Accessibility links

Құтқарушы ма, қылмыскер ме? "Ұрланған" ит үшін қамалған азаматқа анасы араша сұрайды


Қазақстан ішкі істер министрлігі "Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған" деп мәлімдеген ит осы. ІІМ сайтынан скриншот.
Қазақстан ішкі істер министрлігі "Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған" деп мәлімдеген ит осы. ІІМ сайтынан скриншот.

Алматы маңында тұратын азамат қаңтар оқиғасынан соң полиция талабымен түсініктеме беруге барған кезде бірден қамалған. Тергеу аяқталмай жатып, ішкі істер министрлігі оны "жаппай тәртіпсіздікке белсене қатысқан" деп атаған. Жігіттің анасы ұлының итке аяушылық білдіргені үшін істі болғанын айтады.

5 қаңтарда Алматыдағы жаппай наразылық тәртіпсіздік пен бұзақылыққа ұласқан кезде билігі жоқ қалада ойран басталды: жүздеген адам сауда орындарын тонауға кірісті. Біреулер қолына ілінген тұрмыс техникасын, екіншілері киім, аяқ киім мен косметика өнімдерін, үшіншілері азық-түлік тасып, әлек болды.

Алматы облысындағы Жамбыл ауылында тұратын Аңсаған Әлмұханов сол күні үйіне ит жетектеп оралған.

Екі аптадан соң тергеу изоляторына түскен. Енді Әлмұханов 12 жылға дейін бостандығынан айырылуы мүмкін.

"СЕН ДЕ ПОЛИЦЕЙСІҢ БЕ? БҰЛ – ПОЛИЦИЯНЫҢ ИТІ"

Анар Оразалинова қорғаныс министрлігіне қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусының түлегі, оқуын үздік бітіріп, кейін Қапшағайдағы десантшылар шабуыл ротасы сержанты болған 32 жастағы ұлы туралы мақтанышпен әңгімелейді. Әскерде қалу мүмкіндігіне қарамастан Аңсаған қызметінен кетуге бел буған. Екі баланың әкесі жеке компанияға жұмысқа тұрған.

– Пластик терезе, витраж қоюмен айналысатын. Сол күні жұмысқа кетіп еді, – дейді Анар Оразалинова.

Аңсаған жұмысына жетіп үлгермеген. Анар Оразалинованың айтуынша, Сайын мен Төле би көшелері қиылысында бір топ жас көлігін тоқтатып, "Шығып, митингіге қосылмасаң, көлігіңнің тас-талқанын шығарамыз" деген.

Содан көлігі тұрғын үйлер орналасқан ықшамауданда қалған Аңсаған топпен бірге орталыққа қарай барған. Шеруге қатысушылар әскерилердің киімін теріс қаратып кигенін көріп, масайрап, қуанған. Олардың айтуынша, бұл әскерилердің наразылар жағына шыққанын дәлелдейді. Шерушілер саяси ұрандар айтып, Республика алаңына бет түзеген.

Орталыққа жеткен кезде Аңсаған белгісіз адамдардың жол жиегінде итті ұрып жатқанын көрген.

"Ұлттық ұлан итін ұрлаған" деген күдікпен қамалған Аңсаған Әлмұхановтың анасы Анар Оразалинова. Алматы, 5 ақпан 2022 жыл.
"Ұлттық ұлан итін ұрлаған" деген күдікпен қамалған Аңсаған Әлмұхановтың анасы Анар Оразалинова. Алматы, 5 ақпан 2022 жыл.

– Иттің қарғыбауы болған, ұлым оның арнайы ит екенін бірден түсініп, араша түскен. Адамдар "Сен де полицейсің бе, не? Бұл – полицияның иті" деп өзіне тиісе бастаған. Ұлым "полицей емеспін, бірақ итке обал ғой" деп түсіндірген. Сол кезде басқа жігіттер келіп, ұлымды қорғаған. Осыдан кейін оны жібере салған, – дейді Анар Оразалинова.

Анасының айтуынша, Республика алаңына дейін жеткен Аңсаған ол жерде итті табыстайтын полиция не әскери қызметкерлерді көрмеген.

– Ол сағат 12-ден өте алаңға барғанда ондағы ойранды көріп, мұның бейбіт наразылық емесін түсінген. Іші бір жамандықты сезіп, итті алып, үйге қайтқан. Өйткені итті табыстайтын ешкім болмаған. Жолдан екі мың теңгеге такси тоқтатып, Төле би мен Сайын көшелері қиылысы тұсында қалған көлігіне жеткен. Үйге итпен бірге үш-төрт шамасында келді (әкімдік пен президент резиденциясына түскі үштен кейін шабуыл жасалған, тонау содан кейін басталған – ред.). Қорқып кеттік, "Балам, итті неге әкелдің? Мұны әскерилердің қаруы деп бағалауы мүмкін ғой" деп шыр-пырымыз шықты. "Анашым, уайымдама, әскери қызметте істеген адаммын ғой, иттің чипы болатынын, сол бойынша артынан іздеп келетінін білемін. Итті қорғап қалғанымды айтып, түсініктеме жазамын" деді. Одан кейінгі күндері де атыс болды, үйден шығуға қорықтық. Оның үстіне қаланың сыртында тұрамыз, қалаға бармадық. Ит бізге үйреніп қалды, біраз күн байлаусыз жүрді. Үйіміздің айналасы қоршалмаған, сонда да қашып кеткен жоқ, – дейді Анар Оразалинова.

ТҮСІНІКТЕМЕ, КІСЕН, ҚАМАУ

17 қаңтарда Қарасай ауданы Жамбыл ауылына итті іздеп Әуезов аудандық полиция басқармасынан үш қызметкер келген.

– Үйді тінткен жоқ, иттен басқа ештеңе алмады. Кейін Аңсағанға хабарласып, "бауырым, Әуезов ауданы полиция басқармасына келіп, ит жөнінде түсініктеме жазып кетші" деп шақырды. Ұлым соған кетті. Ол шаруа тез бітеді деп ойлап, жылы киімін де алған жоқ. Бірақ [Әуезов ауданы полиция басқармасына] кірген бойда қолына кісен салған, – дейді Анар Оразалинова.

18 қаңтарда ішкі істер министрлігі сайтында "Қылмыскерлер Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде полиция итін ұрлап кеткен" деген ақпарат жарияланған. Ол ақпаратта "Ұлттық ұланның әскери қызметкері Рустамбек Байқарашев 5 қаңтарда жаппай тәртіпсіздікті тоқтатуға тырысып жүргенде жараланып, адал досы – Найтс есімді полиция итін жоғалтып алған" деп жазылған. Сайтта Байқарашевтың "есімді жиғанда қылмыскерді сипаттап бердім. Ол бүгін ұсталды" деген сөзі берілген.

Қазақстан ішкі істер министрлігі "Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған" деп мәлімдеген ұлттық ұлан иті. ІІМ сайтынан скриншот.
Қазақстан ішкі істер министрлігі "Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған" деп мәлімдеген ұлттық ұлан иті. ІІМ сайтынан скриншот.

Ақпаратқа қоса ұзақтығы бір минуттан асатын видео жарияланған. Видеода Әуезов ауданы полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр тергеу аяқталмай тұрып, ұсталған азаматты "тәртіпсіздікке қатысқан" деп айыптайды. "Біз жаппай тәртіпсіздікке белсене қатысқан адамды ұстадық" дейді ол.

"Тінту кезінде Ұлттық ұланға қарасты № 5571 әскери бөлімінің иті табылды. Қылмыскер итті жаппай тәртіпсіздік кезінде әскери қызметкерден алып кеткен" дейді полиция басқармасының бастығы (Аңсағанның анасы тінту болмағанын айтады).

Polisia.kz сайтындағы дәл осы видеода қолына кісен салынған азамат та көрсетілген. Оның түрі жасырылған. Ол камераға "5 қаңтарда Шевченко көшесінен құқық қорғау органдарының итін алып кеттім. Сол үшін ұсталдым" дейді.

Видеоның аяғында иттің иесімен қауышқан сәті көрсетіледі: ол формадағы адамды көріп қуанып, қыңсылайды, иесі оны арқасынан сипайды.

"ҰЛЫМ, СЕНІ КІМ ҰРДЫ?"

20 қаңтарда сот Аңсаған Әлмұхановты екі айға тергеу изоляторына жапқан. Анасының айтуынша, полиция әуелі қылмыстық кодекстің 380-бабы бірінші бөлімі ("Билік өкіліне қатысты оның өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану") бойынша іс қозғаған. Кейін істі дәл осы баптың үшінші бөліміне (төтенше жағдай немесе жаппай тәртіпсіздік кезінде жасалған әрекет) ауыстырған. Бұл бөлім бойынша 12 жылға дейін бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

– Бірінші бөлім бойынша [изоляторға] жаба алмас еді, олар істі әдейі ауыр бөлімге ауыстырды. Бірақ олардың куәгерлері, видеосы жоқ, тек ефрейтордың сөзіне ғана сүйеніп отыр. Интернеттен ұлым ефрейторды ұрып-cоққан деп көрсетті. Полиция подполковнигі "кінәліні тауып, ұстадық" деді. Біріншіден, ол ешкімге күш көрсетпеген. Ұлымның айтуынша, бір күн бұрын ефрейтор Рустам Байқарашев "мені бұл адам ұрған жоқ" деген, бірақ оның сөзін ешкім жазып алмаған, екеуін бетпе-бет жүздестірмеген. Екіншіден, ұлым полицияға өз аяғымен барды. Террорист болса, полицияға бара ма? Итке келсек, ол үйретілген жануар. Кинологтар мұндай иттің иесіне күш көрсеткен адамға ермейтінін, оған бағынбайтынын айтады. Олар "қажет болса, сотта куәлік береміз" деп отыр, – дейді Анар Оразалинова.

Аңсаған Әлмұхановтың анасы қазір ұлының қоғамдық қорғаушысы болып жүр. Ол қамаудағы ұлын ұсталғаннан кейін екі аптадан соң көрген. Полиция басында карантин шектеуін, уақытша тергеу изоляторына кіру үшін рұқсат қағаз алу керегін сылтауратып, анасын ішке кіргізбеген.

– Рұқсат қағаз бермеді. "Тергеуші демалыста, жұмысқа шыққанын күтесіз" деді. "Мынадай уақытта қандай демалыс? Ол өзі қарайтын істерді басқа тергеушіге тапсырып кетпеген бе?" деп сұрадым. Қазір істі Алматы полиция департаментінің тергеушісі Қожабергенов жүргізіп жатыр. Ұзақ айтыс-тартыстан кейін 31 қаңтарда ұлыммен кездесуге рұқсат алдым. Бетінде көгерген іздер болды. Бірақ жарақаты қайта бастағандай көрінді. Шошып кетіп, "Ұлым, сені кім ұрды?" деп сұрадым. Ол "Ешкім ұрған жоқ, бәрі жақсы, уайымдама" деп жауап берді. Бірақ жанары жасқа толып отырды, кетерде ақсаңдап бара жатқанын байқадым. Полицияда ұрып-соққан. Уақытша тергеу изоляторының дәлізінде ұлы қамауда отырған әйелмен сөйлестім. Ол ұлының менің балам туралы айтқанын жеткізді. "Мықты жігіт екен, қанша ұрса да, қыңқ етпеді, айтқанынан танбады. Басқаларды ұрып-соғып, мойындатып жатыр" деп айтыпты, – дейді Анар Оразалинова.

Қаңтар оқиғасына байланысты күдікті ретінде қамауға алынған азаматтар Алматының шетіндегі ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ЛА-155/18 мекемесінде (тергеу изоляторы) отыр.
Қаңтар оқиғасына байланысты күдікті ретінде қамауға алынған азаматтар Алматының шетіндегі ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ЛА-155/18 мекемесінде (тергеу изоляторы) отыр.

Ол ұлынан полицияда қорлық көргенін айтып, арыз жазуды өтінген. Бірақ ол бас тартқан.

– "Анашым, керек емес. "Құқық қорғау қызметкерін ұрдың" деп мұндағылар маған онсыз да алакөзбен қарайды. Прокурорлар келсе, басқалармен жақсы сөйлеседі, денсаулығын сұрап, босатып жібереді (ұстау тәртібін өзгертеді – ред.). Маған келгенде ештеңе сұрамай, шығып кетеді. Сондықтан ешқандай сараптама керек емес, жағдайым одан әрі нашарлап кетуі мүмкін" деді, – дейді Анар Оразалинова.

Аңсаған Әлмұхановтың адвокаты Шынқуат Байжанов Азаттық тілшісіне телефон арқылы берген пікірінде қорғауындағы азаматқа "билік өкіліне күш қолдану" және "қызметші итті ұрлау" деген айып тағылып отырғанын айтты. Қызметші ит әскерилердің құралы, ұлттық ұланның мүлкі саналады.

– Аңсаған Әлмұхановты ақтап алуға тырысып жатырмыз, өйткені оның еш жазығы жоқ. Ол ешкімді ұрып-соқпаған, итті ұрламаған, – дейді адвокат.

"Әлмұхановты ұрып-соғып, азаптаған ба?" деген сұраққа адвокат "ол жақтағылардың бәрін ұрып-соққан, оның ішінде Әлмұханов та бар" деп жауап берді.

Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін ұсталған азаматтарды ұрып-соғу, қорлап, азаптау туралы шағымдар толастар емес. Желіге ұсталғандардың азаптауға ұшырағаны туралы бұлтартпас айғақтар жарияланғаннан кейін билік өкілдері қамауда отырғандарға қатыгездік жасалған болуы мүмкін деп мәлімдеді.

4 ақпанда бас прокуратура "заңсыз тергеу амалдары қолданылғаны" жөнінде 148 шағым түскенін, 105 іс бойынша тергеу амалы басталғанын хабарлады. Қазақстанда азаптау туралы істердің көбі сотқа жетпейді: оларды көбіне "қылмыс құрамы жоқ" деп, тергеу кезінде жауып тастайды.

Алматыдағы дүрбелең кезінде көшеде жүрген полицейлер. 5 қаңтар 2022 жыл.
Алматыдағы дүрбелең кезінде көшеде жүрген полицейлер. 5 қаңтар 2022 жыл.

Әлмұхановтың анасы адвокатпен бірге 5 қаңтарда Абылай хан мен Шевченко көшелері маңында Аңсағанның ешкімді ұрмағанын көрген, осыны сотта растай алатын куәгерлерді іздеп жатыр.

Азаттық тілшісі әлеуметтік желіден Байқарашевтың парақшасын тауып, 5 қаңтарда болған оқиғалар туралы пікір беруін сұрап, хат жазды. Бірақ одан еш жауап болған жоқ.

Қаңтар оқиғасына байланысты қамауға алынған азаматтарды тергеу изоляторында ұстау заңдылығын тексеру үшін құрылған "Аманат" қоғамдық комиссиясы басшысы, адвокат Абзал Құспан комиссия мүшелері Аңсаған Әлмұхановтың ісін қарап көретінін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG