Accessibility links

Белсенділерді ұстау жалғасты


Республика алаңы маңында тұрған полиция көліктері. Алматы. 16 желтоқсан 2018 жыл.
Республика алаңы маңында тұрған полиция көліктері. Алматы. 16 желтоқсан 2018 жыл.

Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыда екі күн қатарынан белсенділер ұсталды. Полиция оларды ішкі істер бөлімдеріне апарып, бірнеше сағат ұстап, еш айып тақпастан қайта босатып жіберген.

"Ар.Рух.Хақ" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина мен белсенді Ринат Рафхат Facebook парақшаларында желтоқсанның 17-сі күні құқық қорғаушы Ерлан Қалиев, "Дат" газетінің бас оқырманы Ермұрат Бәпи, белсенділер - Сүйіндік Алдабергенов, Құрал Медеуов, Геройхан Қыстаубаев пен тағы бірнеше белсендіні полиция ұстағанын хабарлады. Оларды ішкі істер бөлімдеріне жеткізіп, кейін бірнеше сағаттан соң босап шыққан.

Ұсталғандардың бірі Ермұрат Бәпидің айтуынша, бөлімшеде елде тыйым салынған "Қазақстан демократиялық қозғалысына" (ҚДТ) қатысты сұрақтар қойған.

- "Жаңа Қазақстан" форумының жоспары бойынша Тәуелсіздік алаңына барып, Желтоқсан мен Жаңаөзен датасына орай гүл қоймақшы болдық. Үйден шыққанда бірнеше полицей күтіп тұр екен. Бірі қолыма шақырту беріп, "осы қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде полиция бөлімшесіне шақырамыз" деп, істің нөмерін айтты. Бөлімшеге барғанда "ҚДТ туралы білесіз бе?", "ҚДТ-ны қолдайсыз ба?", "ҚДТ чаттарында барсыз ба?" деп сұрады. Барлық сұраққа "жоқ" деп жауап бердім. Екі сағаттан соң босатты. [Бұл ұстау] алаңға жібермеудің амалы деп ойлаймын. Ал қойылған сұрақтар - жай ғана себеп-салдар, - дейді ол.

Есік алдында немесе аулада полиция күзетіп тұрғанын көріп, ұсталып қалудан қауіптенген кейбір белсенді үйлерінен де шыға алмаған.

Алматының Бостандық аудандық полиция бөлімі Азатыққа бірнеше белсендінің ұсталғанын, оларды түстен кейін босатып жібергендерін растады. Азаттықтың "белсенділерді не үшін ұстадыңыздар?" деген сауалына кезекші бөлімінің қызметкері "олар митингіге шықпақ болды" деп жауап берді және "өзге сұрақтарыңызды қалалық полиция департаментіне жолдаңыз" деді. Қалалық ішкі істер департаментінен жауап алу мүмкін болмады.

Полиция желтоқсанның 16-сы күні де бірнеше белсендіні ұстаған. Ұсталғандар қатарында белсенділер Жасарал Қуанышәлин, Ғалым Ағелеуов, Геройхан Қыстаубаев, Маржан Аспандиярова бар. Сол күні 2011 жылғы Жаңаөзен мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбандары рухына құран бағыштамақ болған кейбір белсендіні Республика алаңына жібермей қойған. Тәуелсіздік күні Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында полиция күшейтілген тәртіпке көшіріліп, орталық алаңдарды бақылауға алған.

Полиция қызметкерлері ұсталғандардан "қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер, қазір шетелде тұрып жатқан Мұхтар Әблязов құрған, қызметіне экстремистік деп тыйым салынған "Қазақстан демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатыстарың бар ма?" деп сұраған. Ұсталғандардың айтуынша, полиция кейбірінің телефонын тексерген.

Видео: Тәуелсіздік күні белсенділер ұсталып, күзет күшейді

Тәуелсіздік күні белсенділер ұсталып, күзет күшейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:10 0:00

Әблязов соңғы рет әлеуметтік желідегі парақшасында желтоқсанның 16-сы күні жақтастарын алаңға шығуға шақырған.

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында шығатын "Уральская неделя" газетінің журналистері Рауль Упоров пен Мария Мельникованы да желтоқсанның 16-сы күні таңертең полиция ұстаған. Бұл туралы сөз бостандығын қорғаушы "Әділ сөз" қоғамдық ұйымы хабарлаған.

Ұйым "Уральская неделя" газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров пен басылымды шығарушы Тамара Есләмованың үйлерінің алдында да жексенбі күні таңертең полиция қызметкерлері "күзетіп тұрған".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG