Accessibility links

"Сабылып жүрміз". Қытай қазақтары азаматтық алудың созылып кеткеніне қапалы


Қытайдан Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақ Жақып Кәдірбек. Алматы облысы, 13 қараша 2019 жыл.

Қытайдан қоныс аударған кей қазақтар жарты жылдан бері Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргенін айтады. Заң бойынша, шетелде туған қазақтарға Қазақстан азаматтыққа өтініші үш айда қаралуы тиіс.

АЗАМАТТЫҚТЫ АЛТЫ АЙ КҮТКЕНДЕР

Жайна Дәлел Алматы облысы Жамбыл ауданындағы ауылдардың бірінде тұрады. Айтуынша, 2018 жылы сәуір айында Қытайдың Шыңжаң аймағын Күнес ауданынан Қазақстанға қоныс аударған. Тұрмыс құрған, бір ұл, бір қызы бар. Отбасымен бірге Қазақстан азаматтығына құжат тапсырғанына жарты жыл болған, бірақ әлі жауап жоқ.

- Осыдан алты ай бұрын [Қазақстанда] азаматтыққа құжат тапсырдым. Бірақ әлі ала алмай жүрмін. Көші-қон [полициясына] барсам, "міне, азаматтығың шығып тұр. Бірақ анықтама келмей жатыр" деп қайтарады, - дейді ол.

Жайна Дәлелдің сөзінше, Күнесте әкесі мен бір ағасы қалған. Шешесінің дүниеден өткеніне де көп болмаған.

- Азаматтық алмағанның кесірінен анама топырақ салуға да бара алмадым. Тіпті жетісіне үлгеремін бе деп едім, ол да болмады. [Көші-қон полициясы] "келесі аптада кел" дейді. Барсаң "Алматыдан анықтама келген жоқ. Екі аптадан соң тағы бір айналып соқ" дейді. Осылай сабылып жүрміз, - дейді ол күрсініп.

Қытай азаматтарына берілетін құжат. Алматы облысы, 13 қараша 2019 жыл.
Қытай азаматтарына берілетін құжат. Алматы облысы, 13 қараша 2019 жыл.

Шыңжаң қазағының анықтама деп отырғаны – "№7 форма" деп аталатын құжат. Алматы облыстық көші-қон басқармасының мәліметінше, "№7 форма" – Қазақстан азаматтығын алғанын растайтын анықтама. Азаматтық алғандар бұл анықтаманы Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырған соң ғана Қазақстан төлқұжатына өтініш бере алады.

Жайна Дәлел Қазақстан азаматтығын тезірек алып, Қытайда қалған әкесіне барып келсем дейді. "Мүмкін болса, әкемді қолыма көшіріп алғым келеді" дейді Қытайда туған қазақ.

Жайна Азаттық тілшісіне телефонындағы бірнеше аудионы тыңдатты. Онда өзін "Күнес аудандық қауіпсіздік мекемесінің қызметкерімін" деп таныстырған азамат "Қазақстан азаматы екеніңді дәлелдейтін құжаттың суретін телефонмен жолдап жібер" деп қайта-қайта тапсырма беріп жатыр.

Жайнаның түсіндіруінше, Қытайдағы жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері күн сайын хабарласып, олардың Қазақстан азаматтығын алған-алмағанын сұрайды, егер алмаса Қытайға қайтуға кеңес береді.

Тағы бір Шыңжаң қазағы Жақып Кәдірбек та алты айдан бері азаматтық күтіп жүр. Ол 2012 жылы Қытайдың Күнес ауылынан Қазақстанға келген. 2015 жылы әйелі мен бала-шағасын әкелген (олар қазір Қазақстан азаматы). Қазақстанға келгенде Алматы облысы Жамбыл ауданына тіркелген. Қазір Алматы облысы Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылында тұрады.

- Қытайда баламызға берілетін 200 мың теңге (шамамен 515 доллар) көлемінде жәрдемақы болды. Сол үшін біразға дейін Қытай азаматтығынан шықпай, Қазақстан азаматтығына құжат тапсырмай жүрдім. Азаматтыққа құжат тапсырғаныма жарты жылдан асты. Әлі азаматтық шыққан жоқ. Аптасына бір рет Талғар ауданынан Жамбыл ауданына барып қайтамын. "Аты-жөніңіз базада тұр. Бірақ азаматтық әлі шыққан жоқ" дегенді естимін, - дейді ол.

Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған Жақып Кәдірбек тұрып жатқан үй. Алматы облысы, 13 қараша 2019 жыл.
Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған Жақып Кәдірбек тұрып жатқан үй. Алматы облысы, 13 қараша 2019 жыл.

Жақып Кәдірбек өткен жылы Талдыбұлақ ауылында туыстарының көмегімен жер алып, үй салғанын айтады. Бірақ азаматтық алмағандықтан үйінің құжатын да рәсімдей алмай жүр.

- Қытайдан он шақты туысым [Қазақстанға] көшіп келгісі келеді. Барлығын бір үйге тіркеуге тұрғызып, Қазақстан азаматтығына құжат тапсыртуым керек. Бірақ өзімде азаматтық жоқ болғаннан кейін үйдің де құжат жоқ, – дейді ол.

Жақып Кәдірбек те Шыңжаңда өзі тұрған жердің полициясы телефон арқылы "Қазақстан азаматтығын" алған-алмағанын қайта-қайта пысықтап, аудио жазба жіберіп отыратынын айтады.

"90 АДАМҒА АЗАМАТТЫҚ ШЫҚҚАН ЖОҚ"

Қытайдан келген қазақтардың құжатын реттеумен айналысып жүрген белсенді Баһаргүл Табыс (өзі де Шыңжаңнан қоныс аударған) та 2019 жылы Қазақстанда азаматтық алу тым баяулап кеткенін айтады.

- Қазір Жамбыл аудандық көші-қон полициясына өз қолыммен апарып тапсырған 90 адамның құжаты жатыр. Бір де біреуіне азаматтық шыққан жоқ. Үш айда берілуі тиіс құжаттар бір жылға созылып кетті, - дейді Баһаргүл Табыс.

Баһаргүл Табыс (сол жақта) танысымен сөйлесіп тұр. Ұзынағаш, Алматы облысы, 11 қараша 2019 жыл.
Баһаргүл Табыс (сол жақта) танысымен сөйлесіп тұр. Ұзынағаш, Алматы облысы, 11 қараша 2019 жыл.

Баһаргүл Қытайдан көшіп келген қазақтардың азаматтыққа құжат тапсыру мәселесінде де қиыншылықтар бар екенін айтады.

- Қазір Қытайдан көшіп келіп жатқан қазақтардың басым бөлігінің "Қытай азаматы" екенін дәлелдейтін төлқұжаттарының мерзімі бітуге таяп қалған. Ал Қазақстанға келгеннен кейін құжат жинап, ықтияр хат алғанша жарты жыл өтіп кетеді. Осы уақыт аралығында төлқұжатының мерзімі бітеді де, еріксіз Қытайға қайта кетуге мәжбүр болады, - дейді ол.

"ҚҰЖАТ РӘСІМДЕЙТІН ҚЫЗМЕТКЕР САНЫ АЗ"

Жамбыл аудандық көші-қон полициясының бастығы Мақсат Дүйсенбай да азаматтық рәсімдеу жұмыстарында кемшілік барын жасырмайды.

2019 жылдың басында құжат тапсырған адамдардың азаматтығы енді ғана шығып жатқанын айтқан аудандық көші-қон полициясының бастығы "құжат рәсімдейтін қызметкерлердің саны аз" дейді.

Дүйсенбайдың айтуынша, осыдан бір жыл бұрын көші-қон полициясында қысқарту болған. Қазір әр басқармада бір-бір адам жұмыс істейді.

- Қабылданған құжаттарды мен Алматы қалалық көші-қон басқармасына өз көлігіммен, өз қаржыма бензин құйып апарамын. Өз қалтамнан ақша төлегенімді айтпаймын, құжатты өткізуге бір күн уақытым кетеді. Өткен жылы бұл жұмысты екі адам жасайтынбыз. Ол қысқырмай тұрғанда жағдай мұндай емес еді, - дейді Мақсат Дүйсенбай.

Мақсат Дүйсенбайдың сөзінше, 2019 жылы Жамбыл ауданы бойынша 1700-дей адам Қазақстан азаматтығын алуға өтініш беріп, құжат тапсырған. Солардың 50-60 пайызына Қазақстан азаматтығы берілген.

- Алматы облыстық көші-қон басқармасында Жамбыл ауданы бойынша 200 адамның азаматтық алғанын нақтылайтын "№7 форма" анықтамасы жатыр. Сондағы жалғыз қызметкердің еңбек демалысына кетуі себепті анықтамаларды ала алмай отырмыз. Азаматтық алу үшін құжат тапсыруға келіп жатқан адам тым көп, бірақ оларға толық қызмет етуге бізде мүмкіндік жоқ, - дейді Дүйсенбай.

Алайда Алматы облыстық көші-қон полициясы басқармасының өкілі Ерлан Райымбеков бұл сөзді жоққа шығарады. Оның айтуынша, қызметкерлердің саны қысқарғанымен, демалыссыз жұмыс істеп жатыр.

- Кей азаматтардың тапсырған құжаттарының дұрыс болмауына байланысты кешіккені болмаса, [азаматтық] заңда көрсетілген үш айдың ішінде беріледі, - дейді Райымбеков.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2019 жылдың сегіз айында әр елден келген 10790 оралман Қазақстан азаматтығына алған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда аз. 2018 жылдың сегіз айында 18087 оралман Қазақстан азаматтығын алған. Министрлік Азаттыққа берген ресми жауабында "үкімет оралман куәлігінің уақыты өтіп кеткен қазақтарға жеңілдетілген жолмен азаматтық беруді жүзеге асырып жатқанын" жазған.

Ал сыртқы істер министрлігі Азаттыққа 2019 жылы 4500 этникалық қазақтың Қытай азаматтығынан шығуы рәсімделгенін хабарлады. Министрліктің ресми жауабында олардың Қазақстан азаматтығын алғаны я алмағаны ашық жазылмаған.

ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАРҒА АЗАМАТТЫҚ ҚАЛАЙ БЕРІЛЕДІ?

Қазақстанның "Азаматтық туралы заңына" сай, қолында Қазақстанның ықтияр хаты бар этникалық қазақтар; шетелде туып, Қазақстандағы оқу орындарында оқитын қазақтар; Қазақстанда тұрақты тіркелген оралмандар; еркінен тыс азаматтығынан айырылғандар жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алады.

Заңның 16-бабы бойынша, жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алуға өтініш құжат тапсырылғаннан бастап үш ай ішінде қаралады. Ал оралман мәртебесінің уақыты аяқталған этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығына жалпы тәртіп бойынша өтініш тапсырады. Жалпы тәртіппен азаматтыққа өтініш тапсыратындар бұрынғы азаматтығынан шыққаны я жоғалтқаны туралы құжат өткізуі тиіс.


  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG