойын» деп атаған» деп жазады Economist.

Орталық Азияның әр елін жеке талдаған сарапшылар Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаевты «бесеудің ішіндегі ең әсерлісі» деп атаған. Алматыны «аймақтағы ең сәнді әрі тіршілік қайнаған қала» десе, Назарбаевты «Батыспен де тиімді тіл табысып, Ресейдің де бабын тауып, Қытаймен де экономикалық байланыс орнатып алды» деп мақтайды. Бірақ мақалада мұнай бағасының құлдырауы Қазақстанға, әсіресе Астана мен Алматыдан өзге қалаларға ауыр соққы болып тигенін жазады. «Экономика құлдыраған сайын наразылық күшейіп келеді, сондықтан биліктегі коррупция барған сайын жұрттың ашуына тиеді» деп жазады автор.

Мақала авторлары өзге елдер жайлы «ол жақтарда жағдай нашар» деп жазып, Өзбекстан президенті Ислам Каримовты «бес елдің ішіндегі ең қорқыныштысы, сондықтан ең параноялық басшы» деп атаған. Тәжікстанды – «жағдай ең тұрақсыз» ел, ал Қырғызстанды «ең еркін ел, бірақ ол [еркіндік] халықты бақытқа кенелткен жоқ» деп жазады.

«Араб көктемі» аймақтың оңтүстігіндегі, ал түсті революциялар батыс жағындағы ел басшыларын қалай биліктен тайдырғанына қарап бұл елдердің басшылары да шошынып отыр. Әзірше оларға төнген қатер жоқ сияқты. Бес елдің бірінде де ынтымақшыл әрі құзыретті оппозиция төңкеріс жасауға қабілетті болып көрінбейді, сондықтан олардың ешқайсысында ондай оқиғалар белгісі байқалмайды. Бірақ жағдай өзгеріп кетуі де мүмкін» деп жазады Economist.

XS
SM
MD
LG