Accessibility links

Нұр-Сұлтан көшесіндегі сарбаздар. 7 қаңтар 2022 жыл.
Нұр-Сұлтан көшесіндегі сарбаздар. 7 қаңтар 2022 жыл.

Жаңа үкімет мүшелері ант берді. Назарбаева мәжіліс отырысына қатыспаған. 11 қаңтарда не болды?

18:42 12.1.2022

Тоқаевтың Назарбаев жайлы сөзі бір айдың ішінде қалай өзгерді?

Қазақстан президенті Тоқаев былтыр 15 желтоқсанда елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты "біртуар реформатор" деп мақтаған еді. Ал биыл 11 қаңтарда "тұңғыш президент - елбасының арқасында елде өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдар тобы пайда болды" деді.​

Тоқаевтың Назарбаев жайлы сөзі бір айдың ішінде қалай өзгерді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00

17:35 12.1.2022

Тоқаев: 13 қаңтардан бастап ҰҚШҰ күштері елден шығарыла бастайды

Бүгін, Алматыда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жедел штаб отырысы өтіп, жиында Алматы "террористерден толық тазартылғаны" айтылды.

– Ертең (13 қаңтар - Ред.) ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентін елден шығару жұмыстары басталады. Мен тиісті мемлекеттердің басшыларымен сөйлестім. Осы сәтті пайдаланып, осы бірнеше күнде жүргізген ауқымды жұмыстары үшін контингенттің басшылығына алғыс айтамын. ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің Қазақстанға, соның ішінде Алматыға келгені жалпы еліміздегі жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды, - деді Тоқаев. ​

Ақорда елдегі тәртіпсіздікті "мемлекеттік төңкеріске талпыныс" деп атап, қалаларды бүлдіргендерді "террористер", "содырлар" деп атады. Бірақ билік "мемлекеттік төңкерісті" кім жасамақ болғанын, "террористердің" кім екенін ашық айтпай отыр. Тоқаев ЕО өкілдерімен кездескенде "террористердің" ішінде Орталық Азия, Ауғанстан, Таяу Шығыстан келгендер бар деген еді.

15:44 12.1.2022

Дариға Назарбаеваның көмекшісі ол "Алматыда" дейді

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева 11 қаңтарда парламенттегі отырысқа қатыспағаны айтылды.

Мәжілістің баспасөз қызметі ҚазТАГ ақпарат агенттігіне Назарбаеваның сырқаттанып қалғанын айтқан. Мәжіліс ресейлік РИА Новости ақпарат агенттігіне де Назарбаеваның ауырып қалғанына байланысты отырысқа келмегенін мәлімдеген.

Orda.kz сайты Дариға Назарбаеваның көмекшісі Жанна Ермековамен сөйлескенін жариялады. Ермекова Назарбаеваның "Алматыдағы үйінде екенін, коронавируспен ауырып қалғанын" жеткізген.

Азаттық тілшілері Назарбаеваның 5 қаңтардағы отырысқа да келмегенін байқаған.

Дариға Назарбаева бір жыл бұрынғы парламент сайлауында биліктегі "Нұр Отан" партиясы атынан мәжіліске депутат болып сайланған. Ол кезде бұл партияны әкесі Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрған еді. Кейін Назарбаев партия төрағалығын қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған еді.

Тоқаев 11 қаңтарда мәжілісте Нұрсұлтан Назарбаев жайлы бір ауыз сөз ғана айтып, бұл сөзінің өзінде Назарбаевты түйреп өтті.

"Бірінші президент - "елбасы" тұсында өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдардың тобы пайда болды. Халыққа тиесілі халыққа беретін, жүйелі түрде көмектесетін уақыт келді. Үкімет компанияларды анықтап, олармен "Қазақстан халқына" қорына аударатын салымдарын анықтауы тиіс" деді ол.

Бұған қоса, Тоқаев "елдегі олигархтар тобы бәсекелестікті төмендетті" деп мәлімдеді.

Назарбаев ел басқарып тұрған тұста оның қыздары, маңындағы адамдар елдегі ең бай адамдарға айналды. Олардың есімдері офшор құжаттарында жиі айтылып жүр.

2016 жылы Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) панамалық Mossack Fonseca фирмасының құжаттарынан үзінділер жариялады. Онда Дариға Назарбаеваның да аты аталды. Құжатта "Dariga N. Nazarbayeva" есімі британдық Виргин аралдарындағы Asterry Holdings LTD оффшор компанияның тең қожайыны ретінде аталған. "Панама архивінде" Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиевтің офшор компаниясы жайлы да ақпарат болған.

Дариға Назарбаеваның Лондондағы қымбат үйлері де біраз дауға ілінген.

11:48 12.1.2022

Қаңтардағы дүрбелеңде 200-ден астам нысан бүлінген

Қаңтардағы оқиғалар кезінде Алматыдағы медиа орталық та бүлінді.
Қаңтардағы оқиғалар кезінде Алматыдағы медиа орталық та бүлінді.

Биылғы қаңтардағы оқиғалар кезінде Қазақстанның сегіз аймағында 53 әкімдік ғимараты бүлініп, орта және шағын кәсіпкерлерге тиесілі 151 нысан қираған. Олар Алматы қаласы, Шымкент, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы, Атырау облысы, Ақтөбе облысында орналасқан. Оқиғадан ең қатты зардап шеккен – Алматы қаласы. 12 қаңтарда жаңа үкіметтің алғашқы отрысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев осылай деп мәлімдеді.

Ресми дерек бойынша, Алматыда барлығы 166 нысан бүлінген я қираған. Министр мемлекеттік нысандар 20 ақпанға дейін жөнделеді деді. Өскенбаев сәрсенбіде аймақтарда темір жол қозғалысы, қоғамдық көлік қызметі қалпына келтірілгенін айтты.

Бұған дейін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы елде 1528 бизнес субъектісі зардап шеккенін, 1408-і Алматыда екенін хабарлаған. Жалпы шығын көлемі 95,3 млрд теңгеге жетті деген дерек келтірген.

Жаңа жыл енісімен басталған Қазақстанның жаңа тарихындағы ең ірі наразылықтың соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқан. Алматыда әкімдік ғимараты мен сауда орындары, банк бөлімшелері тоналып, қиратылды. Өзге қалалардағы әкімдіктер мен коммерциялық нысандардың қирағаны да хабарланған. Елде төтенше жағдай жарияланып, интернет өшірілді. Интернет бірнеше күнге созылған бұғаттаудан кейін тек 11 қаңтарда күні бойы берілді.

Оқиғадан кейін бір аптаға жуық уақыт өтсе де, билік оқиғадан қаза болғандардың нақты санын айтпай отыр.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG