Accessibility links

Туыстары "өртенген" өзбекстандықтар өтемақы талап етті


Ақтөбедегі 52 адам қаза тапқан "автобус өрті ісі" бойынша сот процесі. 10 қыркүйек 2018 жыл.

Ақтөбеде автобус өртінен қаза болған 52 өзбекстандықтың кейбірінің туыстары сотта материалдық және моральдық шығын өндіру туралы ауызша талап қойды. Әзірше шығын мөлшері айтылған жоқ. Ал қорғау тарабы өрттен аман қалған өзбекстандықтарды сотқа қатыстыртуды сұрайды.

Ақтөбеде “өртенген автобус ісі” бойынша сотта жәбірленушілер жағы сұралып жатыр. Қалада өзбек тілінен аудармашы таба алмай, кері қайтуға мәжбүр болған өртенген азаматтардың туыстары 10 қыркүйек күні сот отырысына Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының ғимаратынан онлайн байланысқа шықты.

- Автобус өрті кезінде мен 1968 жылғы інім Абдумалик Хасанчиев пен 1993 жылы туған ұлым Элмурод Жабборовтан айрылдым. Олар Ресейдің Қазан қаласына кетіп бара жатқан. Соттан айыпты адамдарды тауып, оларды қатаң жазалауын сұраймын, - деді жіберленушілердің бірі Өзбекстан азаматы Абдугафар Хасанчиев.

Ақтөбедегі 52 адам қаза тапқан "автобус өрті ісі" бойынша сот процесіне қатысушылар. 10 қыркүйек 2018 жыл.
Ақтөбедегі 52 адам қаза тапқан "автобус өрті ісі" бойынша сот процесіне қатысушылар. 10 қыркүйек 2018 жыл.

​Хасанчиевтің айтуынша, өзбек билігі оған інісі мен ұлының табытын ашқызбаған, ДНК сараптамасымен де таныстырмаған.

- Жәбірленуші Хасанчиев інісі мен ұлының қаза тапқанына сенбейді. Бірақ айыпты адамдарды қатаң жазалап, материалдық және моральдық шығын өндіруді сұрап отыр. Хасанчиевтің сөздері бір-біріне қарама-қайшы, – деді сот процесі кезінде айыпталушы Таңатовтың адвокаты Нұржамал Әжіғалиева.

2018 жылы қаңтар айында Ақтөбе облысында өртенген автобуста Өзбекстанның Ферғана облысы Тошлак елді мекенінен 16 адам болған. Бәрі де қаза тапқан. Сот процесіне негізінен осы өңірдің азаматтары қатысып жатыр.

Ал қалған Наманган, Сурхандария, Әндіжан, Ташкент облыстарынан әзірге сотқа ешкім келмеген.

Бұл қылмыстық іс бойынша бес адамға айып тағылған. Оның үшеуі – автобус жүргізушісі, екеуі – өртенген автобустың иесі және механик.

''ӨРТТЕН АМАН ҚАЛҒАН ӨЗБЕКСТАНДЫҚТАР СОТҚА ҚАТЫССЫН"

Айыпталушылардың адвокаттары процеске өрттен тірі қалған екі өзбекстандықтың да қатысуын талап ете бастады. Мемлекеттік айыптаушы Осман Орынбасарұлы адвокаттар талабына орай «куәлардың жауаптары бізде сақталған» деп уәж айтқан еді. Адвокаттар оған қанағаттанған жоқ.

Сотта автобус жүргізушісі Мақсат Пернебековтің құқығын қорғап отырған адвокат Хайрулла Әлимағамбетов тергеу материалдарына сүйене отырып, автобустағы өртенуіне аман қалған екі өзбекстандықтың бірі себепкер деп санайды.

- Сапар алдында автобусқа 650 литр дизель отыны құйылған. Ырғыздың территориясына жеткенде күшті аяздан көліктің майы қатып қалады. Салонда дәнекерлеуші лампа болған. Бірақ оған құятын бензин болмай, автобус жүргізушілері Ырғыздың территориясына жеткенде жолаушы әйелден 5 литр бензин сатып алады. Оның 1,5 литрін жүргізушілер дәнекерлеуші лампаға құйған. Қалғаны пластик ыдыста тұрған. Өрт аман қалған жолаушының (куәнің) дәнекерлеуші лампаны теуіп жіберуінен басталған, - дейді адвокат Әлимағамбетов.

Қарай отырыңыз: "Өртенген автобус ісі" бойынша соттағы наразылық

Автобус өрті кезінде ұлы мен немересінен айрылған Юлдузхон Ганиеваның сөзіне қарағанда, ол өрттен тірі қалған жерлестерімен кездескен. «Айтқан сөздерінің біріне де сене алмадым. Болған оқиғаны екеуі де ешқандай эмоциясыз баяндап берді» дейді ол.

Жәбірленуші тараптың құқығын сотта Түркістан облысының адвокаттары Ақжан Ақылова мен Жазира Садықбекова қорғап жатыр.

- Жәбірленушілер істің мән-жайын әлі толық түсіне қоймаған. Өйткені, оларда күні бүгінге дейін қорғаушы болған жоқ. Жәбірленушілердің жартысы материалдық және моральдық шығын талап етіп отырғаны рас. Ешқандай өтемақының қажеті жоқ деп отырғандар да бар. Олардың айтуынша, сотталушылардың туыстары қаза тапқан өзбек азаматтарының отбасына бармаған. Қазаларына көңіл айтпаған. Ұлттық дәстүрге салып, мұсылманшылыққа салып, адамгершілікке салып, тіпті туыстары кінәлі болмаған күннің өзінде алдарынан өтсе, жағдай басқаша болар ма еді? - дейді адвокаттардың бірі Жазира Садықбекова.

Бұл іс бойынша сот процесі қыркүйектің 3-і күні басталған. Бұған дейін сотта айыптау актісі оқылып, сот тәртібі анықталды. Ең бірінші болып жәбірленушілер сөйлейді. Олардан соң куәлар сұралады. Ең соңында айыпталушыларға сөз беріледі. Істі судья Серік Махамбетов қарап жатыр.

Судья Серік Махамбетов. Ақтөбе, 10 қыркүйек 2018 жыл
Судья Серік Махамбетов. Ақтөбе, 10 қыркүйек 2018 жыл

Бұл қылмыстық іс бойынша сот алдында бес адам жауап береді. Оның үшеуі – автобус жүргізушісі, екеуі – "Азия транзит сервис" фирмасының құрылтайшысы мен механигі. Автобус жүргізушілері – Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатов 2018 жылдың 26 қаңтарынан бері Ақтөбедегі тергеу изоляторында отыр. Оларға "өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзды және "жол ережесі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзды" деген айып тағылған. Ал "Азия транзит сервис" компаниясының жетекшісі мен механигі кепіл төлеп, ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған.

Тергеу дерегінше, фирма құрылтайшысы "заңды тұлға ретінде өз міндеттерін тиісті түрде атқармады, жарамсыз көлік құралын пайдалануға берді және құжатты қолдан жасады" деп айыпталған. Ал механикке "ақауы бар автобусты жолға шығарды" деген.

Өртенген автобус ісі бойынша күдікті деп танылған жүргізушілер (әйнек камера ішінде солдан оңға қарай) Барат Таңатов, Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков және адвокат Хайрулла Әлимағамбетов. Ақтөбе, 3 қыркүйек 2018 жыл
Өртенген автобус ісі бойынша күдікті деп танылған жүргізушілер (әйнек камера ішінде солдан оңға қарай) Барат Таңатов, Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков және адвокат Хайрулла Әлимағамбетов. Ақтөбе, 3 қыркүйек 2018 жыл

Биыл қаңтардың 18-і күні таңертең Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықта Шымкент-Самара жолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-сі қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.​

Қарай отырыңыз: Ақтөбе құрбандарына арнау

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG