Accessibility links

Грузия кезекті президентін сайлап жатыр


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Грузия азаматтары қарашаның 28-і күні президент сайлауының екінші кезеңіне дауыс беріп жатыр. Бақылаушылар саяси науқан кезіндегі әкімшілік ресурсты қолдану және жалған ақпаратты жаппай тарату оқиғаларына назар аударады.

Сәрсенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 8-де Грузиядағы үш мыңнан астам сайлау учаскесінде президент сайлауына дауыс беру басталды. Дауыс беру кешкі сағат 8-ге дейін жалғасады.

Президент сайлауының екінші кезеңіне елдегі негізгі екі партияның кандидаттары – бұрынғы премьер-министр миллиардер Бидзина Иванишвилидің билікте отырған "Грузия арманы" партиясы қолдайтын 66 жастағы Саломе Зурабишвили мен экс-президент Михаил Саакашвилиді жақтайтын оппозициялық "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясының үміткері 60 жастағы Григол Вашадзе өткен. Екі кандидат та бұған дейін Грузия сыртқы істер министрі болып қызмет атқарған.

Осыдан тура бір ай бұрын, қазанның 28-і күні өткен сайлаудың бірінші кезеңінің ресми қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 38, 64 пайызы Зурабишвилиді, 37, 74 пайызы - Вашадзені қолдап дауыс берген.

Қарашаның 27-і күні Грузия Орталық сайлау комиссиясының жариялаған мәліметі бойынша, сайлаушылар тізіміне 3,5 миллионнан астам адам енгізілген. Дауыс беру 3703 сайлау уческесінде өтеді. Сайлауды бақылауға 73 жергілікті және 58 халықаралық ұйым қатысады.

БАҚЫЛАУШЫЛАР БАЙҚАҒАН КЕМШІЛІКТЕР

Қарашаның 27-і күні Transparency International халықаралық ұйымының жергілікті бөлімшесі, "Жас заңгерлер ассоциациясы" мен "Әділ сайлау" үкіметтік емес ұйымдары сайлау алдындағы мониторинг қорытындысын жариялаған.

Transparency International ұйымының Грузиядағы бөлімшесінің атқарушы директоры Эка Гигаури (сол жақта), "Әділ сайлау" ұйымының атқарушы директоры Михаил Бенидзе (ортада) және "Жас заңгерлер ассоциациясы" төрағасы Сулхан Саладзе. Тбилиси, 27 қараша 2018 жыл.
Transparency International ұйымының Грузиядағы бөлімшесінің атқарушы директоры Эка Гигаури (сол жақта), "Әділ сайлау" ұйымының атқарушы директоры Михаил Бенидзе (ортада) және "Жас заңгерлер ассоциациясы" төрағасы Сулхан Саладзе. Тбилиси, 27 қараша 2018 жыл.

"Жас заңгерлер ассоциациясы" төрағасы Сулхан Саладзе Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) жұмысына сын айтты.

"Азаматтық сектордың шақыруына қарамастан, ОСК-ның сайлауды жұмыс күніне белгілеуі, қарашаның 28-і демалыс болып жарияланғанымен, шетелдегі, сонымен бірге елдегі сайлаушылардың көпшілігі үшін қосымша қаржылай шығынды қажет ететіндіктен үлкен қиындық туғызады", - деді заңгер.

Бұға қоса Саладзе сайлау алдында билікке жақын қайырымдылық қорының азаматтардың несие борышын жаппай кешіру шарасын сайлаушыларды сатып алу ретінде қарастыруға болатынын айтты.


"Әділ сайлау" үкіметтік емес ұйымының атқарушы директоры Михаил Бенидзе БАҚ және әлеуметтік желілерде озбыр және жалған әрі пропагандалық ақпараттың жаппай тарағанына назар аударды.

"Бірінші кезең аяқталысымен іле-шала билік компандасының өкілдері егер оппозициялық кандидат билікке келсе елде азамат соғысы мен тұрақсыздық орнау қаупі бар деп сипаттаса, "Ұлттық қозғалыс" өкілдері Григол Вашадзе жеңіске жетсе, "Грузия арманы" партиясының билігі тез аяқталатыны туралы айтты. Соңғы кездері құрылған бірнеше қоғамдық қозғалыс белсенді әрекетімен Саломе Зурабишвилиге дауыс беруге шақырып, екінші кандидатқа қарсы агрессивті сипаттағы кампания жүргізді. Сонымен бірге әлеуметтік желілерде үкіметтік емес секторды қаралайтын байбалам көбейді", - деді ол.

Transparency International ұйымының Грузиядағы бөлімшесінің атқарушы директоры Эка Гигаури әкімшілік ресурстың қалай қолданылғанына тоқталды.

"Бірінші және екінші тур аралығында үкімет әлеуметтік қорғалмаған адамдарға жәрдем көрсетуге бағытталған бірнеше бастама жариялады. Бұл бағдарламалардың маңыздылығына қарамастан, сайлау алдында оларды қосымша дауыс тарту үшін сайлаушыларды сатып алу әрекеті ретінде қарастыруға болады деп санаймыз", - деді Гигаури.

Грузия президенттігіне кандидаттар Григол Вашадзе (сол жақта) мен Саломе Зурабишвили.
Грузия президенттігіне кандидаттар Григол Вашадзе (сол жақта) мен Саломе Зурабишвили.

Transparency International ұйымы өкілінің мәлімдеуінше, оларда Мемлекеттік қызметті дамыту жөніндегі агенттіктің Зурбишвилиді қолдайтын сайлаушыларға бірнеше рет дауыс беруге мүмкіндік беретін жалған жеке куәліктер әзірлеп жатқаны туралы ақпарат бар.

"Грузия арманы" партиясы заң бұзатын ешқандай ықтимал іс-әрекетке бармағанын айтады.

"ИВАНИШВИЛИ МЕН СААКАШВИЛИ АРАСЫНДАҒЫ БӘСЕКЕ"

Карнеги қорының қызметкері Томас де Вааль Грузиядағы бұл президент сайлауын Иванишвили мен Саакашвили арасындағы "кекесінге толы бәсеке" деп атайды.

2004 жылғы қарашада Эдуард Шеварнадзені биліктен кетіруге мәжбүр еткен бейбіт "Раушан революциясынан" кейін 2004 жылы қаңтарда Грузия президенті болып сайланған, осы қызметті екі мерзім қатарынан атқарған Михаил Саакашвили батысшыл және НАТО-ны қолдайтын басшы ретінде танылған. Оның билігі тұсында, 2008 жылы тамызда Ресей мен Грузия арасында бес күндік қарулы жанжал болған.

Грузияның сол кездегі президенті Михаил Саакашвили (сол жақта) мен Бидзина иванишвили. Тбилиси, 4 наурыз 2013 жыл.
Грузияның сол кездегі президенті Михаил Саакашвили (сол жақта) мен Бидзина иванишвили. Тбилиси, 4 наурыз 2013 жыл.

Грузияның ең бай адамы миллиардер Бидзина Иванишвили басқаратын "Грузия арманы" партиясы 2012 жылы парламент сайлауында жеңіске жеткеннен кейін Саакашвилидің "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясы биліктен оппозицияға кеткен. Саакашвили 2013 жылы екінші президенттік мерзімін тәмамдаған шетелге кетіп қалған. Кейін Грузия билігі оған "бюджет ақшасын дұрыс жұмсамады", "билігін асыра пайдаланды" деген айыптар таққан. Биыл қаңтарда Грузия соты Михаил Саакашвилиді 2006 жылы қаза болған грузин банкирі Сандро Гиргвлианидің өліміне "айыптыларға негізсіз рақымшылық жасағаны" үшін сырттай үш жылға соттаған.

Қазір Нидерландта тұрып жатқан Саакашвили өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, "үкімнің саяси астары бар" деп мәлімдеген.

СОҢҒЫ ТӨТЕ САЙЛАУ

Грузия президенті сайлаудың екінші кезеңі алдында америкалық Edison Research компаниясы жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 52 пайызы Вашадзені, 48 пайызы – Зурбишвилиді қолдауға дайын екендерін білдірген.

Егер бұл жолғы сайлауда Саломе Зурабишвили жеңіске жететін болса, ол Грузия тарихындағы алғашқы әйел президент болмақ.

Үкіметтік емес ұйымдардың мәлімдеуінше, тамыздың 1-і мен қарашаның 19-ы аралығында кандидаттарға аударылған жәрдем қаржының арасында үлкен айырмашық бар: 11 миллион 343 мың ларидің 89,3 пайызы Саломе Зурабишвилидің есебіне түскен. Бір қызығы, билікшіл партия кандидатына демеушілік танытқандардың арасында 2012 жылғы сайлауда "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясына жәрдем ретінде 795 мың лари енгізгендер де бар.

Бұл жолғы сайлау Грузия президентін ел азаматтары төте дауыс беру жолымен таңдайтын жалпыхалықтық соңғы сайлау болмақ. 2017 жылы Конституцияға енгізілген өзгеріске сәйкес, 2024 жылдан бастап президентті парламент тағайындайтын арнайы сайлаушылар алқасы сайлайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG