Accessibility links

"Алтыналмастың" Бестөбеден кетуі және ауылдың бұлыңғыр болашағы. Артында саясат бар ма?


Ақмола облысындағы Бестөбе ауылы.
Ақмола облысындағы Бестөбе ауылы.

Ақмола облысындағы Бестөбе ауылының тағдыры қыл үстінде тұр. Алтын өндіретін компания ауылдан кеткелі жатыр. Тұрғындар компанияның кенді ашық әдіспен өндіру жоспарына қарсы болған. Кәсіпорынға "шахталарды қалдырып, халықты жеп отырған нанынан айырмаңдар" деген талабын орындата алмаған тұрғындар қиын жағдайда қалды. Бұл мәселе биліктің де "бас ауруына" айналған.

"Болашағымыз белгісіз. Халық ашуланып отыр". Желтоқсанда үкімет шенеуніктерімен өткен онлайн кездесуде Бестөбе тұрғындары Астанаға жанайқайын жеткізуге тырысты.

Алты мың халқы бар ауылда ондаған жыл бойы алтын өндіріліп келген. Тұрғындар шахтада істеп, отбасын асыраған. Бір жарым жыл бұрын жағдай өзгерді.

"БАСҚА АМАЛ ҚАЛДЫРМАДЫ"

2021 жылы шілдеде "Алтыналмас" компаниясында өндіріс тоқтап, мыңнан астам адам жұмыссыз қалды. Шахтаны су басқан. Компания суды қайда жіберерін білмей отырғанын, өндірістің шахталық әдісі тиімсіз екенін айтып, ауыл мен жұмыс орындарын сақтап қалу үшін алтынды ашық әдіспен өндіруді ұсынған. Бестөбе халқы бұған қарсы болды. Олар шахтаны қалпына келтіруді талап етіп, облыс билігі мен Астанаға хат жазған, интернетте президенттің атына үндеу жариялаған. Ауыл тұрғындары карьер ашылса, Бестөбедегі экологиялық ахуал нашарлап, тұрғындардың бір бөлігі басқа жаққа көшуге мәжбүр болады деп алаңдайды.

2022 жылдың соңында "Алтыналмас" компаниясы ресми ақпарат жариялады. Компания Бестөбеде жұмыс істемейтінін, кен орнына "жан бітіру" жоспары жүзеге аспағанын, тұрғындар қол еңбегін қажет ететін ескі технологияға оралуды сұрап, кәсіпорынды қолдамағанын айтты.

"Алтыналмас" компаниясының басқарма төрағасы Дияр Қанашевтың қолы қойылған хатта "Жергілікті халық, оның ішінде Бестөбе кен орнының жұмысшылары, петиция мен президенттің атына жазылған хатта, ауыл тұрғындары мен билік өкілдерінің жиындарында компанияға басқа амал қалдырмай, өз талабынан танбады" делінген.

Компания Бестөбедегі қызметінің соңғы кезеңіне дайындалып жатқанын, мемлекеттік органдарға жер қойнауын басқа инвесторға рәсімдеуге көмектесетінін жеткізді.

Артынша компания қаңтардың ортасынан бастап жұмыссыз отырған кеншілерге орташа жалақының 50 пайызы және қауіпті еңбек жағдайында істейтін жұмысшыларға берілетін салалық коэффициент төленетінін мәлімдеді. 1 ақпаннан бастап ең төменгі жалақы мөлшері мен салалық коэффициент қана төленеді. Жұмысшылардың есебінше, бұрын 350 мың табыс тапқан адамдар енді 100 мыңнан сәл ғана асатын ақша алады.

Алтын өндіретін шахтаның жұмысшысы. Сурет Бестөбедегі шахта жұмыс істеп тұрғанда түсірілген.
Алтын өндіретін шахтаның жұмысшысы. Сурет Бестөбедегі шахта жұмыс істеп тұрғанда түсірілген.

Компания Бестөбе халқына өзіне тиесілі басқа кен орындарынан жұмыс ұсынған.

Не істерімізді білмей отырмыз. Не "бүлдіріп" жатқанын білмейміз. Бізге "вахтаға барыңдар" деді. Бірақ қызметтен кеткіміз келмейді, жұмыссыз қалудан қорқамыз. Жұмысшылардың бәрі "шахтаны іске қоссын, сол тиімді" деп отыр. Су басқан шахталарды қалпына келтіруге болады. Әлі де үлгереміз, көлік кіргізсек, бір аптада суын сорып алады. Шахталарды су басып жатыр, 610-горизонтқа дейін бірнеше метр ғана қалды. Су горизонттан асып кетсе, шахтаны қалпына келтіру қиын болады. Шахтаны құрғатудың қажеті жоқ, суды шығарса болды, – дейді Бестөбедегі алтын өндіруші кәсіпорынның жұмысшысы. Ол аты-жөнін атамауды өтінді.

Олар жұмысшыларды әртүрлі ауылдар мен қалаларға таратып жібергісі келеді. Кей жігіттер жұмысқа кетті, бірақ көбінің көңілі толмайды. Ауылдан кеткіміз келмейді, отбасымыз, үйіміз бен шаруамыз осында ғой. Бестөбеліктерді басқа жаққа жіберіп қайтеді? Бәрі тарап кеткен соң, карьер ашып ала ма? Халық қанша уақыттан бері жұмыссыз отыр, шахталарды су басып жатыр, кен орнын құтқаруға тырысқан тірі жан жоқ. Қазақстан билігі дұрыс жұмыс істемейді. Осындай компанияларға шара қолданып, әсер ету тетіктерін таба алмай отыр. Ауылды, екі жылдан бері су басып жатқан табысты шахталарды құрдымға жіберіп қарап отыра ма? – дейді тағы бір кенші.

ЖЕРГІЛІКТІҢ БИЛІКТІҢ ПІКІРІ

Жаңа жыл қарсаңында Ақмола облысының әкімі "Алтыналмастың" Бестөбеден кететіні туралы мәлімдемесінен кейін шенеуніктер, өндіруші компания және қоғам өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізген.

– Халық "карьер ашылмасын" деген талап қойды. Жұмысшылармен, компаниямен карьерді рәсімдеу, яғни кенді ашық әдіспен өндіруге көшу жұмыстарын тоқтату туралы келісімге келдік, – деді Ермек Маржықпаев.

Облыс әкімі бірінші кезекте, алты жарым мың халқы бар ауылдың тіршілігін қамтамасыз ету керегін айтты. Биліктің дерегінше, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап өндіріс тоқтаған. Бұған қалдық көметін шахталарды (хвостохранилище) су басуы себеп болған. Қазір 1350 жұмысшы істейтін үш шахта жабық тұр. Кен орнында 100 шақты адам ғана жұмыс істеп жатыр, қалғандары үйде отыр.

Бестөбе ауылының көшесі.
Бестөбе ауылының көшесі.

Желтоқсанның соңында ауыл әкімі тұрғындармен кездесу өткізген. Әкім бестөбеліктерге "Қиындыққа дайын болыңыздар" деген. Әкім кездесуге Бестөбе кен орнының бұрынғы басшысы Сәкен Үсеновті де шақырған. Ол ауылдың тағдырын шешу ұзаққа созылуы мүмкін деп ескерткен.

– Инвестор іздеу.... Кім келісетіні белгісіз. Мұның бәріне уақыт керек. Лицензияны тапсыру мәселесі шешілгенше, "Алтыналмас" жалақы төлейді деген бұйрық шықты. Олар лицензияны біз таңдаған инвесторға рәсімдеуге көмектеседі. Бұл – бірінші нұсқа. Инвестор табылмаса, компания лицензияны мемлекетке тапсырады, индустрия министрлігі кен орнын балансқа қойып, тендер жариялайды. Тендерге кем дегенде екі компания қатысуы керек. Бұған қанша уақыт кететіні белгісіз, – деді Сәкен Үсенов.

Үсенов заң бойынша кен өндіруші компания қызметін толық аяқтап кетуге тиіс дегенді айтты.

– Олар фабриканы жауып, қалдық көметін орынды рекультивациядан өткізіп, топырақтың өсімдік қабатын қалпына келтіруі керек. Міндетін орындамайынша, Бестөбеден кете алмайды.

Кезінде Бестөбедегі кен байыту фабрикасы ауыл тұрғындарының наразылығын туғызған. Жергілікті халық тұрғын үйлерге жақын орналасқан өндіріс орны ауаны ластап жатыр деп шағынған. 2021 жылы бестөбеліктер фабрика жұмысын тоқтатуға қол жеткізді, бірақ кейін кәсіпорын қайта іске қосылды. Ауылдағы бірнеше белсенді тергеуге алынып, былтыр маусымда екі азамат "әлеуметтік араздық туғызу" бабымен сотталған. Қылмыстық іс қозғауға кен өндіруші компанияның арызы себеп болған. Кейінірек сот айыптау бағытын өзгертіп, былтыр маусымда оларды "көрінеу жалған ақпарат таратты" деп тапты. Бұл баптың жазасы жеңілдеу.

Бестөбеліктер осы фабриканың жұмысына қарсы шыққан.
Бестөбеліктер осы фабриканың жұмысына қарсы шыққан.

Кейінірек ауыл тұрғындары мен кеншілер шахтадағы құрал-жабдықтарды жер бетіне шығарып жатқанын көріп, қарсылық білдірген. Наразыларды қорғану құқығы бар куәгер және жай куәгер ретінде тергеуге алған. Кемі он адамға полицияға шақырту келген. Тергеу органдары "Қазақалтын" компаниясының арызы бойынша, "Өзінше билік ету" бабымен іс қозғалғанын хабарлады. Компания тұрғындар "компрессивті құрылғыларын бұзуға кедергі келтірді" деп арызданды.

"Алтыналмас" компаниясы 2022 жылдың соңында жасаған мәлімдемесінде бұл кезеңді "текетірес" деп атап, белсенді ауыл тұрғындарына жеке тоқталған.

Ресми мәлімдемеде "Компания өздерін белсендіміз деп атайтын белгілі бір топтың сарапшыларымыз тиімсіз деп тапқан идеялары мен мәлімдемелеріне төтеп беруге тырысты. Өкінішке қарай, халықтың қалған бөлігі компанияны қолдамады" делінген.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІНГІ САЯСИ ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ КӨРІНІСІ МЕ?

Бестөбе кен орны "Қазақалтын" компаниясының активі саналады. Ол өз кезегінде "Алтыналмасқа" тиесілі. Компанияның иегері – Нидерландыда тіркелген Gouden Reserves B.V. компаниясы мен үш жеке тұлға: Владимир Жұманбаев, Дияр Қанашев және Игорь Ветиул. Олар кәсіпорынды 2017 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевтан сатып алған. Қазақстан қор биржасының дерегінше, келісімшарт құны 17,39 миллиард теңге болған. Компанияның табысы 2017 жылдың бірінші жартысында 10 миллиард теңгеден асқан. Қазір компания акцияларының нарықтағы құны – 280 миллиард теңгеге (600 миллион доллардан астам).

Kz.expert онлайн басылымы алдыңғы жылы келісімшарттың нарық талаптарына сай өткеніне күмән келтірген. Мақала авторлары активтер бір ортада жүретін адамдар арасында бір қолдан екінші қолға өткен болуы мүмкін деп топшылаған. Журналистер мажоритар акционер – нидерландтық Gouden Reserves B.V. туралы деректерді қарап, осындай қорытындыға келген. Бұл компанияның артында Анна Березина деген кісі тұр. Kz.expert дерегінше, ол "Қазақмыс" компаниясымен байланысты тұлға. "Қазақмыс" Forbes тізіміне кіретін миллиардер, ақпарат құралдары "Назарбаевтың әмияны" деп атайтын Владимир Кимге тиесілі.

KIAR (Kazakhstani Initiative on Asset Recovery) үкіметтік емес ұйымы Ресейдің Ижевск қаласында туған Березина Кимге қатысы бар басқа компаниялардың да иегері болғанын жазды.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің пікірінше, қазақстандық ірі бизнес өкілдері, әсіресе, пайдалы қазба өндіру саласындағы кәсіпкерлер мемлекетпен тығыз байланысты. Сондықтан Қаңтар оқиғасынан кейінгі саяси өзгерістер салдарынан ресурстардың қайта бөлініп жатқанына таңғалудың қажеті жоқ.

– 2019 жылы басталған саяси транзит 2022 жылы жеделдеді. Бұл ірі компания акционерлерінің өзгеруіне ықпал етеді. Қанша жерден біздегі бизнес ашық десек те, мұнай, металл, бидай, ауыл шаруашылығы өнімдері саласындағы ірі компаниялар саяси қолдауға ие болып келді. Қазір ірі металл, бидай өндіруші компаниялар мен банктердің акционерлері ауысады, – дейді сарапшы. Рысмамбетов жаңа билікпен жұмыс істеуге дайын акционерлер ғана орнында қалады деп болжайды.

Бестөбе ауылындағы жағдай Қаңтар оқиғасынан кейінгі саяси процестің көрінісі ме? Бұл сұрақтың жауабы белгісіз. Екі жыл бойы ауыл тұрғындарымен күресіп келген компания өз шешімін жергілікті халық тарапынан қолдау болмағанынан деп түсіндіреді.

Бестөбе тұрғындары желтоқсанда шенеуніктермен өткен онлайн кездесуде "не болып жатқанын түсінбей отырмыз" деген. Бірақ халықтың сұрағына үкімет те жөнді жауап бере алмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG