Accessibility links

Сайрагүл Сауытбай "заң бұзуға мәжбүр болғанын" айтады


Сайрагүл Сауытбай "шекара заңын бұзғанын мойындады"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:25 0:00

Алматы облысы Жаркент кентіндегі Панфилов аудандық сотында Қытай азаматы Сайрагүл Сауытбайға қатысты сот процесі жалғасты. Қытай қазағы сотта шекарадан не үшін заңсыз өткенін айтып берді.

Шілденің 13-інде соттың екінші отырысы белгіленген уақытында, яғни таңғы сағат оннан өте басталды. Сот алдындағы қауіпсіздік шарасы күшейтілді. Залға кіргісі келгендерге полиция кедергі болған жоқ. Тек әр адамның қалтасы мен сөмкесін тінтуір құралмен мұқият тексеріп кіргізді.

Сот процесі өтетін шағын зал журналистер мен айыпталушы Сайрагүл Сауытбайға қолдау білдіріп келгендерге толды. Сотта соңғы кездері Қытайдағы этникалық қазақтарға қысым жасала бастағаны жайлы баспасөзге жиі шығып жүрген белсенділер де болды.

Сот басталар алдында полиция қызметкерлері қолына кісен салынған Сайрагүл Сауытбайды айыпталушының әйнекпен бөлінген орнына отырғызып, кісенін шешті. Белсенділер мен туыстары Сайрагүл Сауытбаймен тілдесіп қалуға тырысты.

Полиция Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың қолына кісен салып жатыр. Жаркент, 9 шілде 2018 жыл.
Полиция Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың қолына кісен салып жатыр. Жаркент, 9 шілде 2018 жыл.

Бұл жолғы сот ісі қазақ тілінде жүргізілді. Сотқа қатысушы тараптарды түгендеген судья Динара Құйқабаева куәгерлерді сот залынан шыға тұруды сұрап, керек кезде шақыратынын айтты. Сот залында отырған Сайрагүл Сауытбайдың ері Уәли Ісләм сотқа куәгер ретінде қатысу үшін шығып кетті.

Сотқа келген БАҚ өкілдерінің сұрауымен судья іске қатысушы тараптар: айыптаушы прокурор Арзыгүл Имряевадан, Сайрагүл Сауытбайдың өзі мен адвокаты Абзал Құспаннан сотқа қатысушылардың фото және видеокамераға түсіруіне келісетінін, я келіспейтінін сұрады. Екі тарап келісім берген соң фото және видеоға түсіруге рұқсат берілді. Бірақ сот Сайрагүл Сауытбай шекарадан қалай өткені жайлы айтқанда видеотүсірілім уақытша тоқтатылатынын хабарлады. Судьяның сөзінше, бұл - "қылмыс әдісінің таралмауы" үшін қолданылатын шара.

"ҚАЗАҚСТАНДА КЕЗ КЕЛГЕН ЖАЗАҒА ДАЙЫНМЫН"

Судья алғашқы сөзді мемлекеттік айыптаушы прокурор Арзыгүл Имряеваға берді. Тағылған айыпты оқыған Арзыгүл Имряеваның сөзінше, Сайрагүл Сауытбай Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен және Қылмыстық кодекстің 392-бабы ("Қазақстанның Мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту") бойынша қылмыс жасаған.

Бұл бапта "Қазақстан аумағынан тысқары жерге бес жыл мерзімге шығарып жіберіп, бір мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы" көрсетілген. Прокурор Арзыгүл Имряева Сайрагүл Сауытбайдың нақты қандай жолмен өткенін айтқанда судья белсенділер мен БАҚ өкілдеріне бұл жөнінде ақпаратты таратуға болмайтынын ескертті.

Сайрагүл Сауытбайдың соты. Жаркент, 13 шілде 2018 жыл.
Сайрагүл Сауытбайдың соты. Жаркент, 13 шілде 2018 жыл.

Прокурор сөзінен соң сот тергеуіне алынған Сайрагүл Сауытбайдың сөзін сот залындағылар мұқият тыңдады. Сайрагүл шекарадан қалай өткені жайлы айтып берді. Бірақ судья журналистер мен белсенділерге ол туралы ақпарат таратуға тыйым салды.

Сайрагүлдің айтуынша, ол Қытай компартиясына мүше болған және мемлекеттік құпияны білген. "Компартияға мүшелік" Қытайдан отбасымен Қазақстанға көшіп келуіне кедергі келтірген.

Сотта Сайрагүл күйеуі мен балалары Қазақстанға кеткеннен кейін Қытай полициясы қысымға алып, "Қытай ақпараттарын Қазақстанға жеткізуші" деп айыптай бастаған айтты.

Менің сот залында саяси лагерь туралы айтқанымның өзі құпияны ашқан болып саналады. Өмірімді сақтап қалу, отбасыма қосылу үшін заң бұзуға мәжбүр болдым.

- Шетелдіктермен байланысы бар адам деп қылмыскер қатарына жатқызды. Қытай төлқұжатын алып қойды. Компартиядан шығу сатқындық болып есептеледі. Балабақша директоры болдым. Ол мемлекеттік қызмет болып саналады. 2018 жыл басына тау арасындағы саяси тұтқындар лагеріне еріксіз қызметке қойды. "Саяси лагерьдегі жайды сыртқа шығарсаң, мемлекеттік құпияны ашпау туралы заңды бұзсаң өлім жазасына кесілесің" деп қағазға қол қойдырды. Ол лагерьде 2500-дай қазақ қамауда отырды. Менің сот залында саяси лагерь туралы айтқанымның өзі құпияны ашқан болып саналады. Өмірімді сақтап қалу, отбасыма қосылу үшін заң бұзуға мәжбүр болдым. Атамекенімнен пана іздеп келдім. Мені Қытайда тек қана өлім жазасы күтіп тұр. Қазақстанда кез келген жазаға дайынмын, - дейді ол.

Сайрагүл Сауытбай Қазақстанда құқық қорғау органдарына өзі бармақ болғанын, бірақ ауруханаға жатып қалғанын айтады. Оның сөзінше, ауруханадан шығысымен Қазақстанның ҰҚК қызметкерлері ұстап әкеткен.

Сайрагүлдің ісіне куә ретінде қатысқан күйеуі Уәли Ісләм Қытайда үйі, жер участогы, көлігі және ірі көлемде ақшасын тастап кеткенін айтты.

ПРОКУРОРМЕН КЕЛІСІМГЕ КЕЛУ ӨТІНІШІ

Сот отырысы түскі үзіліс кезінде Азаттық тілшісі адвокат Абзал Құспанмен сөйлесті.

- Сайрагүл Сауытбай шекара тәртібін мәжбүрліктен бұзды. Қытайда өміріне қауіп төнді, құқығы аяққа тапталды. Ал Қазақстан - адам құқығы бойынша халықаралық пактіге қол қойған мемлекет. Сондықтан Сайрагүл Сауытбай Қытайға берілмеуі тиіс, - деді адвокат.

Түскі үзілістен соң судья Динара Құйқабаева Сайрагүл Сауытбайдың прокурормен процесуалдық келісімге келу туралы өтінішін қабылдап, келесі сотты шілденің 23-іне қалдырды.

Отырыстан шыққан журналистер мен белсенділер сотқа келген Қытай консулдығының екі өкіліне сұрақ қоймаққа тырысты. Алайда олар қандай да бір пікір айтпаған күйі көліктеріне мініп кетті.

Мамырдың 21-і күні Сайрагүл Сауытбайды ҰҚК қызметкерлері Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылындағы үйінен ұстап әкеткен.

Шілденің 9-ына басталған алғашқы сот отырысы Сайрагүл Сауытбайдың сот отырысын мемлекеттік тілде жүргізуде сұраған. Осыдан кейін сот кейінге қалдырылған. Алғашқы сот отырысында Сайрагүл Сауытбайға қытай тіліне аудармашы берілген еді.

Оқи отырыңыз: Сайрагүл сотының алғашқы отырысы қалай өтті?

Уәли Ісләм биыл мамырда әйелі Сайрагүл Сауытбайды Қазақстан ҰҚК қызметкерлері "Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті" деген айыппен ұстағанын хабарлаған. Кейінірек Сайрагүл Сауытбайдың Талдықорғандағы тергеу изоляторында отырғаны белгілі болған.

Қытайдан "заңсыз өткен" Сайрагүл Сауытбайдың соты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:01 0:00

Туыстарының айтуынша, "Сайрагүл Сауытбай Қытайда балабақшада жұмыс істеген және аймақтағы саяси тәрбие лагерьлерінде мұғалімдер дайындаған. Бюджеттен ақша алғандықтан ол мемлекеттік қызметкер санатына кіріп, Қытай оның сыртқа шығуына рұқсат етпей отыр".

Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләм мен екі баласы Қазақстан азаматтығын алған. Ерлі-зайыпты Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай екі баласымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келмек болған.

Қазанның 31-і күні Астанадағы "Бейжің сарайы" қонақүйінде болған журналистермен кездесуінде Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Хань Хуей журналистер қойған сауалға орай Шыңжаңда "заңсыз әрекеттер болып жатқанын" мойындаған. Ол Қытай коммунистік партиясының қазанның 24-інде аяқталған 19-съезі қарсаңында Шыңжаңда азаматтарды "қатаң қадағалау мен тексеру шаралары" жүргізілгенін айтқан.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG