Accessibility links

Алматыда Қытайда қамаудағы туыстарын босатуға көмек сұрады


Қытайда "саяси үйрену орталықтарында" қамауда отырған туыстарының суреттерін ұстаған адамдар баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 12 қыркүйек 2018 жыл.

Алматыда Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағынан (әрі қарай Шыңжаң - ред.) Қазақстанға көшіп келген қазақ отбасыларының бір топ өкілі 12 қыркүйекте баспасөз мәслихатын өткізіп, Қытайда қамауда отырған туыстарын босатуды сұрады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиынға Шыңжаң аймағының Дөрбілжін ауданынан көшіп келген 30-ға тарта қазақ қатысты. Олар Қытайда туыстарының жазықсыз қамауда отырғанын айтып, БҰҰ атына үндеу оқыды.

Жиынды ұйымдастырған Ақиқат Қалиолланың айтуынша, Қытайда тұратын әкесі, шешесі және екі інісі алты айдан бері "саяси лагерде" қамауда жатыр. Жиынға келгендер әрқайсысының алды екі, тіпті төрт, бес туысының "саяси үйрену лагерлерінде" қамауда отырғанын айтып, БҰҰ-ның Адам құқықтарын қорғау комитетінен, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан және сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтан туыстарын босатуға араласуын сұрады.

Баспасөз мәслихатынан соң жиналғандар БҰҰ-ға жазған үндеуінің бір данасын Қытай консулдығына тапсыруға барғанымен, әзірге консулдықтан олармен сөйлесуге ешкім шықпады.

​Қытайда жергілікті қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы 2017 жылдың сәуір айынан хабарлана бастаған. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезіндееуропалық қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген.

Оқи отырыңыз: Қытай мұсылмандарына қысым жасалғаны туралы жаңа дерек жарияланды

Биыл мамыр айында Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов "Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін "Қытай азаматтығынан шығу заңдылығын бұзған болуы ықтимал" деген күдікпен Қытайда ұсталған этникалық қазақтар туралы журналистер сауалына жауап берді.

Министр жауабында: "Бізде дәл қазір 170-тей этникалық қазақ туралы мәлімет бар. Әрбір адам бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деп айтқан. Бұдан бөлек, Қытайда қамауда болған бірнеше азаматтың босап шыққаны белгілі болған.

Оқи отырыңыз: Қытайға "кіріптар" Астананың "сақ" дипломатиясы

Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жазып келеді. Тамызда The Financial Times газеті Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың хикаясын баяндап, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін туралы мақалаға жазған. Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин мақалаға жазған жауап хатында басылым дерегін "жұртты шатастыратын ақпарат" деп, Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG