Accessibility links

"Көз алдымда солып бара жатты". Нашақордың анасының әңгімесі


Көрнекі сурет.

2020 жылдан бастап Қазақстанда заң жүзінде есірткіге байланысты қылмыстар үшін жаза күшейді. Нашақорларды емдеп, оларға қалыпты өмірге оралуға көмектесетін мамандар есірткіге тәуелділікті "ұялуға болмайтын ауру" деп атайды. Азаттық тілшісі Қазақстанда есірткіге тәуелділіктен арылу неге қиын екенін зерттеп көрді.

"ШӨПТЕН БАСТАП, "СИНТЕТИКАҒА" КӨШТІ"

Алматы тұрғыны Гүлнәр (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді) – 50 жас шамасындағы аласа бойлы әйел. Ол жалғыз ұлы Әнуардың (аты өзгертілді) есірткіге қалай тәуелді болғанын және мұның соңы неге әкеліп соққанын айтып берді. Гүлнәр ұлының осыдан 10 жыл бұрын наша шеге бастағанын айтады.

- Ол кезде колледжде оқитын. Көзі қызарып жүргенін байқадым. Нафтизин тамызатын. Бірақ мойындаған жоқ. Қалтасынан, сарайдан [есірткі] тауып алып, барлық жерге құлып салып жүрдім, - дейді өткенін еске алған Гүлнәр.

Колледжді автоэлектрик мамандығы бойынша бітірген Әнуар автокөлікке техникалық қызмет көрсету станциясында шақырту бойынша баратын шебер болып жұмысқа тұрған. Бірақ көп ұзамай жұмыстан қуылған. Осыдан кейін Әнуар қала сыртындағы жаңа жұмысқа орналасқан. Анасының айтуынша, ол жұмыста жиі жалғыз қалып, қалағанынша наша шегетін әдет тапқан.

- Шарасыз күйге түстім: есірткі ұлымның кәсібі мен денсаулығына ғана емес, өміріне де кесірін тигізе бастады. Ұлымның жауапкершілігі артар деген үмітпен көлік сатып әпердім. Мұның қателік болды. Ол 18 күн ішінде адам қағып үлгерді. Абырой болғанда, қаққан адамы көршіміз боп шығып, ол ұлыма кешірім жасады. Бірақ ұлым жүргізуші куәлігінен бәрібір айырылды: ол (есірткіге елтіген күйі - ред.) көлік айдап, жол полициясының қолына түскен. Жүргізуші куәлігін алып қойғаны дұрыс болды. Біреуді қағып кетсе немесе жол апатына түссе қайтер едік? - дейді Гүлнәр.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Анасы жыл өткен сайын ұлының жағдайы нашарлай бергенін, Әнуардың синтетикалық есірткі тұтынуға көшіп, күні бойы ұйықтап, күн көзінен қорқатын, не киіп жүргеніне назар аудармайтын, есірткі пайдаланатынын жасырмайтын күйге жеткенін еске алды.

- "Ұлыңды үйлендіру керек, сонда басылады" дегендер болды. Не үшін? Біреудің қызын азапқа салу үшін бе? Мұндай күйде жүрген адамға қыз, тіпті отбасы да керек емес, - дейді Гүлнәр.

ЕСІРТКІНІ ТАСТАП, ҚАЙТА ОРАЛЫП ОТЫРДЫ

Гүлнәрдың айтуынша, Әнуар бірде есірткісін "тастаған", бірақ нашақор таныстары маза бермеген. "Ұлым оларға бұдан әрі есірткі пайдаланғысы келмейтінін, ауырып жүргенін айтты. Ал олар қыр соңынан қалмай қойды. Ешқашан үйде наша шегуге рұқсат берген емеспін. Бірақ олар бәрібір гараждар мен үйлердің ортасынан немесе біреудің пәтерінен сондай орын табатын" дейді Гүлнәр.

- Мұндай жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін. Өкінішке қарай, Алматыда [есірткі қолдану] жаппай сипат алған. Дәл осындай жағдайға душар болған туыстарым көп. Олар үшін біз күреспесек, кім күреседі? - дейді Гүлнәр.

Алматы тұрғыны полиция қызметкерлерінің шара қолданбайтынын айтады.

- Арыз жаздым. Учаскелік полиция қызметкері келіп, "тәртіп бұзса, хабарласыңыз" деді. Ал ұлыммен жай ғана сөйлесті. Соңғы рет шақырғанымда, мүлде келген жоқ. Полиция телефон арқылы ұлымды наркологиялық емханаға қан тапсыруға ертіп апара алатынын, бірақ түрмеге жаба алмайтынын айтты. Учаскелік полиция қызметкері "мұнымен күресу бос әуре" деді, - дейді Гүлнәр.

Қазір Әнуар есірткі тұтынуды тағы да қойған. Гүлнәр ұлы бұл жолы есірткіні біржола тастайтын шығар деп үміттенеді.

- Бұл өткен жылдың соңында болды. Кімнен көмек сұрарымды білмедім. Шіркеуге барып жүретін туысым келді. Үйге шіркеу қызметкерін әкеліп, рәсім жасады. Олар шайтанды аластап, "Ұлымызды саған бермейміз!" деді. Бәріміз дұға жасадық. Өзім – мұсылманмын, бірақ шарасыздықтан қай құдайға болсын, құлшылық етуге дайын күйге түстім. Өйткені ұлымның көз алдымда солып бара жатқанын көрдім. Соңғы күндері ол жер бауырлап жүрді: аулада ұйықтап қалып, суықта өліп қала жаздады. Шіркеу қызметкерлері келіп кеткеннен кейін, мүмкін соның әсері болған шығар, білмеймін, ұлым шынымен есірткіні қойды, - дейді Гүлнәр.

Гүлнәрдың айтуынша, жақында Әнуарды Еуропада тұратын бала күнгі досы қонаққа шақырған. Ол Әнуардың барлық қарызын жауып, жол шығынын да өз мойнына алуға дайын. Гүлнәр ұлы қазіргі ортасынан кетпесе, қайтадан есірткі пайдалана бастауы мүмкін деп қауіптенеді.

- Бізден алыс болса да, сол кезде ғана қалыпты өмірге оралады деп сенемін, - дейді Гүлнәр.

ПОЛИЦИЯ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫМЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСЕДІ?

Алматы қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкері "тұрғындардың көршісі мен туысының үстінен түсірген шағымынан кейін есірткі заттарының заңсыз айналымы фактісі расталса, қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілетінін" айтады.

- Бірақ дәлелдер табылмайынша, біз ештеңе істей алмаймыз. Кінәсі дәлелденуі керек. Мұны тұрғындар да түсінсе дейміз. Адамдар [камераға] түсіріп, бізге қандай да бір дәлел жіберген күннің өзінде, бұл рұқсат етілмеген әдіспен жиналған айғақ саналады. Сот санкциясы болуы керек. Адамдар 1402 нөміріне хабарласа алады. Ары қарай полиция қызметкерлері не істеу керегін өзі біледі, - дейді аты-жөнін атамауды өтініп, мұны есірткі қылмысымен айналысатын азаматтардан тұлғасын жасыру мақсатымен түсіндірген есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкері.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Полиция өкілі соңғы жылдары синтетикалық есірткінің таралымы артып келе жатқанын, алғашқы кезде полиция мұндай қылмыстарды ашуда қиындықтарға кездескенін айтады.

- Біз оларды ұстап, сараптамаға жібереміз. Бірақ сараптама [қолға түскен заттың] тыйым салынған заттар тізіміне кірмейтінін көрсетеді. Ондай кезде босатуға мәжбүр болатынбыз. Қазір заң өзгерді, синтетикалық есірткінің кей түрлерін тыйым салынған заттар тізіміне қосты, - дейді полиция өкілі.

Есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімі қызметкерінің айтуынша, есірткі сататын азаматтар мен тұтынушылар DarkNet-ті (интернетпен қатар жұмыс істейтін жасырын "қараңғы желі" - ред.) жиі пайдаланады. Олар Telegram-чаттарда да байқаулар ұйымдастырып, белсенділік танытады. Байқау жеңімпаздарына қалада "сыйлықтар" жасырылған нүктелерді көрсетеді. Арнаулы адамдар аталған нүктелерге тауарды тастап, суретке түсіріп, электронды төлем жүйесі арқылы есеп айырысқан "сатып алушыға" жібереді. Бүкіл процесс кезінде екі адам бетпе-бет кездеспейді.

Соған қарамастан, полиция мұндай саудагерлерді ұстауға мүмкіндік барын, жаңа жылдан бастап заңдағы "есірткі заттарының, олардың баламалары мен прекурсорларының айналымын бақылау" саласына өзгерістер еніп, есірткі жарнамасымен күресу жеңілдегенін айтады. Енді Қылмыстық кодекске "электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану" арқылы және "қоғамдық орындарда", яғни интернет пен көшеде таратқаны үшін жауапқа тартатын баптар қосылды. "Электронды ақпараттық ресурстарды пайдаланып" есірткі тұтынуға көндіргені үшін заңда үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қоғамдық орындарда есірткі сатқандар он жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалып, дүние-мүлкі тәркіленуі мүмкін.

Алматы полициясының дерегінше, 2019 жылы есірткі заттарының заңсыз айналымы бойынша 149 адамға жаза кесілген.

НАШАРҚОРЛЫҚ – ДЕРТ

Нашақорларға медициналық және психологиялық көмек көрсетумен айналысатын мамандар "нашақорлық – ауру" деген пікір білдіріп, мұндай жағдайға тәрбиесі, психотипі, қоршаған ортасы мен қаржылық жағдайына қарамастан, кез келген адам түсуі мүмкін екенін айтады.

- Есірткіге тәуелділікті күнәға, тәрбиесіздікке, өмірге немқұрайды көзқарасқа, өзгені құрметтемеуге теңейді. Бірақ бұл да аурудың бір түрі. Есірткіге тәуелділік алкоголизм сияқты ген арқылы берілуі мүмкін, - дейді "Еркін адамдар" емханасының бас директоры Антон Гордеев.

Емханада науқастармен нарколог дәрігерлер, психиатр, психологтар, ауысымдағы кезекші қызметкер жұмыс істейді.

"Еркін адамдар" емханасының бас директоры Антон Гордеев.
"Еркін адамдар" емханасының бас директоры Антон Гордеев.

- Әр науқас бойынша шешімді бірлесіп қабылдаймыз. Бірінші кезеңде дәрігерлер адамды ауыр жағдайдан шығарып, оны оңалту орталығына өзі баратындай қалыпты күйге түсіруге тырысады. Аурудың тәуелділігі туралы айтып, оңалту шарасын ұсынамыз. Оңалту шарасына келіссе, келісімшарт әзірлейміз. Бұл жерде нашақор, алкоголь мен құмар ойындарға әуес азаматтар – ересек, еркін адамдар екенін, оларды қамап ұстауға болмайтынын түсіну керек. Сондықтан оңалту орталығы әрдайым ашық, науқастар қалаған уақытында кете алады, - дейді Антон Гордеев.

Дәрігердің айтуынша, жыл сайын науқас саны көбейіп келеді. Бұл бірінші кезекте "адамдардың емхана туралы ақпараты артып, медициналық мекемеге бара бастағанын" көрсетеді. Гордеев 2018 жылы емханада ПАВ-F 19.24 есірткі заттарын аралас қолданудан 75 адам, ал 2019 жылы – 150 адам емделген деген дерек келтірді. Бұл санатқа "синтетика", наша мен трамадол қолданған адамдар жатады.

Антон Гордеев ем қабылдаған науқастардың шамамен 40 пайызы емделіп шығатынын айтады.

- Бұл – жазылмайтын ауру. Бірақ тым құрығанда, адам есірткіні бұрынғы мөлшерде қолданудан тыйылады. Ол бұрын байқамаған көп процесті түсіне бастайды. Кейбіреулері шыдай алмай, қайтадан есірткі тұтынады. Ал емделіп шыққаннан кейін есірткіні қайта қолданған адамдар емханаға келмейді. Анонимді нашақорлар тобына қосылып, өздерін жалғыз сезінбеу үшін бір-біріне қолдау көрсетеді, – дейді Гордеев.

КӨНДІРУДІҢ ОРНЫНА ҰСЫНЫС ЖАСАП, ШАРТ ҚОЮ КЕРЕК

"Еркін адамдар" емханасының жетекші психологы Айжан Мұрзатова "Адамды есірткі қабылдауға не итермелейді?" деген сұрақтың ортақ жауабы немесе бәріне ортақ факторы жоғын айтады.

Психолог Айжан Мұрзатова.
Психолог Айжан Мұрзатова.

- Адамның басына жақынын жоғалту, жұмыстан шығу, ажырасу сияқты қиын жағдайлар түсуі мүмкін. Сондай қиындықты жеңе алмаған адам "химияның" көмегіне жүгінеді. Оның ойынша, бұл қиындықтардан уақытша "қашуға" көмектеседі. Бірақ кейін физиологиялық процестер басталып, гормон деңгейі өзгереді, мидың когнитивті функциялары мен сыни ойлауға жауап беретін органикалық құрылымы өзгереді, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Бала күнінде негативті сезімдерді басынан өткеріп, өзін ойындар арқылы жұбатқан адамдар болашақта есірткіні осындай ойынға айналдыруы мүмкін, - дейді Айжан Мұрзатова.

Айжан Мұрзатова нашақорда есірткіге, ал отбасы мүшелерінде есірткіге әуес жақынына деген тәуелділік пайда болатынын айтады.

- Әдетте мұндай отбасыларда жоғары деңгейлі алаңдаушылық бар. Бұл бақылауға әкеледі. [Жақындары] басқа адамның өмірі өздерінің іс-әрекетіне байланысты деп ойлайды: онымен сөйлесіп, үй, көлік сатып әперсек, үйлендірсек, есірткіні тастайды деп үміттенеді. Бұл – қате пікір. Оларды бақылауды тоқтату керек. Отбасы бұл оның өмірі екенін, емделу не емделмеу адамның таңдауына тікелей байланысты екенін түсінуі керек. Осы кезеңде оған белгілі бір жауапкершілікті қайтару керек. Сондықтан оның қарыздарын қайтарып, мәселелерін шешпеген дұрыс. Ол есірткі қолданудың соңы неге әкеліп соғатынын өзі көруі керек. Әйтпесе есірткі қолдану бұрынғыдан да ыңғайлы болып, адам бейімделу қабілетін жоғалта бастайды, - дейді Айжан Мұрзатова.

Психолог есірткіге әуес адаммен бірге тұратын отбасыларды ұялмауға шақырады. "[Нашақорлық] - ұят қылық емес, адам күресе алмай жүрген дерт екенін түсіну керек" дейді ол.


  • 16x9 Image

    Бағдат АСЫЛБЕК

    Бағдат Асылбек - Азаттықтың Алматыдағы штаттан тыс тілшісі. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан облыстық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын жергілікті "Диапазон" газетінен бастаған. Қазақстандағы басылымдарда жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG