Accessibility links

Нұр-Сұлтан көшесіндегі сарбаздар. 7 қаңтар 2022 жыл.
Нұр-Сұлтан көшесіндегі сарбаздар. 7 қаңтар 2022 жыл.

Жаңа үкімет мүшелері ант берді. Назарбаева мәжіліс отырысына қатыспаған. 11 қаңтарда не болды?

09:32 12.1.2022

Жаңа үкіметтің алғашқы отырысы

Бір күн бұрын құрамы бекітілген жаңа үкіметтің алғашқы отырысы. 12 қаңтар 2022 ж.
Бір күн бұрын құрамы бекітілген жаңа үкіметтің алғашқы отырысы. 12 қаңтар 2022 ж.

Сәрсенбі, 12 қаңтарда таңертең Қазақстан астанасында Әлихан Смайылов басқаратын жаңа үкіметтің алғашқы отырысына жиналды. Күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға кіріспес бұрын үкіметтің жаңадан тағайындалған мүшелері – ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, әділет министрі Қанат Мусин, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров және энергетика министрі Болат Ақшолақов ант берді.

"Бүкіл ел үшін қиын сәтте мемлекет басшысының бізге білдірген зор сенімін ақтауға тиіспіз. Жаңа үкімет халықтың өмірін жақсартуға, экономиканы дамытуға, пандемияға қарсы күресуге және террористер мен тонаушылар тигізген орасан зардапты жойып, елді көлемді дағдарыстан алып шығуға бағытталған президент жүктеген міндеттерді атқару үшін барлық күш-жігерін жұмсауы керек" деді Әлихан Смайылов.

Жаңа премьер-министрдің айтуынша, қазіргідей сындарлы кезеңде осыншама күрделі де көлемді міндетті бұған дейін ешбір үкімет атқарып көрмеген.

Осыдан бір күн бұрын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын бірауыздан қолдаған мәжіліс депутаттары Әлихан Смайыловты премьер-министр қызметіне бекіткен. Жаңа үкімет елде төтенше жағдай режимі кезінде тағайындалды.

Қазақстанда 10-қаңтарда не болғанын төмендегі live-блогтан оқыңыз:

09:55 12.1.2022

Алматыда мерт болған қырғыз азаматының анасы Қазақстанға кіруге рұқсат алды

"Сыпатай батыр" шекара бекетінде Қырғызстанға өте алмай тұрған Қазақстан азаматы. Жамбыл облысы, 8 қаңтар 2022 ж.
"Сыпатай батыр" шекара бекетінде Қырғызстанға өте алмай тұрған Қазақстан азаматы. Жамбыл облысы, 8 қаңтар 2022 ж.

Қаңтардағы оқиғалар кезінде Алматыда қаза болған қырғыз азаматы Әзиз Мұсаевтың анасы С.Иманқожаева Қазақстанға кіруге рұқсат алғанын Қырғызстан сыртқы істер министрлігі хабарлады. Иманқожаева Алматыға 12 қаңтарда келмекші.

Бұған дейін оның Қазақстанға кіруіне рұқсат алуына қырғыз дипломаттары көмектесіп жатқаны туралы хабар тараған еді.

Әзиз Мұсаев Алматыда фитнес-тренер болып жұмыс істеген. Туыстары өздеріне Қазақстан жағы марқұмның денесін бермей жатқанын я Қазақстанға кіруге рұқсат етпей отырғанын айтқан еді.

Қазақстанда қаңтардағы оқиғалар кезінде кемінде екі қырғыз азаматының опат болғаны белгілі. Қаза болған екінші қырғыз азаматының аты-жөні жарияланбады. Қырғызстанның Алматыдағы бас консулы Назарәлі Әріпов Қазақстан жағы қаза болған қырғыз азаматтарының денесін арнайы тексеру аяқталғаннан кейін беретінін айтқан.

7 қаңтарда Қазақстан ел азаматтарының Қырғызстан аумағына өтуіне және қырғыз шекарасынан шетел азаматтарының Қазақстанға келуіне шектеу қойған. Қазақстан билігі бұл шектеу шарасы туралы ресми түсініктеме берген жоқ.

 Қырғызстаннан келген музыкант қалайша "тәртіпсіздікке қатысқан күдіктіге" айналды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:46 0:00

10:29 12.1.2022

Қазақстанда Covid жұқтырғандар күрт көбейді

Covid-19 инфекциясын жұқтырған науқастар емделетін аурухана. Көрнекі сурет.
Covid-19 инфекциясын жұқтырған науқастар емделетін аурухана. Көрнекі сурет.

11 қаңтарда Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 4810 адам анықталған. Бір күн бұрын 2216 адамнан Covid вирусы табылған еді деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.

Ең көп көрсеткіш ел астанасында тіркелген – 3312 адам.

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният эпидемологиялық ахуалдың ушығуын омикрон штамының елге келуімен байланыстырады. Оның айтуынша, қаңтардың басында осы штамм Алматы мен ел астанасында алғаш рет тіркелген.

Қазір эпидемия ахуалына байланысты Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Атырау облысы "қызыл" аймақта, ал Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда мен Маңғыстау облыстары "сары" аймақта.

Қазақстанда пандемия басталған 2020 жылғы наурыздан бері 1 млн 4464 адамға коронавирус инфекциясы жұққан. Осы уақыт ішінде 966 мыңға жуық адам аурудан жазылып, 18 мыңнан астам адам қайтыс болған.

10:56 12.1.2022

Әлия Назарбаеваға қатысы бар делінген жеке компанияға бес жылда 692 млрд теңге түскен

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

12 қаңтарда жаңа үкіметтің алғашқы отырысында Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев елде утилизация алымын жинайтын "Оператор РОП" жекеменшік компаниясына кейінгі бес жылда жиынтығы қанша қаржы түскенін айтты.

– 2016 жылдан бүгінге дейін кәдеге жарату түрінде түскен төлем көлемі 691,9 млрд теңге. Бұл қаржы Қазақстан заңына сәйкес жұмсалды. Атап айтқанда, отандық автокөлік өндірушілерге – 338,9 млрд теңге мөлшерінде кәдеге жарату түріндегі бұрын төлеген қаражат қайтарылды. Экологиялық мәселелерді шешуге 102 млрд теңге және салықтарға 49,1 млрд теңге жұмсалды. Қазіргі кездегі қаражат қалдығы – екінші деңгейлі банктерде 220,6 млрд теңге, – деді министр.

Бір күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымын жинаумен жекеменшік компания емес, мемлекеттік орган айналуы тиіс деп мәлімдеп, аталған компанияны жабуды тапсырған. Қоғамда "Оператор РОП" компаниясының Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға қатысы бар деп айтылады.

Министр Брекешев үкімет утилизация алымын жинайтын оператор құрудың екі жолын қарастырып жатыр деп хабарлады: алымды жинаумен жеке мемлекеттік оператор айналысады яки ол үшін өнеркәсіптік даму қоры жанынан қор құрылады. Бұған қоса, утилизация төлемі коэффициенті қайта қаралып, отандық көліктерді сатып алушыларға утилизация алымы есебінен ваучер ұсыну мәселесі қарастырылады.

Ресми мәлімет бойына, "Оператор РОП" компаниясы 2015 жылғы 30 желтоқсанда Экология кодексінің 387-бабына сәйкес, үкімет қаулысымен құрылған.

Елде автокөлік иелері жылдар бойы утилизациялық алымға қарсылық білдіріп келген. 2021 жылы #НетУтильсбору қозғалысы басталды.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG