Accessibility links

Музейден шыққан шу. Қастеев мұражайы тұрғындар шағымынан соң айыппұл төледі


Артқы жақта тұрған қызғылт-жасыл түсті тұрғын үй Central Esentai Residence тұрғындары Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайынан келетін гуілге шағынып отыр.
Артқы жақта тұрған қызғылт-жасыл түсті тұрғын үй Central Esentai Residence тұрғындары Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайынан келетін гуілге шағынып отыр.

Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайы "жұрттың тыныштығын бұзды" деп айыппұл төледі. Музейдің маңындағы Central Esentai Residence тұрғын үй кешенінің тұрғындары мұражайға орналасқан салқындату қондырғыларынан шығатын шуға шағымданған. Сарапшылар құрылыс компаниясы үйді тарихи және мәдени қорғалған аумаққа салғанын айтады. Мұражай мен тұрғындар арасындағы жағдайдың жай-жапсары.

ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Алматыдағы Central Esentai Residence элиталы тұрғын үй кешенінде тұратын жұрт қазақ өнерінің жауһарлары сақталған Қастеев атындағы мұражайдың залдары мен сақтау орындарын салқындататын қондырғылары мазамызды алды дейді. Олар таңғы жетіден кешкі сегізке дейін қосулы болатын салқындату қондырғысының даусынан жаздың күні желдеткіш аша алмай қалдық деп шағымданады.

Тұрғындар Алматы қаласы Бостандық ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасын шақырған соң, тексеріс жүрген. Кейін сан-эпидемиологиялық басқарма мұражайға айыппұл салған.

– Телефоныма бағдарлама жүктеп есептеп көрдім. 40-42 децибелді қалыпты деп есептегеннің өзінде, біздің бөлмелерде 58 децибелді көрсетіп тұр. Қазір жаз мезгілі, таңертең ыстық болады, үй ішін желдету үшін терезені ашсақ, құлақ тұндыратын гуіл естіліп тұрады. Ал терезені жапсақ, үй іші қапырақ болып кетеді. Біз қыста пәтерді сатып алғанда мұражай орналасқан жақтан осындай шу болатынын білмедік, бәрі тып-тыныш болатын. Әу баста бізге ешкім мұндай мәселе болуы мүмкін екендігін айтпады, – дейді Central Esentai Residence тұрғыны Аяжан Абдрахманова.

Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінің салқындату құрылғысы осы.
Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінің салқындату құрылғысы осы.

Тұрғындар арасында бұл мәселеде мұражайды емес тұрғын үйді салған мердігер компанияны айыптайтындар бар.

– Меніңше, бұл жерде Қастеев атындағы мұражайдың да кінәсі жоқ. Мұражай 1976 жылдан бері жұмыс істеп тұр, салқындату жүйесінен шығатын шу – музей үшін қалыпты жағдай. Бұл жерде тұрғын үйді салған компания мен мемлекеттік мекемелер кінәлі деп ойлаймын. Мердігер компанияны ешкім қозғап жатқан жоқ. Барлық арыз-шағым мен сауал мердігер компанияға қойылуы керек еді, – дейді тұрғын Әлия Әділбекова.

Ашық ақпараттарда бұл үйді елдегі ең ірі құрылыс компанияларының бірі "Rams Qazaqstan" 2018 жылы бастап, 2020 жылы "Завод "Электрокабель" компаниясы аяқтағаны айтылады. Бірақ "Rams Qazaqstan" құрылысқа қатысымыз жоқ деп отыр.

"Rams Qazaqstan" компаниясы Central Esentai Residence тұрғын үй кешенін салуға рұқсат алмады, бұл үйді салған жоқ. Тұрғын үй Rams Qazaqstan компаниясының жобасы деген ақпарат өтірік" деп мәлімдеме таратты компания президенті Рамазан Бұлбұл.

Ал "Завод "Электрокабель" компаниясының сайтында көрсетілген нөмірге бірнеше рет хабарласқанымызбен тұтқаны ешкім көтермеді. Тұрғындар да бұл компания өкілдерімен байланыса алмай жүргендерін айтады.

Central Esentai Residence тұрғын үй кешені. Алматы.
Central Esentai Residence тұрғын үй кешені. Алматы.

Мұражайдан шығатын шулы дыбыс Central Esentai Residence тұрғын үйіндегі барлық пәтерге емес тек музейге қарама-қарсы тұрғандарына естіледі. Мұражайды салқындататын құрылғылардан шығатын дыбыстан шаршадық деген тұрғындар музей мен үйдің арасында дыбыс изоляциясы қойылғанын я дыбысы шықпайтын салқындатқыш орнатқанын қалайды.

Маусым айының соңында тұрғындар санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментін шақырған. Осыдан соң департамент тексеріс жүргізіп, үйдің аймағында дыбыс нормадағы 40 децибелден асып, 46-48 децибелге жеткенін анықтаған. Тексерістен соң департамент мұражайға 670 мың теңге (230 АЕК) айыппұл салып, 30 күн ішінде жағдайды реттеуді тапсырған. Мұражай айыппұлды бір аптада төлегендіктен, жалпы соманың жартысын, яғни 350 мың теңге бергенін хабарланды.

МҰРАЖАЙ ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Мұражайдың бас инженері Ғалымжан Байкенже қазіргі салқындату құрылғылары 2008 жылы Қытайдан алдырылып, орнатылғанын; олардың жазда штаттық режимде жұмыс істеп, жыл сайын тексерістен өтетінін және талапқа сәйкес келетіндігін жеткізді.

Ал мұражайдың баспасөз қызметі музейдегі 20 мыңнан аса экспонат салқындату құрылғысының арқасында бұзылмай, бүлінбей тұрғанын айтады.

– Киізден жасалған бұйымдар мен зергерлік бұйымдардың, мүсіндер және графикалардың, кескіндемелер мен теңдессіз картиналардың ұзақ уақыт бойы сақталып тұруы – мұражай ауласында орналасқан салқындату және кондиционерлеу жүйесінің жемісі. Чиллерді (салқындату құрылғысы – ред.) өшірсек картиналардың бояуы қабыршықтанып, түсіп қалуы мүмкін. Киізден, теріден жасалған бұйымдар құрттап, иістеніп кетуі мүмкін. Салқындату құрылғыларын басқа жерге орналастыра алмаймыз, бірі ауысса, басқасын да ауыстыруға мәжбүр боламыз. Чиллерді мұражай жертөлесіне де қоюға болмайды, құрылғыдан шығатын діріл жәдігерлерге зақым тигізуі мүмкін, - деді баспасөз қызметі Азаттыққа берген жауабында.

Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде қыздар картиналарға қарап тұр. Алматы, 13 шілде 2021 жыл.
Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде қыздар картиналарға қарап тұр. Алматы, 13 шілде 2021 жыл.

Мұражайдағылардың сөзінше, тұрғындар айтып отырған дыбыссыз салқындатқыш қымбат, біреуі 40 миллион теңге тұрады.

– 2013 жылы мұражай маңында ғимарат, мекеме салынады екен дегенде, біздің қызметкерлер мұражайға тым жақын маңда құрылыс бастаудың дұрыс еместігін айтып шағымданған, бірақ сөзімізге ешкім құлақ аспады. Нәтижесін енді көріп отырмыз. Central Esentai Residence тұрғын үй кешені мұражай ғимаратынан 38 метр қашықтықта орналасқан. Ереже бойынша, республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағы 44 метрді құрайды. Яғни, мұражай ғимаратынан 44 метр қашықтықта ештеңе салуға болмайды, – дейді мұражайдың баспасөз қызметі.

Бірақ Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мұражай маңындағы тұрғын үй кешені заңды негізде салынғанын, барлық жоба құрылыс басталар алдында заңға сай мемлекеттік сараптамадан өтетінін алға тартады.

"МҰРАЖАЙДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ӨРЕСКЕЛ БҰЗЫЛҒАН"

Алайда сарапшылар мен экобелсенділер Central Esentai Residence тұрғын үйін салғанда заң бұзылған деп санайды. Мәселен, мұражайға араша түсіп жүрген экобелсенді Салтанат Тәшімованың пайымдауынша, заң бойынша қорғалған аймаққа жақын салынған үйлер сүрілуі керек.

Салтанат Тәшімова.
Салтанат Тәшімова.

– Алматыда үйлер өте тығыз салынып жатыр. Егер жер сілкінісі бола қалса, үйлер бір-біріне құлап, қала молаға айналады. Қашып тығылатын жер, қаладан шығатын жол болмайды, барлығын қираған ғимараттар жауып тастайды. Сондықтан құрылыс салғанда тұрғындар құқығының бұзылмауын талап етіп жүрміз. Бұл жағдайда мұражайдың құқығы өрескел бұзылған. Қорғалатын жер мен оның жанындағы басқа ғимараттың арасы 44 метр болуы керек, ал үй мұражайдан 38 метр жерде орналасқан. Ал бұл тұрғын үй кешені қорғалатын аймақта орналасқандықтан заң жүзінде сүрілуі керек. Жалпы Алматыда ғимараттардың тым тығыз орналасуы таудан соғатын желдің екпінін басып тастады, салдарынан қаланың іші желдетілмейді, – дейді ол.

Қазақстандағы қалалардың дамуына қатысты ой-пікір айтып жүрген Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қорының өкілі Әділ Нұрмақов құрылыс жобасына қатысты даулар мен шулар көбейгенін айтады.

– Мұндай мәселелер қаладағы құрылыстарды дұрыс жоспарламаудан туып жатыр. Құрылыс салу шешімдері сарапшылардың, құрылыс әсер ететін мүдделі тараптардың қатысуынсыз қабылданады. Бұл жағдайда [Қастеев] атындағы мұражай – мүдделі тарап. Үй құрылысы басталғанда мұражай алаңдаушылық білдірген. Сол кезде мұражайдағылар құрылыстан шаң ұшып, музейдегі экспонаттарға әсер етеді деген еді. Бұл үйді саларда да сарапшылар, құрылыс әсер ететін тараптар назардан тыс қалғанға ұқсайды. Олар бірден заң бұзушылықты анықтар еді. Бұдан бөлек, заңдық нормалар сақталмаған. Негізгі дау мұражай мен тұрғындар арасында болып жатқанымен, бұл шуда негізгі тарап – үйді салған құрылыс компаниясы мен құрылысқа рұқсат берген әкімдік. Бірақ бұл жерде кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін іздеуден бұрын, кімнің заңға қайшы әрекет еткенін анықтау керек, – дейді ол.

Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейіндегі экспонат.
Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейіндегі экспонат.

Қастеев атындағы мұражай мен тұрғындар арасындағы дау қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста мәдениет және спорт министрлігі мәлімдеме жасап, ведомство құрылысқа рұқсат бермегенін айтты.

"Заңға сай, қалалар мен басқа да елдімекендерді жоспарлау, салу және реконструкциялау жобасы; тарихи және мәдени ескерткіштер орналасқан жерді пайдалану картасы уәкілетті органмен келісілуі керек. Бірақ министрлік мұражайдың аумағына тұрғын үй кешенін салуға келісім берген жоқ" деді ведомство.

Мұражайдың баспасөз қызметі қазір министрлікпен ақылдасып жатқанын, жаңа құрылғыларға қаржы бөліну я бөлінбеуі жайлы ресми ақпарат жоғын айтады. Музей өкілдері бұл мәселені шешуге уақыт керек дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG