Accessibility links

Жем-шөп қымбаттап, шығыны көбейген шаруа малын азайтуға мәжбүр екенін айтады


Ауыл маңындағы құдыққа су ішуге келген мал. Азаттық архивіндегі сурет.
Ауыл маңындағы құдыққа су ішуге келген мал. Азаттық архивіндегі сурет.

Биыл кейбір өңірлерде шаруалар жем-шөптің қымбаттығынан мал басын азайтуға мәжбүр екенін айтады. Қазақстан фермерлер ассоциациясы шөптің қымбаттауын қуаңшылықтан көреді. Ауыл шаруашылығы министрлігі мал азығын дайындау үшін жедел штаб құрылғанын хабарлады.

"ӨРІСТЕ ЖҮРГЕН МАЛДЫҢ КҮЙІ ЖОҚ"

Атыраулық Жәнібек Аралбаевты қолындағы 110 сиыр, 15 бұқа, 60 шақты бұзаудың азығы алаңдатады. Мал бағу – тіршіліктің негізгі көзіне айналған шаруаға алдағы қыстың қамы уайым. Биыл жақын маңдағы шабындық жерде шөп бітік шықпаған. Шыққан шөптің өзі қурап кеткен.

– Биыл ауа райы ылғалды болды. Күн жылымай, шөп бітік шықпады. Күзде шабатын жусанға да күйе түсті. Ол да шабылмайтын болып тұр, – дейді қынжыла сөйлеген шаруа.

Аралбаев малдың қысқы жем-шөбінің 70 пайызын жинаған. Қалған шөпті көрші Ақтөбе облысынан сатып алмақшы. Шөптің аздығынан құрама жемді жылдағыдан көбірек алуды ойлап отыр. Егер қыс қатты болса, жағдай қиындайды деп алаңдайды Жәнібек. Сондықтан жүз шақты сиырды сақтап қалу үшін бұқа мен бұзаудың бәрін сатуға қойған.

Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Қарабұлақ мал базары. Азаттық архивіндегі сурет.
Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Қарабұлақ мал базары. Азаттық архивіндегі сурет.

Алматы облысы Райымбек ауданында тұратын Ғазиз Сатылғановқа да биыл мал азығы уайым болды. Шаруа қорасындағы 170 жылқы мен 400 шақты қойын қыстан аман алып шығудың қамына кіріскен. Ол шабындықты айтпағанда, қар түсіп, мұз қатқанша мал жайылатын жерде от аз, қазірдің өзінде өрісте жүрген малдың күйі жоқ дейді.

– Қыстан шығу үшін кемі 300 орам шөп пен 20 тонна жем керек. Жемді дайындадық. Шөп жоқ. Қуаңшылық. Кейінгі 2-3 жылдан бері уақытылы су жетпей, жоңышқа қурап кетті. Қазірге дейін жиған 50 орам шөптің әрбірін 15 мың теңгеден сатып алдым. 18-20 келілік жоңышқа орамының бағасы 2 мың теңге тұрады. Жайылым жоқ болған соң мал қолға қарайды. Шығын көбейеді. Қыс қатты болса, жағдай қиын, – дейді шаруа.

Сатылғанов былтыр өзінің жайылым жері мен егістігінен малдың жем-шөбін жинап алған. Биыл пайда табу былай тұрсын, шығынды жабу үшін қорасындағы малын сатуға мәжбүр.

Қорадағы ескі шөпті жеп тұрған қой. Азаттық архивіндегі сурет.
Қорадағы ескі шөпті жеп тұрған қой. Азаттық архивіндегі сурет.

"ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА ШАРУАНЫҢ ЖАЙЫ ҚИЫН"

Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары Ермек Әбуов әр аймақта шөптің шығуы әртүрлі дейді. Оның айтуынша, биыл Абай, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Ұлытау облыстарында шөп тапшы.

Мысалы, әдетте шілде айында көп аймақта шөптің басым бөлігін жинап бітеді. Бірақ биыл тамыз айына дейін Абай, Атырау, Батыс Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарында жиналуы тиіс шөптің шамамен 40 пайызы қуаңшылық кесірінен жиналмаған.

Әбуов малды қыстан аман алып шығу үшін шаруалармен бірге жергілікті әкімдік пен үкімет қазірден бастап қамдану керек деп есептейді. Әйтпесе, алдағы қыс, көктемде 2021 жылы Маңғыстау облысында болған жұт қайталануы ықтимал деп топшылайды ол.

Жұт. Маңғыстаудағы қуаңшылық (2021 жылғы деректі фильм)

Жұт. Маңғыстаудағы қуаңшылық
please wait

No media source currently available

0:00 0:32:22 0:00

– Солтүстік аймақтарда мал 210-240 күн қорада тұрады. Азығы болмаса, жұт болуы әбден мүмкін. Әсіресе шағын және орта шаруалардың жайы қиын, көбінің шабындық жері жоқ, – дейді Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары.

Әбуовтің пікірінше, кез-келген малдың аналық басын сақтап қалуға тырысқан жөн болмақ. Әйтпесе, кемі 4 жылда оның орнын толтыру қиынға соғады. Аналық басты сақтап қалмаған жағдайда етпен бірге сүт өнімдері де қымбаттайтыны даусыз. Оған қоса қолындағы малынан айрылған шаруаның кейін ол кәсіппен қайта айналысуы екіталай.

– Жем-шөбі жоқ шаруа қыстан аман алып шыға алмайтынына көзі жетіп, қорадағы малын күйлі кезінде сояды. Мысалы, қазірдің өзінде мал саны азайған. Былтырғы жылдың алғашқы жеті айымен салыстырғанда ірі қара мал – 19 мың, қой – 535 мың, құс – 536 мың басқа азайған. Тек жылқы 69 мың басқа артқан, – деді Әбуов.

Қазақстан фермерлер қауымдастығының дерегінше, биыл шөп күрт қымбаттап кеткен. Мысалы, шөптің бір тоннасы Алматы облысында 24 мың теңгеден 60 мың теңгеге, Павлодар облысында 25 мың теңгеден 50 мың теңгеге, Қарағанды облысында 32 мың теңгеден 60 мың теңгеге, Шығыс Қазақстан облысында 50 мың теңгеден 75 мың теңгеге өскен.

Көк шөп тиелген жүк көлігі. Азаттық архивіндегі сурет.
Көк шөп тиелген жүк көлігі. Азаттық архивіндегі сурет.

МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУ ҮШІН ЖЕДЕЛ ШТАБ ҚҰРЫЛДЫ

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Азаттыққа хабарлауынша, биыл елде 25 млн тонна шөп, 1,4 млн тонна пішен, 1,8 млн тонна сүрлем, 4,2 млн тонна сабан және 5,4 млн тонна жем дайындау жоспарланған. Қыркүйекке дейін, мысалы, шөптің 86 пайызы, жемнің 18,4 пайызы жиналған. Түркістан, Қостанай облыстарында шаруалар шөп жинауды толық аяқтап, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында шөп жинап бітуге жақын қалды дейді үкімет шенеуніктері.

Министрлік Азаттыққа берген жауабында шөп жинауды аяқтаған облыстарды атағанымен, құрғақшылық кесірінен шөп бітік шықпай, шаруалар қиналып қалған аймақтарды айтпады. Тек қысқы мал азығын дайындау үшін республикалық жедел штаб құрылғанын мәлімдеген.

Қой өргізіп бара жатқан малшы. Азаттық архивіндегі сурет.
Қой өргізіп бара жатқан малшы. Азаттық архивіндегі сурет.

Бұл штаб бұрын шаруаларға бекітілген 11,7 млрд теңге субсидияға қосымша 10,1 млрд теңге бөлу керектігін анықтаған. Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлердің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің кредиттері бойынша борыштарды ұзарту және қайта құрылымдау мәселесі пысықталып жатқанын хабарлаған.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда шамамен 9,7 млн ірі қара мал, 23 млн қой, 2,6 млн ешкі, 4,2 млн жылқы, 49,6 млн құс бар.

2021 жылы Маңғыстау, Қызылорда және Түркістан облыстарында құрғақшылық салдарынан мал азығы тапшы болып, жұрт қолдағы малын азайтып, арзанға сатуға мәжбүр болған. Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында төтенше жағдай жарияланған.

Қуаңшылықтан зардап шеккен маңғыстаулық шаруалар үкімет тез арада көмектеспесе, мал жаппай қырылып қалу қаупі барын ескертіп, биліктен жем-шөптен жәрдемдесуін сұраған. Президент Тоқаев сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты қуаңшылыққа дұрыс дайындық болмады деп сөгіп, қызметінен босатқан. Үкімет Маңғыстау облысына – 1,9 млрд теңге, Қызылорда облысына 1,7 млрд теңге бөлген. Ал Түркістан облыстық әкімдігі "өңірде төтенше жағдай жарияланбағандықтан" ақша бөлінбегенін хабарлаған еді.

Қураған егіс, қуарған дала. Жамбыл облысының шаруалары шығынға батты
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:40 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG