Израильдің өз армиясы (ЦАХАЛ) бақылауда ұстап отырған Ливанның оңтүстігіндегі аумақтардан әскерін әкетем деген ниеті жоқ. Мұны АҚШ пен Иран арасында жасалмақшы келісімге байланысты түсініктеме берген Израильдің қорғаныс министрі Исраэл Кац мәлімдеді.
Оның сөзінше, Израиль Иран шабуылдай қалған жағдайда қарымта қайтаратын болады. Бұған қоса Кац АҚШ пен Иран арасындағы келісім ЦАХАЛ-дың әрекет ету еркіндігін шектемейді деп айтты.
Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен Гвир Вашингтон мен Тегеран арасындағы келісім Израильге ешқандай міндеттеме жүктемейді деп мәлімдеді. Бен Гвирдің айтуынша, Израиль "Хезболла" тобын толығымен жоюдан басқа ештеңеге келіспейді және Израиль әскері өзі басып алған жерде қалады. Иран қолдайтын "Хезболла" тобын АҚШ пен Израиль террористік ұйым деп таныған, ал Еуропа одағы "Хезболланың" саяси партиясын емес, тек әскери қанатын террористік ұйымға жатқызған.
The Jerusalem Post газеті Израиль армиясындағы дереккөздерге сүйеніп, егер "Хезболла" атысты тоқтату режиміне мойынсұнатын болса, онда Израиль армиясы Ливан аумағына шабуыл жасамайды деп жазды .
14 маусымда Израиль Бейрут маңындағы "Хезболла" нысандарына шабуыл жасаған. АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранды қарымта қайтарудан бас тартып, келіссөзге оралуға шақырған. Иранның Mehr ақпарат агенттігінің хабарлауынша, АҚШ пен Иран арасындағы меморандумның бір шарты – Ливандағы соғыс қимылдары тоқтуы тиіс.
Жексенбінің кешінде Трамп Иранмен бейбіт келісімге келу, теңіз жақтан қойылған құрсауды алу және Ормуз бұғазын кеме қатынасына ашу бойынша мәмілеге қол жеткенін жариялаған.