9 наурызда таңертең Бахрейннің Ситра аралына Иранның ұшқышсыз ұшағы шабуыл жасап, соққыдан 32 адам зардап шекті. Бұл туралы Бахрейннің мемлекеттік BNA агенттігі хабарлады.
Ресми мәлімет бойынша, зардап шеккендер арасында төрт бала, оның ішінде екі айлық сәби бар. Жеті және сегіз жастағы екі бала аяғынан ауыр жарақат алды.
Ситрада Бахрейн мемлекеттік мұнай-газ компаниясының Bapco Energies мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) орналасқан. Ақпарат құралдары мұнай өңдеу зауыты маңында өрт шыққанын хабарлады. Bapco Energies "аймақта Иран соққылары жалғасып жатқанына және мұнай өңдеу компаниясы бөлімшелерінің біріне жасалған қатыгез шабуылдан кейінгі қалыптасқан жағдайға" байланысты форс-мажор жариялады.
Компания "үздіксіз жеткізілімді қамтамасыз ететін алдын ала жоспардың арқасында жергілікті нарықтың барлық қажеті толық қанағаттандырылды" деп мәлімдеді.
Bapco Energies МӨЗ 6 наурызға қараған түні де шабуылға ұшыраған. Ол кезде ешкім зардап шекпеген, ал кәсіпорын жұмысын жалғастырған.
- АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы 28 ақпанда басталды. Соққылар нәтижесінде жоғарғы көшбасшы аятолла Әли Хаменеи өлтіріліп, елдің әскери және ядролық қондырғылары қиратылған. 7 наурызда кешке Израиль армиясы Тегерандағы бірнеше жанармай қоймасына соққы берді, атап айтқанда Иран астанасының Шахр-э-Рей ауданындағы негізгі мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасалды. Иран қарымта қайтарып, Вашингтон одақтастарының инфрақұрылымы мен базаларына соққы жасады.