Accessibility links

Тоқаев тапсырмасымен әзірленген заң жобасы заңсыз алынған активтерді қайтаруға қауқарлы ма?


200 теңгелік монета мен 100 доллар.
200 теңгелік монета мен 100 доллар.

Мәжіліс 7 маусымда "Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң жобасын талқылады. Депутаттар жобаның кей тұсын сынағанымен, оны алғашқы оқылымда мақұлдады. Қаңтар оқиғасынан кейін "қоғамның талабы негізінде" әзірленді деп айтылған құжат халық несібесінен желінген байлықты орнына қайтара алатынына күмәнданатындар көп.

Мәжілістің ресми сайтында жарияланған жоба жеті тарау, 35 баптан тұрады. Төменгі палатаның ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленген. Мақсаты – заңсыз алынған және елден шығарылған активтерді мемлекет меншігіне қайтару.

АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ?

Заң жобасына сәйкес, Бас прокуратура жанынан активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган құрылады. Бұл орган заңсыз алынған активтерді іздеу және қайтару жөніндегі қызметті жүзеге асырады. Сонымен қатар уәкілетті органға активтерді заңсыз алу және шығару туралы ақпаратты жинау, талдау және мониторинг жүргізу құзыреті де берілген.

Жобаға сәйкес, заңсыз активі бар болуы мүмкін деген жеке және заңды тұлғаларды уәкілетті орган алдымен күдіктілер тізіміне енгізеді. Тізім аноним түрде жасалады. Яғни оған кім енгені құпия болады.

Заңсыз мүлікті өз еркімен қайтарған адам неге жауапқа тартылмайды?

Заңсыз мүлікті өз еркімен қайтарған адам неге жауапқа тартылмайды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00

Тізім арнайы комиссияның ұсынысы бойынша жасақталады. Ал комиссияны Қазақстан премьер-министрі басқарады. Комиссия тұрақты негізде жұмыс істейді. Оның құрамына парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары және өзге де адамдар кіруі мүмкін. Жобада "өзге де адамдар" деген кім екені нақты жазылмаған.

Тізімге иелігінде жиынтық мөлшері айлық есептік көрсеткіштің 13 миллион еселенген (шамамен 45 миллиард теңге) мөлшеріне тең немесе одан асатын активі бар адамдар ғана енеді. Тізімде олар бір жыл тұрады. Бір жыл ішінде активі заңсыз екені дәлелденбесе, лезде тізімнен шығарылады. Кейін оны тізімге қайта енгізуге рұқсат жоқ.

Активтерді қайтарудың екі тәсілі бар. Бірі ерікті, енді бірі мәжбүрлі түрде қайтару.

Ерікті түрде қайтару заңсыз алынған және шығарылған активтердің барлығын немесе бір бөлігін мемлекетке келісіммен беру арқылы жүзеге асырылады. Ал мәжбүрлеп қайтару Қазақстан және шетел соттарының немесе шет мемлекет құзырлы органының шешімі, ұйғарымы, үкімі я қаулысы негізінде жүзеге асырылады.

Ерікті түрде қайтару үшін уәкілетті орган мен заңсыз активі бар тұлға келісімге келуі керек. Активтерін ерікті түрде қайтарудың барлық талабын орындаған тұлға қылмыстық жауапқа тартылмайды.

Заң жобасына сәйкес, активтерді азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шығарылған Қазақстан соттарының шешімдері бойынша мемлекетке қайтару мәжбүрлі шараға жатады.

Мемлекетке қайтарылған активтер арнайы ашылған қорға түседі, оны басқарып, сақталуын қамтамасыз етуді және оны сатуды жүзеге асыратын басқарушы компания құрылады. Оның жалғыз құрылтайшысы Қазақстан үкіметі болады.

ҚҰПИЯ ТІЗІМ ҺӘМ ОҒАН ЕНЕТІНДЕР

Парламенттегі талқыда "Ақ жол" партиясынан сайланған депутат Ерлан Барлыбаев күдіктілер тізіміне не себепті 13 миллион АЕК-ке тең немесе одан көп байлығы барлар ғана кіретінін сұрады. Оның сұрағына осы заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшесі, депутат Елнұр Бейсенбаев жауап берді. Айтуынша, заң ең ірі олигополия өкілдерімен күреске бағытталған, сондықтан капиталы 100 миллион доллардан (13 миллион еселенген АЕК) кем тұлғалардың активтерін тексеруге уақыт кетіру қажет емес.

Бейсенбаевтың сөзін бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов та қуаттады. Оның сөзінше, активі 100 миллион доллардан кем тұлғалардың байлығына күмән болса, қолданыстағы басқа заңдар бойынша да жауапқа тартуға мүмкіндік бар.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан сайланған депутат Нұрлан Әуесбаев комиссия ұсынысы бойынша уәкілетті орган жасақтайтын тізім аноним болатына разы емес. Оның пікірінше, тізімге енгендер жайлы ақпараттың кей бөлігі қоғам үшін ашық болуға тиіс.

"Жабық болуының себебі бар. Өйткені оның (ақпараттың ашық болуы – ред.) жағымсыз салдары болуы мүмкін. Экономикалық, репутациялық салдары болуы ықтимал. Яғни экономикалық қарым-қатынастарда, екіжақты келісімшарт жасасқан кезде осындай ақпарат шығып жатса, теріс салдары болуы мүмкін. Олардың рейтингісіне кесірін тигізуі немесе тізімге енген тұлғалардың акцияларының құны түсіп кетуі ықтимал. Сондықтан тізімдегі ақпарат жабық болуға міндетті" деді Әуесбаевтың сұрағына жауап берген әділет министрі Азамат Есқараев.

Оның сөзінше, заңсыз активі бары дәлелденгендерге қатысты толық ақпарат сот шешімінен кейін ғана жария болады.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПТАН БОСАТУ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

Заң жобасына сәйкес, заңсыз байыған жеке немесе заңды тұлға өз активін ерікті түрде қайтарса, жауапқа тартылмайды. Бұл – Elge Qaitaru қоғамдық қоры өкілдері сынға алған баптың бірі.

Мәжілістегі заң жобасының бірінші оқылымында депутат Павел Казанцев те осы бапқа шүйлікті. Ол бас прокурордың орынбасарынан "Заңсыз жинаған активін келісім арқылы ерікті түрде қайтарып беріп, қылмыстық жауаптан босатылған адам келесі жолы сондай әрекет жасамасына кепілдік бар ма?" деп сұрады.

Бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжановтың сөзінше, жауапкершіліктен босатылған адамның қайтадан қылмысқа бармайтынына кепілдік жоқ. "Бірақ заңсыз актив иеленгендерді мүлікті ерікті қайтаруға ынталандыру үшін осындай шара қажет" деді Байжанов.

Байжановтың бұл сөзін осы заңға бастамашы болған депутаттың бірі Абзал Құспан да қолдайды. Оның пайымдауынша, заңсыз байыған бір адам түрмеге отырғанынан гөрі миллиондаған актив мемлекетке қайтқаны маңызды. Құспан "бұл қылмысқа көз жұма қарау емес пе?" деген Азаттық сұрағына былай жауап берді:

– Қылмысқа көз жұма қарау емес. Өйткені нақты қылмыстық істерге қатысты амнистияны да қолданып жатамыз. Ауырлығына қарамастан. Мысалы, былтыр ғана Қаңтар оқиғасына байланысты амнистия туралы арнайы заң шығардық. Жалпы, тәжірибеде әр 4-5 жыл сайын амнистия жариялап отырамыз. Сондықтан бұл – жалпы, тәжірибеде бар нәрсе, – дейді Абзал Құспан.

Депутат Ермұрат Бапи заңсыз актив иеленушінің өз капиталын ерікті түрде қайтаруына қарсы емес. Бірақ ол күдікке ілінген адам заңсыз байлығын ерікті түрде түгел қайтаратынына сенбейді. Сондықтан заң жобасының ерікті түрде қайтарғандарды қылмыстық жауапкершіліктен босатуды көздейтін бабына түзету енгізу қажет деп есептейді. Алайда нақты қандай өзгеріс енгізу қажет екенін айта алмайды.

– Қазір талқы жүріп жатыр. Дегенмен әлі даулы баптары бар. Сондықтан біз әлі принципті түрде жұмыс істейміз, – деді Бапи.

Биліктегі "Аманат" партиясынан сайланған депутат Ерлан Сайыров заң жобасы тезірек мақұлданғанын қалайды. Ол заң қабылданып, активтерді қайтару жұмысы басталса дейді. Айтуынша, заңның кем-кетігін ол қабылданғаннан кейін де түзетуге мүмкіндік бар.

"ОЛИГОПОЛИЯҒА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН" ЗАҢ

"Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң жобасының кемшілігі көп екенін айтып, алғаш дабыл қаққандардың бірі – Elge Qaitaru қоғамдық қоры. Былтыр Қаңтар қырғынынан кейін Қазақстаннан ұрланған қаржыны кері қайтарамыз деп құрылған қордың өкілдері кеше депутаттар айтқан мәселелерді бір апта бұрын көтерген.

Олар заңда байлығының құны 45 миллиард теңгеден асатындарды ғана қарастыру ақылға сыйымсыз деген. Қор өкілдерінің пікірінше, кез келген адамның байлығы тексеріліп, заңсыз жолмен табылғаны дәлелденсе, ол мемлекетке қайтарылуға тиіс. "Олай болмаса, шенеуніктер қорықпастан 100 миллион долларға (45 миллиард теңге) дейін ұрлай береді" деді қор өкілі Оразалы Ержанов.

Миллиардтар елге қайтарыла ма? Белсенділердің күмәні көп (1 маусым, 2023 жыл)

Миллиардтар елге қайтарыла ма? Белсенділердің күмәні көп
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:57 0:00

Қордың тағы бір өкілі Болат Әбіловтің сөзінше, заң жобасының "активтерді келісім арқылы ерікті түрде қайтару" деген тұсы ақылға қонбайды. Ол қандай да бір келісім жасасу сыбайлас жемқорлыққа апаратынын айтады.

– Егер бәрімен келісім болатын болса, заңсыз байыған ешбір адам түрмеге отырмайды. Орасан зор ресурсты ұрлап, оны шетелге шығарып тастаған біреу келісім арқылы оның бір бөлігін ғана қайтаруы мүмкін. Сол кезде [билік] "міне, қайтарды ғой" деп айтады. Ал ол жауапкершіліктен босатылады. Заң жобасында осы сияқты кемшілік көп, – деді Әбілов.

Қор өкілдерінің айтуынша, қайтқан активті басқару үшін арнайы компания құрудың да қажеті жоқ.

– Ешқандай қосымша құрылымдар құрудың қажеті жоқ. Қайтарылған ақшалай емес активтердің барлығы да қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі комитетінің құзырына берілуге тиіс. Ал ақшалай қайтқан активтер мен ақшалай емес активтерді сатудан түскен қаржы ұлттық қордың арнайы есепшотына аударылсын. Оны пайдалану туралы шешімді парламент бюджетті бекіткен кезде қабылдайды, – дейді Оразалы Ержанов.

Elge Qaitaru қоры заң жобасындағы басқа да баптар бойынша кемшіліктерді көрсетіп, заңды қайта қарауға шақырған.

Активтерді қайтару жөніндегі заң жобасын қатты сынағандардың бірі – 20 жылдан астам уақыттан бері шетелде тұратын Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин. Ол Orda.kz сайтына берген сұхбатында заң жобасын "атына қараса, халықтың сұранысына жауап беретін сияқты көрінгенімен, мазмұны бойынша олигополияға қызмет етеді" деп сипаттаған. "Бұл заң қазіргі қалпында еш өзгеріссіз, түзетусіз қабылданса, ұрланған мүлік ешқашан қайтарылмайды" деді Қажыгелдин.

Оның пайымдауынша, активтерді қайтару кезінде тергеуге емес, азаматтық іс жөніндегі сотқа жүгіну – заң жобасының ең осал тұсы. Алдымен күдікке ілінген тұлға тергеліп, қандай активті қандай жолмен жинағаны анықталуы керек деп есептейді Қажыгелдин. Экс-премьердің айтуынша, сол кезде заңсыз табылған активтерді мемлекетке қайтаруға мүмкіндік бар.

ҚАҢТАРДАН КЕЙІНГІ УӘДЕЛЕР

Кемі 238 адамның өмірін қиған Қаңтар қырғынынан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында байыған "белгілі бір адамдар" туралы сөз қозғаған. Ол сол кезде "Қазақстанның байлығы 162 адамның қолында" деп мәлімдеген. Ал былтыр қарашада президент Тоқаев өзін ұлықтау рәсімінде елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң жобасы әзірленетінін айтқан. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару комиссиясы да құрылған.

Сәуір айында Transparency Kazakhstan қоры "Қазақстанда елден заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару процесі құпия жағдайда жүріп жатыр" деп мәлімдеген. Қор сарапшылары активтерді қайтару процесі құпия бола берсе, олигархтар мен шикізат алпауыттары арасында "тиісуге болмайтын" адамдардың тізімі жасалуы мүмкін, "заңмен құқығы мүлде шектелмеген" көлеңкелі топтар пайда болуы ықтимал деген қауіп айтқан.

Мәлімдеме авторлары Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаевтың жарлығымен құрылған Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару комиссиясы қоғамға есеп бермейтініне және елден активтерді қайтару процесі құпияланғанына назар аударған.

Tax Justice Network ұйымының мәліметінше, кейінгі 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорға шамамен 140-160 миллиард доллар жылыстатылған. Кей сарапшылар заңсыз шығарылған ақша көлемі бұдан едәуір көп болуы мүмкін деп болжайды. Биыл 12 мамырда бас прокурор Берік Асылов Қазақстанға қазірге дейін 760 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылғанын мәлімдеген.

Қаңтар оқиғасында наразылыққа шыққан тұрғындар кедейлік пен әлеуметтік теңсіздікті, биліктегі жемқорлықты сынға алып, саяси жүйені өзгерту туралы талап қойған. Шетелде қымбат дүние-мүлкі бар деген адамдар арасында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев отбасының мүшелері, оған жақын бизнесмендер мен түрлі лауазымды қызмет атқарған адамдар, олардың туыстары жиі аталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG