Accessibility links

Тоқаев және Астанадағы форум. Халықаралық жиын қалай өтті?


Астана халықаралық форумына келгендер суретке түсіп жатыр. Астана, 7 маусым 2023 жыл.
Астана халықаралық форумына келгендер суретке түсіп жатыр. Астана, 7 маусым 2023 жыл.

Жоғары деңгейдегі делегаттар, министрлер, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік сауда ұйымының басшылары, ірі компаниялардың өкілдері Астанадағы форумға жиналды. Бұл шара Еуразиядағы басты дискуссия алаңына айналып, Санкт-Петербургте өткен халықаралық экономикалық форумды жолда қалдырған сияқты.

Осы айда екі халықаралық форум өтеді. Бірі Қазақстанда, екіншісі Ресейде. Бұл шаралардың мазмұны бір, месседжі әртүрлі болады.

Биыл алғаш рет өтіп отырған Астана халықаралық форумы (AIF) Қазақстан Ресейдің одақтасы болғанымен, Мәскеумен үнемі бір толқында бола бермейтінін дәлелдеді.

8 маусымда әлемнің түкпір-түкпірінен келген министрлер, ғаламдық компаниялар мен Бреттон-Вудс жүйесі құрылымдарының басшылары Астанаға жиналды. Олар екі күн бойы экологиялық таза энергия көздеріне өту, азық-түлік қауіпсіздігі, жасанды интеллект және көпжақты қарым-қатынас болашағы туралы сөйлеседі.

14-17 маусымда Санкт-Петербургте өтетін халықаралық экономикалық форум тәуелсіз даму тақырыбына арналады.

"Ресейлік Давос" аталып кеткен форумға кейінгі 25 жылда алғаш рет Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге санкция салған елдердің журналистері шақырылмады.

Қазақстанға мұндай форум өткізу – жаңалық емес.

AIF форматы мен тақырыбы жағынан 2008-2019 жылдар аралығында жыл сайын өткен Астана экономикалық форумына ұқсайды.

Глазго университетінің оқытушысы Лука Анческидің айтуынша, мұндай шаралар не Қазақстанның беделін көтеру үшін, не шетелдік инвестиция тарту үшін ұйымдастырылатыны белгісіз.

Бірақ Украинадағы соғыс кезінде екеуі де – бедел қалыптастыру да, инвестиция тарту да маңызды болып отыр.

– Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың міндеті – Еуразияның қауіпті геосаясатында жол тауып, экономикалық мәселелерді шешу үшін инвестиция тарту, – деді Анчески.

"ГЕОСАЯСИ ШИЕЛЕНІС"

Кәсіби дипломат Тоқаев 8 маусымда Астана халықаралық форумында сөйлеген сөзінде бұрын-соңды болмаған геосаяси қауіп төніп тұрғанын айтып, әлем елдерін бірігуге үндеді.

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі Қазақстан өзінің жақын сауда серіктесіне салынған Батыс санкциялары мен соғысқа қатысты қолдау көрсете қоймағаны үшін Кремльдің ашық жақтырмаған көзқарасының қыспағында қалды.

Былтыр Санкт-Петербургте өткен форумда Тоқаев Владимир Путиннің көзінше Украинаның шығысындағы Ресей қолдайтын квазимемлекеттерді мойындамайтынын айтты. Осыдан кейін қос мемлекет арасындағы ахуал ширыға түсті.

Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында. 2022 жылғы маусым.
Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында. 2022 жылғы маусым.

Өткен айда Тоқаев тағы да тәуелсіз позиция білдіріп, Ресей мен Беларусь арасындағы одақтас мемлекет туралы келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа елдерге (Қазақстан, Қырғызстан және Армения) жұмбақ болып отырғанын жеткізді.

– Кешіріңіздер, бірақ екі елдің ядролық қаруы да ортақ, – деді Тоқаев 24 мамырда Мәскеуде өткен одақ кездесуінде. Қазақстан президенті одақ аясында экономикалық әріптестікті арттырып, саяси интеграцияны азайтуды ұсынды.

Қазақстан үкіметі Тоқаевтың алаңдаушылығы шет мемлекеттердің құлағына жеткенін қалаған сияқты.

Ертеңіне Астананы ақпарат құралдарына көбірек шығарғысы келетін шетелдік коммуникациялық фирма Азаттық тілшісіне жазып, Тоқаевтың пікірі бойынша Қазақстанның өкілетті тұлғаларымен брифинг өткізе алатынын айтты.

Хат мазмұнында Тоқаев Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусь басшысы Александр Лукашенконы сөзбен түйреп алғандай көрсетілген.

Бірақ бір ай бұрын Тоқаев Орталық Азия басшыларымен және Арменияның премьер-министрімен бірге Ресей және Беларусь президенттерінің жанында отырып, Кремльдегі жеңіс парадын тамашалаған еді.

ИНВЕСТОРЛАР РЕСЕЙДЕН КЕТІП ЖАТЫР

Былтыр Тоқаев қатысқан, Санкт-Петербургте өткен халықаралық экономикалық форум Еуразиядағы негізгі дискуссия алаңы болудан қалып, Ресей оқшау мемлекетке айналғанын көрсетті.

Латвияда жұмыс істейтін ресейлік The Insider ұжымы бір кездері Санкт-Петербургтегі форумға Кремльге жақын олигархтар жеке кемесімен келіп, қымбат гала-концерттер ұйымдастырылғанын еске алды.

2014 жылы Ресей Қырымды тартып алғаннан кейін де бұл форумға қатысушылар мен онда жасалатын келісімшарттар саны азайған жоқ.

2016 жылы форумда БҰҰ-ның сол кездегі бас хатшысы Пан Ги Мун, 2018 және 2019 жылдары Франция президенті Эммануэль Макрон мен Қытай басшысы Си Цзиньпин сөз сөйледі.

Былтыр форумда Тоқаевтан басқа, мойындалмаған ауған үкіметі (тәліптер) мен Украинаның оккупацияланған аудандарының басшылары ғана болды.

Ауғанстан сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Мохаммад Юнус Моманд Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында. 2022 жылғы маусым.
Ауғанстан сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Мохаммад Юнус Моманд Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында. 2022 жылғы маусым.

"Форумға қатысушылар қатарының күрт азаюы отандық капитализмнің үміті болған шара Кремльдің айтқанынан шықпайтын аудиторияға арналған моноқойылымға айналғанын көрсетті" деп жазды The Insider.

Украинадағы соғыс Қазақстанға да ауыр тиді: былтыр азық-түлік 20 пайыз қымбаттады. Бірақ жаңа мүмкіндіктер де ашылды.

Желтоқсанда Қазақстан билігі Ресейден Қазақстанға 20 халықаралық компания көшіп келгенін, тағы жүздеген кәсіпорын кеңсесін осында ауыстыруды ойлап жатқанын айтты.

Наурызда жарияланған Deutsche Welle есебінде Ресейде туған кәсіпкер, InDriver (Кремний алқабында жасалған такси шақыруға арналған қосымша) сервисінің бас директоры Арсен Томскийдің сөзі берілген. Ол өз компаниясын Қазақстанға көшіру туралы шешімін "өңірдегі ең жайлы әрі тұрақты жер – осы" деп түсіндіріпті.

Deutsche Welle есебі Қазақстан үкіметінің елге инвесторлар көп келіп жатыр деген мәлімдемесіне күмән туғызды.

Астана халықаралық форумында көпжылдық тәжірибесі бар шетелдік бизнес-кеңесші Қазақстан нарығының инвестициялық әлеуеті туралы былай деді:

– Инвесторлар Ресейден кетсе, бұл – олар міндетті түрде Қазақстанға келеді деген сөз емес. Басқа елдер де бар. Мұнайды алып тастасақ, Қазақстан экономикасы үлкен емес, – деді ол.

Қазақстан халқы форум мен осыған ұқсас басқа да шаралардың не қажеті барын түсінбейді.

Форум қарсаңында Астанадағы аудандардың бірінде тұратын ондаған адам аптап ыстықта бір аптадан бері сусыз отырмыз деп жолды жауып, наразылық білдірген.

Қазақстандық шенеуніктердің бірі халықты сабырға шақырып, өз үйінде де су сағатпен берілетінін, отбасы кезектесіп кір жуып жүргенін айтты.

Солтүстік Кипрдегі Таяу Шығыс университетінің қызметкері Әсел Тұтымлы Астана халықаралық форумын өткізудің экономикалық әсерін "көп уәде, азын-аулақ келісімшарт және мемлекеттік бюджеттің түгесілуі" деп сипаттады.

– Әрине, бұл – Швейцариядағы Давос [Бүкіләлемдік экономикалық форум] емес. Бірақ Қазақстан элитасы үшін әлемдегі әріптестерімен байланысты нығайтуға жақсы мүмкіндік, – деді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG