Accessibility links

42 500 теңге тағайындалмаған азаматтардың өтініші қайта қаралмақ


Билік уәде еткен әлеуметтік көмек алу үшін почтаға келген жұрт. Көрнекі сурет
Билік уәде еткен әлеуметтік көмек алу үшін почтаға келген жұрт. Көрнекі сурет

Қазақстанда коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға берілетін “42 500 теңге” төлемі тағайындалмаған азаматтардың өтінішін қайта қарау тәртібі бекітілді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Билік бастапқыда теріс жауап алғандар аудандық я қалалық штабқа төлемге лайық екенін растайтын құжаттар мен өтінішін өткізуі қажет екенін айтты. Өтінішті бұрынғыша не жұмыс беруші не үміткердің өзі тапсыра алады.

Төлемді тағайындауды не тағайындамауды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) шешеді. Өтініші қанағаттанбаған үміткер облыстық штабқа жүгіне алады.

Үкімет 16 наурызда елде төтенше жағдай жариялағанда табысынан айырылғандарға 42 500 теңге (қазіргі бағаммен 103 доллар) көлемінде жәрдемақы берілетінін айтты. Ресми деректерге сәйкес, жәрдемақыға 8 миллион 32 мың адам өтініш өткізсе, төлемақы соның 4,5 миллионына тағайындалған.

Биліктің айтуынша, жәрдемақыны беруге республикалық бюджеттен 193 млрд теңге бөлінген. Өтінішін 16 сәуірге дейін өткізгендер жәрдемақыны екінші айға да ала алады. Өтінішін аталған күнге дейін өткізгендер саны - 3 млн 735 мың адам.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG