Accessibility links

Қазақстан туристері Грузияда ресейліктердің орнын баса ма?


Тбилисиде жүрген туристер.

Шілденің 8-інде Ресей президентінің Грузиямен әуе қатынасын тоқтату жарлығы күшіне енді. Азаттық бұл шектеудің Қазақстандағы туристік компаниялар үшін нендей мүмкіндік туғызатынын анықтап көрді.

Ресей президенті Владимир Путиннің жергілікті әуе компаниялардың Грузияға ұшақ жіберуіне тыйым салатын жарлығы шілденің 8-інде күшіне енді. Мәскеу мен Тбилисидің арасындағы жаңа шиеленіс кезінде әртараптандыру жайын қарастырып жатқан грузиялық туристік бизнес саласы Қазақстанды да ықтимал нарық көреді. Қазақстандық туризм индустриясы бұл жақтағы тенденцияларды бақылап отыр.

«ПЕССИМИЗМГЕ СЕБЕП ЖОҚ»

Әуе қатынасын тоқтатудан бөлек Ресей президенті туристік операторларға Грузияға саяхат турларын сатпауды ұсынды. Грузияның ұлттық туризм әкімшілігінің есебінше, былтыр бұл елге 1,4 миллион ресейлік саяхат шегіп, 710 миллион АҚШ долларын жұмсаған. Путин жарлыққа қол қоярдан бұрын маусымның 20-21 күндері Тбилисиде мыңдаған адам шеруге шыққан. Олар грузиялық парламенттің бір жиынына келген Ресей Думасының коммунист депутаты Сергей Гавриловтың парламент спикерінің орнына жайғасып, орысша сөйлегеніне наразы болған.

Грузияның Экономика мен тұрақты даму министрі Натия Турнава Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында ресейлік туристер азайып кеткен жағдайда мұның орнын басқа елдерден, мысалы, Қазақстаннан келетін туристер санын арттыру арқылы толтыруға болатынын айтқан. Турнава ханым қазақстандық «Эйр Астана» әуе компаниясының жетекшісімен кездесіп, «осы елден келетін туристер санын арттыруға қосар үлесі» туралы сөйлескенін айтқан. Бірақ болған әңгіменің бүге-шігесін баяндай қоймаған.

Грузияның Ұлттық туризм әкімшілігі Қазақстанды грузиялық туризмді дамыту үшін «әлеуеті зор ел» деп сипаттайды. Бұл мекеменің ақпаратына сәйкес Грузияда демалатын қазақстандық туристер саны 2017 мен 2018 жылдарды салыстырғанда 25 пайыз өскен. Биылғы алғашқы үш айда өсім 41 пайызға жеткен.

Ұлттық туризм әкімшілігі Азаттықа «Эйр Астанамен» болған келіссөздің шет жағасын білдірді. Брэнд бойынша бас маман Татия Хаиндраваның сөзінше, бұл әуе компаниямен келіссөз «қосымша рейс ашып, жиілігін арттыру үшін тұрақты түрде жүріп жатыр». Хаиндрава Грузия билігінің «әуемен жолаушы тасымалдаушыларға арзан жолақы үшін тиімді жағдай жасайтынын» айтты. Оның ішіне Грузиядағы әуежайлар ұсынатын жеңілдік те кіруі мүмкін.

Батуми - Грузияның курорт қаласы
Батуми - Грузияның курорт қаласы

Азаттықтың «Грузиядағы туристік компаниялардың жодлама құнын, жергілікті қонақ үй иелерінің тұру бағасын биылғы маусымда арзандатуы мүмкін бе?» деген сұрағына Татия Хаиндрава биліктің жекеменшік сектордағы баға саясатына араласа алмайтынын айтып жауап берді.

— [Туристік операторларға] бағаны күшпен таңа алмаймыз, өйткені бағаны өздері анықтайды. Еліміз бизнеспен еркін айналысу индексі бойынша алдыңғы орында тұр. Араласпаймыз, бәсекелес орта бар, нарық өзін-өзі реттейді, - деді ол.

Ресей әуе рейстерін тоқтатқан соң Грузияның шығынға ұшырау ықтималдығына қатысты Хаиндрава көп қобалжымайды.

— Әлбетте, осы айда қандай да бір құлдырау байқалмақ. Бірақ тәуекелді әртараптандырып отырмыз. Ресейдің нарығына ғана тәуелді бола алмаймыз. Бұл нарық біздің ең басты табыс көзіміз болған да емес. Жағдайы тұрақсыз көрші әрі тұрақсыз нарық болғаны рас. Тіке әуе рейстерін бұған дейін де бірнеше рет тоқтатқан. Әйтсе де Ресейден келетін туристерді қуана қарсы аламыз. Бұл шешім азаматтардың емес, саяси биліктің деңгейінде қабылданады ғой, - деді Хаиндрава.

Тбилиси маңындағы Мцхет қаласында жүрген туристер.
Тбилиси маңындағы Мцхет қаласында жүрген туристер.

Грузиядағы туристік операторлар ассоциациясының басшысы Ия Табагари Азаттыққа берген комментариінде «пессимизмге себеп жоқ» екенін, жағдайды «драмаға» айналдыруға келмейтінін айтты.

— Адамдар [ресейлік туристер] бәрібір келе береді. Мүмкін ұшақтар тіке ұшпас, бірақ қалағандары көлікпен-ақ келеді. Әзірше оған тыйым салған жоқ қой. Ал ұшқысы келгендер Ереван, Баку мен Минск әуежайлары арқылы жетеді, - деді ол.

Табагари жергілікті бизнестің «дағдарыс» тумауы үшін билікпен тығыз қарым-қатынаста іс қылып жатқанын ашық айтады. Алғашқы бірлескен шара «туристерді тарту бойынша кең ауқымды ақпарат науқаны» болған. Бұл үгіт-насихат науқанына Ресейді кіргізбеген.

- Бұрын Грузия Ресейдегі жарнама науқаны үшін қыруар қржы жұмсайтын. Енді бұлай болмайды. Мағына жоқ, - деді Табагари.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУРИСТІК БИЗНЕС НЕ БАЙҚАДЫ?

«Эйр Астана» компаниясының корпоративтік байланыс департаменті Грузияның ұлттық туризм әкімшілігімен келіссөз жүріп жатқанын растады. Бірақ негізгі тақырып - Қазақстандағы туристік агенттіктер мен операторлар қатысатын семинарлар мен Грузияда ұйымдастырылатын пресс-турлар ғана.

Әуе компанияның ақпаратына сәйкес, Тбилисиге Алматыдан күн сайын, ал Нұр-Сұлтаннан аптасына бес мәрте ұшақ қатынайды. Биылғы қаңтар мен мамыр арасында Грузияға баратын қазақстандық туристер саны сәл өскенін растайды. «Эйр Астананың» мәлімдеуінше, мұндай өсімге тек қазақстандықтар емес, Өзбекстан, Қытай, Таиланд пен Гонконг саяхатшылары да үлес қосып жатыр.

Тбилисиге тікелей рейс шығармайтын, бірақ ұшақтарын экипажымен бірге басқа тасымалдаушыларға фрахт шартымен жалға беретін SunkarAir керісінше Грузияға қызығушылық азайғанын айтады.

— Бір білгенім - билеттер нашар сатылып жатыр. Сұраныс аз екенін айтады, ол жаққа [Грузияға] ұшақ шығарудың тиімділігі талқыланып жатыр, - деді әуе компанияның менеджері Виталий Макарченков.

Макарченковтың сөзінше, былтыр Грузияға ұшатын компанияларға 16 мәрте ұшақтарын жалға берген компания биыл бұл елге бір де бір рет рейс шығармаған. Оның сөзінше, билетке деген сұраныс «екі-үш есе» азайған. Макарченков мұның себебін жуырда Тбилисиде өткен наразылық акциясынан көреді.

Алматы әуежайына келе жатқан "Эйр Астана" ұшағы.
Алматы әуежайына келе жатқан "Эйр Астана" ұшағы.

Грузияға ұшатын қазақстандық туристер санының азайғанын «Компас» туристік компаниясының басшысы Анна Соловьева да байқаған. Ол да мұның себебін Грузияда өткен соңғы саяси наразылықтан көреді, қазақстандық теледидарда «ресейлік жаңалықтардың басым» екенін айтады.

— Төрт адам тапсырыс берсе, екеуі бас тартады. Бар, я барма деп ештеңе айтпаймыз. Турист өзі шешеді. Грузияның да, біздің де Сыртқы істер министрлігінен [Тбилисидегі Ресейге қарсы митингілерге қатысты] ескерту түскен жоқ. Қазір Грузияның Туризм министрлігі ел тынышталды деп пресс-тур ұйымдастырып жатыр, - деді Анна Соловьева.

Соловьева грузиялық туристік операторлардан бағаны арзанату туралы ұсыныс түсе қоймағанын айтты. 2015 жылы Ресей және бір саяси дағдарыс кезінде Түркияға ұшақ ұшырмай қойған кезде түркиялық қонақ үйлердің бағасы қатты арзандап кеткен еді. «Компас» басшысының сөзінше, Грузияда ондай арзандаудың нышаны да жоқ.

«Курорты Грузии» атты туристік агенттік осы елге баратындар санының азайғанына қатты алаңдап отыр. Менеджер Арай Күнтебай көрсеткіш 30-40 пайызға дейін құлдырайды деп шамалайды. Бірақ бұған Тбилисидегі шеру әсер етті деген пікірмен келіспейді.

— Оған дейін де құлдырау байқалған. Себеп - басқа. Биыл былтырғымен салыстырғанда [АҚШ долларының теңгеге шаққандағы] курсы жоғары. Тағы бір себеп - осы маусымда Ақтау мен Атыраудан [шетке] ұшатын чартерлік рейстерге тапсырыс беріп үлгермедік. Ешқайсысы бос болмады. Ал [әуе компаниялары ұсынатын] Грузия бағытындағы кәнігі рейстер чартерден қымбат. Осының бәрі жолдама бағасына әсер етіп тұр, - деді ол.

Тбилисиде жүрген туристер.
Тбилисиде жүрген туристер.

Арай Күнтебай жолдамалардың «әжептәуір» қымбаттағанына назар аударады. Өткен маусымда екі адам үшін он күнге Грузияға саяхаттау (әуе билеті, ішіп-жемі мен сақтандыруын қосқанда) 400-450 мың теңге арасында болса, биыл 600-650 теңгеге «бір-ақ артқан».

«Курорты Грузии» туристік агенттігі бағаға қарамастан демалғысы келетіндер бар екенін, Грузиядағы турбизнестен тартымды ұсыныс күтетіндерін айтты.

- Митинг өтіп жатқан кезде де Грузияға демалыс үшін аттанғандар болды. Шағымданған біреуі жоқ, - деді Күнтебай.

Қазақстандық туристердің шетелдік курорттардағы демалысын бақылайтын, төтенше жағдай туса, оларды елге қайтарумен айналысатын «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының ақпараты бойынша, Грузиядағы митингілер кезінде ешбір қазақстандық турист жолдамадан бас тартпаған. Қор туристердің пікірін сараптау әдісіне сүйеніп, былтыр қазақстандықтар үшін тартымдылық жағынан Грузияның 100-ден астам елдің ішінде 11-орынға шыққанын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Коронавирус деген не? Бүлдіршіндерге түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00
XS
SM
MD
LG