Accessibility links

"Мені полиция зорлады". Қарағандылық қыз жәбірленгенін бір жылдан бері дәлелдей алмай жүр


Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы
Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы

2023 жылдың аяғында Қазақстанда ІІМ қызметкерлері әйел зорлаған бірнеше оқиға тіркелді. Үш полиция қызметкері тұтқындалды. Министрлік бұл "жағымсыз, масқара жағдай" деп мәлімдеді. Бірақ күштік құрылым қызметкерлерінің зорлық-зомбылық жасағаны туралы ақпараттың бәрі көпшілікке жария бола бермейді. Қарағанды облысының тұрғыны Жанна Әсембаева өзін Абай қаласының полиция қызметкері әріптесінің көзінше зорлағанын айтады. Бірақ жәбір көргенін бір жылдан бері дәлелдей алмай жүр. Оның сөзінше, полицейдің жанындағы куәгер әріптесі де зорламақшы болған, сол әрекетіне қарсылық танытқан қызды ұрып-соққан.

"ДӘЛІЗДЕ МЫРС-МЫРС КҮЛІП ЖҮРДІ"

34 жастағы Жанна Әсембаева 2022 жылы Қарағанды облысы Абай ауданы полиция басқармасының кеңсесіне ерікті жалдамалы жұмысшы болып орналасады. Жұмыс істеп жүрген кезде взвод командирінің орынбасары Ж. деген жігітпен Жаннаның әңгімесі жарасады. Бойжеткен жігіт оны ұнатып жүр деп ойлапты.

Жаннаның Азаттыққа айтқан әңгімесіне және полицияға берген жауабына қарағанда, 2022 жылғы 27 шілдеде Ж. оны досының пәтеріне шақырған. Р. есімді досы да полицияда жұмыс істейді, арнайы жасақ (СОБР) қызметкері. Жанна әуелде барғысы келмегенін, бірақ Ж. әлгі досын "жақсы жігіт" деп сипаттап, баруға көндіргенін айтады. Жалға алынған пәтерде жігіттер сыра ішеді. Содан соң Ж. Жаннаны төсек қатынасына итермелей бастайды. Онысына көнбеген қызды төсекке итеріп құлатып, зорлауға көшеді.

Жаннаның сөзінше, бұл кезде Р. әжетханада болған, шыққан соң қызды аузынан зорлауға тырысқан. Бірақ қыз ретін тауып, басын бұрып үлгереді. Ал Ж. бұл кезде оны зорлап жатады. Бір кезде Р. оларды видеоға түсіре бастайды. Ж. шаруасын бітірген соң Жанна пәтерден қашып кетуге оқталады. Бірақ есік құлыптаулы екенін көреді. Осы кезде екі ер адам бір-бірімен сөзге келіп қалады. Қыз сонда бұлардың бастапқыда өзін бірге зорлағысы келгенін түсінеді.

"Р. Ж.-ға "келіскен жоқпыз ба?" деп ренжи бастады. Ж. мені үйге жеткізіп саламын деп, есікті ашты. Осы кезде Р. оны ұрып жіберді. Екеуі подъезде төбелесті. Ал мені пәтерге қамап тастады. Шамамен 20 минуттан кейін Р. қайтып келді де, маған тиісіп, аузына келгенді айтты", – дейді бойжеткен.

Жанна балконнан секіріп қашып кетуге оқталады (пәтер үшінші қабатта болатын), бірақ Р. оның джинсы күртесінің жағасына жармасып, ұстап алады. Осы кезде Жанна оның қолы қан екенін көреді.

"Оны бір-екі рет жұдырықтап жібердім, ол соған ашуланып, мені еденге құлатты да, күртемнің жағасымен тұншықтырып, ұрып-соғып, шашымнан сүйреді. Күртем жыртылып, жағасында қанның ізі қалды. Бірақ сараптама оны "көрген жоқ", – дейді қыз.

Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы
Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы

Жанна ретін тауып, 102 нөміріне қоңырау шалған, бірақ мекен-жайын атай алмаған соң кезекші тұтқаны тастай салады. Сосын ол Ж.-ға қоңырау шалып, "Р. мені өлтіргелі жатыр" дейді. Көп ұзамай Ж. патруль алып келеді. Бірақ, Жаннаның айтуынша, олар қыздан ештеңе сұрамаған, жауап алмаған, медициналық тексеруден өтуді ұсынбаған. Патрульдегілер Ж.-ның сөзін ғана "тыңдаған". Тіпті үйден шығып кету үшін Р.-дың қанын тазалап, еден жууға мәжбүр болған.

Келесі күні ол жұмысқа бармаған. Бірақ өзін Р. тұншықтырған кезде денесінде қалған қолдың ізін суретке түсіріп, әріптесіне (істе К.Н. деген есіммен жүр) жіберген. Кейін жұмысқа барып, оған бәрін баяндап береді. Әріптесі "бәрібір кінәлілер жазасын алмайтынын, Жанна бекер ұятқа қалатынын" айтып, оны полицейлердің үстінен шағым түсірмеуге көндірген. Тергеу барысында К.Н. жәбірленушіден зорлық-зомбылық жайында естігенін мойындамады. Редакцияда оның мессенджерде Жаннамен жазысқан хаттарының скриншоты бар. К.Н. оған: "Мен ештеңе білмеймін, білгім де келмейді. Мені араластырма. Чаттағы әңгіменің бәрі өшті", – деп жазған.

Көп ұзамай Жанна жұмысқа қайта оралған.

"Әлгі екеуі дәлізде мырс-мырс күліп жүрді. Бәрі мен туралы айтып, маған қырын қарайтындай көрінді", – дейді қыз. Сол оқиғадан кейін қыз бір жарым ай ғана істеп, жұмыстан шығып кеткен.

"ЕНДІ ЕШТЕҢЕ ДӘЛЕЛДЕЙ АЛМАЙСЫҢ, АРЫ ҚАРАЙ ӨМІР СҮРУІҢ КЕРЕК"

Жанна дер кезінде арыз жазбаған, өйткені "ұят болады", туған-туыстарым жазғырады деп қорыққан. Бірақ жанын жегідей жеген әлгі оқиғаны ұмыта алмаған. Сөйтіп 2023 жылғы 26 қаңтарда полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасына зорланғаны туралы шағым түсірген. Қылмыстық кодекстің 120-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, полицейлер қорғануға хақы бар куәгер мәртебесін алған. Кейін олар куәлік беруден бас тартқан.

Қыздың айтуынша, тергеуші Диана Каримова алдымен "полицейлерді жұмыстан шығартуға" тырысыпты. Бірақ, бірнеше айдан кейін, 2023 жылдың сәуірінде, "қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ" деген байламмен тергеуді тоқтатқан.

Қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыда, Жаннаның айтуынша, қыз зорланған түні Абай полициясының кезекші бөлімінің 102 телефон нөміріне түскен хабарламаларды жазатын құрылғы жұмыс істемегені айтылған. Жабдықтың істен шыққан кезеңі деп 2022 жылдың сәуір – қараша айларының аралығы көрсетілген. 28 шілдеде кезекші болған полиция қызметкері жауап алу барысында ешкімнен "тұншықтырып өлтіріп жатыр" деген қоңырау түспегенін айтқан.

Бірақ Жаннаның телефон нөмірінен 102-ге қоңырау түскен делінеді істі тоқтату туралы қаулыда. Сырт жаққа қоңырау шалынғаны туралы ақпаратқа сәйкес, қыз 2022 жылғы 28 шілдеде таңғы сағат 4:33-те полицияға телефон соққан. Әңгіме 13 секундқа созылған. Жауап беру кезінде енді бір кезекші "абонент қоңырау шалған болуы мүмкін, бірақ ол естілмеді" дейді. Сондай-ақ 17 маусым мен 28 шілде аралығында Әсембаева мен Ж. арасында болған қоңыраулар да тіркелген. Қыздың адвокаты Есентай Омаров тергеуші полицейлердің ұялы байланыс географиясын тексермеген, 28 шілдеге қараған түні олардың қайда болғанын анықтамаған деп шағымданды.

Қаулыда тергеу барысында жауап берген үш көрші шілденің 28-іне қараған түні ешқандай айқай-шу естімегенін айтқан. Ал Жаннаның сөзінше, Ж. мен Р. төбелесіп жатқанда көршілері "тынышталыңдар" деп айқайлаған.

"Оқиға болған сәттен бастап ӨҚБ-ға өтініш бергенге дейін 6 айдан астам уақыт өткендіктен" тергеу Әсембаеваны шындық детекторында тексеру керек деген тоқтамға келеді. Криминалист қызды "Ж.-мен өз еркімен жыныстық қатынасқа түсті" деген қорытынды шығарған. Сондай-ақ "Р. жыныс мүшесін оның аузына тығуға тырысты" деген жауабы рас деген қорытынды шыққан.

Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы
Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы

"Бәрі қысым көрсетті. Сұрақтар мені кінәлі етіп шығарғысы келетіндей, – дейді Жанна. – Мысалы, пәтерге өз еркіңмен бардың ба деп сұрады".

Қорғаушы облыстық прокуратураға берген шағымында жәбірленушіге Ж. мен Р. тарапынан оны зорлауға бағытталған іс-әрекеттер болды ма деген сұрақтар қойылмағанына назар аударды.

Әсембаева полицейлермен беттестіру кезінде де "қысым" болғанын атап айтқан.

"Сұрақтар, негізінен, маған қойылды. Құдды күдікті мен сияқты болдым. Олардан ештеңе сұраған да жоқ. Олар бар болғаны "жоқ" немесе "растаймын" деп қана жауап берді. Олар [Ж. мен Р.] маған екі жақтан қысым көрсете бастады: "Басың істей ме? Не үшін ойдан шығарып отырсың?" деп айтты. Беттестіру кезінде екеуі де өзіне сенімді отырды. Келісіп алғаны көрініп тұрды", – дейді Жанна.

Жанна Ж. ішіп алып елдің бәріне "үш миллион теңге беріп, істі жауып тастағанын, ӨҚБ бастығы Дархан Әбдікамаловқа мойындап, оған ақша ұсынғанын айтып жүр" дейді.

Жанна күдіктілермен беттестіруден кейін Әбдікамаловқа барған. Ол қызға: "тым кеш хабарладың, енді ештеңені дәлелдей алмайсың, ары қарай өмір сүруің керек қой", – деген.

Абай ауданы полиция басқармасы бастығының орынбасары Евгений Әбішев те оны шақырып алып, жағдайды толық баяндап беруін өтінген. Жанна бәрін айтып бергеннен кейін, Әбішев оған ХҚКО-дан жұмыс ұсынған және "абыройын түсірмесін" деп, Ж. және Р.-мен сөйлесуге уәде берген.

Өзіндік қауіпсіздік басқармасы Азаттыққа берген ресми жауабында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Әсембаеваның өтініші бойынша "қылмыстық жауапкершіліктен құтқарғаны үшін" үш миллион теңге пара берді деген ақпаратты тексергенін, бірақ ол факт расталмағанын мәлімдеді. ӨҚБ нұсқасы бойынша, Абай ауданы ПБ бастығының бірінші орынбасары тарапынан "заңсыз әрекет" болғаны да расталмған. Ведомство сондай-ақ Әсембаеваның "6 ай өткеннен кейін хабарласып, қылмыстық қудалау органдарына уақытылы жүгінбегенін" атап көрсеткен. ӨҚБ тергеу "барлық қажетті әрекетті атқарды, полиция қызметкерлерінің кінәсін растайтын дәлелдер табылмады" деді.

Іс тоқтатылғаннан кейін Жанна ішкі істер министрлігіне, бас прокуратураға және облыстық прокуратураға, тіпті президент әкімшілігіне бірнеше рет шағым жазған. Ол істі тергеуге қайтаруды және тергеушіні "немқұрайлық" бабы бойынша жауапқа тартуды талап еткен. Адвокат істі Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына тергеуге жіберуді сұраған. Бірақ арыз-шағымдардың ешқайсысы қанағаттандырылмады.

"СОЛАЙ ДЕП ОЙЛАСА, ОЙЛАСЫН"

Азаттық Әсембаеваға зорлық-зомбылық көрсетті делінген полицейлерге хабарласты. Екеуі де онымен бір пәтерде болғанын мойындаған жоқ. Р. тіпті оның кім екенін білмеймін деді.

"Ол мені зорлады деп арыз жазған. Есі дұрыс па?" – деп наразы болды Р. Басқа сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Айтуынша, қазір ол полиция басқармасында емес, "БҰҰ-да бітімгер" болып жұмыс істейді.

Ж. Жаннаны танитынын мойындап отыр. Бірақ онымен тек жұмыс барысында ғана араластым дейді. "Істі тоқтату үшін үш миллион теңге пара берген" деген ақпаратқа қатысты сұраққа: "Солай деп ойласа, ойласын", – деп жауап берді. Оның айтуынша, Әсембаева "жеңіл өмірді жақсы көретін қыз" екен, бірақ полиция өкілі мұнымен не дегісі келетінін ашып айтпады.

Жанна хабарлағандай, тергеу кезінде Ж. Қарағанды облысының Осакаров ауданына қызметке ауыстырылған. Полиция департаменті Азаттыққа берген жауабында оның қазір Осакаров ауданы Молодежный кентінде учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқаратынын растады.

Ведомствоның хабарлауынша, тағы бір полиция қызметкері Р.-ды "теріс қылығы" үшін жұмыстан шығарып жіберген. Тек оның қандай "теріс қылық" жасағанын және қай уақыттан бастап полициядан кеткенін нақты айтпады.

ЖЕҢІЛ ЖАЗА БЕРЕДІ НЕМЕСЕ ЖАУАПТАН ТАЙСАҚТАЙДЫ: "НЕМОЛЧИ.KZ" ҚОРЫНЫҢ ЗЕРТТЕУІ

"Жәбірленуші полицейді айыптаса, бәрі оны қорғап шыға келеді. Бұл тек полицияға қатысты емес, оның ішінде ҰҚК қызметкерлері, прокуратура, судьялар, әкімдік қызметкерлері, Amanat партиясының мүшелері де бар. Құқық қорғау жүйесі [істі тергеуге] үнемі солай қарсылық көрсетеді", – дейді зорлық-зомбылық құрбандарының құқығын қорғаумен айналысатын "НеМолчи.kz" қорының басшысы Дина Смайылова.

Дина Смайылова ІІМ қашанда "қол сынса, жең ішінде" деп, ым-жымын білдірмеуге тырысады деген пікірде. Айтуынша, олар сондай жағдайларда қызметкерді, әдетте, өткен күнмен жұмыстан шығарып жіберіп, жауапкершіліктен сытылуға тырысады.

Зорлауға қатысты мәлімдемелер: 2023 жылы полиция қызметкерлеріне тағылған айыптар

Жылдың аяғында Қазақстанда полицейлер бірнеше рет жыныстық зорлық-зомбылық жасады деп айыпталды.

2023 жылы қарашада 27 жастағы әйелді зорлады деген күдікпен Талдықорған полициясының бастығы Марат Көштібаев ұсталды. ІІМ бұл істі "масқара әрі жағымсыз" жағдай деп атады. "Біз әрбір адамның ойында не барын біле алмаймыз", – деп түсіндірді ІІМ басшысының орынбасары Марат Қожаев Көштібаевты тұтқындау туралы пікірінде.

Желтоқсанда Алматыда 14 жасар қызды зорлау ісі бойынша екі полиция капитаны тұтқындалды. ІІМ қылмыс жасалған кезде екеуі де қызметте болғанын растады. Кейін олар жұмыстан шығарылды. "НеМолчи.kz" қоры полицейлердің біреуі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болып жұмыс істегенін жазды.

Смайылова өз тәжірибесінен бірнеше мысал келтіріп, қауіпсіздік қызметкерлері зорлау ісі бойынша жеңіл жаза алатынын немесе мүлде жауапкершіліктен құтылып кететінін айтты.

"Шымкентте өте ауыр жағдай болды, – дейді Дина. – Полиция қызметкері мектеп оқушыларына тиіскен. Ер адам темекі шегетін қыздарды аңдып жүріп, оларды тінтуім керек деп көлігіне шақырып алған. Көлікке кірген соң зорлауға оқталған, темекі іздеген болып, қыздарды ұят жерлерінен ұстаған. Бала болған соң, әрине, қорқады. Бір қыз әлі анасына да айтқан жоқ. Бізге кем дегенде төрт шағым түсті, бірақ ата-аналардың бәрі істі аяғына дейін жеткізе алмады".

Оның сөзінше, сот полицейге төрт жыл жаза берген, бірақ тергеу ұзаққа созылған. "Істі соңына жеткізбей аяқтады, балаларды неше түрлі сұрақтың астына алып, сөзіне сенбей қорлап, әбден қинады", – дейді құқық қорғаушы.

Тағы бір мысалында ол күйеуін – полиция қызметкерін ұрып-соғады деп айыптаған қызылордалық әйел туралы айтты. БАҚ-тар әйелді күйеуімен ұрсысып жатып, "белгісіз себеппен терезеден құлап түсті" деп жазған. Смайылова зомбылық көрсетуші оны үшінші қабаттан итеріп жіберген дейді.

"Не молчи" қорының жетекшісі Дина Смайылова
"Не молчи" қорының жетекшісі Дина Смайылова

"Полициядағылар әріптесін қорғағандықтан, қыз ештеңе дәлелдей алмады. Ер адамды алдымен жұмыстан шығарып жіберді. Біраз уақыттан кейін қайта алды. Әйел құрсағындағы баласын түсіріп, мүгедек болып қалды. Полиция оны өзіне қол жұмсамақ болды деп айыптады", – деп түсіндірді Смайылова.

2018 жылы Балқашта қыз зорлаған полицейге қатысты тағы бір оқиға тіркелді. Жәбірленуші тарап үкімге наразы болғандықтан, "НеМолчи.kz" қоры апелляциялық сот кезінде жәбірленушіні қорғауға қосылған болатын.

Оқиға барысы былай: полицияның жедел уәкілі мен тағы үш адам қызды мейрамханадан ұрлап әкетіп, жағажайға алып барып, зорлап, ұрып-соғады. Бірінші сатыдағы сот айыпталушыларды бес жыл мерзімге бостандығынан айыруға үкім шығарған. Қоғамда резонанс туғаннан кейін ғана жаза мерзімі сегіз жылға ұзартылған.

"Бірақ айыптау актісінде "адам ұрлау" туралы бап болған жоқ. Оның себебі, меніңше, біреуінің полиция қызметкері болғанында жатыр. Олар осы бап бойынша жауапкершіліктен сытылып кетуге тырысқан. Тіпті куәгерлер болса да, ұрлау сәті видеоға түсіп қалса да. Бойжеткен физикалық және психологиялық тұрғыдан қатты зардап шеккен", – дейді "НеМолчи.kz" қорының басшысы.

Екі жылдан бері шетелде тұратын Дина Смайылова қазір Шығыс Қазақстан облысының полициясы "алаяқтық" бабы бойынша жүргізіп жатқан қылмыстық істе күдікті атанып отыр. Тергеліп жатқанын Смайылова әлеуметтік желідегі парақшасына "полицейлер кәмелетке толмаған баланы зорлады" деп жазғаннан кейін бірнеше күн өткен соң ғана білген. Өзі мұны жала жабу деп санайды. Құқық қорғаушы топтар мұның бәрі Смайылованың әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы ащы шындықты ашатын ұйымының қызметіне байланысты болуы мүмкін дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG