Accessibility links

Екпеге қарсылық, QazVac, жазда өршіген індет. Пандемияның екінші жылы жайлы 5 факт


2021 жылдың ақпанында Қазақстан коронавирусқа қарсы екпе науқанын бастап, вакцина айналасында түрлі алып-қашпа әңгіме, қарсылық һәм дау-дамай болды. Ал жазда елде Covid қайта өршіп, ауруханада орын жетпей, өлім-жітім мен коронавирус жұқтырғандар саны бойынша рекорд орнады.

ВАКЦИНА НАУҚАНЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Қазақстан да әлем елдері сияқты 2021 жылдың ақпанында халыққа коронавирусқа қарсы екпе салу науқанын бастады. Алғашқы кезеңде тұрғындарға Ресей билігі сынақтың үшінші фазасы аяқталмай жатып тіркеген "Спутник V" екпесі салына бастады. Халықаралық сарапшылар сол кезде сынақтың үшінші кезеңі аяқталмай жатып салына бастаған ресейлік вакцинаға күмәнмен қараған еді. Бұл жайт тұрғындардың да вакцина сапасына күдігін күшейтті. Жұрт билікті ДДСҰ тіркеген Pfizer я Moderna екпелерін алуға келісім-шарт жасаспағанын да сынады.

Кейін ресейлік "Спутник V" екпесін үкімет ұсынған келісіммен Қарағанды фармацевтика кешені шығара бастады. Бұл кешенді Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің бірі, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаев басқарады. Боранбаев мемлекетпен келісім-шарт құнын Азаттыққа айтудан бас тартқан. Кейінірек денсаулық сақтау министрлігі Қарағандыдағы кешенге екпе шығару үшін 15 миллиард теңгеден көп (36 миллион доллардан астам) қаржы бөлінгенін хабарлады. Қоғамда екпеге бөлінген қаржыны Назарбаевқа жақын адам басқаратын кешеннің алғаны қызу талқы туғызды.

"Спутник V" екпесіне деген көп күдіктен соң халық вакцина алуға асықпады. Екпе науқаны басталғанына екі ай болғанда, яғни, сәуірдің басында халықтың 0,1 пайызы ғана вакцина салдырды. Осыдан соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екпе науқаны баяу жүріп жатқанын сынап, денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға шүйлікті.

НАУҚАСТАРДЫҢ КӨБЕЮІ

2020 жылдың жазы сияқты 2021 жылдың жазында елде коронавирус өршіп, оны жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны күрт өсті. Тамызда бір күнде 8 мыңға жуық адамнан вирус табылып, 150-ден аса адам көз жұмды. Облыстардың көбі коронавирус жұқтыру қаупі жоғары "қызыл аймақтан" шықпады. Жаз айларында Қазақстан коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар жөнінен Орталық Азияда бірінші орында болды.

Денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен ауырғандарды емдеу хаттамасы "халықаралық талапқа сай келетінін", ал науқастар мен өлімнің артуына басты себеп – вакцина алмағандардың көп болуы деді. Тағы бір себеп ретінде коронавирустың Үндістанда шыққан дельта штамын атады.

Елдің басым бөлігінде науқастар жұқпалы аурулар ауруханасына сыймай, басқа ауруханаларды коронавирус қабылдайтын орталық етіп бейімдеді.

Билік "денсаулық сақтау жүйесіне түсер салмақ артып, күніне 5-6 мың адамға медициналық көмек көрсетіп жатқанын" айтқан. Бірақ бұл кезде әртүрлі созылмалы дертке шалдыққан науқастар жоспарлы емнен қағылды.

– Жазда індет өршігенде жоспарлы ем азайды, науқастар көмек ала алмай шектеліп қалды. Ауруы қатты дендеп, өз-өзін емдей алмайтын кісілер қатты қиналды. Қанша дәрігеріміз өмірден өтті, қаншасы бізде жалақы аз болған соң шетелге кетіп жатыр. Елде медицина қызметкері тапшы. Медициналық көмектің жетпеуінің бір себебі – осы. Жазда өлім көп болды. Коронавирустан марқұм болғандардың 80-90 пайызы – созылмалы ауруы бұрыннан бар науқас адамдар, коронавирус олардың сол баяғы дертін қоздырып жіберді. Көбіне бұрыннан жүрегі ауыратын, тамыр ауруы, қант диабеті бар егде кісілерден айырылдық, – дейді "Аман-саулық" қоғамдық қоры президенті Бақыт Түменова.

ЕКПЕГЕ НАРАЗЫЛЫҚ

Жазда жағдай қиындаған тұста үкімет қызмет көрсету саласында және мемлекеттік қызметте, кеңседе жұмыс істейтіндерге екпе алуды міндеттеді. Осыдан соң екпе алғысы келмегендер вакцина паспортын заңсыз сатып алу жолын іздестіре бастады. Полиция органдары екпе паспортын сатқан бірнеше адамның (арасында дәрігерлер де бар) үстінен іс қозғады. Зерттеу жүргізген журналистер екпе паспортын заңсыз сатқандардың да, алғандардың да шынайы статистикасы әлдеқайда көп деп санайды.

Ал сарапшылар халықтың билікке сенбеуі де вакцина науқанына көп кедергі келтірді деп есептейді. Мәселен, эпидемиолог Рафаиль Қыпшақбаевтың пайымдауынша, Қазақстандағы вакцина науқанының жалғыз кемшілігі – науқанға жауапты билік органдарының жайбасарлығы.

– Вакциналаудың негізгі мақсаты – ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Ол үшін тұрғындардың 70 пайызы ауырып, жазылуы керек не осынша адам екпе салдыруы тиіс. Қазір қанша адамның коронавирусқа қарсы екпені алғанын нақты айта алмаймын. Өйткені елде вакцина паспортын сатып алу кең тарады. Меніңше, қалыптасуы керек ұжымдық иммунитеттің әлі жартысына да жеткен жоқпыз. Бірақ жылдамдық бізге ауадай қажет. Өйткені вирустың жаңа штамдары тіркеліп жатыр. Екпенің баяу салынып жатқаны Қазақстандағы вакциналаудың жалғыз кемшілігі деп ойлаймын. Екпенің бірнеше түрі бар, вакциналау орындары да жетеді. Ал адамдардың вакцина салдыруға асықпауына биліктің өзі жауапты, екпені насихаттау саясаты сәтсіз болды, – дейді сарапшы.

Билік екпе салуды міндеттеген соң вакцинаға қарсылық та күшейді. Елдегі бейбіт митингілерде жұрт екпені міндеттеуге қарсы шықты. Мәселен, Нұр-Сұлтанда көп балалы әйелдер денсаулық сақтау министрлігіне барып, ведомство қызметкерлеріне балағат сөз айтып, қол көтерді.

QAZVAC ЖЫРЫ

2021 жылы қазақстандық ғалымдар коронавирусқа қарсы QazVac (ғылыми атауы – QazCovid-in) вакцинасын дайындап шығарды. Осылайша Қазақстан Covid-ке қарсы екпе жасаған санаулы елдің қатарына енді. QazVac екпесін дайындауға Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының жүз шақты қызметкері қатысқан. QazVac авторлары сынақтың екінші кезеңінен кейін екпенің тиімділігі 96 пайыз болды деп мәлімдеген. Билік сынақтың екі кезеңінен өткен бұл вакцинаны халыққа егуге рұқсат берді.

Бірақ халыққа Covid жайлы кеңес беретін Medsupportkz ұйымы өкілдері QazVac авторлары клиникалық сынақ нәтижелерін жарияламайынша оған сенім жоқ деп мәлімдеді. Медициналық сарапшылар екпе құрамында вирусты инактивациялайтын формальдегид қолданылғаны сынға алды. Вакцинаның пайдалы әсеріне де күмән келтіргендер болды. Қазақстандық QazVac вакцинасы жайлы тәуелсіз дерек жоқтың қасы еді. Авторлар халықаралық медициналық журналдарға QazVac жайлы мақала жазуға "уақытымыз қат" деген.

Қазақстандық екпе туралы ғылыми мақала вакцинаны пайдалануға рұқсат бергеннен сегіз ай өткенде халықаралық Lancet журналдары тобына кіретін EClinicalMedicine журналына 14 тамыз күні жарияланды. Онда авторлар зерттеудің екі кезеңінің қорытындысына сүйене отырып, "QazCovid-in вакцинасы қауіпсіз, жақсы әсер ететін және бұлшық ет ішіне екі рет салынғаннан кейін кемінде алты айға созылатын айқын гуморальды иммунитетке сеп болады" деген тұжырым жасаған.

Елде басында "Спутник V" мен QazVac екпелерінен бөлек Қытайдың Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax, Қытайда жасалған Vero Cell екпесі және Қытайдың Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі салынды.

Ал қарашада Қазақстанға Батыс компаниялары әзірлеген Pfizer вакцинасы келді. Билік бұл екпені 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерге сала бастады. Бұдан бөлек, үкімет Pfizer алғысы келетіндер ақы төлейтінін мәлімдеп, бұл вакцинаға ақылы тіркелу жүйесін ашты.

Ресми ақпаратқа қарағанда, Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпенің екі дозасын алғандар 8 миллионнан асты.

Қазір елде ревакцинация науқаны басталған. Денсаулық сақтау министрлігі әлемдегі індеттің күшейгенін ескеріп, 8 желтоқсаннан бастап вакцинаның екі бөлігін салдырғандарға 6 айдан соң үшінші дозасын алуға болады деп мәлімдеген. Қазірге дейін елде 50 мыңнан астам адам ревакцинадан өткен. Бірақ елде екпенің алғашқы дозасын алмағандар да бар.

МИНИСТРЛІК МАТЕМАТИКАСЫ

Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар жайлы статистикасына күмән 2021 жылы да сейілмеді. Қазақстан пандемия басталғалы коронавирустан қайтыс болғандардың есебіне байланысты жиі дауға қалды. Ведомство өкілдері бұл деректі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынысынан өзгеше әдіспен санайды. Елде 2020 жылдың наурызынан бері коронавирус жұқтырғаны расталған үш мыңнан аса адам "өліміне басқа дерт себеп болды" деп ресми Covid өлімі статистикасына енбей қалды.

Мәселен, биыл тамызда коронавирусқа шалдыққан 490 адам, қарашада коронавирус жұққан 164 адамның өлімі осы аурудан қайтыс болғандардың статистикасына енгізілмеген. Министрлік бұл есепті өз еркімен емес журналистер сауал жолдағанда ғана жариялайды.

Ел Covid дертіне шалдыққандардың статистикасында әлі "ПТР тестінен коронавирус анықталғандар" және "коронавирус симптомына ұқсас пневмонияға шалдыққандар" деп есептеп келеді.

Сарапшылар Қазақстанның коронавирус статистикасын манипуляция деп сынайды. 2020 жылы қарашада "Сандж" зерттеу орталығы әлеуметтік сауалнама жүргізіп, елде вирус жұқтырғандар ресми статистикадан 37 есе көп деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG