Accessibility links

VIP сұхбат

"Белсенді зейнеткер" Ермұхамет Ертісбаев билікті қорғауға қайта оралды


Ермұхамет Ертісбаевтың Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып жүрген кездегі суреті. 12 шілде 2012 жыл.
Ермұхамет Ертісбаевтың Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып жүрген кездегі суреті. 12 шілде 2012 жыл.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болып 12 жыл істеген Ермұхамет Ертісбаев зейнет жасына толды. Бір кездері оппозициялық басылымдар "Ақорда бұлбұлы" деп атаған Ертісбаев 63 жасқа толардан үш ай бұрын Қазақстанның Беларусьтегі елшісі қызметінен босатылды. Елге оралған бұрынғы президент кеңесшінің ақпарат құралдарында билікті қорғап, белсенділік танытып жүргеніне қарағанда, ол әлі де саяси сахнадан алыстай қоймағанға ұқсайды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маусымның 28-і күні Ермұхамет Ертісбаевқа төтенше және өкілетті елшінің жоғарғы дипломатиялық рангін беріп, бір жарым айдан кейін, тамыздың 12-сі күні Қазақстанның Беларусьтегі елшісі қызметінен босатты. Бірнеше аптадан кейін қазақстандық Tengrinews.kz ақпарат порталына берген сұхбатында Ертісбаев зейнетке шығардан бірнеше ай бұрын қызметтен босатылғаны өзіне де күтпеген жаңалық болғанын айтқан.

ЕРТІСБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ОРАЛУЫНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

Қазіргі президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин алты жылдан астам уақыт дипломатиялық қызмет атқарған Ермұхамет Ертісбаевтың Қазақстанға оралуы туралы "саяси қызметке көп жылын арнаған тәжірибелі саясаткер... ол әрдайым сұраныста болады және саясатта қалады" деген пікір айтты.

Ертісбаев қызметінен кеткенін, бірақ саясаттан тысқары қала алмайтынын хабарлады. Оның келесі іс-әрекетінен жақын уақытта демалысқа шықпайтыны белгілі болды.

Қыркүйек айында Ертісбаев "Политон" дискуссиялық клубы алаңында 2009 жылдан бері шетелде тұратын бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы Мұхтар Әблязовпен онлайн пікірталас өткізген (Әблязовты елге экстрадициялауға күш салған Нұр-Сұлтанның талпынысы сәтсіз аяқталған: Париж бұрынғы банкир Әблязовты Қазақстанға беруден бас тартқаннан кейін, ол француз түрмесінен бостандыққа шығып, 2017 жылы саяси реформаларды іске асыру мақсатын көздейтін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын құрғанын мәлімдеді; бір жылдан кейін Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, оның қызметіне тыйым салды; осыдан кейін қозғалыстың ондаған ықтимал жақтасы қылмыстық айып тағылып, қудалауға ұшырады). Қазақстанда Мұхтар Әблязов "бизнес серіктесін тапсырыспен өлтірді" деген айыппен (ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады) өмір бойына түрме жазасына кесілген. Бұған дейін шенеуніктердің ешқайсысы қуғындағы банкирмен қоғамдық пікірталасқа түспеген. Ашық саяси талқылау жүрмейтін Қазақстанда биліктің қарсыласымен болған виртуалды пікірталас қоғам назарын аударған.

Пікірталас кезінде Әблязов Нұрсұлтан Назарбаев билікте болған 30 жыл ішінде (Ертісбаев көп жыл бойы бұрынғы президенттің кеңесшісі болған) Қазақстанда оппозиция қалмағанын, биліктің бүкіл қарсыласын "түрмеге жауып, қорқытып, тонап, күшпен басып тастағанын" айтты. Ертісбаев елде оппозиция бар деген пікірде, бірақ Әблязов шынайы оппозиция өкілі деп өзін ғана мойындайтынын мәлімдеді. Әблязов Тоқаев "президент қызметін Назарбаевтың туыстарына табыстау үшін уақытша ұстап отыр" деп санайды. Ал Ертісбаев Тоқаевтың заңға сәйкес сайланған президент екенін, елде ешқандай қос билік жоғын айтып қарсылық білдірді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.

Мәселе бір ғана пікірталаспен тәмам болған жоқ. Осыдан кейін Ертісбаев ресми басылым мен биліктің қарамағындағы ақпарат құралдарына бірқатар мақала жариялап, қоғамда Әблязовты қолдайтындар жоғын жазды. Ертісбаевтың сөзінше, наразылық көңіл-күй мен болып жатқан өзгерістер кезінде Әблязов жағдайды пайдаланып, "твиттер-революция" бастап, әлеуметтік желіде отырған, "телефон батырмасына жармасқан шайтандардың" көмегімен, қоғамда алауыздық туғызуы мүмкін. Ертісбаев өткен ғасырдың терминологиясында кездесетін "халық жаулары", "шетелдік қолдаушылар", "ықпал ету агенті", "идеологиялық соғыс", "Отанын сатқандар" деген сөздер қолданған.

Әблязов Ертісбаевты билік Қазақстанға халықтың наразылық көңіл-күйі өскен тұста "насихат жұмыстарын" жүргізу үшін қайтарған деп есептейді.

- Ақпараттық кеңістікте Әблязов пен ол басқаратын ҚДТ қозғалысына қарсы күресу үшін Ертісбаевты жұмысқа алған. Ол осылай елдің қауіпсіздігіне алаңдайтын еркін зейнеткер сияқты көрінеді. Бірақ оған ҚДТ мен оның көшбасшысына қарсы кең көлемді идеологиялық соғыс жүргізуге барлық жағдай жасалған. Ертісбаев қазірдің өзінде жастарды саяси бағытынан айныту, олардың көңілін басқа арнаға бұру, мүмкіндік болса, оларды ҚДТ-ға қарсы қою сияқты амалдарды қолданып жатыр, - деді Әблязов.

Әблязовтың пікірінше, жоғарғы шенді шенеуніктермен салыстырғанда, Ермұхамет Ертісбаев ойын жақсы жеткізеді, бірақ позициясы әлсіз.

Азаттыққа берген пікірінде Ертісбаев билік өзін "ҚДТ қозғалысына қарсы пайдаланып отыр" деген Әблязовпен келіспейтінін айтты:

- Ол қызық адам. Билік Әблязов айтқандай, мен сияқты "ақымақ", "түкке тұрғысыз" адамды "ұлы және қорқынышты" Әблязовқа қарсы қолдануы мүмкін бе?! Оның кезекті мәлімдемесін тыңдадым. [Журналист Сергей] Дувановқа менімен келісіп, Ақорданың тапсырмасымен өзін пікірталасқа шақырды деген айып тағыпты. Ақыл-есі орнында емес екені көрініп тұр ғой! Әблязов парламенттік республика керек екенін бұрыннан айтып келеді, бірақ Қазақстанның барлық саяси қайраткерін ҰҚК тыңшысы көріп, саясаттың кез келген заңды әдісін жоққа шығарады, одақтас болуды, уақытша келісімге келуді, парламентаризмнің негізі саналатын пікір алуандығын мойындамайды. Бұл саясат емес, волюнтаризм, яғни объективті шарттар мен жағдайларға қарсы қалағанынша шешім қабылдау.

Азаттықпен әңгімеде саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов "Ермұхамет Ертісбаев отставкасының негізгі себебі оны елде болатын маңызды саяси оқиғаларға қатыстыру қажеттілігімен байланысты ма?" деген сұраққа Ертісбаев "мұнда ешкімге керек емес", ал отставканың себебі оның жұмыста жіберген "қателігі" болуы мүмкін деп жауап берді.

- Сіздер ол туралы аз жазсаңыздар жақсы болар еді, - деді Нұрмұхамедов.

"Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина да Ертісбаев "керек емес" деп санайды. Ол мұның себебін Ертісбаевтың көзқарасы мен пікірінің ескіруімен байланыстырады.

ҮШ РЕТ КЕҢЕСШІ БОЛҒАН "БҰЛБҰЛ" ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТЕРМЕН СОТТАСҚАН МИНИСТР

Атқарушы билікке келгенге дейін Ермұхамет Ертісбаев 360 депутаттан тұратын парламент – Жоғарғы Кеңестің мүшесі болып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары үкіметтің айтқанына жүрмей, президентке қарсы тұрған. 1994 жылы президентке бағынбаған парламент таратылды. Ермұхамет Ертісбаев көп ұзамай Назарбаевтың қасынан табылып, 1995 жылы Қазақстан президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. Ол бұл қызметінде арасында үзіліс алып, жалпы алғанда 12 жыл істеді. Ертісбаев Қазақстанда авторитаризм күшейіп, репрессивті заңдар қабылданып, жеке басқа табынушылық қалыптасып, президент Назарбаевқа жеке басы мен отбасын, олардың мүлкін қудалаудан қорғайтын "ұлт көшбасшысы" мәртебесі берілген тұста биліктің маңайында болды.

Ертісбаев кеңесші болған жылдары сыншыларға Назарбаев тұсында революция, соғыс пен толқусыз, мықты мемлекет құрылғанын, бұл соның еңбегі екенін айтқан. 2009 жылы Ертісбаев Азаттықта өткен "дөңгелек үстел" кезінде елде "жеке басқа табынушылық" жоқ, "саяси плюрализм, көппартиялық, баспасөз еркіндігі мен мемлекет басшысына сын айту мүмкіндігі бар" деген.

Президент Назарбаевты сынаған бұрынғы шенеунік Заманбек Нұрқаділов 2005 жылы күзде Алматыда өз үйінде өлі табылды (ресми дерек бойынша, ол өзін үш рет, басынан бір рет атып, суицид жасаған). Үш айдан кейін оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы өлтірілді. Нұрқаділов пен Сәрсенбайұлы 2004 жылы зерттеу материалын жазып жүрген журналист Асхат Шәріпжановқа сұхбат берген. Аяқталмаған жазба жоғалып кеткен, ал журналист ауруханада көз жұмды. Билік оны көлік қағып кеткен деп хабарлады. Бірақ журналистің достары мен жақындары Асхат Шәріпжановты әлдекім әуелі басынан ұрып, содан кейін көліктің астына итеріп жібергенін айтады.

Сәрсенбайұлының өлімінен кейін ел ішінде және халықаралық аренада сынға қалған (онымен бірге жүргізушісі мен оққағарын да атып өлтірген) билік ақпарат құралдарын бақылауға алуға кірісті. Үкімет Ертісбаев басқаратын арнаулы министрліктің көмегімен – ол 2006 жылдың қаңтарынан 2008 жылдың мамырына дейін мәдениет және ақпарат министрі болды – телеарналарға, оның ішінде Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның күйеуі Рахат Әлиев басқаратын медиаимперияға, Алтынбек Сәрсенбайұлын ұрлап әкетуге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы жасақ офицерлері қатысқанын анықтаған ақпарат құралдарына бақылауды күшейтті.

2006 жылы мамырдың 11-і күні Дариға Назарбаева басқаратын Қазақстан журналистер конгресі Ермұхамет Ертісбаевтың отставкасын талап етіп, оның авторитарлық басқару үлгісін және цензура орнатуға талпынысын сынады. Ертісбаев жауап ретінде журналистерді "қарсыластардың саяси ойынында қолшоқпар болмауға" шақырды. Бірнеше айдан кейін президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевке "өзі басқарған банктің менеджерлерін ұрлады", ал бірнеше жылдан кейін "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтірді" деген айып тағылды (Әлиев мұны жоққа шығарды). Дариға Назарбаева "Рахатгейт" деп аталған дау кезінде біраз уақыт халық алдына шықпай, кейін саясатқа қайта оралды (2015 жылы Вена түрмесінен Дариға Назарбаева сырттай ажырасқан Рахат Әлиев өлі табылған, Австрия билігі "тұтқын суицид жасаған" деп мәлімдеді).


Министр болған тұста Ертісбаевтың елдегі ақпарат құралдарымен қарым-қатынасы оңай болған жоқ.

"Сіз қайдан келдіңіз?! Ал сізге не керек?! Фотоаппаратты алып тастаңдар!!! Мәссаған… Ерген, артық адамдарды шығарып жібер! Бастадық қой, иә?… Бәрі дайын ғой, иә?… Ал мынау кім… келе жатқан?! "Эра"?! Мына жерден "Эраны" алып тастаңдаршы, тез! Ар жаққа алып кетіңдер! Жоқ, ары! "Эраға" пікір бермейміз, олар менің үстімнен шағым жазған…" – министрдің видеоға жазылған осы әрекеті сот ісімен аяқталды.

Министрге қарай бара жатқанында "Эраны" алып кетіңдер!" деген талап естіген "Эра-ТВ" журналисі Юлия Исакова министрді сотқа беріп, моральдық шығын ретінде 1 теңге талап еткен. Телеарна мен министрдің арасындағы дау үлкен жанжалға айналды. Ертісбаевтың "шағым" дегені – журналистерді қорғаушылардың айтуынша, телерадиохабар тарату құқығы үшін өткен байқау кезінде болған ықимал заңбұзушылықтар жайлы президент әкімшілігіне жазылған хат болып шықты.

Министр Ертісбаевтың тарихында сот кешірім сұрауға міндеттеген іс те болған. "Время" газеті 2007 жылы министрдің басқа ақпарат құралына берген сұхбатында басылым журналистерін "оңбағандар", "алаяқтар" және "телекиллерлер" деп атағаны үшін сотқа жүгінген. Ел астанасының аудандық және қалалық соты шенеунік "дискуссиялық сипаттағы өзіндік сыни пікірін білдірген" деп тауып, журналистердің шағымын қанағаттандырған жоқ. Бірақ Жоғарғы сот Ертісбаев айтқан сөздері үшін кешірім сұрауы керек деген шешім шығарған. 2009 жылы "Время" газеті министрдің "Басылымның барлық журналисінен кешірім сұраймын" деген хатын жариялады.

Журналист, баспасөз тарихшысы және адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның қызметкері Андрей Свиридов Ермұхамет Ертісбаевты 1980 жылдардың соңында "Мемориал" қоғамының Қарағандыдағы бөлімшесін басқарып, СССР кезіндегі қуғын-сүргін тақырыбын зерттеп жүрген кезінен бастап біледі. Свиридовтың айтуынша, кейін Ертісбаев "биліктің адамына айналған". Свиридов Ертісбаевтың министр қызметінде жүрген кезіндегі бір жақсы ісі деп, Нұрболат Масановтың басшылығымен көшпенділер (номадизм) институтын құрғанын айтады. Сарапшы Ертісбаевтың сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қудалауға ұшыраған күйеу баласы Рахат Әлиевтен алған ақпараттарды жариялаған оппозициялық басылым басшыларына қысым көрсеткенін еске алды.

- Ол кезде Ертісбаев өзінің "бұлбұл" ғана емес, азуы бар "бұлбұл" екенін көрсетті. 2007 жылы ол өзін насихатшы ғана емес, күш иесі ретінде жаңа қырынан таныстырды. Ол барлық оппозициялық басылым редакторларын жинап, қоқан-лоқы көрсетті. Алдап, келісімге келуге тырысқан жоқ, басшы, шенеунік ретінде Рахат Әлиевтің әшкерелеуші ақпараттарын жариялайтын болса, бәрін түрмеге жабатынын ашып айтты, - дейді Андрей Свиридов.

Осы кездесуге қатысқандардың бірі, Zonakz.net сайтының бас редакторы Юрий Мизинов Азаттықпен әңгімеде министр Ертісбаевтың қандай әдістер қолданғанын айтып берді.

- Ертісбаев ақпарат министрі болған тұста мәлімдеме жасап, шетелде қалған Рахат Әлиевке қатысты келеңсіз жағдайлар болды. Біз осы материалдарды жариялай бастадық. Екі күннен кейін мені бұғаттап тастады, қалған басылымдарға салық полициясы барды. Бізге қысым көрсете бастады. Ертісбаевқа хабарласып, "Ермұхан, не боп жатыр? Мәселені талқылайық" дедім. Ол "Оппозициялық басылымдардың барлық редакторын жинай аласың ба? Бәрімен кездескім келеді" деді. "Жинаймын" деп жауап бердім. Әріптестеріме хабарласып едім, бәрі келісті. Ертісбаевпен кездестік. Бәрі "Бұларың не?" деп шағым айта бастады. Ертісбаев "Былай келісейік: сендер Рахат туралы ештеңе жазып, оған қолдау көрсетпейсіңдер. Осыған келіссеңдер, ертең сені бұғаттаудан шығарамыз, ал сендерді полиция мазаламайды" деді. Бәрі келісті. Келесі күні менің сайтым қайта жұмыс істей бастады. Ал өзге басылымдарды қаржы полициясы жайына қалдырды, - дейді Мизинов.

Әлі күнге "Қоғамдық позиция" газетінің (DAT жобасы) астына өзін "Бас оқырман" деп жазып жүрген Ермұрат Бапи Мизиновтың Ертісбаевпен кездесу туралы айтқанын растады. Бапи осыдан кейін Ертісбаев ақпарат министрі боп жүрген кезінде DAT оппозициялық жобасына мемлекеттік грант бергенін айтады. Бапидің айтуынша, мұндай жағдай (осыған дейін де, одан кейін де) Қазақстандағы оппозициялық басылымдар тарихында болмаған.

2008 жылы Ертісбаев президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі қызметіне үшінші және соңғы рет тағайындалды.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан соң – Маңғыстау облысында жалақыны көтеріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың көп айға жалғасқан ереуілі күшпен басылғаннан кейін арада бір ай өткенде Ертісбаев Лондондағы Chatham House орталығында сөйлеген сөзінде билікке қару қолданылмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тура келгенін айтты. Ақпарат құралдары Ертісбаевтың "Мен ішкі әскерді қорғамаймын, бірақ жағдай өте күрделі болды" деген сөзін жеткізді. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы кезінде Жаңаөзенде полиция көтеріліске шыққандарға қарсы оқ атқан. Ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тапқан (біреуі – жаңаөзендіктерге қолдау көрсеткен Шетпе станциясының тұрғыны). Ертісбаев қайғылы оқиғадан кейін Назарбаевқа Жаңаөзендегі жағдай туралы толық емес және қате ақпарат берілгенін айтты. Назарбаевтың жеті айға созылған көтеріліс туралы неге ештеңе білмегені сол күйі белгісіз болып қалды.

2005 жылғы президент сайлауы қарсаңында өткен кездесулердің бірінде Ертісбаевқа "15 жыл бойы бір президент басқаратын елде тұрудан жалыққан жоқсыз ба?" деген сұрақ қойған. Ол "Жоқ, жалыққан жоқпын!" деп жауап берді.

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарғаннан кейін 2019 жылы наурызда қызметінен кеткен бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік аппаратқа ықпал ету тетіктерін әлі де өз қолында ұстап отыр. Оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік маңызды қызметтерге тағайындауларды Назарбаев өмір бойы басқаратын қауіпсіздік кеңесімен келіседі. Шенеуніктердің басым бөлігі Назарбаев жетекшілік ететін "Нұр Отан" партиясына мүше.

Соңғы кезде жиі көтеріліп жүрген елдегі қос билік тақырыбы жайлы пікір білдірген Ермұхамет Ертісбаев "Конституциялық және функционалдық тұрғыдан билік әлемге белгілі саясаткер Назарбаевтың беделін жоққа шығара алмайтын және бұлай жасағысы келмейтін Тоқаевқа тиесілі" дейді.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG