Accessibility links

Жапониядағы ядролық апат Чернобыльдің деңгейіне жетті


Жергілікті полиция қирап қалған Минамисома қалашығының орнында өлі денелерді іздеп жүр.Фукусима, 11 сәуір 2011 жыл
Жергілікті полиция қирап қалған Минамисома қалашығының орнында өлі денелерді іздеп жүр.Фукусима, 11 сәуір 2011 жыл

Фукусима ядролық стансасындағы радиация 7-ші деңгейге жетті деп бағаланды. Мұндай төтенше жағдай әлемдегі ең үлкен ядролық апат болып есептелген Украинаның Чернобыль реакторында 1986 жылы болған жарылыста туған еді.


Сәуірдің 12-і Жапонияның ядролық мамандары ауаға, жер беті мен теңіз суына тараған радиация деңгейін 5-тен 7-ге жетті деп бағалады. Бұл МАГАТЭ-нің халықаралық көрсеткіші бойынша дабыл қағатындай деңгей болып отыр.

Наурыздың 11-дегі жер сілкінісі мен цунамиден кейін істен шыққан Фукусима Дайичи ядролық стансасындағы радиация көрсеткішін үкімет жаңарта салысымен сақтық шаралары мен ескертулер күшейіп отыр.

МАГАТЭ-нің хабарлауынша, жаңа анықталған мәліметтер радиацияның адам денсаулығына, қоршаған ортаға зор зиян тигізетін ірі апат екенін көрсеткен.

Халықаралық инспекторлар Фукусима апатының қаупі жоғары дегенімен, Жапонияның ядролық қауіпсіздік агенттігінің аға қызметкері Хидейко Нишияма радиацияның адам денсаулығына қаупі туралы басқаша айтады:
Қираған қала орнында жүрген тұрғындар, Отсучи қаласы, 12 сәуір 2011 жыл

«Наурыздың 18-інен бері жинаған мәліметтеріміздің негізінде бұл жетінші деңгейді алдыңғы бағалауда-ақ бергенбіз. Алайда, басында радиоактивті заттардың шығу деңгейі Чернобыль апаты көлемінің 10 пайызын құрады».

Жапония үкіметі Фукусимадағы ядролық дағдарыс жалғаса берсе, жайылған радиация күші Чернобыль апатындағы радиация деңгейінен асып түсетінін мойындап отыр.

Үкімет өкілі Юкио Эданоның айтуынша, бұл соңғы ескертулер Фукусимадағы апат аса үлкен екенін нақтылай түсті.

Ол ядролық кешен маңында тұратын тұрғындар мен халықаралық қауымдастықтан осындай апатқа жол берілгені үшін кешірім сұрады.

Дүйсенбі күні Эдано егер Фукусима ядролық стансасы маңына енгізілген 20 шақырымдық эвакуациядан тыс жерге радиация тарағаны анықталса, Жапония тұрғындарды көшіру аумағын кеңейтеді деп хабарлаған.

- Біз эвакуация аумағын кеңейту жөнінде жаңа шешімге келдік. Оған себеп, кейбір аймақтарда 20 шақырымдық эвакуция зонасынан тыс жерлерде радиация деңгейі ауа-райы мен географиялық жағдайға қатысты жоғары болып отыр, - деді ол.

Эдано жас балалар, жүкті әйелдер мен медициналық көмекке зәру науқас адамдар Фукусимадан 30 шақырымдай алшақ аймаққа көшірілуі тиіс және бұл өңірдегі мектептер жабылуы керек деп санайды.
Токио электр қуаты компаниясына қарасты Фукусима Дайичи АЭС-індегі апат ошағы қашықтан басқарылатын тікұшақ арқылы түсірілген мына суретте көрініп тұр. 10 сәуір 2011 жыл

Жапония үкіметі Фукусима реакторлары маңындағы эвакуация аумағын 30 шақырымнан тыс жерлерде әсіресе жел соғып тұратын солтүстік-батыс аймақтағы ауылдық жерлерде кеңейтуді жоспарлап отыр.

АҚШ пен Австралия сияқты елдер Жапониядағы өз азаматтарына ядролық апат аймағынан кемінде 80 шақырымдай қашық кетуге кеңес берді. Бірақ Жапония МАГАТЭ-нің алдыңғы ескертуіне қарамастан, эвакуция аумағын ұлғайтудан бас тартып келген.

БҰҰ-ның Атом істер жөніндегі агенттігі жексенбі күні өзінің ядролық мамандар тобы 60 шақырымдық жердегі радиация деңгейін тексергенін айтты. Ал Жапонияның ядролық агенттігі нақты қанша радиация тарағанын айту қиын деді. Дегенмен де тараған радиация көлемі билік өкілдерінің алдыңғы хабарлағанынан 100 есе жоғары болып шықты.
XS
SM
MD
LG