Accessibility links

Қытай камераларынан қауіп бар ма?


Қытайдың Қазақстандағы бақылау камералары: күдік пен қатер
please wait

No media source currently available

0:00 0:22:41 0:00

Қытайдың Қазақстандағы бақылау камералары: күдік пен қатер

Әлемдік бейнебақылау камералары нарығында Қытайдың технологиялық компаниялары үлкен үлеске ие. Олардың негізгісі – Hikvision мен Dahua Technology. Бұл екі компания әлемнің басқа елдері сияқты Қазақстанда да кеңінен қолданылады. Кейбір Батыс елдері оларды пайдалануға ішінара шектеу қойған.

Қытайлық Hikvision және Dahua Technology камералары Қазақстанға қаншалық көп импортталады? Олардан келетін қауіп-қатер бар ма? Ақпараттың үшінші тарапқа берілуі мүмкін бе? Азаттық сауда деректерін жинақтап, сауалдың жауабын технология саласының сарапшыларына қойып көрді.

ҚЫТАЙЛЫҚ КАМЕРАЛАРҒА КҮДІК НЕДЕН ПАЙДА БОЛДЫ?

Батыс елдері кейінгі жылдары ақпараттық қауіпсіздік тұрғысында бейнебақылау индустриясында Қытай үкіметімен байланысы бар компаниялардың өніміне күдікпен қарай бастады. Неге олай екенін түсіндіруге тырысайық.

2019 жылы АҚШ Hikvision мен Dahua Technology-ға "Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға атсалысты" деп Қытайдың бір топ компаниясымен бірге санкция салған. Ақпаратқа қарағанда, жаңартылған камералар көшедегі адамды танып, оның ұлтын анықтап, құзырлы органға жеке дерегін шығарады. Бақылау технологияларын өндіретін компаниялар Шыңжаңдағы мешіт, мектеп, көше, қамау орталықтарында камераны көбейткені үшін ғана емес, кибер қауіпсіздік, Қытай билігімен тығыз байланысы бойынша да алаң тудырған. Сол кезеңде Пекин АҚШ-тың санкциясын қате шешім деп, түзетуді сұраған.

Қытай астанасы Пекиндегі бақылау камерелары. Reuters фотосы.
Қытай астанасы Пекиндегі бақылау камерелары. Reuters фотосы.

Кейін Ұлыбритания және Австралия үкіметтері ұлттық қауіпсіздік мәселесін көтеріп, мемлекеттік және стратегиялық нысандарға Hikvision және Dahua Technology компанияларының өнімдерін орнатуға тыйым салып, бұрын қойылғандарды алып тастау туралы шешім шығарған. Бұған Қытайда жеке компаниялардың дерегіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін ұлттық барлау туралы заңның қабылдануы, компаниялардың өнімінде хакерлік шабуылға ұшырайтын және өндіруші компанияға аян "ұрымтал тұстардың" болуы сияқты себептер әсер еткен.

Былтыр британиялық BBC телеарнасы америкалық бейнебақылау индустриясын зерттейтін IPVM компаниясымен бірігіп Hikvision камерасына эксперимент жасаған. Хакер BBC телеарнасы ғимаратында тұрған қытайлық Hikvision бейнебақылау камерасын 11 секундта бұзып кірген. Ары қарай камераны басқарып, не болып жатқанын бақылай алған.

Hikvision компаниясы зерттеуге байланысты "бұл кемшілік 2017 жылы түзелген, біз басқа елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндірмейміз" деп жауап берген. Әрі зерттеу авторлары мен оған қатысқан IPVM ұйымы көпшілікті адастырды деп айыптаған.

Тағы бір зерттеу. Азаттықтың Украин редакциясы жақында кибер қауіпсіздік мамандарымен бірге қытайлық екі көшбасшы Hikvision және Dahua Technology компаниялары 2015, 2019, 2023 жылы шығарған өнімдерге тест жасады, сынақтан өткізді. Нәтижесінде ескірек бақылау камераларына хакерлік шабуыл жасау оңай екені белгілі болды.

Жаңа камераларды бұзып кіру қиынырақ болған. Интернетке қосылған камералар жазылған ақпаратты шифрланған күйде қытайлық компанияның иелігіндегі және олар жалға алып отырған серверлерге жөнелткен. Ал деректің бір бөлігі Қытайдың мемлекеттік Chinanet провайдеріне қарасты серверге кеткен.

Украиналық сарапшылар Қытай компаниялары деректерді басқыншылық соғыс жүргізіп жатқан Ресейге беруі мүмкін дегенді айтты. Себебі Мәскеу мен Пекин 2021 жылғы келісім бойынша әскери әріптестік негізінде өзара барлау деректерін алмасады. Бұл ақпарат АҚШ Конгресінің былтырғы зерттеуінде айтылған.

Зерттеу авторлары Hikvision және Dahua компанияларына камералардың қауіпсіздігі және Ресеймен әріптестігі жөнінде бірнеше сұрақ жіберген, бірақ жауап келмеген.

HIKVISION МЕН DAHUA-НЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САУДАСЫ

Hikvision компаниясының 36,35% акциясы Қытайдың мемлекеттік China Electronics Technology HIK Group компаниясына тиесілі.

– Hikvision-ді мемлекет құрды. Мемлекет бақылайды. Қаржы есептерінде солай жазылған, – дейді бейнебақылау индустриясын бақылайтын IPVM ұйымының үкіметтік зерттеулер бойынша директоры Конор Хили.

Қытайдың Ханчжоу қаласындағы Hikvision компаниясының штаб-пәтері. 2019 жыл. Reuters фотосы.
Қытайдың Ханчжоу қаласындағы Hikvision компаниясының штаб-пәтері. 2019 жыл. Reuters фотосы.

Сарапшы Қытай үкіметін компанияның ірі акционері деп емес, бақылаушы акционері деп қарау керегін айтады.

Dahua Technology компаниясының ең ірі мемлекеттік акционері – China Mobile телекоммуникация компаниясы. China Mobile-дің үлесі 10%-ға жуықтайды. Dahua Қытай үкіметін акционерлердің бірі екенін жоққа шығармайды және ол компания жұмысына ықпал етпейді деп мәлімдеген. Орталық Азия істері бойынша Oxus қоғамының басқарушы директоры Бредли Жардиннің сөзінше, Қытай үкіметі қажет етсе, компания саясатына араласып, қажет деректі ала алады.

– Компаниялардың мемлекеттен іргесін аулақ салуға тырысуынан ештеңе шықпайды. Ондай жоқ. Сайып келгенде, Қытай үкіметке жеке компаниялардың дерегін алуға рұқсат беретін заң қабылдап қойған. Бұл жағдайда осы компаниялар қанша жерден мемлекеттен тәуелсіз болып, тұтынушыларының және өз дерегін қорғағысы келсе де, Қытайда деректерді қорғаудың стандарты жоқ деуге болады, – дейді Бредли Жардин.

2019 жылы Қазақстан президенті Қытайға cапарында Hikvision компаниясының штаб-пәтеріне барған. Елге келген соң Астанада өткен жиында Қазақстан қалалаларын цифрландыру үшін Қытай тәжірибесін үлгі еткен. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай қалаларын "өте терең цифрландырған" деп мақтаған.

Экранды түртіп қалсаң, адам жайлы бар ақпарат шығады. Қай жылы институт бітірді, бос уақытында қайда барады, қандай кредиті бар, бәрі шығады, – деген Тоқаев. Ары қарай үкімет өкілдеріне қарата сөзін "бізге осы бағытқа жүру керек, бұл – әлемдік тенденция" деп жалғаған.

Қытайға сапарлаған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев делегациясымен бірге Hikvision компаниясының кеңсесінде тұр. Ханчжоу қаласы, 2019 жыл, 12 қыркүйек. Сурет иесі: Akorda.kz
Қытайға сапарлаған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев делегациясымен бірге Hikvision компаниясының кеңсесінде тұр. Ханчжоу қаласы, 2019 жыл, 12 қыркүйек. Сурет иесі: Akorda.kz

Қазақстанға сырттан жыл сайын жалпы құны бірнеше миллион доллар болатын камералар әкелінеді. Қазақстанға импортталатын бейнебақылау камералары мен оған қатысы бар жабдықтардың негізгі үлесі Қытай компанияларына тиесілі. Оны нақты сандарға қарап байқауға болады.

Халықаралық сауда-саттықта бейнебақылау камералары өзге де видео таспалайтын камералармен қатар 8521 және 8525 деген тауар кодымен рәсімделеді. Олардың ресми құжаттағы атауы мынандай:

  • 8521 – видеотюнері қосылған не қосылмаған бейне таспалағыш және ойнатқыш аппарат
  • 8525 – радиохабар немесе телехабарға арналған, қабылдағыш, дыбыс жазғыш немесе дыбыс ойнатқыш құрылғысы бар аппаратура; теледидар камералары, цифрлы камералар және таспалаушы бейнекамералар

Қазақстан Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2021 жылы Қазақстан 8521 кодымен сипатталатын тауар түрін шетелден 1 млн 282 мың долларға импорттаған. Мұндағы Қытай экспортының үлесі – 812 мың доллар. Яғни, жалпы импорттың 63,42 пайызы. Екінші, үшінші орындағы экспорттаушылар Словакия мен Ресейдің үлесі бұдан 3,6 есе аз.

Ал 8525 кодымен сипатталатын тауар 5 млн 940 мың долларға импортталған. Бұл тауардың да 60 пайызға жуығы Қытайдан келген.

2022 жылы Қазақстанға видеокамера импорты 10 есе өскен. 8521 кодымен тауар 12 млн 733 мың долларға келген. Оның 63 пайызы (63,51%) Қытай компанияларына тиесілі өнім.

8525 кодымен сипатталған тауар 59 млн 733 мың долларға импортталған. Оның 58 пайыздан астамы (58,11%) Қытайдан әкелінген.

Қытайдың бейнебақылау камералары бір ғана компаниядан келіп жатқан жоқ. Өндіруші өте көп. Соның ішінде жоғарыда аталған Hikvision және Dahua Technology компанияларының көрсеткіштеріне көз салсақ.

Sinoimex дерек базасының ақпаратына сәйкес, 2018 жылдан бері осы екі тауар түрін Қытай тарабы Қазақстанға 195,9 млн долларға экспорттаған. Sinoimex дерек базасына барлық кеден дерегі ене бермейтіндіктен, бұл соманы кемінде деп айтқан жөн.

Sinoimex дерек базасының мәліметінше, Қытайдан Қазақстанға 2018-2023 жылдар аралығында Hikvision мен Dahua камералары кемі 117 млн долларға жеткізілген. Азаттық видеоматериалынын скриншот.
Sinoimex дерек базасының мәліметінше, Қытайдан Қазақстанға 2018-2023 жылдар аралығында Hikvision мен Dahua камералары кемі 117 млн долларға жеткізілген. Азаттық видеоматериалынын скриншот.

Оның ішінде 39,6 млн доллар Dahua Technology компаниялар тобының, 77,3 млн доллар Hikvision компаниялар тобының өнімі. Яғни, Hikvision және Dahua Technology компанияларының бейнебақылау камераларын Қазақстан тарабы 6 жыл ішінде 117 млн долларға импорттаған.

Кеден декларацияларында Dahua Technology мен Hikvision өнімдерін Қазақстанда тіркелген 20-дан астам компания импорттаған.

Бұл компаниялардың кейбірі тендер алып, мемлекеттік тапсырыс орындайды. Мәселен, Dahua Technology Kazakhstan компаниясы серіктестер қатарына қосқан "АЛМАД–2050" компаниясы мемлекеттік тапсырып алып, Астана әкімдігіне қарасты мекемеге бейнебақылау жүйесін орнатқан. Тендер құжатының техникалық сипаттамасында тауардың маркасы Dahua деп көрсетілген.

"Дистрибьюшн Центр Ин Ко" ЖШС Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасқан Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты N28237 әскери бөліміне Hikvision компаниясының бейнетіркегіші мен аналық тақта жеткізген.

"Торговый дом Intant" мекемесі Hikvision камераларын қолдану бойынша "Ядролық физика институтында" біліктілікті арттыру курстарын өткізген.

Қытайлық бейнебақылау камераларына мемлекеттік мекеменің тендер ойнатуы, жеке компаниялардың оны орнатуы ешқандай заңға қайшы емес. Бірақ Қытай компанияларының өнімі хакерлік шабуылға оңай ұшырай ма, бейнебақылау камераларындағы ақпаратты Қытай билігі өз қажетіне қолдана ма деген көкейкесті сауал бар.

КАМЕРАЛАР ТҮСІРГЕН ДЕРЕК ҮШІНШІ ТАРАПҚА КЕТЕ МЕ?

Сауда деректеріне қарағанда, Қазақстанда Қытайдың мыңдаған бейнебақылау камерасы бар. Олардың қанша пайызын қарапайым тұрғындар қолданатыны жөнінде нақты есеп жоқ. Мемлекеттік, әскери, қауіпсіздік нысандары бойынша да солай. Жоғарыдағы тендер деректеріне қарағанда, олардың ішінде қытайлық камералар бар екені де анық.

Мысалы, қорғаныс министрлігі Азаттыққа "Қазақстан Қарулы күштеріне қарасты ғимараттар 100 пайыз бейнебақылау жүйесімен жабдықталғанын, камералардың маркасы әртүрлі екенін" хабарлады. Камералардың маркасы мен өндірушілері туралы ақпарат бермеді. Министрлік "бақылау камералары сырттан бұзып кіруден қорғалған және мұқият тексерілген" деп мәлімдеді.

Азаттық сөйлескен IPVM өкілі Конор Хили "камераларда жазылған ақпараттың үшінші тарапқа кетпеуіне ешқандай кепілдік жоқ" дейді. Оның сөзінше, жалғыз сүйенетін нәрсе – сенім.

IPVM компаниясының үкіметтік зерттеулер бойынша директоры Конор Хили. thecrimson.com сайтындағы сурет
IPVM компаниясының үкіметтік зерттеулер бойынша директоры Конор Хили. thecrimson.com сайтындағы сурет

– Өндірушіге сенеміз бе? Бұлтты сервер қызметін ұсынушыға сенеміз бе? Болды. Басқасы – дабыра мен үкіметтің ақталуы ғана. Қазақстан үшін күнделікті қолданатын жүйені біз бақылап, басқарып отырмыз ба деген стратегиялық сұрақ болуға тиіс, – дейді сарапшы.

IPVM өкілі мемлекет технологияны өндіруші елге "тәуелде болмауы" үшін өз өнімін жасауы керек не бірнеше елдің бақылау жүйесін қолданып, әртараптандыруға тырысуы қажет деп есептейді.

– Қоғамдық маңызы үлкен мәселеде бір ғана елге сүйену – стратегиялық қауіп-қатердің классикалық мысалы. Сіздің нан алатын жалғыз адамыңыз көршіңіз болса, оның бағасын сол реттеп отырса, оған сенер ме едіңіз? – дейді ол.

Биыл наурызда Азаттықтың Румын қызметі Румынияда 28 әскери нысанның Hikvision мен Dahuа камераларымен жабдықталғанын анықтап, зерттеу жасаған. Румыния қорғаныс министрлігі "камералар қауіпсіздік үшін интернеттен ажыратылған" деп жауап берген. Интернеттен ажырату камераларды сырттан бақылау не хакерлік шабуыл қатерін азайтады. IPVM ұйымының өкілдері Hikvision мен Dahua камералары интернетке қосылмаса да, хакерлік шабуылға ұшырауы мүмкін деген.

Орталық Азия істері бойынша Oxus қоғамының басқарушы директоры Бредли Жардин Қытай компанияларының соншалық танымал болуының себебін жоғары сапалы камералар мен оның арзан бағада сатылуынан деп пайымдайды.

Орталық Азия істері бойынша Oxus қоғамының басқарушы директоры Бредли Жардин. wilsoncenter.org сайтындағы фото
Орталық Азия істері бойынша Oxus қоғамының басқарушы директоры Бредли Жардин. wilsoncenter.org сайтындағы фото

–Бұл жағдайда Қазақстанның немесе Орталық Азияның өзге де елдеріне Қытай, шынымен, озық бақылау технологияларын айтарлықтай жеңілдікпен ұсынуы мүмкін, – дейді Бредли Жардин.

Азаттық қорғаныс министрлігінен өзге де қауіпсіздік саласына жауапты мекемелерге хат жазған. Қазақстан президенті әкімшілігі үкіметтік ғимараттарда қандай бақылау жүйесі қолданылатынын жария етпеді.

Hikvision де, Dahua Technology да әлемде бейнебақылау камерасын сату бойынша көшбасшы компаниялар саналады. Олардың өнімін тіпті кез келген елден табуға болады. Қос компания да ақпарат қауіпсіздігі мен бақылау жүйесіндегі кемшіліктер туралы күмәнді сұрақтар мен айыптауларды жоққа шығарады. Техникалық кемшіліктер анықталған соң түзелгенін, хакерлік шабуыл бейнебақылау индустриясындағы барлық компанияларға ортақ қауіп екенін айтады.

"СЕРГЕК" ТЕ DAHUA КАМЕРАСЫН ПАЙДАЛАНАДЫ

Қазақстанда жол қозғалысын бақылайтын мыңдаған камерасы бар "Сергек" жүйесінің техникалық серіктесі – Dahua technology компаниясы. Көшеде ілінген "Сергек" камераларының бір шетінде "Dahua" атауы жазылып тұрады. Жазу үлгісі қытайлық компанияның ресми логотибімен бірдей. Бірақ "Сергек" камераларының заңды иесі Sergek Group та, Dahua да бір-бірін ресми серіктес деп ашық атамаған.

"Сергек" жүйесіне жаңадан қосылған Dahua Technology камералары. Kolesa.kz сайтындағы фото.
"Сергек" жүйесіне жаңадан қосылған Dahua Technology камералары. Kolesa.kz сайтындағы фото.

"Сергек" компаниялар тобы Азаттық сауалына берген жауабында Dahua-мен серіктестігін жоққа шығарған жоқ. Олардың өнімін, яғни камераларын шикізат ретінде пайдаланатынын айтты.

"Өкінішке қарай, Қазақстанда камера шығаратын өндіруші жоқ. Сондықтан біз де өз жүйемізде басқа өндірушілердің камераларын пайдаланамыз. Бірақ, сатып алынған камераларға "перепрошивка" жасаймыз" деп түсіндірді "Сергек" компаниялар тобының баспасөз қызметі.

Ресми жауапта "біз бағдарламалық жасақтаманың жаңа нұсқасын камераларға жүктейміз, ол ешқандай үшінші тарап серверлерімен байланыспайды" деп жазылған. "Сергек" – бұл технологиялық компаниялардың көпшілігіне тән тәжірибе" дейді.

Бұдан бөлек компания "камералардан түскен деректің бәрі қазақстандық серверлерде сақталады" және "ақпаратқа құзырлы органдар ғана қол жеткізе алады", "камераларға орнатылатын интеллектуалды жүйені жергілікті мамандар жасаған" деп жауап берді.

Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, "Сергек" Қазақстанда заң бұзу оқиғаларын анықтауға жақсы көмектесіп жатыр. Министрлік есебіне сәйкес, елде "Сергек" жүйесінің 22 мыңнан астам камерасы орнатылған. Оның көбі Алматы мен Астанада. Ең азы Жетісу мен Ұлытау облыстарында. Дегенмен бұған дейін "Сергек" камераларының жалпы саны 30 мыңнан асқаны да айтылған.

Қазақстандағы "Сергек" жүйесі мемлекеттік және жеке меншік әріптестік негізінде жұмыс істейді. Мұндағы жеке меншік тарап өзін "Sergek Group" компаниялар тобы деп атайды. Ондағы "Көркем Телеком" (K-TECH Astana), "Open Technologies group", "Sergek projects ltd" деген компаниялардың түпкі иесі ағайынды Қайрат және Әсет Ахметовтер. Құрылтайшылар қатарында Әлия Ахметова деген адам бар. Қазақстан қор биржасындағы құжатқа сәйкес, Ахметова – Қайрат Ахметовтің жұбайы.

"Сергек" компаниялар тобы өнімді "әзірлеуші жеке компания ретінде бейне жазбаларға қол жеткізе алмаймыз" деп түсіндірді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG