Accessibility links

"Круиздегі 700 адамның денсаулығына жауаптымын". Антарктидаға баратын кемеде жұмыс істейтін қазақ дәрігері


Дәрігер Айжан Күнтуова.
Дәрігер Айжан Күнтуова.

Дәрігер Айжан Күнтуова Атлант мұхитын кесіп өтіп, Антарктидаға баратын норвегиялық круиз кемесінде жұмыс істейді. Мұзды аймақта жылына төрт ай жүріп, әлемнің әр түкпірінен жиналған туристерге медициналық көмек көрсетеді. Азаттық Антарктиданы бағындырған дәрігермен сұхбаттасып, жұмысы, әлемдегі ең суық жерлердің біріне жасаған сапары жайлы сұрады.

АНТАРКТИКАДАҒЫ ЖҰМЫСТЫҢ ҚЫЗЫҒЫ МЕН ҚИЫНДЫҒЫ

Жердің суық полюсінде орналасқан, климаты ерекше Антарктидаға қазір ғалымдар ғана емес, туристер де еркін бара алады. Бұл құрлықта қараша айынан наурызға дейін туристік маусым. Осы уақытта Айжан жұмыс істейтін круиз кемесі 10 күн сайын әлемнің әр жерінен келген туристерді Антарктидаға апарады.

– Менің кемедегі күнім пациенттерді қабылдап, оларға көмек берумен басталады. Таңғы сағат 7-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істеймін. Жанымда екі мейіргермен бірге круиздегі 700-ге жуық адамның денсаулығына жауаптымыз, – дейді дәрігер.

40 жастағы Айжан – Антарктидаға саяхат жасайтын норвегиялық круиз кемесіне қызмет көрсететін америкалық медициналық компанияның дәрігері. Сөзінше, саяхатқа арналған круиз кемелері жыл бойы түрлі ел мен жерді аралап жүреді. Ал Антарктидада туристік маусым басталғанда кеме Антарктидаға жақын елдерге келеді. Айжан бұл маусымда Багам аралынан келген круизге Чилиден қосылған. Кейін олар Аргентинаға барып, сол жерден жолаушыларды алып, Антарктидаға саяхатты бастаған.

Айжан Күнтуова. Аргентина, Ушуая қаласы.
Айжан Күнтуова. Аргентина, Ушуая қаласы.

– Туристердің арасында бес құрлықта болып, алтыншысын да бағындырғысы келетіндер бар. Бұрын кемеде жұмыс істеген, ұшқыш, инженер, дәрігер болған шетелдік саяхатшылар көп. Туристер арасында жасы үлкендер басым, бірақ жастар да бар. Адамдар Антарктидаға табиғатты, пингвин, итбалық, киттерді көру үшін барады, – дейді Айжан.

Антарктидадағы пингвиндер. Айжан Күнтуованың архивіндегі сурет.
Антарктидадағы пингвиндер. Айжан Күнтуованың архивіндегі сурет.

Күнтуованың айтуынша, кеме Антарктидаға жеткен кезде құрлықтан біраз алыс жерге тоқтайды да, туристер материктің жағалауына үрлемелі қайықпен барады. Олардың Антарктидаға табаны тигенде, дәрігерлер де ізінен еріп жүреді.

Айжан Күнтуова әріптестерімен бірге.
Айжан Күнтуова әріптестерімен бірге.

– Антарктида – бізге үйреншікті жер емес, бір жері тайғақ, екіншісі қыр. Туристер құлап, бір жерін сындырып алуы мүмкін. Кейбіреуінің созылмалы ауруы асқынып кетеді. Антарктидаға барған басқа кемелердің қайықтары жағаға шыққанда аударылып кеткенін көрдік. Осындай жағдайларда жылдам көмек беру үшін саяхатшылардың жанында болуымыз керек, – дейді қазақ дәрігері.

Айжанның сөзінше, 700-ге жуық адам мінген үлкен кемеге бір дәрігер аздық қылады, бірақ компания жұмысты осылай бекіткен. Дәрігер жұмыс көп болғаны сонша, жақындарының хатына жауап беруге де уақыты болмайтынын айтады.

Айжан Күнтуова жұмыс істейтін норвегиялық круиз кемесі.
Айжан Күнтуова жұмыс істейтін норвегиялық круиз кемесі.

– Жолаушылар түн мезгілінде де хабарласып шақырады. Күндіз өздері қызық көріп жүреді, уақыты болмайды, кешке қарай дәрігерге қаралғысы келіп тұрады. “Кеше аяғымды қайырып алған едім, сол ісіп кетті, жүре алмай жатырмын” деп жатады. Жұмыс уақыты таңнан кешке дейін болғанымен, шұғыл жағдай болса, біз 24 сағат бойы міндетті түрде көмек беруіміз керек. Кейде жақсы ұйықтайсың, кейде ұйқың қанбайды. Антарктидаға баратын жолда Дрейк бұғазынан өтеміз, ол кезде мүлде ұйқы болмайды. Ол жердің толқындары биік, дауылы қатты. Сол уақытта адамдар көмекке көп шақырады. Ауру айтып келмейді, сап-сау жүргенде түрлі жағдай болады, оны ешкім болжап айта алмайды. Бірақ туристердің көбі Антарктидаға саяхат алдында медициналық тексерістен өтіп келеді, – дейді Айжан.

Жолаушылар бинокльмен айналаны қарап жатыр. Айжан Күнтуованың архивіндегі сурет.
Жолаушылар бинокльмен айналаны қарап жатыр. Айжан Күнтуованың архивіндегі сурет.

Оның сөзінше, саяхатшылардың денсаулығына байланысты кемені кері бұратын жағдайлар да болған. Швейцариядан келген туристің ішегі ауырып, ауруханаға жеткізуге тура келген. Саяхат ортасында кеме кері бұрылып, Аргентинаға екі күн жол жүрген. Айжанның айтуынша, турист Аргентинада ауруханада 10 күн реанимацияда жатып, кейін оны медициналық тасымалға арналған ұшақ арқылы еліне алып кеткен.

– Мұндай жағдайда қаншама қонақтың уақыты, ақшасы кетеді. Бірақ ол жақта адам өмірі маңызды. Кеме кері қайта ма, Антарктидада қала ма - оның бәрін дәрігер шешеді. Қате жіберуге қорқасың. Мұнда білікті мамандар керек. Біріншіден, шұғыл жағдайда тікұшақ шақыра алмайсың, тым алыс болған соң, ол жаққа ұшып жете алмайды. Екіншіден, Антарктидада IAATO (Антарктика туроператорларының халықаралық қауымдастығы) қабылдаған заңы бар. Заңға сай, Антарктика табиғат қорғау және жануарлар тыныштығын сақтау ұйымы қойған талапты бұзбау керек. Мұндай кезде дәрігерлер мойнына үлкен жүк артылады, – дейді Күнтуова.

Жолаушылардың біріне медициналық көмек көрсетіп жатқан Айжан Күнтуова.
Жолаушылардың біріне медициналық көмек көрсетіп жатқан Айжан Күнтуова.

Айжан кемеде жұмыс істеу ауруханаға қарағанда қиын екенін айтады. Қазақ дәрігері Антарктидадағы жұмыста дәрігер ретінде шұғыл жағдайда үрейге берілмей, қызмет етуді үйрендім деп жымиды.

– Дәрігердің жұмысы, өмірі қиын ғой. Ауруханада қандай жағдайда да, жаныңда басқа дәрігерлер болады. Ал кемеде ондай жоқ, жанымда мейіргерлер ғана бар. Бірақ барлық шешімді мен қабылдаймын. Басшы дәрігерлер онлайн байланысқа шығады. Оларға мен не көрсем, соны айтамын. Кейін олар айтқанымнан қорытынды шығарады. Бірақ пациентті бетпе-бет көргендей болмайды. Ал бір пациентті екі дәрігер бетпе-бет көрсе, екеуінің ойы түрліше болуы мүмкін, – дейді Айжан.

Айжан Күнтуова әріптестерімен бірге. Антарктида.
Айжан Күнтуова әріптестерімен бірге. Антарктида.

Дәрігер жұмыстағы түрлі қиындықты жеңе білгенін қуана айтып, "бұдан кейін мені ештеңе де қорқыта алмайтын шығар" деп күлді. Қалың мұз басып жатқан Антарктидадағы жұмысы ұнағанын да айтады.

– Жұмысымның арқасында елдерді, өмірімде көрмеген жануарларды да көрдім. Бұл сезімді айтып жеткізу қиын, ол – ерекше, таңғажайып нәрсе. Антарктидада төрт ай жүріп, пингвиндерге көзің үйреніп қалады. Ал китті көрген сайын менде өзгеше сезім болды, оны сөзбен жеткізе алмаймын. Оларды жолықтырғанда тамсанып, мәз боламын, – дейді ол.

"ҚАЗАҚСТАНДЫ ҰЯТҚА ҚАЛДЫРҒЫМ КЕЛМЕЙДІ"

Қазір Антарктидаға саяхаттағысы келетін адамдарға мүмкіндік көп деген Айжан бұл құрлыққа қалай саяхаттауға болатынын айтып берді.

– Антарктида мұхиттар ортасында орналасқан, жан-жағы тек су болғандықтан, жақын жерде ұшаққа арналған ұшу-қону жолақтары жоқ. Сол себепті туристер мұзды аймаққа тек экспедициялық круизбен барады. Қазақстандықтар Антарктидаға барғысы келсе, туристік компанияның көмегіне жүгінуіне болады. Саяхаттаудың екінші жолы — Аргентинаға барып, Ушуая портынан кемелерге билет алу, — дейді ол.

Антарктидадағы айсберг. Айжан Күнтуованың архивіндегі сурет.
Антарктидадағы айсберг. Айжан Күнтуованың архивіндегі сурет.

Дәрігер кемеде бос уақыты бола бермейтінін, қолы босай қалса, жақындарына хабарласып, тынығып алатынын айтты.

– Аргентинада туристерді шығарып салып, кезекті қонақтарды қарсы алатын күнді жақсы көреміз. 10 күн бойы теңізде жүріп, қалаға келіп, жерді көргенде мәз боласың. Ушуаяға (Аргентинаның оңтүстігіндегі порт-қала – ред.) келгенде 3-4 сағат уақытымыз болады. Өзі – кішкентай ғана қала, бірақ сонда кофе ішкенімізге қуанамыз. Ал кемеде бос уақыт көп болмайды. Жұмыс уақыты аяқталған соң, кемедегі каютаңда тыныш демалғың келеді, – дейді дәрігер.

Айжан Күнтуова.
Айжан Күнтуова.

Айжанның сөзінше, кемеде жұмыс істейтіндердің көбі – еуропалықтар. Круиздегі әріптестерінің көбі Қазақстаннан келген дәрігерге таңғалған.

– Кешкі ас кезінде әркім өзі елі туралы айтады. Елге сағыныштан болар, Қазақстан туралы айтқанда оны Еуропадан, Америкадан да, бәрінен де күшті етіп көрсете бастаймын, содан бәрі Қазақстанға барғысы келіп кетеді. Қонақтар мен жұмысшылар арасында "Қазақстанды естідім, көрдім" дегендері бір-екеу ғана шығар. Олар біздің елді көп білмейді, көрсетсем, таңғалып жатады. Басқалар Қазақстанды білмегеніне қынжылып қалам. Мұнда Қазақстанды маған қарап таниды ғой, сол үшін еліңді ұятқа қалдырмауға тырысасың, – дейді ол.

АЙЖАН КРУИЗДЕГІ ЖҰМЫСЫН ҚАЛАЙ ТАПТЫ?

Айжан Кунтуова – 2007 жылы Алматыдағы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде дәрігер мамандығының бакалаврын тәмамдаған. Кейін интернатурада, магистратурада, докторантурада білім алған. Дәрігер мамандығын меңгеруге 14 жыл жұмсадым дейді Айжан. Кейін оны круиз кемелерінде медициналық қызмет көрсететін америкалық компания жұмысқа шақырған.

– Дәрігерлік жолымда студенттерге де тәлім бердім. 2017 жылы докторантурада оқып жүргенде Қазақстандағы халықаралық клиникаға жұмысқа шақырды. Бұған ағылшын тілін меңгергенім көп көмектесті. Бірер жылда жедел жәрдем дәрігерінен бас дәрігерге ауыстым. Сол клиникада Швециядан келген әріптесім менің қабілетімді көріп, Антарктидаға баратын дәрігерлерге жұмыс ұсынатын компанияны айтты. Осылайша 2022 жылы америкалық компания мені дәрігер ретінде жұмысқа шақырды. Алматыдағы жұмысымды тастап, Антарктидаға барамын деп шештім, – дейді ол.

Айжан Күнтуова әріптестерімен бірге.
Айжан Күнтуова әріптестерімен бірге.

Айжан дәрігер болуды бала кезден армандаған. Ол Антарктидада жұмыс істеуіне жақындары еш қарсы болмағанын айтады.

– Отбасыңнан жырақта жүру оңай емес. Интернет дамыған заманда мессенджерлер арқылы хабарласып тұрамыз. Кейде байланыс болмайды, кейде жұмыстан босамай қалатын күндер болады. Қалаға келгенде ғана интернет болады, дереу хабарласу керек болса, спутниктік байланысты пайдаланамын.

Наурызда Антарктидада туристік маусым аяқталды. Қазір Айжан Қазақстанда жақындарының жанында. Әңгімесінен Айжанның мамандығына деген махаббаты, адамдарға көмектесуге деген құштарлығы байқалып тұрды.

– Медицинада жүргеніме әлі күнге дейін өкінбедім, мамандығымды қатты сүйемін. Әр пацентке көмек берген сайын, бүгін ғана дәрігерлік жолым басталғандай сезімде боламын. Мендегі мединцинаға деген адреналин әлі өшпеді, — деп жымиды ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG