Италия полициясы Парма қаласына жақын жердегі Магнани-Рокка жеке қорынан биыл наурызда ұрланған суретшілер Пьер-Огюст Ренуар, Поль Сезанн және Анри Матисстің картиналарын тапты. Reuters агенттігінің мәліметінше, картиналардың жалпы құны 9 миллион еуродан асады.
Туындылар Пармадағы күдіктілердің бірінің үйінен табылған. Тергеу аясында Молдованың тоғыз азаматы күдікке ілінген, олардың бесеуі ұрлықты тікелей ұйымдастырды деген болжам бар.
Ұрылар музейден алып кеткен картиналар мен олардың құны:
- Ренуардың "Балықтар" картинасы – шамамен 3 млн еуро;
- Сезаннның "Шие салынған натюрморты" – 6 млн еуро;
- Матисстің "Террасадағы одалискасы" – шамамен 20 мың еуро.
Бұл өнер туындылары биыл 23 наурызға қараған түні бас-аяғы үш минуттың ішінде қолды болған еді. Бейнебақылау жазбасында бет-жүзін жасырған екі адамның терезе арқылы музейге кіріп, картиналар тұрған залға бет алғаны көрінеді. Олар туындыларды қабырғадан шешіп алып, музей бағы арқылы із жасырған.
Картиналар ұрланғаннан кейін Магнани-Рокка қорының өкілдері қылмыскерлер алдын ала жоспарлап, ұйымдасқан түрде әрекет еткен деп мәлімдеген. Олардың айтуынша, дабыл жүйесі іске қосылмағанда, бұдан әлдеқайда көп өнер туындысы қолды болуы мүмкін еді.
Пармадан шамамен 20 шақырым жерде орналасқан, 1977 жылы құрылған Магнани-Рокка қорында өнер зерттеушісі Луиджи Магнанидің жеке коллекциясы сақталған, онда Альбрехт Дюрер, Питер Пуль Рубенс, Антонис Ван Дик, Франсиско Гойя мен Клод Моне сынды әйгілі шеберлердің туындылары да бар.