Accessibility links

Ақтөбеде саудагерлер орталық базарды ашуды талап етті


Ақтөбедегі орталық базар саудагерлері "күнкөрісіміз қиындап кетті" деп тұр. Ақтөбе қаласы, 25 мамыр 2020 жыл.

Бүгін, 25 мамырда Ақтөбедегі орталық базардың сатушылары жергілікті биліктен коронавирус пандемиясына байланысты жабылып қалған сауда орнын ашуды талап етті. Базар екі айға жуық жұмыс істемегендіктен, ондағы үш мыңға жуық сатушының күнкөрісі қиындаған.

- Вирус барын, инфекционистер жұмыс істеп жатқанын білеміз, мойынсұнамыз, бірақ халыққа қиын болды. Базар маңына шығып сатамыз, полиция қуады. Амалсыздан қашып жүріп жұмыс істеп жүрміз. Ұстап алса, айыппұл төлейміз, - дейді наразы сатушы Диляфруз Мамеджанова.

Жиналғандар табысынан айырылғанын, банктердегі несие төлейтін уақыт та келгенін айтады.

- Сауданы сыртта тұрып жасап жатырмыз. Іште саттық не, сыртта саттық не? Ішке кірген адам коронавирус жұқтырады да, сыртта жұқпай ма? Біздер енді осылай отыра берсек, коронавирустан емес аштан өлеміз. Сонда үкімет халықты қандай деңгейге дейін жеткізбекші? - дейді базар сатушысы Шолпан Есенова.

Жергілікті әкімдік өкілі карантин режиміне сай базарды ашуға рұқсат жоғын айтқанда сатушылар қарсылық ретінде “жолды жабамыз” деп шарт қойды. Осыдан кейін оқиға орнына полиция келіп, сатушылардың біразы тарап кетті.

Оқи отырыңыз: "Табыссыз қалдық". Пандемия кедейлерді көбейтті

Қалған сатушыларға Ақтөбе қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Аманжол Өтеғалиев келді.

- Облыстық бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша базарды мамырдың 18-і немесе 25-і күндері ашамыз ба деп едік. Өткен аптада науқас саны 15 пайызға, осы аптада 25 пайызға артып кетті. Республикамыздың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша науқас саны 7 пайыздан асса, мұндай адам көп шоғырланатын жерлерді ашуға рұқсат жоқ, - деді Өтеғалиев.

Өтеғалиевтің жауабына қанағаттанбаған сатушылар қала әкімі Асхат Шахаровпен кездесуді талап етті.

Ақтөбе қаласында коронавируске байланысты карантин 6 сәуірде жарияланды. Жергілікті эпидемиологтар 25 мамыр карантин талаптары жеңілдейді деп хабарлаған болатын. Алайда қаладағы эпидемиологиялық ахуал нашарлап кеткендіктен, халық көп шоғырланатын нысандардың ашылуы кейінге қалған.

Ресми дерекке сәйкес, COVID-19 вирусын республикада 8531 адам жұқтырса, оның 276-сы – Ақтөбе облысының тұрғыны. Осы күнге дейін облыста коронавирустан ешкім қаза таппаған. Вирустан қаза тапқандардың республика бойынша саны – 35.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG