Accessibility links

Жер сатуға наразы топ тіркеу мекемесінің жұмысын бөгеді


10 желтоқсанда наразы азаматтар Әділет үйіне барар жолды бекітті
10 желтоқсанда наразы азаматтар Әділет үйіне барар жолды бекітті

Грузия астанасы Тбилисиде азаматтар шетелдіктерге жер сатылмауын талап етіп, қаладағы Әділет үйіне барар жолды бекітіп тастады. Осылайша олар шетелдіктерге егістік жерлерді сатуға мүмкіндік беретін Конституциялық соттың шешіміне наразылық танытты. Конституциялық сот өкілдері саяси топтың ұпай жинауға тырысып жатқанын айтады.

Грузияның Конституциялық сотының пленумы бірнеше күн бұрын Грецияның екі азаматының шағымын қарап қанағаттандырған. Бұл екі азамат маусым айында күшіне енген жер сатуға қатысты мораторийдің ел Конституциясының 21-бабына яғни, меншік пен мұра тиіспеушілігіне қайшы келетінін айтып шағымданған. Конституциялық соттың жер сатуға қатысты мораторийді елдің негізгі заңына қайшы деп тануы кейбір азаматтардың ашу-ызасын тудырды.

Іс жүзінде бұл шешім небәрі 16 желтоқсанға дейін ғана жарамды. Өйткені 16 желтоқсаннан бастап, Грузия Конституциясына енген өзгерістер күшіне еніп, шетелдіктерге жер сату толығымен тыйылуы тиіс. Бірақ дүйсенбі күні наразы топ бұған да қараған жоқ.

Елдегі кейбір саяси күштер Тбилисидегі Әділет үйіне барар жолды бекітіп, қызметіне кедергі келтірді. "Демократиялық қозғалыс" өкілі Димитри Лорткипанидзе "билік талаптарды орындамаса, көтеріліске шығамыз" деп айтты.

Димитри Лорткипанидзе
Димитри Лорткипанидзе

"Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мына фактіге назар аударсын: инвестор деп аталатын мыңдаған шетел азаматы Грузиядан жер алуға өтініш берген және негізгі заңға өзгерістер енгенше осы мүмкіндікті пайдаланғысы келеді. Бұл жерде мәселе мыңдаған гектар егістік жерлері туралы болып отыр. Қоғамдық тіркеу мекемесінің жұмысшыларын ереуілге шығу құқығын пайдаланып, жеріміздің шетелдіктерге өтіп кетуіне жол бермес үшін жұмыстарын тоқтатуға шақырамыз" деді ол.

Ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға мораторий биыл 16 маусымда жарияланған. Мораторий жарияланған кезде парламент спикері Ираклий Кобахидзе "Конституциямызда мемлекет пен азаматтарымыздың стратегиялық мүдделерін ескерген анық бөлім пайда болады, оған сәйкес жер Грузия азаматтары мен мемлекеттің меншігінде қалады" деген еді.

Жер сатуға қарсы акцияны бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі, парламенттегі аграрлық комитет төрағасы Отар Данелия қолдады.

"Конституциялық соттың шешімі Әділет министрлігін өте ыңғайсыз жағдайда қалдырды. Әрине, инстанцияның оқиға негізінде әрекет еткені түсінікті, бірақ жағдайды осылайша ушықтырмауға оларда өте көп мүмкіндік болды. Сондықтан қоғам наразылығын заңды деп ойлаймын және Грузия парламентінің депутаты болмағанда, оған қосылар едім. Грузия шағын территориясы бар ел және оның мораторий аясынан шықпағаны дұрыс болар еді" деді "Грузия арманы" партиясының өкілі Отар Данелия.

Акцияға қатысушылар қоғамдық тіркеу мекемесі жұмысын жалғастыра алмас үшін мекеменің жолын бекітіп тастады
Акцияға қатысушылар қоғамдық тіркеу мекемесі жұмысын жалғастыра алмас үшін мекеменің жолын бекітіп тастады

Ал Конституциялық сот өкілі Леван Алапишвилидің айтуынша, бұлайша дүрлігуге еш негіз жоқ. Себебі, Конституция сотының шешімі 2012 және 2014 жылы шыққан қаулылардың тұжырымдамасы ғана. Бұл қаулылар биліктің шетелдіктерге жер сатуға тыйым салған бұрынғы мораторийін конституцияға қайшы деп таниды.

"Шын мәнінде Конституциялық сот еліміздің бұрынғы азаматтары, түрлі себептерге байланысты өзге ел азаматтығын алған этникалық грузиндердің шағымын қарады. Жақындары қайтыс болған соң олардан қалған жерді ала алмай қалған. Сондықтан бүгін наразылыққа шыққандар қиын кезде елден кеткен өз еліміздің азаматтарына қарсылық білдіріп жатыр. Соңғы шешімге қатысты үш сот өтті, бәрі де "Грузия арманы" өтініші бойынша тағайындалған. Бірақ шешім дауыс беру бойынша қабылданды. Басқару партиясы мүшелерінің азаматтардың патриоттық сезімін пайдаланып, ұпай жинағысы келетіні түсінікті" деді ол.

Сарапшының айтуынша, 16 желтоқсаннан кейін елде Конституцияға енген өзгерістер күшіне енеді. Бұл өзгерістер егістік жерлерге ие болу құқығын реттеп, анықтайды. Сол мақсатта парламент мүшелерінің кемінде үштен екісі дауыс беріп, қабылданатын заң шығарылады.

Ал акцияға қатысушылар қоғамдық тіркеу мекемесінің жұмысын 14 желтоқсанға дейін тоқтатып, жолды ашпауға бекінген.

(Азаттықтың Грузин қызметінің мақаласы)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG