Accessibility links

Жаңа буынның қазақы Гамлеті


Ақберен Елгезек, ақын. Facebook парақшасынан алынған сурет
Ақберен Елгезек, ақын. Facebook парақшасынан алынған сурет

Сан-салалы сұрақтардың бәрін ол бір сұраққа бағындырған: мен кіммін, мен шынымен менмін бе, әлде жүрген құр сұлбамын ба, әлде өзге біреудің елесімін бе?

Ақберен Елгезектің поэзиясы жөнінде баспасөз бетінде біраз пікірлер шыққан екен. Одан байқайтынымыз - Елгезектің шығармалашылығы қандай да болса бір тұжырымға сия қоймайтын, тарам-тарам бағыты бар күрделі дүние. Бірақ бұл сан-салалы сұрақтардың бәрін ол бір сұраққа бағындырған: мен кіммін, мен шынымен менмін бе, әлде жүрген құр сұлбамын ба, әлде өзге біреудің елесімін бе? Мына айнадан қарап тұрған бейне тым алдамшы емес пе? Әлде бір негізі бар ма? Негізі болса ол қай негіз? Ең қызығы, ол бір белгілі субъект болуға да қанағаттанбайды, ол субъектіліктен бұрынғы Жер мен Көкке тең болған космологиялық санаға бойлағысы келеді және ол аздай қазіргі түрлі интерфейс арқылы түрлі жүйеге қосыла беретін постсубъектілік сананың құбыжыққа толы елестерін салмақтап көргісі келеді. Көне қытайлықтар айтпап па еді: «Құдай өзгерістер дәуірінде туып өсуден сақтасын» деп. Ендеше Ақберен Елгезек нақ осы өзгерістер дәуірінің түлегі мен ойшылы, құрбаны мен өз-өзіне эксперимент қойған зерттеушісі. Оның көптеген өлеңдері бақсылық зікір эстетикасында жазылған. Соның біреуін зерделеп көрейік:

Күн мен Түннің арасында ес жатқанда ауысып,

Тарғыл-­тарғыл кіл күмәндар кезіп жүрер бау ішін.

Дүниедегі бар дыбыстар бір арнада қауышып,

Түйсігімнен күдірейер дүр қобыздың дауысы.

Аруақтармен би билеген елестесе бір бақсы,

Көкейімнің қылын қозғар ішімдегі шырақшы.

Көксеңгірдің көкірегін қарс айырса зарлы үн,

Сен білерсің, түсінерсің бұл Жалғанның тарлығын.

Расында да, Кеңес Одағы құлдырауынан кейін туындаған Қайта құру кезеңі тоталитарлық түннің бағыты әлі толық белгісіз бір таңға ауысқан өліара шақ емес пе еді? Ақынымыз айтқан ойын одан сайын нақтылап, «ес жатқанда ауысып» дейді. Шынымен де еліміз егемендік алған тоқсаныншы жылдардан бері біз есімізді, көкейімізді, болмысымызды ауыстыру процессін кешіп атқан жоқпыз ба? Социалистік саяси құрылымнан капитализмге көштік, нарықтық қатынастарға сүңгіп, әйтеуір, одан да тірі шықтық. Алдында "таза ұлттық мемлекет құрамыз" деп ұрандап ек, содан "ең дұрысы - көпвекторлы саясат" деп, "дамыған елу, сосын отыз мемлекетке қосыламыз" деп дабырладық. Енді түк болмағандай бұрынғы отарлаушы қожайынымыз Ресейге қарап, ауызымызды қу шөппен сүртіп отырмыз.

Алдында "таза ұлттық мемлекет құрамыз" деп ұрандап ек, содан "ең дұрысы - көпвекторлы саясат" деп, "дамыған елу, сосын отыз мемлекетке қосыламыз" деп дабырладық. Енді түк болмағандай бұрынғы отарлаушы қожайынымыз Ресейге қарап, ауызымызды қу шөппен сүртіп отырмыз.

Ал енді билігіміз біресе анда шауып, біресе мында тығылып жатқанда бұл дүниеге қазақтың жаңа буыны келіп үлгірді, оларға өмір сүру керек, бұл дүниеде өз орнын табуы керек, олар мына ес ауыстыру заманының тым созылмай, бір кесімге келіп, нақты таңдаған жолымен жүруін қалайды. Ақберен Елгезек оның көтерген тақырыптары мен эстетикасына қарасақ, осы буынға бағыт сілтеуші, жаңа құндылықтар ұсынушы. Солардың ішіндегі ең бастысы - Ақберен қарадүрсін ойдан, келте шешімнен, үйреншікті дағдылы әрекеттен сақтандырады. Бұл жағынан ол кәдімгі Шекспир сомдап кеткен Гамлетке ұқсайды. Расында да, мен Ақберен Елгезекті қазақтың Гамлеті дер едім. Ал эстетика жағынан Елгезек Оскар Уайльдтан және француз сюрреалистерінен көп үйренген. Онда мистикалық сарын да жоқ емес, бірақ одан гөрі аналитикасы, зерделілігі басым. Бұл жағынан онда Мақсат Мәліктің прозасымен де үндестігі бар. Есіңізде болса, Уайльд «Дориан Грэйдің портретінде» алғаш рет бейнені суретке салынған адамнан бөліп, екеуін бөлек қарастырады. Сол сияқты Елгезек те, кейіпкерін саралауда неше түрлі күйге түседі.

Өткендердің босаған аңғалағы,

Түнегімен үңіліп жанды алады.

Шым-шытырық айнаның әлемінде,

Өз-өзімді таба алмай сандаламын.

Меніңше, мұнда жас ақын қазіргі дүниеге аға буынның көзімен қарауға қарсылық білдіріп отыр. "Оларда көз емес, тек көздің орны қалған" дейді және "ол әлдеқашан түнекке айналған" дейді. Ал көз болса, көру үшін жаралған мүше емес пе? Одан тек түнек көрінетін болса, оның кімге керегі бар? Біздегі ең қиын нәрсе - жас буынымыздың ағалар, ақсақалдар тарапынан легитимация алуы. Егер олардың дуалы ауыздарынан сені мойындаған, мақтаған бір сөз шықпаса, онда айнаға қанша қарасаң да, өз-өзіңді таба алмайсың. Егер әлгінде ғана айтылған Гамлет ситуациясына оралатын болсақ, ол шешесі жіберген күнәсі арқылы әкесінен айырылып, енді өгей әкесін мойындамаса, ханзада болудан қалу қаупіндегі халде тұр. Сол үшін оған туған анасының өзі өгей боп кеткен, бүкіл дүние өгейленіп, ол енді жападан жалғыз қалғанын сезініп, не істерін білмей тұр, барлық әрекеттің бәрі баянсыз көрініп тұр. Сонда ол әлгі жағдайдың шешімін барлық шындықты паш еткен театралдық қойылым қоюдан таппай ма? Сол сияқты Елгезек те әлде де болса өткенге белшесінен батып отырған қоғамға деген өгейсу, іштей қарсы тұру сезімін бүкіл поэзиясына арқау еткен.

Алайда қазір аға буынның қатары да сейіліп барады, енді келесі ұрпақ қандай құндылықтар аясында біріге алады? Біз тек өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптейміз бе, әлде бүкіл адамзаттық өркениетпен бірге боламыз ба? Шынын айтқанда қазір бізде нағыз зиялы қауым сахнадан көрінбей кетті, қазір іс жүзінде дамып келе жатқан типаждар - саясаткер, бизнесмен, спортшы һәм журналистер. Қазір корпоративтік сана бәрінен басым. Ауылдың жағдайы тіпті мүшкіл боп кетті. Сонымен қатар діншілдер саны да күрт көтеріліп кетті. Бұрынғы зайырлы болған, жоғары білім алу жағынан Кеңес Одағында екінші орында болған Қазақстан қазір қайда бара жатқанын өзі білмейтін жағдайға жеткен сияқты. Мұндай кезеңде Ақберен Елгезек сияқты тек қазіргілікті, қазіргі заманның мұқтажын күйттейтін ақынның шығуы өсер ұлттың үміті мен бақыты деп санаймын.

XS
SM
MD
LG