Accessibility links

"78 жастағы шешем лагерьде қамауда отыр"


Қытайдан көшіп келген Болатбек Рақымбайұлы "Қытайда қамалған" 78 жастағы шешесінің суретін ұстап тұр. Алматы, 11 қазан 2018 жыл.
Қытайдан көшіп келген Болатбек Рақымбайұлы "Қытайда қамалған" 78 жастағы шешесінің суретін ұстап тұр. Алматы, 11 қазан 2018 жыл.

"Қытайда туыстарымыз жазықсыз қудаланды" деген бір топ адам Алматыда кезекті рет жиналып, Қазақстан билігінен көмек сұрады.

Болатбек Рақымбайұлы 2007 жылы шешесімен бірге Қытайдың Тарбағатай аймағынан Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Көкөзек ауылына көшіп келген. 2009 жылы шешесі Гүлсімхан Базарбекқызымен бірге Қазақстан азаматтығын алған.

Болатбектің анасы 2017 жылы Қытайға құжат мәселесімен кетіп, оралмаған.

- Анам 2017 жылы желтоқсанның 14-і күні Бақты шекарасынан өткен. Қытайдағы тұрақты тіркеуден шығамын деп кеткен. 2018 жылы ақпанның 21-і күні кешке анаммен хабарластым. 'Қытай полициясы шақырды, ертең соған барамын" деген. Содан ақпанның 22-сінен бері анам хабарсыз. Осы уақытқа дейін хабар алған жоқпын. Анам 1940 жылы Қытайға туған, - деп қолындағы шешесінің суретін көрсетті.

Видеосын көріңіз: Болатбек Рақымбайұлының сұхбаты

Болатбек Рақымбайұлының сұхбаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:37 0:00

Болатбек Қытайдағы туыстарымен де хабарласа алмай отыр. Қытай жаққа барып қайтқан таныстары шешесінің Тарбағатай аймағындағы саяси тәрбиелеу орталығында екенін жеткізген.

- Анам қазір сексенге таяп қалды. Мен өзім қытайша да білмеймін. Кириллицаны да білмеймін. Тек төте жазумен оқып өстім. Анамнан хабарсыз қалғаннан кейін осы Алматыда тұратын туысқан ағайыныма айтып, өз атымнан Қазақстан Cыртқы істер министрлігіне арыз жазғызған едім, - дейді ол.

МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ

Болатбектің жазған арызына Қазақстан Cыртқы істер министрлігі тамыздың 14-і күні жазбаша жауап жіберген.

Министрліктің хабарлауынша, Астана Гүлсімхан Базабекқызының мәселесі бойынша Қытайға нота жолдаған. Шыңжаң аймағы Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы Cыртқы істер министрлігіне Қазақстан азаматы Гүлсімхан Базарбек Қытай азаматтығынан шығу заңдарын орындамағандықтан оның үстінен тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.

Болатбек Рақымбайұлының арызына байланысты қытай тарабының берген жауабы
Болатбек Рақымбайұлының арызына байланысты қытай тарабының берген жауабы

Сыртқы істер министрлігі Болатбек Рақымбайұлына жіберген хатына Қытай тарапының жауабының көшірмесін де тіркеген. Қытайдың жауабында "Гүлсімхан Базарбектің қос азаматттық мәселесіне байланысты тергеу жұмыстарының жүргізіліп жатқаны" жазылған.

​Болатбек қазанның 10-ы күнгі жиынға келіп, Қазақстан билігінен тағы да көмек сұрады.

БІР ӘУЛЕТТЕН ТОҒЫЗ АДАМ ҚАМАЛДЫ

30 жастағы Жұмабек Бейісхан Қытайдың саяси үйрену лагерінде бір әулеттен тоғыз адамның отырғанын айтады. Олардың арасында әкесі, туған інісі және немере ағасы бар. Қазақстан азаматтығын алған Жұмабек 51 жастағы әкесі Бейісхан Сағдат және басқа туысқандары бір жылдан бері Қытайдағы қайта тәрбиелеу орталықтарында қамауда отырғанын айтады.

- Ағайындарым Қайыпқажы Қадысбекұлы мен Гүлім Қадысбекқызын да 2017 жылы мамырда намаз оқығаны үшін қамауға алған. Анам мен келініміздің құжатын алып алған. Олар қазір үй қамақта отыр. Туыстарым негізіне Қазақстанға келіп кеткені үшін қудаланды, - дейді ол.

Жұмабек Бейісхан
Жұмабек Бейісхан

Жұмабек Бейісхан Қазақстан президентінен, Сыртқы істер министрлігінен және халықаралық адам құқығын қорғау комитетінен көмек сұрайды.

Қазанның 10-ы күні Қытайда туыстары қамалғандардың жиыны Алматыдағы қонақүйлердің бірінде өтеді деп хабарланған. Бірақ қонақүй күзетшісі "жылу жүйесінің жарылғанын, қазір жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын" айтып ішке кіргізбеді. Кейін шара Алматы қаласының тау жақ бөлігінде орналасқан Қазақстан жазушыларының шығармашылық үйінде өтті. Жиынды Алматы қаласы Медеу ауданы ішкі саясат бөлімінің өкілі сырттай бақылап отырды.

Жиынды ұйымдастырушы, "Атажұрт ерікті жастары" тіркелмеген ұйымының жетекшісі Қыдырәлі Оразұлы "аяқ астынан жөндеу жұмысының жүргізілгеніне күмәнмен қарайтынын, бұған дейін баспасөз мәслихатын тұрақты өткізіп келген қонақ үйлердің бәрі де жиыннан бас тартқанын" айтты.

Қыркүйектің 26-сы күні өткен жиынға Алматы қаласы Алмалы ауданы прокуратурасының өкілдері келіп, "заңсыз жиын өткізуге болмайтыны" туралы ескертпе қағаз таратқан еді.

Бұған дейін Қытайда туысқандары қамалғандар Алматыда бірнеше жиын өткізіп, мәселелерін айтқан. Олар Қытайдың Қазақстандағы бас консулдығына, АҚШ консулдығына, Германия елшілігіне мен БҰҰ-ның Алматыдағы кеңсесіне барып, көмек сұраған.

Видео: Қытайда "туыстары қамалғандар" Германия елшілігіне барды (4 қазан 2018 жыл)

ҚАЗАҚСТАННАН ҚАНША АДАМ КӨМЕК СҰРАДЫ?

Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне Қытайдағы қысымға қатысты көмек сұрап, 618 адамнан арыз түскен. Министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың айтуынша, 117 арызды Қытайдың бұрынғы азаматтары, қазір Қазақстан азаматтығын алғандар жазған. Олар Қытай азаматтығынан шығаруға көмек сұраған. Министрлік өкілі арыздар бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Бұған дейін Азаттыққа сұхбат берген бірнеше азамат Қазақстан Сыртқы істер министрлігі араласқан соң Қытайдағы саяси тәрбиелеу орталығынан шыққандарын айтқан.

2017 жылғы сәуір айынан бастап Қытай қазақтарының қысым көріп, Шыңжаңдағы саяси үйрену орталықтарына қамалып жатқандары туралы айтыла бастаған.

Қытай тарабы не дейді?

Пекин "Шыңжаңда азаптаулар мен қудалау барын" айтатын құқық қорғау ұйымдарының сөзін жоққа шығарып келген. Ал қыркүйектің 13-і күні Қытайдың адам құқығы бюросының өкілі Ли Сяоцзюнь Reuters агенттігіне берген сұхбатында: "Орталықтарда еш қысым жоқ. Кәсіби біліктіліктерін шыңдап, тренингтерден өтеді. Кейін жақсы жұмыс тауып, негізгі заңдарымызды үйреніп шығады" деген. Ал Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген. БҰҰ Қытайдың шамамен миллион ұйғырды "экстремизммен күрес орталықтарында" ұстап отырғанын мәлімдеді. Комитеттің дерегінше, бұдан бөлек тағы миллион азамат тәрбиелеу лагерьлерінде қамауда отыр.

Қыркүйектің 10-ы күні Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы арнайы есебін жариялап, Қытайдағы лагерьлер мен түрмелердегі адам төзгісіз жағдайды сипаттаған. Ұйым Қытай билігінің іс-әрекетін сынап, Пекиннен лагерьлерді қамалғандарды босатуды талап еткен.

HRW "Астана Қытайдан баспана іздеп келген азаматтарды кері қайтармай, көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық беру мәселесін кешіктірмеу керек" деп кеңес берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG