Accessibility links

Ирандағы соғыс: Ресей мен Қытай неден ұтты, неден ұтылды?

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков, Қытай сыртқы істер министрінің орынбасары Ма Чжаосюй және Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади. Пекин, 14 наурыз.
Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков, Қытай сыртқы істер министрінің орынбасары Ма Чжаосюй және Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади. Пекин, 14 наурыз.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы Пекин мен Мәскеуге қалай әсер етіп жатыр? Азаттық осы сұрақты Америкалық Гуздон институты жанындағы Таяу Шығыстағы бейбітшілік және қауіпсіздік орталығының ғылыми қызметкері, әрі Қытай мен Ресейдің осы аймақтағы ықпалы жөніндегі сарапшы Зинеб Рибуамен талқылады.

Пекин мен Мәскеу – Тегеранның жақын серіктестері. АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы үш аптаға ұласып, осы серіктестің беріктігіне әсер етуі мүмкін. Бұл соғыс Ресей мен Қытайдың Таяу Шығыстағы рөлін де өзгертуі ықтимал.

Зинеб Рибуа – Америкалық Гуздон институты жанындағы Таяу Шығыстағы бейбітшілік және қауіпсіздік орталығының ғылыми қызметкері, әрі Қытай мен Ресейдің осы аймақтағы ықпалы жөніндегі сарапшы. Бұл екі елдің Ирандағы соғыстан ұтқаны не, ұтылғаны не? Сарапшы осы сұраққа жауап берді.

Азаттық: Бұл соғыс Пекиннің Таяу Шығыстағы рөліне, мүдделеріне қалай әсер етіп жатыр? Қытай ішінде мұны қалай қабылдады?

Зинеб Рибуа: Иранға шабуылдаған АҚШ жанама түрде Қытайдың Таяу Шығыстағы рөлін әлсіретіп отыр. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қытай Парсы шығанағы елдерімен өте жақсы қарым-қатынаста. Бұл елдермен сауда жасайды және оның негізгі бөлігі мұнайдан тұрады.

Сірә, Қытай үшін бұл "Бір белдеу – бір жол" бастамасы немесе "Цифрлық жібек жолы" ғана емес. Иран – өте агрессияшыл серіктес. Олар бүкіл аймақтың үрейін қашырып отыр. Олар аймақта түрлі қарулы топтарды қолдайды. Мұндай жасақтар энергетикалық маңызы зор аймақта АҚШ-тың жаһандық ықпалына ашық қарсы шығуда пайдалы құрал саналады.

Сондай-ақ, Иран санкцияны айналып өтуде де маңызды рөл атқарады. Қытай АҚШ санкциясының құрбаны, [Ресей президенті Владимир] Путиннің жағдайына тап болғысы келмейді. Иранды санкциялар мен қаржылық шектеулерді айналып өтудің бір жолы ретінде пайдалану Қытай үшін өте маңызды. Мұның маңызы Тайваньдағы ықтимал дағдарыс тұрғысынан да байқауға болады.

Иран Қытайға географиясы үшін де өте тартымды. Сол себепті олар бұл елмен 25 жылдық әріптестік туралы келісім жасасып, Иранға 400 млрд доллар инвестиция құюға ниет білдірген.

Қытай Иранның агрессияшыл саясатын түрлі деңгейде пайдаға жаратып отыр. Иранның әскери арсеналы негізінен Қытайда әзірленеді десе де болады. Зымырандар, құрамдас бөліктер, химикаттар – мұның көп бөлігі Қытайдан келеді. Репрессияшыл Иран режимі адамдарды бет-жүзінен анықтайтын бақылау технологияларын да Қытайдан алдырып жүр.

Бұдан Қытайдың Иранға қаншалық тереңдегенінен бөлек, оның осы аймақтағы ықпалының қаншалық артқанын байқауға болады. "Эпикалық қаһар" операциясы осы артықшылықтардың едәуір бөлігіне соққы болып тиді. Өйткені келесі билікті кімдер жасақтаса да, олар АҚШ-ты қас санауды доғаруға тиіс. Әйтпесе, АҚШ ол билікті мақұлдай қоймайды... Сол себепті Қытай үшін кіріптар, адал әрі қолжаулық болып отырған режимнен айырылып қалу өте қауіпті болмақ. Меніңше, бұл – үлкен мәселе.

Азаттық: Қытай осы бір маңызды активінен айырылып қалмас үшін не істей алады?

Рибуа: Бұл – қайта жасалмайтын өте ерекше актив. Ислам республикасы жасап отырғанды қайталау өте қиын. Қытай қазір теңгерімді саясат ұстанып отыр. Олар Иранның Парсы шығанағы елдеріне қарсы агрессиясын айыптады. Осылайша АҚШ-тың осы аймақтағы одақтастарына, әсіресе Сауд Арабиясы мен БАӘ-ге қол жеткізгісі келеді. Бұл елдердің маңызы зор.

Қазір олар стратегиясын қайта қарап жатыр. Бірақ қайткенде де Пекинге санкцияны айналып өтуге болатын жаңа ел іздеуге тура келеді. Бұған келісетін ел көп емес деп ойлаймын. Трамп Иран ислам республикасына ғана емес, сондай-ақ Венесуэла, Эквадар және Кубаға да қысым жасап отыр.

Қытай Иранға көмектеспеген соң, Пекинмен әріптестік орнатуға бүкіл әлем құлықсыз бола түсуі мүмкін. Олар Иранға 12 күндік соғыс кезінде де, қазір де көмектеспеді.

Азаттық: Қытай неге көмектеспеді? Мұның Пекин үшін маңызы соншалық зор болса, олар қашанғы шетте отыра бермек?

Рибуа: Олар көмектеспеді және көмектесе алмас та еді, өйткені олар Иранды ақыры таянған режим көреді. Иранға соққы жасалғанға дейін-ақ бұл елде инфляция, жастар арасындағы жұмыссыздық, су тапшылығы және монетарлық саясаттағы әлсіздігі қандай деңгейде болғанын көрдіңіз... Мұның бәрі – күні таяған республиканың, режимнің белгілері.

Азаттық: Мұның салдары қандай болмақ? Өзіңіз айтқандай, өзге елдер бақылап отыр. Олар Қытайдың стратегиялық одақтасы күйреп жатқанын, Қытай әрекетсіз отырғанын көріп жатыр. Бұл Қытай беделіне қалай әсер етеді?

Рибуа: Қытай жасалып қойған қадамды енді ешқалай өзгерте алмайды. Әскери науқан әрбір қондырғыны, әрбір зымыранды жойып жатқан тұста олардың қолынан келетіні шамалы.

Израиль мен АҚШ-тың әскери қуаты зор. Міне, қазір Қытай Иранға барлау ақпаратын жіберіп жатыр деген дерек пен қорытындылар шығып жатыр. Мұның өзі де күштер тепе-теңдігіне әсер ете алмайды.

Қытай соғысқа дейін Иранға көптеген қару берген... Бірақ одан пайда болмады... Бұдан шығатыны, Қытай көмектескісі келген күннің өзінде де одан түк шықпайды. Қалған елдер жағдайды бақылап қана отыр. Бірақ олар сондай-ақ Иранның беделі төмен екенін де ескереді.

Иран Парсы шығанағы елдерінің мұнай инфрақұрылымына шабуылдады. Парсы шығанағындағы Катар сияқты елдер бұған дейін Иранның айтқысы келгенін өзге елдерге жеткізу арқылы бұл елге көмектесіп келген. Бірақ Тегеран соған қарамастан Катардың өзіне де соққы жасады. Қытай қазір қиын жағдайға тап болды. Бір жағынан Иран ислам республикасынан бас тарта алмайды, екінші жағынан Парсы шығанағы елдерін үркітіп алғысы келмейді.

Азаттық: АҚШ дегеніне жетіп, Иранға өзіне қолайлы деген аятолланы қоя алса, Қытай бұл жағдайды өз пайдасына жарата ала ма?

Рибуа: Егер бұл операция ислам республикасы аман қалады деген үміттің ұшқыны ғана көрінгеннің өзінде Қытай осыған дейін қол жеткізген басымдықтарының біршама бөлігін пайдаға жарата алады. Бірақ Иранды осыған дейінгідей құрал ретінде қолдана беру қиынға соқпақ. Парсы шығанағы елдері қазірдің өзінде АҚШ-пен әскери әріптестікті қалай ұлғайтуға болатынын талқылап жатыр. Олар Израильмен жақындасудың қауіпсіздік саласындағы игілігін қазірдің өзінде-ақ байқап отыр. Мәселен, БАӘ бұған көз жеткізді.

Сонымен қатар мұнда Қытай бұрыннан ұстанатын бір есеп бар еді: АҚШ сыртқы саясаттағы интервенциядан шаршады, олар қандай да бір әрекетке бара қоймайды деген пайым болатын. Бұл операция мұны жоққа шығарып, АҚШ мұндай әрекеттен тартынбайтынын көрсетті. Осы жағдай Қытайдың пайымын өзгертіп отыр. Пекин АҚШ әлсіреп жатыр деген ойда болған.

Азаттық: Ормуз бұғазын жабу немесе жартылай жабу, я болмаса ондағы тасымалды тоқтату – Иран үшін көзірге айналды. Иран бұл көзірді қаншалық ұзақ пайдалана алады?

Рибуа: Ұзаққа созылмайды. Бұл – бір-ақ рет ойнатылатын қауіпті карта. Бұл карта АҚШ президенті үлкен қысым жасап, мұнай бағасының артқанын көрген президентті "жарайды, тоқтау қажет" дегізуі керек еді. Бірақ Трамп өйтпеді. Ол өз ұстанымын өзгертпеді. Қайта бәсті күшейтті... Ирандықтар бұл қадам АҚШ ішінде үлкен талқы тудырып, қандай да бір реакцияға әкеледі деп күткен еді. Бірақ олай болмады. Әсері бір-ақ күнге ұласты.

Азаттық: Мұндай реакция бұл ахуал ұзаққа ұласса да болмай ма?

Рибуа: Бұл ұзаққа ұласпайды, өйткені бұдан Қытайдың өзі жапа шегіп отыр. Қытай тіке және жанама жолдар арқылы бұғатты ұзартпауға тырысады, өйткені күн тәртібінде мұнайдан бөлек тыңайтқыш мәселесі де тұр, ал егін маусымы жақындап келеді. Яғни бұл операциясы арқылы Иран өз әріптестеріне зиян тигізіп отыр.

Оның үстіне, бұғатты ұзақ ұстауға олардың әскери қуаты да жетпейді. Кез келген әскери операцияның саяси әсері болуы қажет және ол әсер тез байқалуы керек. Олай болмады. Олар бұғатты жалғастырамыз десе де, Израиль Тегеранды әлсірету стратегиясын жалғастыра береді. [Иранда] мұны жалғастыруға қаруы мен оқ-дәрісі жетпейді. Бұл мәселеде менде әріптестеріме қарағанда пессимизм төмен.

Азаттық: Ормуз бұғазының жабылуына қарымта ретінде Харк аралын басып алу қарастырылып жатқанға ұқсайды. Аралды басып алу қиынға соға қоймас, бірақ оны ұстап тұру қаншалық қиын немесе шығынға толы болмақ? Оның саяси салдары қандай?

Рибуа: Шығын қандай болатынын білмеймін. Бірақ айтарым – Трамп бұл туралы 1988 жылғы сұхбатында-ақ айтқан. Яғни ол мұны ұзақ уақыт қарастырған... Бұдан шығатыны, Иран өз қысымын қаншалық күшейтсе, АҚШ та бәсті екі есе арттырып отыр. Бұл эскалация тежеу қызметін атқара алады.

Ирандықтарда таңдау аз және бұл таңдау күн сайын сарқылып барады. Меніңше, олар бұрышқа тақалып жатыр.

Азаттық: Харк аралын басып алу бұл тартысты қалай өзгертпек?

Рибуа: Бұл әсіресе Парсы шығанағы елдері үшін үлкен өзгеріс болмақ. Бұл АҚШ өзіне төнген әрбір қауіпке жауап беретінін көрсетеді... Қазірдің өзінде қарымта қайтарып отыр. Иә, егер арал басып алынса, оның әсері зор болмақ.

Азаттық: Мәскеу бұл жағдайдан ұтты ма, ұтылды ма деген талқы жүріп жатыр. Бір тарап Кремль стратегиялық әріптесінен айырылып жатыр десе, екінші тарап мұнай бағасының артуы мен санкциялардың алынуын айтады. Ресей бұл жағдайда жеңді ме, жеңілді ме?

Рибуа: Ресей маңызды одақтасынан айырылып жатқаны анық. Бұл ел Мәскеуге НАТО-ға қарсы тұруда көмектесіп келген. Адамдар НАТО туралы айтқандай көбіне шығыстағы қаптал туралы ойлайды. Бірақ оңтүстіктегі қаптал да маңызды. Иран ол қапталды әлсіретуде үлкен рөл атқарды. Ресейліктер сондай-ақ Сирия мен Ливиядан да бой көрсеткен. Иран, сірә, мұндай маңызды рөлге ие болатын. НАТО Иран қауіп көзі ретінде санағандықтан, бұл – Ресей үшін, сірә, жағымсыз жаңалық.

Алайда ресейліктер Сирияда не болғанын көрген соң Ираннан бойын аулақ салды. Оларға Сирия мәселесінде енді Иран қажет емес. Олар қазір әл-Шараамен сөйлесіп жатыр.

Оларға Иран Армения мен Әзербайжан мәселесінде де қажет болмай қалды. Бұл қазір АҚШ бастаған коалицияға айналды. Тегеранның тіпті дрон мәселесінде рөлі сарқылды. Ресей Иран дронын қалай әзірлеуді меңгеріп, Татарстанда өндіріс кешенін ашып алды.

Ресей қазір Иранға бұрынғыдай тәуелді емес. Бірақ бұл НАТО-ға қарсы тұруда маңызды серіктес еді... Жұрт қазір санкциялар туралы, олардың бұдан қандай пайда көріп жатқанын талқылап жатыр. Бұл рас, сандар алдамайды. Бірақ Ресейдің тапшылық көріп отырғанын, экономикалық ахуалын да ескеруіміз қажет. Олар бұдан қанша жерден пайда көрсе де, ол жүйелі экономикалық сәтсіздіктердің орнын толтыра алмайды. Жағдайы мәз емес. АҚШ-пен келіссөзде мұны ескеру маңызды.

Осы себепті Ресей мен Қытай әріптестігін тереңдетуді қарастырып жатыр. Бірақ Қытай Ресейге салынған санкцияларға ұрынып қалғысы келмейді. Қытаймен әріптестікті нығайту қиынға соқпақ, өйткені АҚШ оған табанды түрде қарсы тұрады.

Азаттық: Иранға барлау ақпаратын бергені үшін Ресейге қандай да бір шара қолданыла ма? Қазір керісінше уақытша болса да санкциялық жеңілдіктер беріліп отыр.

Рибуа: Иә, Ресей қазір АҚШ Украинаға барлау ақпаратын бергені үшін қарымта қайтарып жатыр. Бірақ олар кейінгі екі жылда, әсіресе кейінгі жылы отпен ойнап отыр. Трамп олармен келіссөз өткізіп, Ресей мүдделерін ескеруге ниет білдірген еді. Бірақ бұл есік қазір жабылып жатыр.

Сұхбат ұғынықтылық үшін өңделіп, қысқартылды.

XS
SM
MD
LG