Accessibility links

Талибанның ордасына айналған аймақ


Қалат қаласының орталығы. Мұнда соңғы жылдары талибандардың шабуылы жиілеген
Қалат қаласының орталығы. Мұнда соңғы жылдары талибандардың шабуылы жиілеген

Ауғанстанның Забул аймағын кедейлік пен консерватизм жайлаған. Сонымен бірге ол - Талибанның бекінісі.

Ауғанстанның оңтүстігіндегі Забул аймағының орталығы – Қалат қаласындағы ежелгі бекіністің мұнарасынан қарасаң, жартасты тауға дейін бұталы шөл дала созылып жатыр. Ал таудың ар жағы – Пәкістан.

Тұрғыны аз бұл бетпақ дала көп жылдан бері елеусіз аймақ болып келді. Бірақ үкіметтің және АҚШ бастаған халықаралық коалицияның қырағылық танытпауының кесірінен Забул Талибан жақтастарының басты ордасына айналды, қарулы жасақтар мұнда 17 жылдан бері қанды бүлік жасап келеді.

Үкіметтің бақылауы Қалаттағы мұнаралы бекіністен әрі аспайды, ал ауған армиясы паналап отырған бұл бекініс – осыдан 2 мың жылдай уақыт бұрын аймаққа Александр Македонский шабуыл жасаған кезден қалған жәдігер деген сөз бар. Талибан Забулдың басым бөлігін бақылауда ұстап не оларға көз алартып отыр, мұнда үкімет күштеріне үнемі шабуыл жасалып тұрады.

Талибан әскері Ауғанстан тұрғындарымен бірге тұр. Ауғанстан, маусым айы 2018 жыл
Талибан әскері Ауғанстан тұрғындарымен бірге тұр. Ауғанстан, маусым айы 2018 жыл

КЕДЕЙЛІК ПЕН ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

Үкімет “Талибандарды қолдайтындар аз, оларға қысым күшті” деп сендіргенімен, әйтеуір Забулдың ауылдық жерінде тәліптер "көмектен кенде емес".

- Өз басым Талибанды қолдамаймын, себебі олар – прогресс пен дамуға кедергі. Бірақ ауыл халқының басқа таңдауы жоқ. Мұнда кедейлік жайлаған, жұмыс жоқ, сондықтан жұрт Талибанға қосылады, - дейді 45 мыңдай халқы бар шаңдауыт Қалат тұрғыны Мансұр.

Қалаттағы азаматтық белсенді Фаиз Мұхаммад Ахмадзайдың айтуынша, үкімет әскери, экономикалық даму жұмыстарының бәрін көршілес жатқан ірі стратегиялық аймақтар – Кандагар, Урузган және Хелмандқа бағыттап, бұл аймақты мүлде ұмыт қалдырған.

- Бұл аймақтармен салыстырғанда бізде ілгерілеу өте аз болды. Үкімет Забулға аз көңіл бөлді, сондықтан жұрт Талибанға бет бұрды, - дейді белсенді.

"ТАЛИБАНҒА ЕРЕКШЕ ЫҚЫЛАС ТАНЫТҚАНДАР" БАР

Забул тұрғындарының сөзі Азия қорының жақында жасаған сауалнама нәтижелерімен сәйкес келеді. Зерттеуге сүйенсек, Забул халқының 59 пайызы “Талибанға ерекше ықылас танытқан”, бұл – елдің басқа аймақтарындағы көрсеткіштен кемінде екі есе көп.

Ауғанстанда өткізілген ең ірі сауалнамаға 15 мыңдай ересек тұрғын қатысқан. Зерттеу нәтижесі көрсеркеніндей, Забул тұрғындарының 66 пайызы елдің болашағына пессимизммен қарайды, бұл елдегі орташа көрсеткіштен 5 пайызға көп. Сұралғандардың 33 пайызының ғана демократияға көңілі толады, ал аймақ басшылығының жұмысына халықтың 33 пайызы ғана қанағаттанады, бұл – елдегі ең төмен көрсеткіш.

ТАЛИБАН ҮШІН МАҢЫЗЫ ЗОР АЙМАҚ

Ауғанстан бойынша сарапшы, International Crisis Group кеңесшісі Грэм Смит “әлемдегі ең ірі соғыс ошағында сауалнама жүргізу мүмкін емес” дейді.

Ал Кабулда орналасқан “Ауғанстан сарапшылар торабы” тәуелсіз зерттеу орталығының сарапшысы Әли Мұхаммад Сабаунның айтуынша, басқа аймақтармен салыстырғанда Забул халқының Талибанға көбірек қолдау білдіруінің бірнеше себебі бар.

Сабаунның айтуынша, Талибан үшін Забулдың тарихи маңызы зор. Бұл аймақ консервативті пуштун белдеуінің ортасында орналасқан, ал Талибан 1990 жылдары осы ортадан өсіп шығып, кейіннен бүкіл елді бақылауға алды, Талибанның негізін қалаған Молла Мұхаммед Омар Хотак тайпасынан шыққан, Забулды мекендейтін басты екі тайпаның бірі – солар.

- Талибанның басшылығында да, қатардағы жасақ сапында да забулдықтар өте көп. Есесіне, Кабулдағы үкіметте министр қызметінде не аймақтың губернаторы, қауіпсіздік қызметінің басшысы лауазымдарында Забулдан шыққандар өте аз, - дейді Сабаун.

Талибанның бекінісі ретінде Забул ауыр соғыстарды бастан өткерді, оның үстіне АҚШ пен ауған үкіметтерінің көп дау болған түнгі рейдтері де осында жүргізілді, сол соғыстардың және НАТО-ның әуе шабуылдарының кесірінен бейбіт тұрғындар көп қаза болды, бұл үкіметке және халықаралық күштерге деген ашу-ызаны өршітті дейді сарапшы.

Ауғанстанның үкімет күштері мазасыз оңтүстік өңірдегі ірі қалаларға шоғырланған, олар басты тасымал жолдарын қорғауға, заңсыз жасақтардың негізгі табыс көзі – есірткі саудасын тоқтатуға күш салып жатыр. Забулда үкіметтің қауіпсіздік күштері өте шектеулі. Аймақтың 300 мыңға тарта халқының басым бөлігі жүздеген ауылда шашырай қоныстанған.

“ҮГІТ-НАСИХАТ”

Забул аймағы мен Пәкістан арасын 60 километрлік шекара бөліп жатыр. АҚШ пен Ауғанстанның ресми тұлғалары бұл елді Талибанды қолдап, жасырып отыр деп айыптаған, ал Исламабад бұл айыпты жоққа шығарумен келеді.

Ауғанстан мен Пәкістан шекарасы
Ауғанстан мен Пәкістан шекарасы

Талибанның басшылары Пәкістанның Забулмен шектесетін аймағы – Белуджистанды паналаған деген болжам бар. 1980 жылдары Ауғанстанды СССР күштері жаулап алғанда Забул Пәкістаннан ағылған советтерге қарсы моджахедтердің басты қақпасы болған.

- Забулдың көп тұрғыны Пәкістанда босқын болып өмір сүрді немесе Белуджистан аймағына мигрант жұмысшы болып барды. Халықтың тәліптерді қолдауының тағы бір себебі – Белуджистанда бекінген Талибан жүргізген үгіт-насихат, - дейді Сабаун.

Тәліптердің қоластында отырған, үкімет ұмыт қалдырған Забул тұрғындарының ахуалы қиын.

- Талибан біздегі жолдар мен көпірлерді қиратып, бейбіт адамдарды өлтіріп жатыр. Ал үкімет бізді тастап кетті, сондықтан жұрт не Талибанға қосылған не оларды қолдайды, - дейді Қалат тұрғыны Бисмилла.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG