Accessibility links

Мұратбек Кетебаевтың эмиграциядағы өмірі


Қуғындағы ооппозициялық саясаткер Мұратбек Кетебаев. Варшава, 3 маусым 2014 жыл.
Қуғындағы ооппозициялық саясаткер Мұратбек Кетебаев. Варшава, 3 маусым 2014 жыл.

2010 жылы Қазақстаннан кеткен оппозициялық саясаткер Мұратбек Кетебаев шетелде өзін қамап, экстрадицияламақ болған іс-әрекеттерден де аман қалды. Мұхтар Әблязовтың үзеңгілесі Польшаны паналады. Отанындағы жағдай мен ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген сындарлы көзқарасы өзгерген жоқ.

Бұрын Қазақстан үкіметіндегі сыбайлас жемқорлықпен көп күрескен Мұратбек Кетебаевтың өмірінде көп өзгеріс болмағандай. Бөтен елде поляк тілін үйреніп жүрсе де ол Қазақстандағы жемқорлықпен күресті әлі де тоқтатпаған.

– Бұл өзі қиын екен. Жануар сияқтымын – бәрін түсінемін, бірақ ләм-мим дей алмаймын, - дейді езуіне ащы күлкі үйірілген Кетебаев.

Билік элитасына жақын отбасында ержеткен Кетебаев ұзақ жылдар бойы Отанында сол билікті қатал сынайтындардың бірі еді. Тіпті қазір, елден кетіп, Варшавада қуғында өмір сүріп жатса да, бұрынғы журналист әрі оппозициялық саясаткер өзге белсенділермен хат алысып, Facebook парақшасында Қазақстанның саяси өміріне қатысты өткір сын айтып отырады.

73 жастағы автократ президент Нұрсұлтан Назарбаев кеткен соң мұнайға бай ірі елде билік тізгіні кімнің қолына тиеді деген мәселе – жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Президенттің жасы ұлғайған сайын оның денсаулығы, ізбасары туралы әңгімелер көп айтыла бастады.

– Оның орнына кім келетінін ешкім білмейді. Мұны Назарбаевтың өзі де білмейтін сияқты. Ол ажалдан да, орнына келетін мұрагерден де – барлығынан қорқады. Қазір әлдекімнің саяси карьерасына балта шапқың келсе, оны нұқып көрсетіп, «Назарбаевтың орнына келетін – осы» десең жетіп жатыр. Ол адамды Назарбаевтың өзі-ақ қудалай бастайды, - дейді Кетебаев.

Мұратбек Кетебаевтың әкесі Совет одағы кезінде Коммунистік партияда жоғары лауазымды қызмет атқарған. Ал өзі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қоластында экономика министрінің орынбасары болып істеген. Кейін ол лауазымды қызметтен бас тартып, оппозицияға кетіп қалды.

СЫНАУШЫЛАРДЫҢ ҮНІН ӨШІРУ

57 жастағы Мұратбек Кетебаевтың өзі де талай құқайды көрген. «Республика» газетінде үкіметтегі парақорлық пен сыбайластықтың егжей-тегжейін ашатын материалдар жариялап келген ол 2010 жылы елде тәуелсіз ақпарат құралдарын қудалау басталғанда Қазақстаннан қашып кеткен.

2011 жылы Польшада орныққан соң ол Еуропа парламентінде және басқа да халықаралық ұйымдарда Назарбаевтың репрессиялық режимі мен оның зардаптары, соның ішінде, 16 адамның өмірін қиған Жаңаөзен оқиғасы да туралы да жиі айтып жүрді.

Халықаралық қауымдастық алдында жағымсыз бейнесі қалыптасқанына ашуланған Назарбаев елдегі және сырттағы оппоненттерін қырына алды. Кетебаев елде «әлеуметтік араздықты қоздырды» және Жаңаөзендегі оқиғалар
2011 жылы 16 желтоқсан күні Жаңаөзендегі алаңда қаза тапқан жас жігіт.
2011 жылы 16 желтоқсан күні Жаңаөзендегі алаңда қаза тапқан жас жігіт.
туралы хабар тарататын ақпарат құралдарын қолдау арқылы «үкіметті күштеп құлатпақ болды» деп сырттай сотталған.

«Алға» партиясын Кетебаевпен бірлесе құрған Владимир Козлов дәл осы айыптармен сот үкімі бойынша жеті жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Қазір ол Алматы маңындағы түрмеде жазасын өтеп жатыр. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы, және басқа да адам құқықтарын қорғау ұйымдары бұл істің саяси астары бар деп сот үкімін сынға алды.

Кейін Қазақстан прокуратурасы Мұратбек Кетебаевқа «2012 жылы наурыз айында Алматыда террорлық шабуыл ұйымдастырмақ болған» деген жаңа айып тақты. Оның бұрынғы серіктесі, қуғындағы саясаткер әрі бизнесмен Мұхтар Әблязовқа да осындай айып тағылды. Миллиардер банкир Әблязовтың режимді құлатуды көздеп, «Республика» және сол сияқты тағы бірқатар оппозициялық басылымдарға қомақты қаржы бөлгені Назарбаевтың ашуын туғызған.

2013 жылы маусымда Кетебаев «Интерполдың» ордері бойынша Польшаның Люблин қаласында қамауға алынған. Польша үкіметі істің саяси астары бар деген тұжырымға келіп, оппозиционерді бостандыққа жіберді және оны
Оппозиция белсенділері саясаткер Мұратбек Кетебаевты Қазақстанға экстрадициялауға жол бермеуді талап етіп Польша консулдығы алдында пикет өткізіп тұр. Алматы, 7 тамыз 2013 жыл.
Оппозиция белсенділері саясаткер Мұратбек Кетебаевты Қазақстанға экстрадициялауға жол бермеуді талап етіп Польша консулдығы алдында пикет өткізіп тұр. Алматы, 7 тамыз 2013 жыл.
экстрадициялауға тыйым салды. Желтоқсан айында оған «саяси босқын» деген мәртебе берілді, қазір оны қудалау тоқтатылған.

Ал Кетебаевтың бұрынғы үзеңгілестерінің жолы ауырлау болды. «БТА банкті» басқарып тұрған кезде 6 миллиард долларды заңсыз иемденіп кетті деп айыпталған Мұхтар Әблязов қазір Францияда қамауда отыр, оны Ресейге не Украинаға экстрадициялау мәселесі қаралып жатыр. Әблязовтың қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Павлов та бір жылдан бері Мадрид түрмесінде отыр. Тағы бір үзеңгілесі Татьяна Параскевич осы жылдың басында босқын мәртебесі берілген соң Чехиядағы тергеу абақтысынан босатылды. Оған «бір жылға дейін ешқайда экстрадицияланбайсыз» деген кепілдік берілді.

Әблязовқа, оның серіктеріне құқықтық көмек көрсеткен Варшавада орналасқан «Ашық диалог» қоры және басқа да адам құқықтарын қорғау ұйымдары қамаудағы бұл кісілерді Қазақстанға жіберсе, оларға әлімжеттік жасалуы, тіпті өмірлеріне қауіп төнуі мүмкін деп ескертеді. Қазақстандағы қамау орындарында
Қазіргі жағдай Совет одағын еске түсіреді. Жұрттың бәрі асүйде отырып күңкілдейді, алайда ешкім алаңға шықпайды
зорлық-зомбылық фактілері жиі тіркеледі.

Кетебаев жылдар бойы жүргізілген қуғындау саясаты Қазақстандағы жас буынға қатты әсер еткенін айтады.

– Соңғы он жылдың көлемінде Мұхтар Әблязовқа, маған және демократиялық оппозицияның басқа өкілдеріне қарсы жүргізілген репрессияның күшті болғаны сондай, қазір халық бас көтеруге қорқады. Оңаша әңгіме кезінде [елдегі саясатқа] көңілі толмайтындарды көп кездестіресің. Қазіргі жағдай Совет одағын еске түсіреді. Жұрттың бәрі асүйде отырып күңкілдейді, алайда ешкім алаңға шықпайды, - дейді Кетебаев.

ЖАҒДАЙҒА БЕЙІМДЕЛУ

Соңғы жиырма жылдың ішінде Қазақстанда жоғары қызмет атқарған ондаған саяси тұлға шетелге кетіп қалды. Олардың арасында бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин, бизнесмен әрі оппозиция жетекшісі Ғалымжан Жақиянов және президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев бар. «Кісі өлтірді» деген айып тағылған Әлиев қазір Австрияда қамауда отыр. Өз айтуынша, Қазақстан басшылығы оған «режимге қарсы шыққаны үшін жазаламақ болып жалған айып таққан».

Назарбаевты сынайтындардың үні өшкені Қазақстанда саяси белсенділіктің артуына кедергі болуы ықтимал. Бірақ, ақыр соңында бұл әрекеттер Назарбаевтың өзіне оңдырмас соққы болып тиюі мүмкін дейді Кетебаев.

Энергия ресурстары саудасына тәуелді Қазақстан экономикасы соңғы кездері сыр бере бастады. Үкімет ұлттық валютаны девальвациялау туралы шешім
Ауыз суды тасымалдап жеткізген көліктен құйып алып жатқан Кеңқияқ ауылы тұрғындары. Ақтөбе облысы, 11 шілде 2011 жыл.
Ауыз суды тасымалдап жеткізген көліктен құйып алып жатқан Кеңқияқ ауылы тұрғындары. Ақтөбе облысы, 11 шілде 2011 жыл.
шығарды, ал халықаралық рейтинг агенттіктері мұнай өндірісінің азаюына байланысты жалпы ішкі өнім көлемі төмендейді деп болжап отыр.

– Назарбаевқа инвестиция қажет, ал ол болса Әблязов сияқты бизнесмендерімізді қуып жіберді. Ресей инвесторларына бизнес жасайтын өз елі бар. Сондықтан қазір ол Батысқа үміт артып отыр. Ал Батыс инвесторларын иландыру үшін Қазақстанда жағдайды жақсарту бағытында бірдеңе істеу керек, - дейді Кетебаев.

Олай болмайынша Кетебаев Польшадағы өмір дағдысына әрі қарай бейімделе бермек. Бірақ шалғайдағы туған еліндегі жағдайды да назарда ұстап отырады.

– Өз басым көп елді аралап, бірталай мемлекетте өмір сүріп көрдім, сондықтан қатардағы Қазақстан азаматына ұқсамаймын. Мен үшін ең ауыры – Алматыда әке-шешемнің зираты қалды. Мені одан басқа ештеңе бәлендей мазалай қоймайды, себебі тұрмыс жағдайы үшін Еуропа өмір сүруге өте қолайлы, - дейді ол.

Бірақ, бұл эмиграциядағы өмірге дән разымын дегенді білдірмейді деп ескертеді ол.

– Мен тек қалыптасқан жағдайға бейімделуге тырысамын. Қазақстанда қазіргі билік отырған кезде әлі он жылсыз елге қайтуым екіталай болар, - дейді Кетебаев.

Дейзи Синделардың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG