Accessibility links

Қазақстан «гибрид соғысқа» тойтарыс беруге әзір ме?


Жаңаөзен қаласындағы әскерлер қоныстанған орын. Маңғыстау облысы, 1 мамыр 2012 жыл.

Қазақстан қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов ел армиясы "гибрид соғыстарға" тойтарыс беруге әзір екенін мәлімдеді. Азаттық сөйлескен кей сарапшылардың пікірі өзгеше.

Сәуірдің 24-і күні парламенттегі үкімет сағатында қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовтың баяндамасынан кейін халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасы Мәулен Әшімбаев кейінгі жылдары Ауғанстан, Ирак, Украина және Сирияда болған әскери қақтығыстарға сілтеме жасап гибрид соғыс тақырыбын қозғады. Мыңдаған жаяу солдат қатысатын бұрынғы қан майдандарға мүлде ұқсамайтын соғыс қимылдарының жаңа түрі ретінде гибрид соғыс жайлы үш жыл бұрын, яғни Қырым аннексиясы басталған кезде жиі айтыла бастаған болатын. Оның стратегиялық нысандарын басып алған санаулы «жасыл адамдар» Ресейдің элиталық арнайы қызметі офицерлері болып шыққан.

Ratel сайты Мәулен Әшімбаевтың «Соғыс қимылдарын жүргізудің жетілдірілген әскери тактикасы мен тәсілдерімен қатар киберсоғыс, ақпараттық құпия операциялар және өзге де стандартты емес әдістерін, бұған қоса, халықтың наразы топтарының қолдауына сүйену тәсілін қамтитын «гибрид соғыс» элементтері барған сайын көп тарай бастады» деген сөзін келтірген.

Депутаттардың сұрақтарына берген жауабында қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов әскери доктринаның әзірленіп жатқан жаңа редакциясында гибрид соғыс сияқты қазіргі заман соғыстарын жүргізудің жаңа тәсілдері пысықталғанын айтты. Оның сөзінше, жаңа доктринада кейінгі жылдары болған әскери қақтығыс ерекшеліктері ескерілген. Генерал Жасұзақов ІТ бөлімшелері мен ақпараттық бөлімшелері де құрылғанын айтты.

«31-телеарнаның» видеосюжетінде қорғаныс министрі Жасұзақов «Арнайы міндеттер жүктелетін барлау полктері құрылды. Яғни бәрі кәдімгі армиядағы сияқты, қазіргі заманның гибрид соғыс қимылдарына әзірлік жүргізіледі» деді. Бірақ ол жаңадан құрылған арнайы бөлімшелердің нақты міндеттері мен олардың шоғырланған орнын атаған жоқ.

«31-телеарна» қорғаныс министріне сілтеме жасаған әлгі хабарында «Қазақстанда террорлық қатерлерге дереу тойтарыс беретін құпия арнайы әскер пайда болды. Ол әрдайым жауынгерлік әзірлікте тұрады. Қажеттілік бола қалған жағдайда жедел әрекет ету тобын ұшақ, тікұшақтармен елдің кез-келген бөлігіне жеткізетін болады» деп хабарлайды.

ҚАЗАҚСТАНДА ГИБРИД СОҒЫС ҚАУПІ БАР МА?

Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары генерал Айтқали Есенқұлов Азаттыққа қазір сәнге айналған «гибрид соғыс» термині мазмұны жағынан жаңа термин емес дейді. Гибрид соғыс қатері Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін талқылана бастады, гибрид соғыстарға тойтарыс беру аса өзекті мәселеге айналды, бірақ соғыстың бұл түрі мамандарға баяғыдан белгілі болатын.

- Негізі, гибрид соғыс баяғыдан жүріп жатыр. Совет әскерлерінің Ауғанстанға кіріп, жүргізгені гибрид соғыс емес пе? – дейді генерал Есенқұлов.

Бірақ ықтимал қарсыластар тарапынан гибрид соғыс басталса, Қазақстан армиясы қорғануға дайын ба деген сауал туады.

Қазақстан әскери-теңіз күштерінің 20-жылдығына арналған мереке кезінде. Ақтау, 13 сәуір 2013 жыл.
Қазақстан әскери-теңіз күштерінің 20-жылдығына арналған мереке кезінде. Ақтау, 13 сәуір 2013 жыл.

ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі Арат Нарманбетовтің Азаттыққа айтуынша, қорғаныс министрінің үкімет сағатында жасаған гибрид соғысқа жеткілікті дәрежеде дайынбыз деген сарындағы «көңілді» баяндамасы оны иландыра алмаған. Арат Нарманбетов Қазақстан қорғаныс министрлігі мен Украинаның бұрынғы (Ресей Қырымды аннексиялағанға дейінгі) әскери ведомствосы арасында, әсіресе жемқорлық пен көз бояушылық жағынан ұқсастық көп дейді. Ол парламенттегі үкімет сағатында қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов қорғаныс министрлігінде 15 миллиард теңге (50 миллион долларға жуық) кем шыққанын мойындады ғой деп ескертеді. Қырым аннексиясына дейінгі Украинада елдің сол кездегі қорғаныс министрі де кез-келген бағыттан төнетін соғыс қатеріне тойтарыс беруге толық әзірміз деп ел басшылығын сендіргені сөзсіз дейді бұрынғы чекист.

Нарманбетовтің сөзінше, Ресей телевизиясынан «тәулік бойы» ағылып жатқан агрессиялық сипаттағы насихат этникааралық өшпенділікті қоздыруы мүмкін, сондықтан тіпті қауіпті. Сондықтан ол өзі талай барған Украинадағы оқиғаларды тағы еске алады.

- Донецк мен Луганск гүлденген өлкелер болатын. Мұның бәрін әлгі гибрид соғыс түрінде сырттан әкелді. Сырттан жүргізілген үгіт-насихаттың әсері. Күні-түні толассыз ағылған үгіт-насихат адамдардың өшпенділігін қоздырды. Бәрін күйретті. Аннексияға дейін Қырым да гүлденген өңір болған, ол жақта ұлтаралық қатынастар да жақсы болатын, - дейді Арат Нарманбетов.

Симферополь әуежайы ғимаратын басып алған Ресей қарулы күштерінің сарбазы. 28 ақпан 2014 жыл.
Симферополь әуежайы ғимаратын басып алған Ресей қарулы күштерінің сарбазы. 28 ақпан 2014 жыл.

ҰҚК-нің ардагер генералы Тұрсын Айжоловтың Азаттыққа айтуынша, гибрид соғыс кезінде үгіт-насихат үлкен рөл атқарады. Сондықтан ол ресейлік кей саясаткерлердің Қазақстан территориясына қатысты ұлтаралық алауыздықты қоздыруы мүмкін мәлімдемелеріне алаңдайды.

- Империялық амбициялар бәсеңдемей тұр. Ал Ресейдің ресми билігі мұндай қастық ниеттерді айыптап, бетін қайтарып тастамайды. Мен бәрінен бұрын Ресейдің көпшілікке сөзі өтімді кей адамдарының Қазақстаннан территория даулауын айтамын, - дейді генерал Айжолов.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев Азаттыққа Қазақстан мен Ресей арасында стратегиялық қарым-қатынас орнаған әрі одақтас елдер дейді. Оның сөзінше, Ресей Қазақтанға гибрид соғыс ашады деген мәселе қозғауға қазір негіз жоқ. Ол«ойдан шығарылған» деп санайтын әлгі мәселеге қатысты айтылып жүрген әңгімелерді саяси спекуляция деп біледі. Көшкімбаевтың пікірінше, Ресей мен Украина арасында кейінгі 25 жыл ішінде қалыптасқан жағдай Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастан көп өзгеше.

- Біз [Қазақстан мен Ресей] одақ дегенге бос сөз ретінде қарамайтын Еуразия экономикалық одағы немесе Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымы сияқты бірнеше халықаралық ұйымның мүшесіміз. Ресей мен Украина арасында туып, шиеленіскен кикілжің бізде элита деңгейінде де, қоғамдық сана деңгейінде де болған емес, - дейді Санат Көшкімбаев.

Мамырдың 7-сі күні Қазақстан армиясы 25 жылдығын атап өтті. Әскербасылар елдің қарулы күштері елдің территориялық тұтастығына қол сұғуды көздейтін кез-келген әрекетке тойтарыс беруге әзір, Астанадағы әскери парад та осының көрінісі болуы тиіс дегенді аңғартты. Скептиктердің айтуынша, Қазақстанның әскери саласында сарбаздар қатарындағы әлімжеттіктен бастап армияның жоғарғы басшылары арасындағы коррупцияға дейінгі проблемалар әлі көп.

Астанадағы 2017 жылғы мамырдың 7-сіндегі парадтан Азаттық видеосы:

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG