Accessibility links

Израиль мен Иран бірін бірі атқылады

Иордан өзенінің батыс жағалуындағы Иерихон маңына құлаған ирандық зымыран бөлшегінің қасында жүрген адамдар. 8 маусым, 2026 жыл.
Иордан өзенінің батыс жағалуындағы Иерихон маңына құлаған ирандық зымыран бөлшегінің қасында жүрген адамдар. 8 маусым, 2026 жыл.

Израиль әскери күштері 8 маусымға қараған түні, Иранның жексенбінің кешінде Израильге баллистикалық зымырандар ұшырғанына қарымта ретінде, Ирандағы әскери нысандар мен мұнай-химия зауытына әуеден шабуыл жасады.

Дүйсенбі күні таңертең Иран Йемендегі одақтасы "Ансар Алла" (хуситтер) тобымен бірге Израильге тағы да шабуыл жасады.

АҚШ пен Иран атысты тоқтатуға келіскен сәуір айының басынан бері бұл ең үлкен қақтығыс болып отыр. Содан бері Израиль мен Иран бір-біріне шабуыл жасаудан тартынып келген.

Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Ирандағы әскери нысандарға және Хузистан провинциясындағы мұнай-химия зауытына шабуыл жасалғанын растады.

Осыдан кейін Иран Израиль аумағына, әскери базаларды қоса алғанда, тағы да шабуылдар жасағанын жариялады. ЦАХАЛ зымырандардың бәрін қағып түсіргенін және ешқандай зиян келмегенін хабарлады. Хуситтер Қызыл теңізде Израильмен байланысты кеме қатынасын бұғаттайтынын мәлімдеді. Хабарларға қарағанда, бір зымыран Йеменнен атылған, Израиль жағы оны атып түсірген. Йеменнің солтүстік аймақтары мен астанасы Сана қазір хуситтердің бақылауында.

Израиль өткен түні және бүгін таңертең бірнеше рет әуе шабуылы жайлы жұртқа ескерткен. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Бен-Гурион әуежайы жұмыс істеп тұр.

Иран екі ай үзілістен кейін 7 маусым күні кешке Израильге бірінші болып шабуылдап, мұны Израиль күштерінің Ливанның Бейрут қаласындағы "Хезболла" тобының штаб-пәтеріне жасаған шабуылдары үшін кек алу деп атаған еді. АҚШ пен Израиль "Хезболланы" террористік ұйым деп таныған, Еуроодақ оның тек әскери қанатын ғана террорлық топқа жатқызған.

Иранның шабуылдарынан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мен Израильді әскери іс-қимылды доғаруға шақырды. NBC арнасына берген сұхбатында Трамп АҚШ пен Иран бейбітшілік келісіміне өте жақын екенін, бірақ Вашингтон әлі де Тегераннан ядролық қару жасауға ұмтылмайтыны туралы нақты кепілдіктер беруін талап етіп отырғанын айтты. Оған қоса Трамп егер келісімге қол жеткізілсе, онда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ-Иран "мәмілесінің" шарттарын қабылдауға тиіс деген ойын айтты.

Айдар
XS
SM
MD
LG