Accessibility links

IWPR: Қазақстандағы қарсылық қозғалысы әлсіреп барады


Соғыс және бейбітшілік институты (IWPR) белгісі. (Көрнекі сурет)
Соғыс және бейбітшілік институты (IWPR) белгісі. (Көрнекі сурет)

Соғыс және бейбітшілік институты (IWPR) маусымның 14-і күні Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі Қазақстан қоғамындағы саяси ахуал туралы зерттеулерін жариялады.

Ұйым мамандары «Жаңаөзен оқиғасынан басталған нарызылық акциялары бұқара халықтың қолдауына ие бола алмауына байланысты Қазақстандағы қарсылық қозғалысы әлсіреп барады. Уақыт өткен сайын Жаңаөзен оқиғасы ел жадынан өше береді» деп болжайды.

«Жаңаөзен қаласында 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні бейбіт шеру кезінде 14 адам қаза тауып, 100-ден аса азамат жарақат алған. Алаңдағы адамдар «полиция бұқара халыққа оқ жаудырды» дейді. YouTube-те жарияланған видеоматериалдар куәлар сөзін растайды. Полиция жасағының «Біз өмірімізге қауіп төнген соң оқ атып қорғануға мәжбүр болдық» деген уәжін ресми билік қолдаған деп жазылған баяндамада.
Бұл қозғалыс мүшелері әділдікті талап етіп, жұртты кең көлемде шеруге шығуға үндеп келеді.
IWPR баяндамасынан

Полицияның қатігездігі мен биліктің әділетсіздігі «Наразылар» деп аталатын жаңа қозғалыстың тууына түрткі болды. Бұл қозғалыс мүшелері әділдікті талап етіп, жұртты кең көлемде шеруге шығуға үндеп келеді» деп жазады IWPR.

Сарапшылар қарсылық қозғалысының ерекшеліктеріне тоқталып, «Жаңаөзен оқиғасына наразы топтың арасында азаматтық қоғамның танымал тұлғалары көбірек. Бұған дейінгі оппозиция лидерлері негізінен бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер мен бизнесмендерден құралатын» деп сипаттайды.

Баяндамада қарсылық қозғалысының құрылу тарихына да жазылған. Ұйым мамандары «Қаңтар айында Алматы қаласында «Азат» (ЖСДП – ред.) партиясының ұйымдастыруымен өткен шеруге жүздеген адам ғана жиналды. Қарсылық жиыны Қазақстанның басқа да бірнеше қаласында өткенімен шеруге санаулы ғана адамдар қатысты» деп жазады.

Баяндамада Қазақстан билігінің шерулерге рұқсат бермегені, ұйымдастырушылардың 15 күнге қамалғаны немесе айыппұл төлеуге мәжбүр болғаны да айтылған.
Тіркелмеген "Алға" партиясы офисінің алдынағы баннер. Алматы, 23 наурыз 2012 жыл.
Тіркелмеген "Алға" партиясы офисінің алдынағы баннер. Алматы, 23 наурыз 2012 жыл.

IWPR қозғалыс мүшелері мен лидерлерінің билік пен қауіпсіздік органдары тарапынан қандай қысым мен қуғынға ұшырағаны жайлы да біршама деректер келтірген. Сарапшылар «Азат» (ЖСДП - ред.) партиясы жетекшілерінің 25 ақпаннан бері шеруге шықпауының себептерін «Азаттың» лидерлері «Алға» оппозициялық партиясы жетекшілерінің тағдырын қайталағысы жоқ» деп пайымдайды. Осы ретте ұйым Жаңаөзен оқиғасына орай «Алға» партиясының лидері Владимир Козлов пен қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовтың айыпталып жатқанын жазған.

Бұл қозғалысқа «Арман» жұмысшылар қозғалысының лидері Ермек Нарымбаевтың да белсенді қатысқаны жайлы да айтылған. IWPR «Жақында ғана рақымшылыққа ілініп, қамаудан босаған диссидент Нарымбаев Жаңаөзен оқиғасына орай билікке «Кінәлі адамдар табылсын, бұйрық бергендер анықталсын, саяси қуғын тоқтатылсын, конституцияға сәйкес демократиялық құқықтарымыз сақталсын» деген талаптар қойған» деп жазады.

IWPR мамандары «Наразылық» шеруі соңғы рет маусымның 2-сінде болды. Бұл жолғы шеруге 100 шақты адам жиналып, көп ұзамай тарап кетті. Қозғалыс лидерлерінің біреуі «Қарсылық акциялары күзге дейін тоқтай тұрады» деп хабарлады» дейді.
Қазақстан жер көлемінен тоғызыншы орында, мұнда 16-ақ миллион халық тұрады. Шашыраңқы орналасқан халықтың ортақ мәселеде тізе қосып қимылдауы қиын.
IWPR баяндамасынан

Сарапшылар Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі наразылықтың халықтың қозғалысқа айналмауының бірнеше себептерін атаған: «Оппозиция лидерлеріне үкімет қысымынан бөлек, Қазақстан жерінің үлкендігі де кері әсер етті. Себебі, Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында болғанымен, мұнда 16-ақ миллион халық тұрады. Мұндай кең елде шашыраңқы орналасқан халықтың ортақ мәселеде тізе қосып қимылдауы қиын. Осындай себептерге байланысты Жаңаөзен оқиғасы ел есінен көмескіленіп барады» дейді IWPR мамандары.

Сарапшылар «Болашақта қарсылық қозғалысы әлсіреп, Жаңаөзен оқиғасы да жалпы жұрттың жадынан өше береді» деп болжайды.
XS
SM
MD
LG