Accessibility links

"Қазақстандағы ұйғырлар қысымнан енжар болып қалды"


"Шыңжаңдағы ұйғырлармен байланыс жоқ"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:21 0:00

Қаһарман Қожамберді: "Шыңжаңдағы ұйғырлармен байланыс жоқ"

Қазақстандағы ұйғырлар қауымдастығы Шыңжаңда қамалған жақындарын белсенді түрде іздеп, жиі үндеу жасауға бейіл емес. Азаттық мұның себебін Дүниежүзілік ұйғырлар құрылтайының бас кеңесшісі Қаһарман Қожамбердіден сұрады.

Азаттық: - "Қытайдағы аз ұлттарға жасалып жатқан қысым" жайлы оралмандар мен белсенділердің айтып жүргеніне бір жылдан асты. Бірақ Қазақстандағы этникалық ұйғырлар тарабы бұл мәселеге келгенде белсенді емес. Неге?

Қаһарман Қожамберді: - Бұған құқық қорғау органдарының қысымы себеп. Мысалы, менің үстімнен үш рет әкімшілік сот болды (бірі – "Ұйғырстан халық партиясын" құрғаны үшін, екіншісінде – "заңсыз жиын өткізген" - ред.). Маған шенеуніктер "аузыңды жап, бұл мәселені көтерме, біз Қытаймен достық қарым-қатынастамыз" дейді. Қазақстандағы ұйғырлар қысым болғаннан кейін өте енжар болып қалды. Үкімет позициясын білдірмейді, қысым көбіне органдар тарапынан жасалады. (Қаһарман Қожамбердінің бұл сөзіне қатысты Азаттық сұрау салғанымен ҰҚК мен ІІМ комментарий бермеді – ред.) Мысалы, этникалық ұйғырлар мәселесі жайлы жиналыс өткізуге болмайды. Газетіміз 10 жылдан бері жазған ешбір мақаламды шығармайды. Олар маған "жоғарыдан бізге баспаңдар деген" дейді.

Қазақстан Қытайға тең келе алмайды ғой. Мен Астананың саясатын жақсы түсінемін. Ақорданың саясатына жамандық келтіруді қаламаймыз, бірақ қай жерде болмасын Қазақстан – егеменді, тәуелсіз мемлекет. Осы тұрғыда Қазақстанның адам құқықтары мәселесінде анық позициясы болуы керек. Әрқашан "біз адам құқықтарының табан асты болуына қарсымыз" деп айтуы керек" деймін.

Қаһарман Қожамберді, Дүниежүзілік ұйғырлар құрылтайының бас кеңесшісі.
Қаһарман Қожамберді, Дүниежүзілік ұйғырлар құрылтайының бас кеңесшісі.

Азаттық: - Ассамблеядан Қазақстан парламентіне сайланған этникалық ұйғыр депутат бар, бұдан бөлек ұйғыр қауымдастықтарының жетекшілері бар. Солардың бірі Қытай елшілігіне хат жазып, үндеу жасады ма?

Қаһарман Қожамберді: - Парламентте Шаймардан Нурымов деген депутат бар. Ол кісі "халықтың алдында айтпағаныммен, комитеттер біледі, айтып тұрамыз" деп қояды. Мен ол кісіні түсінемін. Ол жақта да (парламентте) – сол. Жалпы, Орталық Азияда түркі тілді мемлекеттер "ұйғыр мәселесі жоқ" дейді. Бітті. Қытаймен жақын болып кеткен Ресейде де жағдай осы. Қырғызстанда билік жиі ауысып жатқан бір жылдары кеңшілік болған, қазір олай емес.

Депутат Шаймардан Нурымовтың айтқаны

Мәжіліс депутаты Шаймардан Нурымов Азаттық тілшісіне: «Олар (Қазақстандағы ұйғырлар – ред.) Қытайдағы қысым туралы айтып, осы күнге дейін менімен жолыққан жоқ» деп жауап берді.

"ІШКІ ҚЫТАЙДАН КЕЛЕТІН АҚПАРАТ АЗ"

Азаттық: - Қазір Шыңжаңдағы ұйғырлармен байланыс бар ма?

Қаһарман Қожамберді: - Байланыс жоқ. Бұдан 5-10 жыл бұрын Қытайдан келген адамдармен сөйлесіп, өзім біреулерді жіберіп, ақпарат алып, жоспарлы түрде кітаптар жазып жүретінмін. Міне, екі жыл болды – ешқандай байланыс жоқ. Ол жақта біреу шекараның сыртына телефон соқса, шыңжаңдағылар бірден түрмеге түседі. Сол үшін байланыс жоқ. Дүниежүзілік ұйғырлар құрылтайы деректерді Тайвань, Малайзия, Индонезия, Мьянмаға қашып кеткендерден алып жатыр. Ішкі Қытайдан келетін де ақпарат бар. Ал негізінен біздің тікелей байланысымыз жоқ. Не болып жатқанын анық білмейміз.

Азаттық: - Қазақстанда этникалық ұйғырлар арасында туысынан айырылған, шамамен, қанша отбасы бар?

Қаһарман Қожамберді: - Ондай дерек жоқ. [Туыстары қамалғандар] ашық айтудан қорқады. Мен "келіңіздер, шетелге керек болып жатыр" деп талай айттым. Үндемейді. Оның үстіне, мұндағылар Қытайдағы ағайынымен барлық байланысын үзген. Телефондарына хабарласпайды, хабарласса, алуға қорқады. Себебі сөйлессе, түрмеге қамауы мүмкін. Шетелде оқыған, я шетелге барғандардың барлығын ұстап жатыр. Қытайдағы зиялы қауымға [билік] "Сен Қытайды күшті дейсің, бірақ шын ойың олай емес" деп "екіжүзді" айыбын тағып жатыр. Мәселен, Шыңжаң университетіндегі Ұйғыр басқармасында жұмыс істейтіндердің барлығы қазір түрмеде отыр. Бұдан бөлек, танымал "Шыңжаң" газеті бар. Қазақ, ұйғыр редакциясы бір жерде отырады. Солардың бас редакторынан бастап бөлім басшыларына дейін "қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" алып кетті. Ал ол – негізінде түрме. Түрмеден де жаман.

"БҰЛ – МӘДЕНИ ГЕНОЦИД"

Азаттық: - Қытай тілі мен мәдениетін ұйғыр балаларға мәжбүрлеп үйретіп жатыр деген ақпарат айтылады. Рас па?

Қытай тарабы не дейді?

Пекин "Шыңжаңда азаптаулар мен қудалау барын" айтатын құқық қорғау ұйымдарының сөзін жоққа шығарып келген. Ал қыркүйектің 13-і күні Қытайдың адам құқығы бюросының өкілі Ли Сяоцзюнь Reuters агенттігіне берген сұхбатында: "Орталықтарда еш қысым жоқ. Кәсіби біліктіліктерін шыңдап, тренингтерден өтеді. Кейін жақсы жұмыс тауып, негізгі заңдарымызды үйреніп шығады" деген. Ал Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген. БҰҰ Қытайдың шамамен миллион ұйғырды "экстремизммен күрес орталықтарында" ұстап отырғанын мәлімдеді. Комитеттің дерегінше, бұдан бөлек тағы миллион азамат тәрбиелеу лагерьлерінде қамауда отыр.

Қаһарман Қожамберді: - Рас. Кейбір отбасыларда әкесі де, шешесі де "қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" сотсыз тоғытылады. Үйінде кішкентай балалары қараусыз қалады. Қытайдың үлкен қалаларының барлығына мұндай балаларды жинайтын "балалар үйі" бар. Тәрбиелеушілерінің барлығы – қытайлар. Қытайша сөйлеп, қытай тілінде оқытады. Мұндай орталықтар қоршауға алынған, сақшылар күзетіп тұрады.

Азаттық: - Бұл балаларды кейін шығара ма?

Қаһарман Қожамберді: - Мұны ешкім білмейді. Бірақ туысқандары келіп, "алып кетейік" десе, жақын жолатпайды. Ешкім кірмейді. Ал лагерьге түскен ересектер сот болып, нақты бір шешім шықпағаннан кейін шығар-шықпасынан өздері де бейхабар отырады. Менің білуімше, түрменің екі түрі бар. Бірінен шығуға болады, екіншісінде соттап, басқа жаққа жібереді. Одан шыға алмайды. Мақсаты – адамның "миын шаю", ұлттық кіндігімізді алып тастау, дінді, тілді қытайландыру. Коммунистік партия қалай айтса, сол жолмен жүретін адамды шығару. Оларды соған дейін ұстайды. Бұл – мәдени геноцид.

Азаттық: - Лагерьден шыққан адамдардың күйі қандай?

Қаһарман Қожамберді: - "Түбегейлі өзгеріп кетеді" деген ақпарат келіп жатыр. Барлығын "дұрыс" дейді, басын түсіріп жүреді. Ішінен бірдемесін суырып алғандай. Психологиялық жағынан әсер етеді. Қазір Қытайда таң намазы әнұран айтып, байрақ көтерумен басталады. Ойлап көрсеңіз, мұндай нәрсе дүниеде жоқ. Тіпті Мао Цзэдун кезінде бұлай болмаған. Намаз оқитын жерлерді де аймақтық партком бекітіп берген.

Азаттық: - Ұйғыр автономиясының қазіргі ахуалынан хабарыңыз бар ма?

Қаһарман Қожамберді: - Шетелде көбі "сіздердің автономияларыңыз бар ғой" деп түсінбейді. Автономия – қағазда ғана, оны Қытайдың партком жүйесі басқарады. Партком не десе, сол болады. Автономиялық аймақтардың үкіметі бар. Ауданның төрағасы парткомға мүше болады. Ол парткомның бірінші хатшысының, орынбасарларының айтқанынан шыға алмайды. Өз басымен түк те істей алмайды. Автономиялық территория бойынша заң бар. Ол заң жұмыс істемейді. Және бір ерекшелігі – автономиялық аудандарда арнайы әскер бар. Ең жақсы жерлер, таулардың маңы – бәрі солардың қолында. Олар да басқарады: ауылдарды тексеру құқығы бар, адамдарды ұстау құқығы бар. Өздерінің бөлек түрмесі бар. Одан басқа автономия ішінде ұйғырлар, қазақтар "сақшы" деп атайтын "Азаттық армиясы" жұмыс істейді. Оның 60 пайызы – қытайлар, қалғаны – жергілікті тұрғындар. "Сақшыдағы" жергілікті адамдардың кейбірі – этникалық қытай сақшылардан да қатігез.

Азаттық: - Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG