Accessibility links

Ресей Арктикада әскери қуатын арттыруды көздейді


Арктикадағы ресейлік әскерилер. Көрнекі сурет.
Арктикадағы ресейлік әскерилер. Көрнекі сурет.

Ресей президенті Владимир Путин Арктика аумағында табиғи ресурстарға бәсеке қызған шақта жаңа порттар мен өзге де нысандар салып, атом мұзжарғыш кемелерінің санын ұлғайтатынын хабарлады. Путин әріптестері аймақта халықаралық құқық нормаларын сақтауға шақырды.

Сәуірдің 9-ы күні Санкт-Петербург қаласында басталған халықаралық Арктика форумында Ресей президенті Владимир Путин елдің Арктика аумағында әскери қуатын арттыруды көздеп отырғанын хабарлады.

Оның айтуынша, осының арқасында теңіз жолы арқылы тасымалданатын жүк көлемі төрт есеге көбейеді. Бұл форумға Ресейден бөлек, Финляндия, Исландия, Норвегия және Швеция басшылары қатысып жатыр.

“Бұл - шынайы, дұрыс есептелген нақты міндет. Біз солтүстік теңіз жолын қауіпсіз әрі коммерциялық тұрғыда қолайлы етуіміз қажет” деді Путин.

Ресей президенті Владимир Путин Арктика форумында сөйлеп тұр. 9 сәуір 2019 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Арктика форумында сөйлеп тұр. 9 сәуір 2019 жыл.

Арктика аумағында полярлы мұздың азаюы ондағы табиғи ресурсты барлау саласында жаңа мүмкіндік ашып, жаңа кеме жолдарының пайда болуына жағдай жасайды деп айтылады. Сарапшылар осыған байланысты Ресей, АҚШ, Канада, Дания және Норвегия арасында аймақ үшін талас қыза түспек деп болжайды.

Путин теңіз арқылы тасымалданатын тауар көлемін алдағы алты жылда 2018 жылғы 20 миллион тоннадан 80 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Бұл тауарлардың көбін Ресей тасымалдайды.

Арктикада атом мұзжарғыш кемесі бар жалғыз ел Ресей 2035 жылға қарай төрт атом кемесін тоғызға жеткізуді жоспарлап отыр. Ресейдің Арктикада сонымен бірге төрт қарапайым кемесі де бар.

Путин форумда Мурманскіден Камчатка түбегіне дейін созылатын теңіз жолының инфорақұрылымын кеңейту жоспарына инвестиция салу үшін шетелдік компанияларды шақырғанын айтты.

“Біз Артиканың күрделі жағдайында жұмыс істейтін компанияларға артықшылық беру жағын қарастырып жатырмыз” деді ол.

Ресейдің Арктика аумағында совет кезінен бері шоғырланған бірқатар әскери базасын жаңартып, кеңейту туралы әскери бағдарламасына өзге елдер алаңдап отыр.

Норвегияның премьер министрі Эрна Солберг аймақта бейбіт жағдайды сақтау үшін халықаралық құқықты құрметтеуге шақырды.

“Халықаралық құқыққа құрмет және аймақтық әріптестік - бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің кілті” деді ол.

Ресейдің Арктикадағы әскери базаларының бірін күзетіп тұрған сарбаз. Сәуір айы, 2019 жыл.
Ресейдің Арктикадағы әскери базаларының бірін күзетіп тұрған сарбаз. Сәуір айы, 2019 жыл.

2017 жылы сол кездегі АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттис Арктикада Ресей әскерінің көбейгенін атап өтіп, "Америка Арктикадағы ойында алға озып шығуы тиіс" деген.

“Арктика - негізгі стратегиялық аймақ. Ресей онда ықпалын арттыру үшін агрессивті қадамдарға барып жатыр. Арктика бойынша кешенді стратегиияларды дамытуға көбірек көңіл бөлетін боламыз” деген еді 2018 жылы қызметінен кеткен министр.

Арктика форумында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров әскери әлеуетті арттыру туралы шешімді қолдап, "біз ешкімге қауіп төндірмейміз" деп айтқан.

"Біз шекара маңындағы саяси және әскери жағдайды ескере отырып, қажетті дәрежеде қорғану мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз" деді Лавров.

Арктика форумы 10 сәуірде аяқталады.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы мақаласы аударылып басылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG