Accessibility links

"Сөз бостандығы тарылып барады" vs "Өзгеріс бар". "Жаңа Қазақстанда" журналистер жұмысы қалай өзгерді?


Сөз бостандығын қорғау акциясы. 25 маусым 2022 жыл.
Сөз бостандығын қорғау акциясы. 25 маусым 2022 жыл.

Азаттық әртүрлі ақпарат құралдарында істейтін қазақстандық журналистермен сөйлесіп, «Жаңа Қазақстандағы» жұмысы қалай өзгергенін сұрады. Қазақстанда жазатын жаңалық көп. Бірақ ақпарат тарату еркін әрі қауіпсіз деуге келе ме?

Вадим Борейко, "Гиперборей" YouTube-арнасының авторы әрі жүргізушісі:

Вадим Борейко
Вадим Борейко

"Жаңа Қазақстан" аз уақыт ішінде 1980-жылдардағы қайта құру сияқты келеке қылатын мемге айналып кетті. Енді бұл сөзді салмақты түрмен айта алмаймын. Сондықтан «Qantar-ға дейін» және «Qantar-дан кейін» дегеніміз дұрыс шығар.

2022 жылдың алғашқы жартысында Тоқаевтың либералды мәлімдемелерінің арқасында біраз әріптесіміз жылымық лебін сезінді. Өз басым сенген жоқпын: ол кезде Ақорданың журналистерге уақыты жоғын, билік вертикалі мәселесін шешіп алғаннан кейін бізді қолға алатынын білдім.

Күткенімдей болды: былтыр күзде тәуелсіз ақпарат құралдарына шабуыл басталды. 2023 жылдың басында YouTube-арнамыз да нысанаға ілінді: қаңтарда түнде пәтерімнің сыртқы есігіне желім жағып, от қоюға тырысты, ақпанда операторымның екі көлігін өртеп жіберді. Шабуылды ұйымдастырған хакер ұсталды, бірақ тапсырыс беруші де сол дегенге әріптестерім сенбеді. Тапсырысты «Назарбаевтар» бергенін растайтын айғақтар көрсетілген жоқ.

Өз жұмысым еркін, жеңіл әрі қызық жүріп жатыр. Биліктің арқасында айтатын-жазатын нәрсе көп. Бірақ сөз бостандығы үшін ешкімге алғыс айта алмаймын: маған оны ешкім берген жоқ, 5,5 жыл бұрын фрилансер боламын деп шешкенде бұл еркіндікті өзім алдым. Төбемде бас редакторым, не істеп, не қою керегін нұсқайтын президент аппараты жоқ.

Ғабит Ескендірұлы, «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы::

Ғабит Ескендірұлы
Ғабит Ескендірұлы

Журналист ел алдындағы жауапкершілігін терең түсінетін болса, қай кезде де міндетін адал орындауы керек. Жазушы Ғабиден Мұстафинше қайырар болсақ, «шамасы жеткен жеріне дейін адал болуы тиіс». Бұл ұстанымға берік болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әсіресе, авторитар жүйеде. Бұрынғы билік демекші, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының кезінде төмендегіні айтқаны бар-ды: «Президенттің айналасындағылар, бәлкім президенттің өзі де, алдағы уақытта авторитаризмді күшейту арқылы, яғни азаматтардың еркі мен құқына қысым жасау арқылы билікті ұстап тұра аламыз деп есептейтін болуы керек. Бірақ, бұл – өте сорақы және кешірілмес қателік!». Кешірілмес қателік – былтыр Қаңтар оқиғасына апарып соқтырғанына куә болдық.

Қоғамда өзгерістің нышаны бар. Әзірге ол идеологиялық тұрғыда жүріп жатыр. Заңдарға өзгеріс енгізіліп, тұжырымдама қабылданды дегендей. Алдағы уақытта нағыз демократиялық құндылықтардың іс жүзінде орындалуынан, «Халықтың үнін еститін мемлекеттің» түбегейлі орнығуынан үміттіміз.

Бұрынғы билік тұсында «аспанда бар, жерде жоқ» сынды теңеулер арқылы журналистиканың барометріне айналса, қазір кезде ақпарат кеңістігінде даңғазалық азайды. Керісінше бүгінде шығармашылық еркіндіктің шектен шыққаны соншалық, кейбір әріптестеріміз қоғамның тек көлеңкелі жағын көбірек көрсетуге үйір болып жүр. Мақтаса аспандатып жіберетін, жамандаса жерге кіргізетін кейіп. «Барын бар, жоғын жоқ» деп айтатын объективті көзқарасты саралап айтуға да уақыт керек секілді. Ең бастысы, ақпарат кеңістігінде «жылымық кезең» туды. Ендігі жерде елдікті мақсат тұтқан, тәуелсіздікті нығайтуға үлес қосатын ұлттық журналистиканың өрісін кеңейте түсу керек.

Есдәулет Қызырбекұлы, Мasa Media порталының редакторы:

Есдәулет Қызырбекұлы, Мasa Media порталының редакторы
Есдәулет Қызырбекұлы, Мasa Media порталының редакторы

Өз басым «Жаңа Қазақстанның» өзгерістерін сезбедім. Журналистерге қысым, қудалау бұрын қалай болса, қазір дәл солай жалғасып жатыр. Мысалы, қазір тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрім қамауда отыр. Оған оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан сұхбат алғаны үшін «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйымды қолдау» бабы бойынша іс қозғады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі оны қорғаудың орнына «бұл іс оның саяси көзқарасы үшін қозғалды, журналистік қызметіне қатысы жоқ» деді. Бұл − жасалып жатқан қысымның бір сыпырасы ғана.

Атырауда Қанды Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптаулар туралы жазып жүрген Олеся Вертинская соққыға жығылды. Министрдің сөзі мен жоғарыда айтылған мысалдарға қарап, «Жаңа Қазақстанда» сөз бостандығы мен саяси ой еркіндігі қай деңгейде екенін бағамдай берсеңіз болады.

Бұған қоса, дау болған «Масс медиа» туралы заң жақында парламент мәжілісінің қарауына жіберілді. БАҚ туралы жаңа заң қабылдау қажет, ол сөзсіз. Бірақ мына заңның қазір қолданыстағы БАҚ туралы заңнан еш айырмасы жоқ. Тәуелсіз сарапшылар «ескі заңмен жылап көрісуіміз мүмкін» деген пікір айтып жатыр. Өз басым осы пікірге қосыламын.

Былтыр наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында «ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие ақпарат құралдарын құру» жөнінде айтты. Бірақ бір жылдан астам уақыт өтті, ақпарат саласында қандай да бір өзгеріс байқамадым. Шығармашылық пен ой еркіндігі жыл сайын тарылмаса, кеңейіп жатқан жоқ

Татьяна Трубачева, CABAR.asia басылымының Қазақстан бойынша редакторы:

Татьяна Трубачева
Татьяна Трубачева

«Ескі» және «жаңа» Қазақстан арасында айырмашылық көрген жоқпын. 2000-жылдардың басында «Республика» газетінде істедім. Сол кездің өзінде редакция терезесіне басы жоқ ит іліп кететін. Бас редакторымыз Ирина Петрушоваға зиратқа қойылатын гүлдесте жіберетін. Редакциямызды өртеп, журналистерімізді ұстап әкетті. Жаңаөзен оқиғаларынан кейін 12 сағат ішінде баламды алып, елден кетуге мәжбүр болдым. Өйткені мені полиция ұстап әкетуі мүмкін еді. «Жаңа» Қазақстанда дәл осындай қысымға куә болып отырмыз: шошқаның басын, көктас жіберу, редакцияны қирату, көлік өртеу.

Журналистикаға 2001 жылы келдім, алғаш жазған материалдарымның бірі БАҚ және бейбіт жиын өткізу туралы заңды қатаңдату тақырыбында болды. 22 жылдан бері үнемі осы тақырыпты көтеріп, талқылауға қатысып келемін. Елде бір қиындық, дағдарыс бола қалса, билік бірден ақпарат құралдарына қарсы репрессивті заң қабылдауға көшеді.

Әлеуметтік желі шығып еді, енді «Масс медиа» туралы заң жобасын дайындап, контент өндірушілерді түгел бақылауға алуға тырысып жатыр.

«Жаңа» Қазақстанда ашық дерек көбейді. Павлодарда шенеунікті артынан қуып, жауап ала алмай қойдым. Енді онымен кездесудің қажеті жоқ, eOtinish арқылы ресми хат жолдасам, жауап келеді. Олардың қалай жауап беретіні бөлек әңгіме, бірақ осының өзі прогресс деп ойлаймын.

Амангелді Құрмет, «Айқын» газетінің бас редакторы (билік партиясы «Аманаттың» газеті)::

Өз басым, «жаңа» немесе «ескі» деген шарттылықтан аулақ болғанды қалаймын. Егер мәселені соңғы саяси реформалар нәтижесі тұрғысынан қарастырар болсақ, журналист болып жұмыс істеу тым жеңіл емес. Бәсекенің сипаты өзгерді. Саяси реформаларды жүзеге асыру кезінде азды-көпті пікір еркіндігі пайда болғаны рас. Бұл жағдай бір жағынан артықшылық болғанымен, бір жағынан журналистің арандап қалуына да апарып соғатын сияқты. Қазір журналистерді жеке бас мақсатына пайдалануды көздейтін топтар белсенді әрекет етіп жатқандай болып көрінеді. Әріптестерімізді саяси, қаржылық, тіпті кейде қылмыстық астары бар әрекеттерге итермелейтін топтар жойылмағанға ұқсайды. Сөйтіп, қоғамда белгілі бір көзқарас қалыптастыру үшін күрес жүріп жатқан сияқты.

Екіншіден, күнделікті қызметін атқару барысында журналистер түрлі қысымға ұшырап жатыр. Соңғы жылдары бірнеше мәрте журналистерге қастандық жасалды. Өкініштісі, журналистерге қысым жасаудың артында нақты кім тұрғанын анықтау қиынға соғып жүр. Егер көпсатылы тапсырыс болса, онда орындаушыны анықтау оңай болғанмен, шынайы тапсырыс берушілерді табу қиынға соғады. Бәлкім, анықталған шығар, бірақ белгілі бір себептермен толық айтылмайды. Бұл себептер сан түрлі болуы мүмкін. Геосаяси мәселелерден бастап, ел ішіндегі түрлі топтардың әрекеті болуы ғажап емес.

Егер Еуразия аймағында ұзаққа созылуы мүмкін геосаяси турбуленттілік, өрши түскен сын-қатер сақталса, бәрібір мемлекет қаржыландыратын медиаға қажеттілік жойылмайды деп білемін. Кемі 10-15 жыл солай болатын шығар. «Өз армияңнан аясаң, өзгенің әскерін асырайсың» деген қанатты сөз бар. Өз басым мұны өзгертіп «өз медиаңды қолдамасаң, өзгенің медиасының ықпалында боласың» деп айтар едім. Біз ақпарат тарату маңызды деп жүргенде теріскейдегі көршінің медиасы ақпараттық кеңістігіміздегі ықпалын арттырып үлгерді. Сондықтан мемлекет және партия қаржыландыратын медиа жүйелі ақпараттық саясат жүргізу үшін әлі де болса қажет деп білемін.

Мемлекеттің қолдауынсыз медиадағы қазақ тілі бірден қазіргі позициясынан айырылып қалуы мүмкін. Мұны мәселенің екінші жағы деп білу керек. Мысал ретінде «Балапан» мен «Қазақстан» ұлттық арнасын алайық. Мемлекет қаржыландырмаса, бұл арналарға бизнес қолдау көрсете ме? Өз басым күмәнданамын. Сондықтан Қазақстан қоғамында демократиялық құндылықтар толық орнап, заң үстемдігі қалыптасқанға, аймақтағы геосаяси ахуал тұрақтанғанға дейін мемлекет пен партия медианы қаржыландыруды жалғастыратын шығар.

Қойшыбек Мүбәрак, Qazaq Times қоғамдық-саяси порталының бас редакторы::

Койшыбек Мүбәрак
Койшыбек Мүбәрак

— Президент Тоқаев айтқан «Жаңа Қазақстаннан» ешқандай өзгеріс пен жаңалық көріп тұрғаным жоқ. Бәлкім, биліктің маңында жүрген мемлекеттік ақпарат құралдарының журналистері немесе тура солардың сөзін сөйлейтін блогерлер үшін «Жаңа Қазақстанның» жаңалығы, жақсылығы болып жатқан шығар.

Өзгерістерді былай қойғанда, еркіндік күннен-күнге құлдырап бара жатыр. Мысалы, тәуелсіз журналист тікелей Тоқаев билігі мен жүйеге қаттырақ тиетін сөз айтса, Думан Мұхамедкәрімнің күйін кешеді.

Тәуелсіз ақпарат құралдарында қаржы табу мәселесі бар. Qazaq Times 2016 жылы құрылғалы бері мемлекеттен бір тиын алмады. Мемлекеттік органдардың ақпарат құралдарына беретін тендерлеріне қатыспаймыз. Себебі тендер алсаң, саған тиын беріп отырған биліктің сөзін сөйлеуге тура келеді.

Бастапқыда сайтты өзімнің жекелеген таныстарым қаржыландырып, 8-9 журналиске дейін ұстай алдым. Қазір сайтымда сырттан жазып тұратын тәуелсіз журналистерден өзге ешкім жоқ. Редакция отыратын кеңсе, тіпті журналистке керек жабдықтарымыз жоқ. Қаңтар оқиғасы бойынша Тараз бен Талдықорғанда өткен соттарға өз қалтамыздан ақша шығарып бардық. Меніңше, тәуелсіз журналистиканы қаржыландыруға ұлттық буржуазия күш салуы керек шығар. Сондай кезде ғана тәуелсіз БАҚ еркін қанат қаға алады.

Тамара Вааль, Vlast.kz порталы Астана бюросының шеф-редакторы:

Тамара Вааль
Тамара Вааль

Басында «Жаңа» Қазақстанда журналистер жұмысы жеңілдейтін шығар деген үміт болған. Бірақ азаматтық белсенділер мен журналистер ұсталғанын көріп, қысым тоқтамағанын түсіндік.

Мен парламент пен үкіметтен тұрақты хабар таратамын. Кейінгі кездері парламентке кіру қиындады. Қазір жаныңда алып жүретін адам болмаса, ішке кіргізбейді. Пандемияға дейін парламенттен аккредитациямыз, баспасөз картамыз болған. Жұмыс уақытында кез келген сәтте кіріп-шыға беретінбіз. Қазір болмайды дейді.

Министрлермен сөйлесу қиын: жауап бергісі келмейді немесе жауапкершілік алудан қорқады. Бірақ олардан пікір алудан пайда жоқ, өйткені іліп алар ештеңе айтпайды. Жұмыс қиындады. Объективті түрде қиындады.

Қорытындылай келе, «Жаңа» Қазақстан мен сөз бостандығын көрмедік. Тағы да бәрі жақсы деген сыңай танытып, көзбояушылық жасады.

Угандадан кейінгі орында. Баспасөз бостандығы индексіндегі Қазақстан

Қазақстан бүкіләлемдік баспасөз бостандығы индексінде 134-орында тұр. Бұл рейтингті халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы дайындайды. Ұйым өкілдері Қазақстанда "ақпаратқа қол жеткізу құқығы шектелген", "үкімет ақпарат кеңістігін бақылауда ұстағысы келеді", "журналистер цензурадан зардап шегіп отыр" деп есептейді.

Ұйымның 2023 жылы мамырда жарияланған есебінде "Билік журналистердің 2022 жылы Қаңтарда болған үкіметке қарсы наразылық сияқты маңызды шаралардан хабар таратуына кедергі жасау үшін ұстап әкету, шабуыл жасау, телекоммуникация желілері мен интернетті өшіру сияқты қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаланады. Жекеменшік ақпарат құралдарына пропагандамен айналысқаны үшін ақша төлейді. Ақпарат министрлігі БАҚ өкілдерін бақылайтын орган қызметін атқарады" делінген.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымы Қазақстандағы БАҚ туралы заң жобасына құқық қорғаушылар мен медиазаңгерлер алаңдап отырғанын, мемлекет баспасөзді бақылауды күшейтіп, сөз еркіндігін тағы шектеуі мүмкін екенін айтады.

XS
SM
MD
LG