Accessibility links

Ауыл әкімін сайлады, ал аудан шешімді жоққа шығарды. Ақтоғайдағы сайлау жыры


Абай облысындағы Ақтоғай ауылы. 8 тамыз, 2023 жыл
Абай облысындағы Ақтоғай ауылы. 8 тамыз, 2023 жыл

Қазақстан ауыл әкімдерін сайлаудан соң іле-шала аудан мен облыстық маңызы бар қалалар әкімін тікелей сайлауға дайындалып жатыр. Астана мұны биліктің бір орталыққа шоғырлануының алдын алатын шара деп есептейді: аймақтар күшейіп, халық әкімді өзі таңдайды. Бірақ жергілікті жұрттың қалауын жоққа шығаратын амалдар да бар екен.

Ақтоғай – Қазақстанның ұланғайыр даласында тарыдай шашылып жатқан қатардағы ауылдардың бірі. Жерінің асты байлыққа толы болғанымен, үсті – кедей. Абай облысындағы бұл ауылдың іргесінде өзі аттас түсті металл кен орны бар. Ондағы мыс қоры бойынша әлемде 4-орында. Алайда жер байлығының Ақтоғай халқының өміріне пайдасы шамалы.

Жолы тозып кеткен. Электр желісі ескірген. Соның салдарынан жарық жиі өшеді.

Ақтоғай проблемасы тақыланатын WhatsApp месенджері чатында мыңнан аса қолданушы отыр (ауылда алты мыңнан астам адам тұрады). Тұрғындар осы чатта қай жерде қоқыс шашылып жатқанын, суға қатысты проблемаларын, әлеуметтік нысандар жетіспейтінін талқылайды. Олар ауылда рентген аппараты бар, бірақ рентгенге түсіретін маман жоқ дейді. Сол себепті рентген кескінін аудан орталығы Аягөзге жіберіп, шешімін апталап күтуге тура келеді. Науқастарды да Аягөзге жіберуге мәжбүр: дерті асқынғандар кейде жолда кетіп бара жатып көз жұмады. Мәселен, 11 қыркүйекте Semey Ainasy ақпарат агенттігі хабарлағандай, 29 жастағы ер адамды дәрігергер құтқара алмай қалған: Ақтоғайда санитарлық авиация тікұшағын қондыратын жер жоқ, ал ауыр халдегі науқасты кедір-бұдыр жолмен алып жүру қауіпті. Аудан орталығына тепловозбен жеткізгенше кешігіп қалған.

Ақтоғай ауылы мен Ақтоғай кеніне баратын бағытты көрсететін жол белгісі. Абай облысы, 8 тамыз, 2023 жыл
Ақтоғай ауылы мен Ақтоғай кеніне баратын бағытты көрсететін жол белгісі. Абай облысы, 8 тамыз, 2023 жыл

Биыл күзде Ақтоғайда әкімді сайлаған. Халық өз таңдауын жасап, 17 қыркүйекте дауыс берген. Ақтоғай тұрғындары мен Абай облысы Аягөз ауданы қоғамдық кеңесінің мүшесі Ілияс Ақпанбет бұл сайлаудан көп үміт күткен, себебі осы кезге дейін бұл қызметте болған әкімнің жұмысына жергілікті халықтың көңілі толмайды екен.

САЙЛАУ, ҚОРЫТЫНДЫНЫҢ КҮШІН ЖОЮ, ЖАҢА САЙЛАУ

Қоғамдық кеңестің бірнеше мүшесі өз кандитатурасын ұсынған. Әкім лауазымына үміткерге қойылатын талаптарға біреуі ғана сай болып шығады. Ол бұған дейін "БТА Қазақстан" жекеменшік зейнетақы жинақ қорында басшылық қызметте болған Дастан Әубәкіров.

Онымен бірге осыған дейін әкім болып келген Зайыр Кесікбаев пен оның орынбасары Динара Шәңгереева да сайлауға түскен.

Дауыс беру күні жергілікті белсенділер сайлау процесін бақылау ұйымдастырыпты. Бақылаушылар дауыс беруге келгендері санап, сайлау комиссиясының есебімен арада айырмашылық бар-жоғын тексерген. Ол кезде ешқандай айырмашылық болмаған.

Қорытынды хаттама бойынша, Дастан Әубәкіров 698 дауыс жинап, бәсекелестерін айтарлықтай айырмамен жеңіп шығады. 364 адам Зайыр Кесікбаевты таңдаса, 72 сайлаушы Динара Шәңгерееваның кандидатурасын қолдаған.

Ілияс Ақпанбеттің айтуынша, сайлау комиссиясы ешқандай заң бұзу фактісін тіркемеген және хаттама Аягөзге жіберілген. Алайда сайлау қорытындысы сол күйі жарияланбаған.

Бір қарағанда жеңімпаз айқын, сайлау өтті. Бірақ...

– Мен АСК-ге (аймақтық сайлау комиссиясы – ред.) қоңырау шалдым. Бірқатар заң бұзу фактісі анықталды, шағымдар түсіп жатыр, дауыс беру қорытындысы күшін жояды деген жауап алдым, – дейді Ақпанбет.

Сайлау қорытындысы шынымен күшін жойған. АСК сайлауға Ақтоғайда тіркеуде жоқ адамдар қатысты дегенді алға тартып отыр.

Ақтоғайдың қоғам белсенділері сайлау кезінде қандай заң бұзу факілері болғанын бірден айтқан жоқ дейді.

Әлқисса, сонымен қайтадан сайлау өтетін болды. Бірақ оған Дастан Әубәкіров үміткер ретінде тіркелген жоқ.

Ақтоғай ауылының әкімі лауазымына өзін-өзі ұсынған Дастан Әубәкіров
Ақтоғай ауылының әкімі лауазымына өзін-өзі ұсынған Дастан Әубәкіров

Әубәкіровтің айтуынша, оған қысым жасап, әкім лауазымы үшін күрестен бас тартуға мәжбүрлеген.

– Олар менің үміткер болғанымды қаламады. Қысым көрсетті, аудан әкімімен, аппарат басшысымен, комиссия төрағасымен сөйлесуге шақырды. Қыспаққа алды. Ақыр соңында өзім бас тарттым. Олармен ұрсысып жүріп, солардың қол астында жұмыс істегім келмеді. Жұмыс істетпейміз деді. Олардың үстінен Орталық сайлау комиссиясына, Бас прокуратураға, Мемлекеттік істер жөніндегі агенттікке, облыс әкіміне шағым түсірдім, – дейді Дастан Әубәкіров.

Шенеуніктер бұрынғы кандидатқа сайлауда жеңген жағдайда қаражат бермейтінін, соңында "халық әкім жұмыс істемейді деп шағымданатынын" ескерткен.

Азаттық тілшісі телефонмен сөйлескен аудан әкімінің аппарат басшысы әкім лауазымына кандидат Дастан Әубәкіровке қысым көрсетілген жоқ деп мәлімдеді.

27 қазанда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті Дастан Әубәкіровке жауап жіберіп, Аягөз ауданында оның өтініші бойынша тексеру жүргізілгенін хабарлады.

"Түсіндірме берген адамдардың жауаптарына сәйкес, аудан әкімі мен аппарат басшысы тарапынан мемлекеттік қызмет этикасын бұзу фактілері дәлелденген жоқ", – деп жазған департамент.

Әубәкіровке жауап Ақтоғайда жаңа сайлау аяқталғаннан кейін ғана келді. Ол сайлау 12 қазанда өтті. Бұл жолы сайлауға екі кандидат – әкімнің орынбасары және Қызылқиян орта мектебінің директоры Нұркенже Ғабидуллин түскен. Биліктегі "Аманат" партиясынан дауысқа түскен Нұркенже Ғабидуллин, сайлаудың ресми қорытындысына сәйкес, әкім болып сайланды.

Зайыр Кесікбаев қайта сайлауға қатысқан жоқ. Азаттыққа өзі осындай шешім қабылдағанын айтты:

– Бірінші сайлауға қатыстым. Қаншама шаруа атқардым, жүгірдім, сөйтсем, жұмысыңды ешкім бағаламайды екен.

АУДАН ӘКІМІН САЙЛАУ: ҮМІТКЕР ҚЫСЫМ КӨРДІМ ДЕСЕ, БИЛІК САЙЛАУДА АШЫҚ БӘСЕКЕ БОЛАДЫ ДЕЙДІ

Қоғам белсенділері Қазақстанда барлық деңгейдегі әкімдерді сайлауға көшу қажеттігі туралы көп жылдан бері айтып жүр. Билік сайлау болады, бірақ "кезең-кезеңімен", яғни алдымен ауыл әкімдері, содан соң ірі қалалар мен өңір әкімдері сайланады деп мәлімдеген.

– Неге бұлай? Әкім сайлауын кезең-кезеңімен өткізбесек, оның белгілі-бір қатері болады. Популистік сипаттағы қатер. Облыстар деңгейінде саясат жүргізу туралы айтып отырмыз. Әкім өкілеттігінің ауқымы кең. Біз қазір билікті бір орталыққа шоғырландырудан бас тартып, аймақтарды күшейткіміз келеді ғой, сондықтан мұндай қадамды әбден таразыға салып барып қабылдау керек, – деді былтыр Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова Астананың Конституцияға енгізген түзетулеріне түсінік бере отырып.

Бұл түзетулерге үкімет демократияға жасалған тағы бір қадам деген анықтама берген, бірақ сыншылар оны биліктің авторитар табиғатын сақтап қалатын болмашы өзгеріс деп атады.

– Әзірге елде тек ауыл әкімдерін сайлау өтті. Алдымен 20 жыл бұрын тәжірибе жүзінде өткен болатын. Ал алғашқы нағыз сайлау 2021 жылғы 25 маусымда болды. Ол кезде елдің 14 аймағының халқы аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің 700-ден астам әкімдік басшысын таңдады.

2021 жылғы сайлаудың қорытындысы бойынша, барлық өңірде әкім лауазымына негізінен "Нұр Отан" партиясының (2022 жылы партия атауы "Аманат" болып өзгертілді) мүшелері отырды. Жаңадан сайланған әкімдердің біразы сайлауға дейін де осы қызметті атқарған. Биліктің басқа да бірнеше партиясының өкілдері аздаған әкім лауазымын бөлісті. Бұл сайлауда жеңіске жеткен 75 адамның шамамен оннан бір бөлігі ғана өзін-өзі ұсынған болатын.

Дегенмен ел билігі мұны табысты тәжірибе деп көрсетіп жүр. Қазір Қазақстан аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауға дайындалып жатыр. Сайлау 5 қарашада өтпек. Сол күні 42 аудан мен үш қаланың халқы кім әкім болатынын таңдайды.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин

Мемлекеттік кеңесші, президентке жақын шенеунік Ерлан Қарин бұл сайлауды негізгі билік институттарын жаңартудың элементі деп атады.

"Бәсекелі сайлау елімізде саяси процесстің ажырамас элементі ретінде үйреншікті әдетке айналып келеді, – деді Ерлан Қарин қыркүйектің аяғында.

Ал аудан әкіміне үміткерлер болса, сайлауға қатысты кедергілер барын айтып, дабыл қағып отыр. Абай ауданы әкімі лауазымына үміткер Айжан Мұқатаеваны, кандидат болуға қажет тиісті еңбек өтілі болғанына қарамастан, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті оның тәжірибесі жеткіліксіз деп, кандидатурасын қабылдаудан бас тартқан. Айжан Мұқатаеваға кандидатурасын сот арқылы тіркетуге тура келген.

Сайлау комиссиясының төрағасы да кандидатқа қарсы шығып, "Мұқатаеваның істеген қызметінің тізімі еңбек кітапшасындағы жазбаларға сәйкес келмейді" деп мәлімдеді.

"Биылғы аудан әкімдерін сайлау кезінде кандидаттарға айтарлықтай қысым көрсетіп жатқаны байқалады. Бірақ Абай облысында бұл жағдай ерекше шиеленісіп тұр. Әкім лауазымына үміткер Айжан Сабырқызы Мұқатаева мандатын қалпына келтіруге тырысқанда үлкен қиындықтарға тап болды. Құжаттарының түпнұсқа екенін дәлелдеу үшін нақты дәлелдер келтіріп, адвокаттың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Бұл күтпеген жағдайлар айтарлықтай қаржы шығындарына ұшыратып қана қоймай, оның сайлауалды науқанына үлкен соққы болды", – деп жазылған кандидаттың сайлау науқаны тобының мүшелері жіберген баспасөз баянында.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев жергілікті сайлаудың нақты мысалдарымен жақсы таныс екенін айта келіп, ауыл және аудан әкімдерін сайлау кезінде қатаң бақылау "жергілікті шенеуніктердің инерциясы" деп мәлімдеді.

– Бізде [жоғарыдан] тағайындалған облыс әкімі ауыл әкімдерін тағайындаған кезде, мұндайды қатаң тік вертикаль дейміз. Тағайындалғандардың бәрі облыс әкіміне тікелей бағынады. Ал егер сол аралықта халық таңдаған жаңа аудан не қала әкімі пайда болса, ол өзін облыс әкіміне тәуелді сезінбейді, оның бар тілегін орындауға міндетті болмайды. Ол енді өзін сайлаған халықтың алдында жауап береді. Әрине, бәрі билік партиясының мүшесі болуы мүмкін, бірақ сайлау мен тағайындау бір нәрсе емес, – дейді Ғазиз Әбішев.

Қазақстандағы облыстар мен республикалық маңызы бар үш қаланың әкімін президент тағайындайды. Былтыр енгізілген өзгерістерден кейін Конституцияда президент кемінде екі кандидатура ұсынатыны, облыс немесе қала мәслихаты сол екі үміткердің қайсысы әкім лауазымына лайық екенін анықтау үшін дауыс беретіні туралы тармақ пайда болды. Үкіметте президент әкім лауазымына ұсынған кандидатурамен келіспеу құқығы жанама сайлауға "іс жүзінде жол ашады" делінген. Бірақ сыншылар мен шолушылар президент ұсынған екі үміткердің бірін әкім етіп тағайындаудың сайлауға ешқандай қатысы жоқ деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG