Accessibility links

Тұрғын: Әйелімді Қытайға қайтармасын


Алматы облысының тұрғыны Уәли Сіләм баспасөз мәслихатында (Оңнан солға қарай: белсенді Серікжан Біләл, Уәли Сіләм және оның екі баласы мен інісі). Алматы. 25 мамыр 2018 жыл
Алматы облысының тұрғыны Уәли Сіләм баспасөз мәслихатында (Оңнан солға қарай: белсенді Серікжан Біләл, Уәли Сіләм және оның екі баласы мен інісі). Алматы. 25 мамыр 2018 жыл

Алматы облысының тұрғыны Уәли Сіләм әйелін “Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті” деген айыппен Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) өкілдері алып кеткенін айтады.

Оның айтуынша, 21 сәуір күні күндіз өздерін “ҰҚК өкіліміз” деп таныстырған екі азамат Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек ауылында орналасқан үйіне келіп, әйелі Сайрангүл Сауытбекті «бірнеше сауал қоямыз және құжаттарыңды бітіріп беруге көмектесеміз» деп алып кеткен. Алайда Қорғас кеден бекетіне барғаннан кейін оның шекараны заңсыз бұзып өткенін айтып, ол жерде ұстап алып қалған.

- Әйелім Сайрангүл Сауытбек сәуір айында Қытайдан келді. Өзім 2016 жылы Қазақстанға келгенмін. 2017 жылдан Қазақстан азаматымын. Бірақ әйелім мемлекеттік қызметте істегендіктен оның жеке құжаттарын сақшылар тартып алған болатын. Содан бері Қазақстанға келе алмады. Бірақ сәуір айында шекарадан өтіп келді. Ал құжатсыз қалай өткенін өзім де білмеймін. Маған да айтпады, - дейді Уәли Сіләм 25 мамырда Алматыда бір топ белсенді қатысқан баспасөз мәслихатында.

Ол әйелінің Қорғас кеден бекетіндегі “бір күндік визасыз режимді” пайдаланып, Қазақстан жағына қарай өтіп кетсе керек деп жорамал жасайды.

Уәли Сіләмнің пікірінше, Қытай билігі Сайрангүл Сауытбекті “заңсыз шекараны кесті” деп айыптап отырғандықтан және оның әлі Қазақстан азаматтығын алып үлгермегендіктен арнайы органдардың оны көрші елге экстрадициялау мүмкін екенін айтады.

- Бұған жол беруге болмайды. Әйелімді Қытайға бермесін. Егер заңсыз шекарадан өткен болса, оны Қазақстанда соттасын, - деді Уәли Сіләм.

Ол ақпарат құралдары арқылы Қазақстан билігінен мәселені шешіп беруді сұрап отыр.

Уәли Сіләм мен Сайрангүл Сіләмнің кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы бар. Олар да бүгінгі баспасөз мәслихатына келген. Балалары Қазақстан азаматтары.

Сайрангүл Сіләм Қытайдың Моңғолкүре ауданында тұрған. Балабақшада меңгеруші боп жұмыс істеген.

Азаттық тілшісі ҰҚК-не хабарласқан әзірге, нақты жауап ала алмады.

Бұған дейін Қытай қазақтарының қысым көріп жатқаны туралы көп ақпарат шықты. Қытайда қазақтардың қысым көре бастағаны туралы 2017 жылдың сәуір айынан бастап хабарлана бастаған болатын. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезінде германиялық қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген.

Назарбаев Шыңжаңда қамалған қазақстандықтардың мәселесін шешуді Сыртқы істер министрлігіне тапсырған. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған дейін берген сирек комментарийлерінде Қытайда қамалған қазақстандықтардың бар екенін растап, оларды босату бойынша Пекинге нота жолдағанын, Шыңжаң өлкесінің жетекшілігімен келіссөз жүргізгенін айтқан. Бұл әрекеттің нәтижесі туралы Азаттық бүгінге дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне де, Қытайдың елшілігіне да бірнеше ресми хат жолдап, сауалдарына жауап ала алмай отыр.

Қазақтар Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Іле-Қазақ автономиялық облысына қарасты аудандары мен қалаларында, Алтай, Тарбағатай аймақтарында, бұлардан басқа тағы бірнеше өңірлердегі қазақ автономиялық аудандарында, Үрімжі қаласында көбірек шоғырланған. Қытайдың 2000 жылы жүргізген халық санағы мәліметтері бойынша, елдегі этникалық қазақтар саны 1 миллион 250 мың болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG