Шыңжаңдағы қамау хроникасы

2017 жылдың көктемінде Қытайдағы діни азшылық топтарға қысым жасалып жатқаны туралы ақпарат тарай бастады. Пекин басында бұл деректі терістеді. 2018 жылдың қазан айынан бастап Қытай билігінің позициясы өзгерді. Шыңжаңдағы қудалау туралы деректер күн санап көбейіп келеді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОҚИҒАЛАР

Лагерьде қамалып шыққандар мен туыстарынан ажырап қалғандардың хикаясы. Биліктің позициясы.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ

Құқық қорғау ұйымдары мен әлем елдерінің мәлімдемесі.

15 Тамыз 2016

ШЫҢЖАҢ

Қытай коммунистік партиясының Тибет өлкесіндегі комитетін басқарған Чэнь Цюань Шыңжаңға басшы болып келді.

28 Сәуір 2017

ШЫҢЖАҢ

Ақпарат агенттіктері Қытайдың Шыңжаң өлкесінде балаларға Ислам, Кұран, Мекке, Жихад, Имам, Саддам, Хадж және Медина сияқты діни есімдер қоюға тыйым салынғанын хабарлады. Билік мұндай есім қойылған балалардың мемлекеттік тіркеу жүйесінен шығарылатынын айтты. Бұл жүйе арқылы ауруханада емделуге және білім алуға тіркеледі.

8 Маусым 2017

ҚАЗАҚСТАН

Қазақстанға көшіп келген Қытай қазақтары Шыңжаңда қалған жақындарына қысым жасалып жатқанын алғаш рет айтты. Қазақстан азаматтығын алған, Қытайдағы туыстарын көруге барған қазақтардың тұтқындалғаны туралы хабарлар тарай бастады. Қытайда туып, кейін Қазақстанға көшіп келген Өмірбек Бекалының Шыңжаңда жоғалып кеткенін әйелі хабарлады. Ай сайын осындай оқиғалар көбейе түсті. Олар туралы Азаттықтың «Қытайда қамалғандар» парақшасынан оқи аласыз.

23 Маусым 2017

ҚАЗАҚСТАН

Германияда тұратын этникалық қазақ Өмірхан Алтын Астанадағы Қазақтардың дүниежүзілік құрылтайында Қытай қазақтарының қамалып жатқанын айтты. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қамау туралы естімегенін, бұл мәселені Сыртқы істер министрлігіне тапсыратынын мәлімдеді.

9 Қазан 2017

HUMAN RIGHTS WATCH

Human Rights Watch халықаралық ұйымы «қайта тәрбиелеу орталықтары» туралы мәлімдеме жариялады. Ұйым Шыңжаңда мұсылмандарды «заңсыз қамап жатқанын» мәлімдеді. HRW Пекиннен «Шыңжаңдағы заңсыз құрылған саяси орталықтарды жауып, қамалғандарды дереу босатуды» талап етті. Ұйымның мәлімдеуінше, орталықта «мыңдаған ұйғыр мен басқа да мұсылман азшылықтары отыр».

26 Қазан 2017

АСТАНА

Қазақстан парламенті сенатының депутаты Нұрлан Қылышбаев Қазақстан үкіметіне депутаттық сауал жолдап, «Қытайдағы этникалық қазақтарды қудалау» туралы ақпаратты тексеруді сұрады.

31 Қазан 2017

ПЕКИН

Қазақстандағы Қытай елшісі Чжан Ханьхуэй Қытайдағы этникалық қазақтардың қамалуына қатысты алғаш рет комментарий берді. Астанада журналистермен кездесуде дипломат Шыңжаңда «заңсыз іс-әрекет болғанын» мойындады. Ол Қытай коммунистік партиясының 19-съезі қарсаңында Шыңжаңда азаматтарды «қатаң қадағалау мен тексеру шаралары» жүргізілгенін айтты.

27 Қараша 2017

АСТАНА

Қазақстан Пекинмен «Қытай азаматтары саналатын қазақтардың мәселесі» бойынша сөйлескен. Қазақстанның сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Шыңжаң аймағының басшылығымен кездесу үшін Қытайға баруды жоспарлайтынын айтты.

13 Желтоқсан 2017

ПЕКИН

Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Лю Канг пресс-брифинг кезінде Шыңжаңдағы қудалауды терістеді.

– Қазір Шыңжаңда өмір тыныш екенін бұрыннан айтып келеміз. Шыңжаң тұрақты дамып жатыр, адамдар жұмыстарын істеп жүр. Жағдай жақсы. Қамау туралы ақпараттар жалған, - деді Лю Канг.

5 Қаңтар 2018

ҚАЗАҚСТАН

Үрімжіге барғанда қамалған Өмірбек Бекалы Азаттыққа басынан өткен оқиғасын баяндады. Ол уақытша қамау изоляторында жеті ай, «саяси тәрбиелеу орталығында» 20 күн отырған.

- Уақытша ұстау изоляторында аяқ-қолымды кісендеп, қауіпті қылмыскер ретінде ұстап отырды. Тек Қазақстанның Пекиндегі консулдығынан бір адам мен Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі келген кезде ғана аяқ-қолымдағы шынжырды алып, көз алдады, - дейді ол.

Бекалының айтуынша, министрлік өкілдері ол түрмеге түскен соң төрт айдан кейін келген.

22 Қаңтар 2018

ЕРКІН АЗИЯ РАДИОСЫ

Еркін Азия радиосы Шыңжаңдағы Қашғар округінде 120 мыңға жуық ұйғырдың қамалғаны туралы хабарлады. Дереккөздің айтуынша, сол кезде Қашғарда төрт «саяси тәрбиелеу лагері» болған. Еркін Азия радиосының жазуынша, жергілікті билік «мемлекеттік ғимараттар мен мектептерді «қайта тәрбиелеу лагеріне айналдырған. Тұтқындарды бір жерден екінші жерге туыстарына хабарламай алып кеткен».

3 Ақпан 2018

CNN

Америкалық CNN телеарнасының сайты «Мыңдаған мұсылман ұйғыр Шыңжаңдағы саяси лагерьге қамалды» деген мақала жариялады. «Әр үйден, әр отбасынан үш-төрт адамнан қамалған» деп мәлімдеді автор. Телеарна сайтының дерегінше, Қытай билігі «ислам экстремизмі ықпалына ұшырады деген күдікпен ұсталған адамдардың санасын өзгертпек».

7 Ақпан 2018

ПЕКИН

Қазақстандағы Қытайдың бас консулы Чжан Вэй CNN хабарына пікір білдірді. Ол «Қытайда лагерь бар» деген ақпаратты жоққа шығарды. «Қытайда ондай түсінік жоқ. Ақпарат берген CNN-нен сұрап көріңіз, бірақ кез келген мемлекет үшін қауіпсіздік маңызды. Елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін Қазақстанда да мемлекеттік саясатын жүргізіліп жатыр. Қытайда да, Америкада да, басқа мемлекеттерде де қауіпсіздік саясаты бар. Батыс емес, Қытайдың басылымдарына сілтеме жасау керек» деді консул.

15 Ақпан 2018

АСТАНА

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов парламенттің пленарлық отырысында «дипломатиялық арналар арқылы мәліметтер расталған соң Қытай тарабына ресми түрде дипломатиялық нота жіберілді» деді. Ақпанның 19-ы күні министрліктің сол кездегі ресми өкілі Әнуар Жайнақов министрдің сөзін өзгелердің қате түсінгенін хабарлады. Жайнақовтың айтуынша, нота туралы айтылмаған. «Қытаймен жұмыс тәртібіне сай сұрау салдық. Жағдайды анықтауға қатысты жалпы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қытайдан жауаптар келді. Ол ақпаратты қамауға алынған азаматтарымыздың туыстарына ғана береміз» деді Жайнақов.

15 Ақпан 2018

ҚАЗАҚСТАН

Шыңжаңда қамауға алынып, үш ай бойы «саяси тәрбиелеу орталығында» болған Қайрат Самарқан босатылды. Самарқан – Қазақстан азаматы.

- Саяси тәрбие орталығында [қамаудағылар] үшке бөлінеді. Біріншісі - дінге қатысы бар адамдар. Екіншісі - шетелге шыққандар, үшіншісі - қоғамдық тәртіпті бұзғандар. Мұнда жатқанның барлығы - мұсылмандар. Мен шетелге шығып, қоғамдық тәртіпті бұзғаным үшін қамалдым, - деді ол.

4 Сәуір 2018

АҚШ

Республикашыл сенаторлар Марк Рубио мен Кристофер Смит Қытайдағы АҚШ елшісі Терри Бранстадқа хат жолдады. Олар «басылымдардан алынған сенімді ақпараттарға» сүйене отырып, «саяси индоктринация» орталығында 500 мыңнан миллионға дейінгі ұйғырдың қамалғанын мәлімдеді. Сенаторлар бұл жағдайды «заманауи әлемде ұлттық азшылықты жаппай еркіндігінен айыру» деп атады. Рубио мен Смит АҚШ-тың Қытайдағы елшісінен Шыңжаңға баруды сұрады.

16 Сәуір 2018

АСТАНА

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді Қытайдағы этникалық қазақтарды қамауға қатысты пікір білдірді. Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда оралман статусын алған этникалық қазақтар Шыңжаңға барғанда ол жақтағы есептен шықпай, Қытайдағы жеңілдіктерді пайдаланғаны үшін ұсталған. «Бұл мәселеге қатысты Қытай үкіметімен келіссөз жүргізіп жатырмыз» деді Тілеуберді.

17 Сәуір 2018

АСТАНА

Сәуірдің 17-сі мен 19-ы аралығында сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Шыңжаңға жұмыс сапарымен барды. Ресми ақпарат бойынша, сапар кезінде ол Шыңжаң аймағының партиялық комитетінің хатшысы Чэнь Цюаньгомен, Халық үкіметі басшысы Шохрат Закирмен кездескен. Тараптар «терроризм, экстремизм және сепаратизммен күрес мәселелерін жан-жақты талқылаған».

18 Сәуір 2018

АҚШ

АҚШ мемлекеттік хатшысының Шығыс Азия және Тынық мұхиты аймағы істері бойынша орынбасары міндетін атқарушы Лора Стоун Пекинде журналистермен кездесуде Шыңжаңдағы жаппай қамауға алаңдаушылық білдіріп, Қытай билігін «барынша ашық жүйе» құруға шақырды.

18 Сәуір 2018

ПЕКИН

АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі Лора Стоунның мәлімдемесіне жауап ретінде Қытайдың сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чинйин Пекинде өткен пресс-брифингте: «Шыңжаңдағы барлық этнос өкілдері бейбіт өмір сүріп, жаймашуақ тірлігін жалғастырып жатқанын бәрі көріп отыр. АҚШ пен өзге де елдер жағдайды әділ бағалап, Қытайдың ішкі ісіне араласуды доғарар деп үміттенеміз» деді.

23 Мамыр 2018

ҚАЗАҚСТАН

«Қайта тәрбиелеу лагерінде» болған куәгерлер көбейе түсті. Олар «лагерьді тозаққа теңеді».

- Жеті күн кісенмен жаттым. Түнде қолымдағы кісенді шешеді, бірақ аяқтағы кісенмен ұйықтаймын. Жетінші күні кісеннен босатып, тағы да сұраққа апарды. Ол жерде айтқандары: "Қытай тілін бір жылдың ішінде үйреніп шығасың. Егер үйрене алмасаң, тағы бес жыл отырасың" болды, - дейді қамауда болған Орынбек Көксебек.

25 Мамыр 2018

ҚАЗАҚСТАН

Қытайдан келген этникалық қазақ Уәли Ісләм Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан билігінен әйелі Сайрагүл Сауытбайды экстрадиция жасамауды өтінді.

28 Мамыр 2018

АСТАНА

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Пекинде өткен кеңес туралы хабарлады. Жиында Астана өкілдері Қытайдан Қазақстанға қоныс аударып, Қазақстан азаматтығын алған этникалық қазақтардың жағдайды туралы мәселе көтерген. Астана «істі әділетті қарап, Қытайда қос азаматтығы бар этникалық қазақтарды қамаудан босату туралы өтініш жасаған. Екі тарап Шыңжаң аймағындағы этникалық қазақтардың мәселесін бірігіп шешуге келіскен».

28 Мамыр 2018

АСТАНА

Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытай билігімен келіссөз нәтижесінде бірнеше қазақтың босатылғанын мәлімдеді. Министрлік «12 Қазақстан азаматының Қытайда қамауға алынғанын анықтап, оның тоғызын босатқан».

9 Шілде 2018

ЖАРКЕНТ

Жаркентте «шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған Қытайда туған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың соты басталды. Ол Қытайдың сұрауымен қамалды.

10 Шілде 2018

АСТАНА

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Шыңжаң билігі 625 этникалық қазақтың Қазақстанға шығуына салынған шектеуді алып тастау мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

13 Шілде 2018

ЖАРКЕНТ

Сайрагүл Сауытбай сотта «заң бұзуға мәжбүр болғанын» айтты. Оның сөзінше, Қытай билігі оны Қазақстанға кетіп, отбасымен бірігуіне рұқсат бермеген. Сауытбай «саяси қайта тәрбиелеу лагерінде» жұмыс істеген. Ол лагерьде шамамен 2500 этникалық қазақтың қамауда отырғанын айтты. Сауытбай Қытайға барса, мемлекеттік құпияны ашқаны үшін өлім жазасына кесілуі мүмкін екенін мәлімдеді.

1 Тамыз 2018

ЖАРКЕНТ

Сот «шекараны заңсыз кесіп өткен» Сайрагүл Сауытбайға алты ай шартты жаза тағайындап, сот залынан босатты.

5 Тамыз 2018

FINANCIAL TIMES

Ұлыбританиялық Financial Times басылымы «Шыңжаңдағы репрессия: Адамдардың бәрі қайда кетті?» деген мақала жариялады.

«Алдымен көзге түсетіні – тыныштық. Дүкендердің есігіне ілінген қағаздың ақ жолағы көрінеді. Қағазды біреу асығыс қалдырған сияқты. Жақындап келгенде үйге ақ бояумен жазылған сериялық нөмірді көресіз - WB-BUK 1 to 15. Бұл үй тұрғындарының қайта оралмайтынын, олардың көбі қамауға алынғанын білдіреді» деп жазды басылым.

7 Тамыз 2018

АСТАНА

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Шыңжаң билігі 675 этникалық қазаққа Қытайдан Қазақстанға келуіне салынған тыйымды алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.

10 Тамыз 2018

ЖЕНЕВА

БҰҰ-ның нәсілдік дискриминацияны жою жөніндегі комитеті Шыңжаңдағы жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Комитет дерегінше, Қытайда миллионға жуық этникалық ұйғыр «контрэкстремистік орталықта» қамалған, тағы миллионы «саяси қайта тәрбиелеу лагерінде» отыр. Ал Шыңжаң өлкесі «тұтқындарға арналған алып лагерьге ұқсап қалған».

14 Тамыз 2018

ШЫҢЖАҢ

Азаттық Шыңжаңдағы татар қауымдастығы туралы мақала жариялады. Қауымдастық мүшелері билік тарапынан қудалау бар екенін айтады.

28 Тамыз 2018

АҚШ

Сенатор Марк Рубио бастаған Конгресс өкілдері Трамп әкімшілігін «Магнитский заңын» қолданып, «жаппай қамауға» қатысы бар және «Шыңжаңдағы адамдардың құқығын бұзған» Қытай шенеуніктеріне санкция салуға шақырды.

30 Тамыз 2018

ЖЕНЕВА

БҰҰ «қайта тәрбиелеу орталығы» тұтқындарын босатуға шақырды. Баспасөз конференциясында нәсілдік дискриминацияны жою жөніндегі БҰҰ комитеті мүшесі Николас Магуран: «Қытайдан адамдар санын хабарлауды сұраймыз. Қытай қамауға алу шарты мен себебін айтсын және тұтқындардың заңды көмек алуына жағдай жасасын» деді.

31 Тамыз 2018

ПЕКИН

Қытай БҰҰ-ның «қайта тәрбиелеу орталықтарында» отырғандарды босату туралы үндеуіне жауап қатты. Қытай сырқы істер министрлігі (СІМ) өкілі Хуа Чинйин лагерьлер туралы хабарды «расталмаған» әрі «ешқандай дерекке негізделмеген» ақпарат екенін мәлімдеді. Хуа Чинйиннің сөзінше, Шыңжаңдағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа адамдардың көңілі толады.

9 Қыркүйек 2018

HUMAN RIGHTS WATCH

Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы «Идеологиялық вирустарды жою. Шыңжаңдағы мұсылмандарға қарсы Қытайдың репрессиялық науқаны» атты 117 беттік баяндама жариялады. Баяндамада құқық қорғау өкілдері «жаппай қамау, азаптау, Шыңжаңдағы этникалық топтарды бақылау» туралы жаңа дәлелдер келтірген. Ұйым әлемді Шыңжаңдағы жағдайға қатысты шара қолдануға шақырады.

10 Қыркүйек 2018

БҰҰ

БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет Пекиннен Қытайдағы ұйым сарапшыларына салынған шектеуді алып тастап, олардың Шыңжаңға кіргізуге рұқсат сұрады.

10 Қыркүйек 2018

ПЕКИН

Қытай Human Rights Watch баяндамасын айыптады. Елдің СІМ өкілі Ган Шуан: «Бұл ұйым Қытайға қатысты әрқашан теріс пікірде» деді. Оның айтуынша, ұйым есебі «бұрмаланған фактілерге толы».

«Шыңжаңда қабылданған бірқатар шаралар тұрақтылықты, дамуды және адамдардың өмірін жақсарту үшін жасалып жатыр» деді дипломат.

11 Қыркүйек 2018

ЕУРОПА ОДАҒЫ

Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини Еуропарламентте «қайта тәрбиелеу лагерлері» мәселесін көтерді. Қазанның 4-і күні Могерини бұл тақырыпты Страсбургте де айтты.

11 Қыркүйек 2018

ПЕКИН

Қытай билігі БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачалеттің үндеуіне орай жауап берді. Қытай СІМ өкілі Ган Шуан «БҰҰ жоғарғы комиссары ұйым миссиясы мен хартиясын сақтасын. Қытайдың егемендігін сыйласын. Өз міндетін әділетті орындап, бір жақты ақпаратты тыңдамасын» деген ұсыныс айтты.

12 Қыркүйек 2018

ПЕКИН

Қытай СІМ өкілі Ган Шуан АҚШ-ты «теріс түсініктен арылуға» шақырды. Оның айтуынша, Пекин АҚШ-тың Қытайдың ішкі ісіне араласуына үзілді-кесілді қарсы. Пекинде өткен брифингте Ган Шуан:

«Қытай үкіметі азаматтарға заңға сәйкес дінді ұстану бостандығын береді. Қытайда толық діни еркіндік бар» деді.

13 Қыркүйек 2018

ПЕКИН

Қытайдың адам құқығы бюросының өкілі Ли Сяоцзюнь Женевада журналистерге берген сұхбатында: "Орталықта ешқандай қысым жасау жоқ. Кәсіби біліктіліктерін шыңдап, тренингтерден өтеді. Кейін жақсы жұмыс тауып, негізгі заңдарымызды меңгеріп шығады" деген.

20 Қыркүйек 2018

ҚАЗАҚСТАН

Қытайдан қамалғандардың туыстары халықаралық ұйымдар мен Қазақстан билігінен көмек сұрады. Павлодар тұрғыны Нұрлан Бекбосынұлы «қайта тәрбиелеу лагерінде» екі інісі мен бір туысы отырғанын айтты.

24 Қыркүйек 2018

AMNESTY INTERNATIONAL

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы жүзден астам адамның түсініктемесі негізінде жазылған баяндамасын жариялады. Олардың ішінде лагерьден шыққан тұтқындардың да түсініктемесі бар. Ұйым дерегі бойынша, сұхбаттың біразы Қазақстанда алынған. Amnesty International Қытай билігінен тәуелсіз зерттеу жүргізуге рұқсат беруді сұрады және «жоғалған адамдар қайда?» деген сұраққа жауап беруді талап етті.

3 Қазан 2018

ҚАЗАҚСТАН

Азаттық Гүлзира Мөгдіннің оқиғасын жариялады. Әйел Қытай билігінің қысымымен түсік жасауға мәжбүр болғанын айтты.

4 Қазан 2018

ҚАЗАҚСТАН

Шыңжаңда із-түссіз жоғалған немесе қамалған этникалық қазақтардың туыстары көмек сұрап, Алматыдағы АҚШ, Германия консулдықтарына барды.

6 Қазан 2018

ТАЛДЫҚОРҒАН

Қазақстан Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесін беруден бас тартты.

8 Қазан 2018

ШЫҢЖАҢ

Шыңжаңда халал өнімдерге қарсы науқан басталды. WeChat әлеуметтік желісіндегі қалалық биліктің аккаунтында жарияланған жазбада Үрімжі билігі мемлекеттік қызметкерлерді діннен бас тартып, маркстік идеологияны қабылдауға және көпшілік алдында тек қытайша сөйлеуге шақырған. Мәлімдеме бойынша, мемлекеттік мекемелердегі асхана мәзірі шенеуніктер «түрлі тамақ түрлерін татып көруі үшін» өзгертілген.

12 Қазан 2018

ШЫҢЖАҢ

Қытай билігі алғаш рет өз аумағында «қайта тәрбиелеу орталықтарының» барын мойындады.

15 Қазан 2018

ШЫҢЖАҢ

Қытай коммунистік партиясы орталық комитеті жұмыс бөлімінің жетекшісі Ю Цюань Шыңжаңға барды. Оның айтуынша, Қытай ұлт мәдениеті мен нормаларын насихаттау арқылы этникалық ынтымақтастық пен діни келісімге қол жеткізуді көздейді. Пекин «Шыңжаң өлкесіне діни экстремизмнің енуіне тосқауыл қойғысы келеді».

16 Қазан 2018

ШЫҢЖАҢ

Қытайдың мемлекеттік Xinhua агенттігінің сайтында жарияланған мақалада Шыңжаң үкіметінің басшысы Шохрат Закир лагерьлерді «гуманистік талапқа сай, заңды түрде әрекет етіп жатыр» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, лагерьлер терроризм мен экстремизмге қарсы тұру мақсатында құрылған. Xinhua агенттігіне берген сұхбатында Закир ислам дінін ұстанатын этникалық топтар орталықта қытай тілін оқып, кәсіби дайындықтан өтіп, заңды біліп шығатынын айтты. Шохрат Закирдің сөзінше, орталық «оқушыларға» тегін тамақ береді, олар тұрмыс жағынан барлық жағдай жасалған.

- Шыңжаң қазір әдемі ғана емес, қауіпсіз әрі тұрақты, - деді Шохрат Закир.

21 Қазан 2018

ПЕКИН

Ұлыбританиядағы Қытай елшісі Лю Сяомин Financial Times басылымында жарияланған мақалаға жауап ретінде ресми мәлімдеме жасады. Сяоминнің сөзінше, «Шыңжаңдағы жергілікті билік қабылдаған білім беру және тәрбиелеу шаралары діни экстремизмнің алдын алады және экстремистік идеяға ілескен адамдарды дұрыс жолға салады. Олардың жақсы өмір сүруі үшін білім береді».

24 Қазан 2018

ВВС

ВВС «қайта тәрбиелеу лагерьлеріндегі» жағдай туралы арнайы видео жариялады. Телеарна «орталықтардың» бар екенін растайтын спутник-суреттерді көрсетті. БАҚ дәлел ретінде жиналған деректер мен куәгерлердің мәліметтерін келтіреді.

«Жаппай қайта тәрбиелеу бағдарламасы – сотсыз, тергеусіз еркіндіктен айыру және мыңдаған мұсылманның әділ сотқа жете алмай отырғанын зерттеуіміз тағы бір рет растады» деді ВВС.

26 Қазан 2018

ШЫҢЖАҢ

Қытай журналисі «саяси қайта тәрбиелеу лагерінде» демалып жүргендердің видеожазбасын жариялады. Видеода күннің көзі түсіп тұрған алаңда адамдар би билеп, ән айтып, үстел теннисін ойнап жүр.

27 Қазан 2018

ҚАЗАҚСТАН

Лагерьде болған адамдар мен олардың туыстарының шағымы жиіледі. Бірі Қытайда қалған Қазақстанға келе алмай отырғанын айтады. Енді бірінің «қартайған ата-анасын лагерьге алып кеткен»

31 Қазан 2018

АВСТРАЛИЯ

Австралиялық АВС радиохабар тарату корпорациясы Шыңжаңдағы жағдай туралы «Қытайдағы үрей шекарасы» атты ауқымды зерттеуін жариялады. Зерттеуде спутниктен түсірілген лагерь суреттері бар.

1 Қараша 2018

ҰЛЫБРИТАНИЯ

Шыңжаңға барған ұлыбританиялық дипломаттар көптеген мұсылманның «білім орталығы» деп аталатын орындарда қамауда отырғанын «нақты дерек» деді.

6 Қараша 2018

ЖЕНЕВА

Женевадағы БҰҰ адам құқықтары жөніндегі кеңесінде Қытайдағы азшылық топтарға қысым мәселесі талқыланды. АҚШ, Жапония, Австралия, Канада, Германия Қытайдан лагерьлерді жабуды сұрады. Жиын өтіп жатқанда сыртта қазақтар, ұйғырлар, түркімендер, тибеттер наразылық шарасын өткізіп, Қытайдан қамаудағыларды босатуды талап етті.