Accessibility links

Бодандық немесе аннексия тарихы. Азаттықтың эфирі неге "Елім-ай" мақамымен басталған?


Азаттық радиосының Ресейдің Қазақстандағы аннексиясының 250 жылдығына орай әзірлеген хабарының ағылшынша аудармасы. Мюнхен. 9 шілде, 1982 жыл. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхандағы Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.
Азаттық радиосының Ресейдің Қазақстандағы аннексиясының 250 жылдығына орай әзірлеген хабарының ағылшынша аудармасы. Мюнхен. 9 шілде, 1982 жыл. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхандағы Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.

Биыл Азаттық радиосы Қазақ қызметінің құрылғанына 70 жыл толды. Осыған байланысты "Азаттық – 70" айдарымен подкаст пен мақалалар сериясын жариялап келеміз. Бұл – 10-материал.

Совет елдері жыл сайын Октябрь төңкерісінің бәлен жылдығын атап өткенде, Азаттық тарихи тақырыптарды талдап отыратын. Радио 1981-83 жылдар аралығында Қазақстанның Ресей бодандығына өтуі туралы тізбекті хабарларды жиі берген. Бұл кезде советтік Қазақстанда "қазақтардың Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығы" ауқымды түрде тойланып жатқан.

Совет Одағында "қазақтар Ресейге өз еркімен қосылған" деп оқытып келді. Азаттық сол жылдары-ақ мұның жалған екенін айтып, үздіксіз хабарлар сериясын әзірледі. Бұл хабарлар ағылшын тіліне де аударылған. Онда бодандық тарихы "Қазақстандағы Ресей аннексиясы" деп сипатталады.

Подкасты тыңдаңыз:

ТАРИХИ ШЫНДЫҚТЫҢ БҰРМАЛАНУЫ

Совет Одағында таратуға тыйым салынған Азаттықтың эфирінде "отарлау", "Ресейдің қол астына түсу", "батырлардың қарсылығы" сияқты тіркестер жиі айтылатын. "Ресей патшалығының отаршылдығы", "қазақ батырларының есепсіз күресі" әр хабарына арқау болатын.

Коммунистік пропаганданың өзі біртекті болмаған, ол да идеологияның өзгеруіне қарай, құбылып, кей кездері өз-өзіне қайшы келіп отырған. Қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісі бір кездері "прогресшіл" болып дәріптелсе, кейін керісінше сипатқа ие болды. Азаттық бұған да назар аударған.

Азаттық радиосы 1982 жылы қараша айында әзірленген тізбекті хабарының бірінде былай дейді:

"Қазақстанның Ресей қол астына түсуі прогрессивті бір бағыт еді деліну 1948 жылдан басталды. 1950 жылы өткізілген бір жиналыста қабылданған қаулыға сай бұл совет үкіметі мен коммунистік партияның ресми бағыты етіліп белгіленді. Сөйтіп, тарихи шындықтардың бәрі соған сәйкестіріліп, бұрмаланатын болды".

Сол тұста совет оқулықтары "артта қалған қазақты бауырына басқан ұлы орыс халқын" дәріптеп жатты. Балабақшадан бастап, университеттерге дейін солай оқытылды. Әр сыныптың төрінде Лениннің портреті тұратын.

Ал Азаттық совет адамының құлағына жат көрінетін шындықты тыңдарманға жеткізуге тырысты. Біріншіден, қазақтар Ресейге өз еркімен қосылмаған. Екіншіден, қазақтың Ресейдің қол астына өткеніне 250 жыл болған жоқ. Үшіншіден, тарихты идеология құралына айналдырған компартия фактілерді әбден бұрмалаған.

"МЕМЛЕКЕТТІК ШОВИНИСТЕР ОЙЛАП ТАПҚАН ӨТІРІК"

Азаттық радиосының хабарына қарағанда, Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті 1981 жылғы желтоқсандағы жиналысында 10 тармақтан тұратын қаулы қабылдап, 1982 жылы Қазақ ССР-інің "Ресей қол астына түсуінің 250 жылдығы салтанатты түрде атап өтілсін" деген шешім шығарады. Елде соған орай ауқымды шаралар өткізіледі.

Азаттық радиосы өз хабарларында "250 жылдықтың" тарихи фактілермен дәлелденбегені туралы айтады. Ондағы бір аргумент – орысшадан басқа дереккөздерде 18-ғасырдың басында бодандыққа өту туралы мәлімет жоқ.

"1969 жылы жарияланған бір еңбекте Қонысбаевтың да атап көрсеткеніндей, дәл қазіргі таңда Қазақстанның осыдан 250 жыл бұрын Қазақстанның Ресейге "өз еркімен қосылғандығын" байқатарлық түрік, араб, парсы және қытай тілінде немесе Батыс Еуропа елдері тілдерінде ешқандай документ жоқ. Шығыстық елдер тілінде тарихи материалдар жоқ болғаны үшін тек орыс тіліндегі материалдардан анықтауға мәжбүр болып отырмыз" делінеді Азаттықтың тізбекті хабарларының бірінде.

"Қазақ отарланды" немесе аннексияланды дегенді Азаттық қай дерекке сүйеніп айтты? Ең алдымен Совет Одағының өзінде 1950 жылдарға дейін жарық көрген әдебиеттерге сілтеді. Азаттық радиосы әзірлеген тізбекті хабардың бірінде мына мәселе айтылады:

"1937 жылы басылған "Большая советская энциклопедияның" ХХХ томының 591-бетінде "Қазақтардың Ресейге өз еркімен қосылғандығы жайында әңгіме қозғау – шовинистер ойлап тапқан барып тұрған өтірік" деуі де жеткілікті сияқты. Бұны 1935 жылы Қазақстанда басылған "Қазақ тарихы" деген еңбегінде қазақ ғалымы профессор Санжар Әсфендиярұлы да қостаған-ды. Ол "тарихи шындықтар мемлекеттік шовинистер ойлап тапқан, қазақтар Ресейге өз еркімен қосылды дейтіннің мүлдем өтірік екенін дәлелдеп отыр".

Ал "250 жылдыққа" себеп болған 1730 жылы қазақтың Әбілхайыр ханы жазды дейтін хатқа хан қол қоймағанын да Азаттық радиосы назардан тыс қалдырмаған. Тізбекті хабардың бірінде осы туралы да айтылады. Хабар жазбасынан үзінді:

"Кіші жүз Жайық өзені маңында башқұрттармен көршілес өмір сүретін-ді. Ал башқұрттар болса орыс әкімшілігі астында еді. Қазақтар мен башқұрттар мал өрісі мен жайылым туралы келіспеушілікке душарласты. Осыған байланысты 1730 жылдың қыркүйек айының 8-і күні Кіші жүз ханы Әбілхайыр хан Ресей патшасы Анна Иоановнаға бір хат жазып, өзінің башқұрттармен келісе алмай отырғандығын білдірді. "Башқұрттардың бастығы Алдарбай сізге бір елші жібертілуін талап етті. Менің қол астымдағы Кіші жүз халқын сүйеушілікке алыңыз. Біз башқұрттармен бейбіт, қатар өмір сүрейік" деді. Кейін тарихи документ ретінде жарияланған бұл хатта Әбілхайыр ханның қолтаңбасы жоқ екені байқалды. Хатқа тек елшілер ғана қол қойған..."

ҚАЗАҚ ҒАЛЫМЫ БАРМАҒАН ҚҰРЫЛТАЙ

Азаттық жүгінген дереккөз – шетелдік ғалымдардың еңбектері, соның ішінде Түркістан тарихы, оның отарлануы жайлы еңбектер. Бұл ретте тілшілер Совет Одағының өз ішінде болып жатқан ғылыми конференцияларды да бақылап, оларда тарихи фактіден гөрі идеологиялық екпін басым екеніне мән береді.

Ал 1982 жылғы қыркүйекте Стамбулда өткен түркологтердің халықаралық төртінші құрылтайында Түркістан өлкесінде туып, Түркияда ғылыми зерттеумен айналысқан әйгілі тарихшы Баймырза Хайыт осы мәселелерді ерекше атап көрсеткен.

Қазақтың отарлану тарихын зерттеген Баймырза Хайыт Өзбекстанның Наманган уәләятынан шығып, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде совет армиясы құрамында болып, неміс тұтқынына түскен оның тағдыры өте қызық. Кейін ол Германияда білім алып, Алашорда үкіметі туралы докторлық диссертация жазады. Гарвардта, Түркияның белді университеттерінде сабақ берген Баймырза Хайыт Түркістанның отарлану тарихы туралы түрік, неміс, ағылшын тілдерінде маңызды еңбектер жазады.

Баймырза Хайыт 1868 жылғы қазақтар "жаңа низам" атап кеткен реформадан кейін ғана вассалдық бекіп, қазақ жері патшалық Ресей қарамағына өткенін айтады. Яғни ол осы деректерді келтіре отырып, қазақ жерінің Ресей қарамағына өтуі советтік ғалымдар айтқан 1731 жыл емес, 1868 жыл деген қорытындыға келеді. Осы ретпен келгенде 1981 жылы, қазақ жерінің Ресейге қосылуына 250 жыл толғаны қате екені айтылады.

Ал түркологтердің Стамбулдағы төртінші құрылтайына 400 шамасында ғалым қатысқан. Оның 200-дейі – шетелден барғандар. Соның ішінде Қазақстаннан түркологтер шақыртылған. Азаттық радиосының хабарына қарағанда, сол жиынға Совет Одағынан әзербайжан, өзбек және татар ғалымдары бар – он шақты адам қатысқан. Ал Қазақстаннан шақыртылған Алтай Аманжолов "жиынға бара алмағаны" хабарланған. Себебі де айтылмайды.

"ЕЛІМ-АЙ" – АЗАТТЫҚТЫҢ МУЗЫКАЛЫҚ ШАПКАСЫ

Азаттық радиосының бұл туралы хабарларының жазбаша нұсқасы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың сирек қолжазба қорындағы Хасен Оралтайдың жеке архивінде сақталған. Осы қорда жұмыс істеген, шетелдегі қазақ тіліндегі радиоларды зерттеуші Рахима Нұриден 1982 жылы доктор Баймырза Хайыттың баяндамасы туралы Азаттық кем дегенде үш бөлімнен тұратын хабар әзірлегенін анықтаған.

– Ол 1868 жылғы реформаны айта отырып, қазақ жерінің Ресейге өткеніне 250 жыл толғанын теріске шығарады. Баймырза Хайыт 1868 жылғы ғана қазақ жері Ресейдің меншігі ретінде жарияланғанына мән берген, – дейді ол.

Зерттеуші Рахима Нұриден советтік Қазақстанда Ресейге өз еркімен қосылу шарасы тойланып жатқан кезде Азаттық радиосының тәуелсіз деректер арқылы мәселені басқа қырынан түсіндіруге тырысқанын атап көрсетеді. Айтуынша, Азаттық радиосының эфирінде берілген деректердің құндылығы қазір де өте жоғары.

Ол Ресейге бодандықтың төркіні тура 300 жыл бұрын, 1723 жылы басталған "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" трагедиясына да тоқталған. Рахима Нұриден сол алапат апат кезінде айтылды дейтін "Елім-ай" әніне ерекше мән берген. Өйткені Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейінгі Азаттықтың әр эфирі осы әннің мақамымен басталатын.

– Азаттық радиосы осы арқылы бізді әрдайым тарихқа бастап тұрады. Қазақтарды Қаратаудан асырып босқынға ұшыратқан жоңғар шапқыншылығы – сөз жоқ, үлкен трагедия! Сондайда Азаттық радиосы өткенді ұмытпау керек деген мағынамен әр эфирін "Елім-ай" әнінің мақамымен ашатын. Түсінген адамға әр қазақ "елім-айлап" осы күнге жетті ғой. Азаттық радиосында ұзақ жыл қызмет атқарған Хасен Оралтайдың да кітабы "Елім-айлап" өткен өмір" деп аталуы тегін емес, – дейді Рахима Нұриден Азаттыққа.

Азаттық радиосының 1981-83 жылдары советтік Қазақстанда аталып өткен Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығы деген саяси науқанды әшкерелеуі қазақ диаспорасы арасында да ерекше назар аудартқан жай болған. Қазақстанға тәуелсіздіктен кейін көшіп келген журналист Абай Мауқараұлы былай дейді:

– Біз ол кезде Моңғолияда тұратынбыз. Ол жаққа Қазақстаннан газет-журнал барып тұратын. Оған сенсек, Ресейге өз еркімен қосылған Қазақстан бақытты ғұмыр кешіп, коммунизмге жақындап қалғандай әсер беретін. Моңғолия да сөйтпей ме екен деп қоятынбыз. Бірақ оның бәрі жалған екенін кейіннен тәуір транзистор келіп, Азаттық радиосын жақсы сапада тыңдай бастағанда барып білдік. Азаттық хабарларынан Қазақстаннан келетін мәліметтердің идеологияға бейімделгенін түсіндік, – дейді ол.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG